«Ақтөбе»-90

Қалалар қалай өсті?

Облысқа — 90 жыл

1937 жылы Ақтөбе қаласында әр ресми тіркелген тұрғынға шаққанда, орта есеппен, 3,4 шаршы метрден ғана келетін тұрғын үй қоры болды. Бұл көрсеткішті алдағы уақытта 5,1 шаршы метрге дейін көтеру көзделген.

Жалпы, КСРО-ның бастапқы кезеңінде, яғни Ленин мен Сталиннің тұсында тұрғын үй мәселесі мүлде дерлік көтерілмеген. Сталиннің тұсында бүкіл Одақ бойынша, орта есеппен, жылына жалпы алаңы 10 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал 1941-1945 жылдары соғыс болған аймақтарда тұрғын үй қорының жартысы талқандалды. Сондықтан адамдардың ең басты қажеті саналатын тұрғын үй мәселесі КСРО-ның ең жанды жері еді. Хрущевтің тұсында жылына тапсырылатын тұрғын үйдің жалпы ауданы 55-59 миллион шаршы метрге жеткізілгенімен, бұл қарқын бәрібір жеткіліксіз болды.1985 жылдың шамасында КСРО-да халықтың 20 пайызының тұрақты баспанасы болмады. Бұл жерде жеке баспана дегенді жазбай отырмыз, себебі кеңестік заманда, әсіресе қалалардағы пәтерлер жеке адамға тиесілі болмай, мемлекеттік қорға кіретін. Бұл «кеңестік заманда баспана тегін берілетін» деген түсінікті жоққа шығарады.

Үнемділік керек…

Тұрмыс сапасының басты көрсеткіші саналатын баспана мәселесін шешу, яғни халықты жаппай баспанамен қамту КСРО-да Никита Хрущевтің кезінен қолға алынған. 1955 жылы қарашада СОКП Орталық комитеті мен КСРО Министрлер кеңесінің «Құрылыс пен жобалаудағы артықшылықтарды алып тастау жөніндегі» №1871 қаулысы шықты. Мұнда сәулет өнеріндегі сталиндік кезеңге тән түрлі айшықтаулар, үйлердің кең боп келуі сыналып, бұл партия мен үкіметтің ұстанымына сай емес деген «үкім» айтылған. Құрылысқа қарапайымдылық пен үнемділік керектігі баса көрсетіліп, есесіне салынған үйлердің сапалы болуы қатаң талап етілген. Қаулыдағы бұл талап кей жерлерде орындалды: мысалы, Хрущев заманындағы үйлердің берік, ұядай жылы келетіні көп айтылады, дегенмен сапа мәселесі барлық жерде бірдей ескеріле бермей, арада 20-30 жыл өткенде құлап қалған үйлер де болған.

Сапа тұрғысынан талап осылай ала-құла орындалғанымен, алүнемділік жағынан тапжылмай іске асқан секілді: сталиндік кезеңде қаладағы пәтерлерде ең шағын бөлменің ауданы 14 шаршы метрден кем болмауы керек болса, Хрущев тұсында бұл талап 7 шаршы метрге дейін азайтылды. Сол секілді қабырғаларда аласарып, бұрынғы талап 2,9-3,2 метр болса, енді 2,2-2,5 метрлік биіктікке қанағат ету керек деп шешілді. Пәтерлерде ас бөлмесі дегеннің аты ғана қалды: оның ауданы 4-6 шаршы метрдің айналасында ғана еді. Кеңес қалаларында сәулеттік тұрғыдан келгенде, қандай да бір әсемдіктен ада, сіріңке қорабы тәріздес көп қабатты үйлер осы кезеңде пайда болды.

Бір жазда — 700 үй

Құрылыс ауылдарда да жүріп жатты. Ауылдарда жаз шыға кесек-кесек кірпіштер құйылып, құрылыс жұмыстарының қарқынды жүргенін сол кездегі баспасөзден біле аламыз. Облыстық «Социалистік жол» газетінің 1960 жылғы 10 шілде күнгі санында: «Биыл көктемде Байғанин, Ойыл аудандарында колхозаралық құрылыс ұйымы құрылды. Қазірдің өзінде солардың күшімен бірнеше ондаған тұрғын үйлер және мал қоралары салына бастады.Колхозаралық құрылыс ұйымының келешегі зор. Бұл ұйымды материалдық-техникалық жағынан нығайта отырып, оның жұмысын жақсарту керек», — деп жазылыпты.

Сонымен бірге ауылдағы құрылыстың сапалы, сәнді болуы, әдемі жеке үйлер салынып жатқанда, клуб пен мектептерге арналған ғимараттардың да сән-салтанат жағынан олардан қалыспауы талап етілген. Жоғарыда үзіндісі келтірілген мақаланың өзі «Ауыл-селода құрылыстар әрі сәнді, әрі сапалы салынсын» деген атпен жарияланған: «Жаз — ауыл-селодағы құрылысты қарқынды жүргізуге, оны тез аяқтауға аса қолайлы кезең. «Ырғыз» совхозында қазірдің өзінде 150 мың кірпіш құйылып, 20-ға жуық тұрғын үй, оннан астам мал қораның қабырғалары қаланып жатыр. Төрт бригада өнімді жұмыс істейді. Сол сияқты Қарабұтақ ауданының совхоздарында да биыл жаңадан 700-ден астам тұрғын үй салынып жатыр.

