«Ақтөбе»-90Тарих

Атаулар — тарих айнасы

Биыл біздің облысымыздың құрылғанына 90 жыл толды. Осы 90 жылдық тарихтың тәуелсіздікке дейінгі кезеңіндегі ең үлкен қасіреттің бірі — өз жерімізде туған тіліміздің шетқақпайлық көруі, «Ұлттың ұлт болуына бірінші шарт — тілімізден» (Мағжан Жұмабаев) айырыла жаздағанымыз еді.

Облыстық мемлекеттік архивтің 281-қорында сақтаулы құжаттардың бірі —облыстық атқару комитетінің 1934 жылғы 15 қазандағы Ақтөбеде басшы кадрларға қазақ тілін оқыту үшін 7 айлық курстар ұйымдастыру жөніндегі қаулысы. Бұл — сол кезде бүкіл Кеңес Одағында жүргізілген «жергілікті халыққа сіңіру» саясатының бір көрінісі еді. «Жергілікті халыққа сіңіру» — өткен ғасырдың 20-30-жылдарында белең алған саяси науқан. Бір жағынан, кеңес билігі әлі толық орныға, нығая қоймаған тұста, большевиктер басқалардың қолдауына ие болу мақсатымен, ұлттық тұрғыдан «әділетті саясат ұстанамыз» деп жар салса, екінші жағынан, Одақтағы түрлі ұлттардың бас көтерер азаматтары да бұл уәдені сөз қалпында қалдырмай, іс жүзіне асыру үшін күш салып, жергілікті халықтың мәдениетін, тілін сақтау, дамыту бағытындағы талаптарды табанды түрде алға тартты. Мәселен, жоғарыда айтылған қаулыдағы тіл үйрету курстарында мемлекеттік мекемелерде қызмет етіп жүрген «еуропалықтардың» оқытылатыны нақты көрсетіліпті. Алайда кейіннен «жергілікті халыққа сіңіру» саясатына нүкте қойылды да, оны қолдаушы орыс зиялылары да, басқа ұлттардың бас көтерер тұлғалары да қудалауға ұшырап, көпшілігі сталиндік репрессияның құрбанына айналды.

Ал 30-жылдардың соңы мен 40-жылдардың басынан Кеңес Одағындағы басты тіл, ұлтаралық қатынас құралы ретінде орыс тіліне басымдық беру саясаты үстемдік алды. Оның салдарын бүгінгі аға ұрпақ жақсы біледі: мысалы, Тәуелсіздік қарсаңындағы жылдарда облыс орталығындағы 98 балабақшаның екеуі ғана бірыңғай қазақ тілінде тәрбие беретін балабақша еді. Ал қазақ топтары бар, яғни аралас балабақшалардың саны 20-ға да жетпейтін. Ақтөбе қаласындағы 31 мектептің үшеуі ғана қазақ тілінде білім беретін. Сонымен бірге орыс мектебін бітіргендердің  орта білімі жөніндегі аттестатына қазақ тілі негізгі пәндердің қатарында енгізілмеген де еді. Басқаша айтқанда, қазақтың жерінде тұрғанымен, оның тілін білуге еш талап, қажеттілік, сұраныс болмады.

Кейбір аудандардағы жағдай да жаға ұстатындай еді: Ақтөбе ауданында (1997 жылы жабылды) бірде-бір қазақ мектебі жоқ болса, ал Мәртөк ауданындағы 27 мектептің үшеуі, Новоресей ауданындағы (қазіргі Хромтау ауданы) 37 мектептің жетеуі ғана қазақша оқытатын.

Кеңестік заманда тіліміздің өрісінің қаншалықты тарылғанын ономастика саласының деректерінен де анық байқауға болады. Жалпы қазақ жеріндегі атаулар сонау Екатерина ІІ-нің тұсынан өзгертіле бастаған. 1775 жылы қаңтарда Екатерина ІІ патшайым Жайық өзенінің атауын — Урал, ал Жайық қаласының атын Уральск деп атау жөніндегі жарлыққа қол қойды. Мұның Е. Пугачевтің көтерілісін ұмыту үшін (для совершенного забвения) қажет екені көрсетілген. Осылайша, Жайық өзенінің «Орал өзеніне» айналуынан бастап, еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі аралықта, кейбір деректер бойынша, Қазақстанда жер-су аттарының жартысы орысшаланған екен. Тәуелсіздікке дейін біздің облыста 167 елді мекеннің атауы идеологияға сай бұрмаланып, орысшаланған атаулар болатын. Сондай-ақ облыс бойынша барлық көшелердің 90 пайызы орыс тіліндегі немесе коммунистік идеологияны дәріптеу бағытындағы атауларды «иемденген» еді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымы басқармасының сол кездегі төрағасы, белгілі ғалым Мұхтар Арын осы мәселеге байланысты жасаған баяндамасында: «Қалпына келтіруге тиісті атаулар, республикамыздың басқа жерлеріндегі сияқты, біздің облысымызда да аяқ алып жүргісіз. Кейбір атаулардан (Новоресей) отаршылдық үстемдіктің иісі аңқыса, енді біреулері — кешегі күні өткен коммунистік партия салған ен-таңба… Ақтөбе қаласындағы 250-ге тарта көше аттарының 30-40-тайы ғана — қазақ халқына қатысы бар атаулар. Көз сүрінетін Маяковский мен Гоголь, Горький мен Тургенов, Бедный мен Глинка есімдері алдағы уақытта өздері-ақ ізет көрсетіп, біртіндеп ығысып дегендей, халқымыздың тарихи тұлғалары — Әйтеке би, Есет, Шернияз, Кердері Әубәкір, Шәкәрім, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбектерге орын босатар деген сенімдеміз. Жалпы, облысымызда тарихи атауларды қалпына келтіру қолға алынуда. Мысалы, бір ғана Ырғыз ауданында үш совхозды жаңаша — Ұ. Құлымбетов, Құмтоғай, Әйтеке би деп атау туралы шешім алынды», — деп жазыпты.