Алайда ауыл-селодағы құрылыс қарқыны жағынан да, төзімділігі мен сапасы жағынан да қазіргі өскелең өмір талабынан артта қалып отыр…

… Көптеген ауыл-селода клуб, кітапхана, қызыл мүйіс, мектеп үйлері аласа ғана, кішігірім үй болып көрінеді. Сол сияқты өндірістік құрылыстардың да сапасы төмен. Мұндай үйлерде жұмысты жан-жақты механикаландыруға мүмкіндік болмайды. Қазір жекеменшігінде шифр төбелі үй салу өріс алып отырғанда, ауыл-селодағы мәдениет орталықтарының мұндай көргісіз болуы — төзгісіз жағдай. Енді салынатын үйлер радиолы, электрлі және су құбыры орнатылған болуға тиіс», — деп талап қойылыпты.

Қарқынды құрылысқа қолжетімді материалдар керек еді. Сондықтан ауылдарда қолдан құйылған кірпішпен қатар, қамыс та құрылысқа кеңінен пайдаланылды. Жалпы, қамысты құрылысқа пайдалану жөнінде Сталиннің кезінен-ақ бүкіл

КСРО-да кең насихат жүргізілгенін де сол кездегі баспасөзден аңғарамыз. Қолжетімді, арзан әрі жылы болғандықтан, қамыстан үй салудың тиімділігі жөніндекөп айтылған. Біздің облыста Қарабұтақ, Ырғыз, Ойыл аудандары қамыс қоры мол аудандар қатарында аталыпты. Қарабұтақта қамыс зауыты ұйымдастырылып, 1956-1957 жылдары 110 текше метр қамыс әзірлеу жөнінде жоспар қабылданған. Зауыт өнімі тұрғын үйлер ғана емес, мал қораларын салуға да пайдаланылған. (Екінші жағынан, қамысты кеңінен қолдану өзен-көлдерді қазіргідей қамыс басып кетуінен сақтаған да секілді…)

Ауыл-селоларда құрылысты көбіне шаруашылықтар жүргізсе, ал жұмысшылар мен шаруалар жеке үй салу үшін мемлекеттен қарыз алған. Қалаларда да ірі кәсіпорындар өз еңбеккерлерін баспанамен қамту үшін міндеттемелер алатын еді. 1956 жылы Ақтөбе құрылыс тресі — 10 мың шаршы метр, ал 1957 жылы 15 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын жүргізген.

1960 жылдың бірінші жартыжылдығында облыс бойынша тұрғын үй құрылысына мемлекет қазынасынан 27 миллион сом (рубль) бөлінген. Осы мерзімде тұрғын үй салу жоспары — 106 пайызға, ал тұрғын үй алаңдарын пайдалануға беру жоспары 69 пайызға іске асыпты. Жалпы, 1960 жылы облыста 74,2 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған және бұл бұрын-соңды болмаған қарқын ретінде айтылыпты.

Әр бесінші адам баспанасыз еді

Хрущев тұсында басталған құрылыс қарқыны Брежневтің кезінде үдей түскені белгілі. Қазан төңкерісінің 50 жылдығы, яғни 1967 жыл қарсаңында облыста екі жылдың ішінде жалпы ауданы 340 шаршы метр болатын тұрғын үй салу жоспарланған екен. Сонымен қатар Брежневтің тұсында көп қабатты үйлер құрылысындағы үнемдеу мәселесі де қайта қаралды. Мысалы, екі бөлмелі пәтерлердің ауданы бұрынғыдай 32-36 шаршы метрмен шектелмей, 45-48 шаршы метрге дейін жетті. Бөлмелердің биіктігі 2,5 метрден кем болмауы, қабырғалардың қалыңырақ болуы талап етілді.

Тарихшылардың дерегі бойынша, 1970-1980 жылдардың арасында КСРО-да жаңадан 146 қала пайда болған. Алайда осы тұста демография да өсіп, КСРО халқының саны тағы 23 миллион адамға көбейгендіктен, баспанамен қамту мәселесі өткір күйінде қала берді.Жоғарыда айтқанымыздай, 80-жылдардың ортасында КСРО-да әлі де халықтың 20 пайызының, яғни әрбір бесінші адамның тұрақты баспанасы жоқ еді.

Сондықтан 1986 жылы КСРО-ның сол кездегі басшысы М.Горбачев «Елдегі тұрғын үй мәселесін шешуді жеделдетудің басты бағыттары жөніндегі» қаулының қабылдануына мұрындық болды. Бұл құжатқа 17 сәуірде қол қойылды. Қаулы бойынша, 2000 жылға қарай кеңестік әр отбасы баспаналы болуы тиіс еді. Сондай-ақ, орта есеппен, әр адам 22-22,5 шаршы метрлік тұрғын алаңын иеленуі керек деп жоспарланды. Ал 1985 жылы бұл көрсеткіш 14,6 шаршы метр болған екен.

Бастапқыда халық бұл жоспарды, расында, жүзеге асатындай қабылдады. Мысалы, 1989 жылы КСРО-да жалпы ауданы 152 миллион шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілген. Ақтөбедегі бірқатар шағын аудандардың да (11,12-шағын аудандар, т.б.) осы кезде пайда болғаны белгілі. Дегенмен 1990 жылға қарай, экономикалық себептерге байланысты, құрылыс қарқыны күрт төмендеді. Кеңес қалаларында осы тұста басталған құрылыстар «сақалды» құрылысқа айналды.

1991 жылы мызғымыстай көрінген одақ тарап, онымен бірге кеңес халқын тұрғын үймен толықтай қамту жоспары да Горбачевтіңіске аспаған көп қиялының бірі болып қалды.

Ал тәуелсіздік жылдарына келсек, 1991-2021 жылдар аралығында облыста 10,731 мың шаршы метр, яғни әр жылға шаққанда, орта есеппен, 357,7 мың шаршы метр тұрғын үй салынған.

 Тарих беттерін парақтаған И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button