Тіпті бір көшенің атауындағы өзгерістердің өзі халқымыздың соңғы 150-200 жыл ішіндегі тарихының хабаршысындай, шағын бір бөлшегіндей сезіледі. Мысалы, тарихшы ғалымдар Г. Сұлтанғалиева мен Г. Көбенова бірігіп шығарған «Ақтөбе қаласының көшелері: тарих пен бүгінгі күн» атты еңбекте көрсетілгендей, Ақтөбеде 1880 жылы пайда болған Елек көшесінің аты 1925 жылы — М. Фрунзе атындағы, ал 1995 жылы Жанқожа батыр атындағы көше болып ауыстырылды. Облыс орталығындағы тағы бір ең көне көше — Старожительская көшесінің аты 1881 жылы Александр ІІІ-нің таққа отыруына байланысты Александр көшесі болып өзгертілсе, 1920 жылы Ақтөбе губерниялық атқару комитетінің шешімімен Карл Либкнехттің атын, ал 1992 жылы 30 маусымда қалалық мәслихаттың шешімімен ақын Шернияз Жарылғасұлының есімін «иемденді».

Кеңестік заманда облыс орталығындағы қазақша атау иеленген кейбір көшелердің өзі ұлттың мәртебесін өсіру емес, керісінше, кемсіту секілді сезіліп, жұртшылықтың намысына тигені де тарих бетінде қаттаулы тұр. Облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газетінің 1988 жылғы 24 қарашада шыққан санында Ақтөбе қаласының тұрғыны, ардагер Айса Төребаевтың «Қарыс адым «Қазақ» көшесі» атты мақаласы жарияланыпты. Ардагер облыс орталығындағы ең сұрықсыз көшеге «Қазақ» атауының берілуіне қатты ашынады. Айта кетейік, сұрықсыз әрі қысқа болғанымен қоймай, бұл осында облыстық жүйке аурулары диспансерінің орналасуымен «елеулі» көше болатын. Бұл өз жерінде азшылыққа айналған ұлттың ашуына тиетін жайт еді. Кейіннен (тәуелсіздік жылдарында) ол көшенің де аты өзгертілді.

Міне, кеңестік заманда отарлаушылар идеологиясының бір тармағына айналған ономастикамыздың сиқы осындай болды.

Тәуелсіздік жылдарында облысымызда кеңестік заманның мұрасы — Пятигорка, Успеновка, Вознесеновка, Астрахановка,  Алексеевка, Новоалексеевка, Благовещенка болып тізіліп кете беретін атаулар Тікқайың, Нұрбұлақ, Көктоғай, Ақсазды, Қайыңдысай, Сұлукөл сынды бұрынғы тарихи атауларын қайта иемденді. Ал көшелер де, жоғарыда Мұхтар Арын айтқандай, «біртіндеп ығысып дегендей, халқымыздың тарихи тұлғалары — Әйтеке би, Есет, Шернияз, Кердері Әубәкір, Шәкәрім, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбектерге орын босатты».

Көше атауларын өзгерту мәселесінде бастапқыда бергі ғасырларды ғана шиырлай берген болсақ, соңғы уақытта тамырымыздың тереңдігі елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің тірегі болатынын түсініп, арғы тарихымызға да бет бұрдық. Сөйтіп, Ақтөбеде Білге қаған, Керей, Жәнібек, Қасым хандар атындағы көшелер де пайда болды. Ал жаңа көшелерге ат бергенде, Жусанды, Құс Жолы, Жеті қазына, Сарыарқа, Тайқазан, Үстірт, Наурыз, Балбырауын сынды ұлттық ұғымда үлкен құндылыққа ие атаулар басты назарға алынып жүр. Жалпы, бүгінгі күні облыстағы ауылдық округтер мен көше атауларының 96 пайызы қазақшаланды. 2014-2020 жылдар аралығында тек Ақтөбе қаласының өзінде 42 көшенің аты өзгертіліп, 515 көшеге жаңа атау берілді. Облыстағы ірі елді мекендердің бірі — Әйтеке би ауданының орталығы 2020 жылға дейін Комсомол ауылы болып келсе, қазір халқымыздың ардақты ұлдарының бірі, Ақтөбе топырағының перзенті — Темірбек Жүргеновтің есімін иемденді. Облыстық ономастика комиссиясының биылғы наурыз айындағы отырысында да көшелерге Әзілхан Нұршайықовтың, Сағадат Нұрмағамбетовтің есімдерін беру, «Заводская» көшесін Елек деп атау жөніндегі ұсыныстар қолдау тапты.

Кеңестік заманда облыста орыс тілін меңгергендер қатары басым еді, ал 2016 жылы қазақ тілі мен орыс тілін меңгерген азаматтардың қатары теңескен. Облыс әкімдігіне қарасты мемлекеттік органдарда іс қағаздарының 98 пайызы қазақ тілінде жүргізіледі. Былтыр облыстық тілдерді дамыту басқармасына қарасты мемлекеттік тілді оқыту курсынан тіл үйренгендердің 22 пайызы — өзге ұлттың өкілдері.

Бүкіл әлемдегі мемлекеттік мәртебеге ие 100 тілдің қатарындағы туған тіліміздің абыройын көтеріп, өрісін кеңейте беру ендігі жерде — тек өз қолымыздағы іс.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button