«Ақтөбе»-90Басты жаңалықтарМәдениет

Азамат — бас жүлде иегері

«Елім менің» халықаралық ән байқауы

10-11 маусымда облыстың 90 жылдығына орай белгілі сазгер, «Құрмет» орденінің иегері Бейбіт Оралұлы атындағы «Елім менің» атты халықаралық ән байқауы өтті. Оған әлемнің 7 елінен барлығы 24 үміткер қатысты.

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын ән байқауы Өнер орталығының концерт залында өтті.

Биылғы өнер додасына Армения, Израиль, Болгария, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен, сондай-ақ еліміздің барлық облыстарынан үміткерлер қатысты.

Шарада сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова өзге елден келген қатысушыларға өз ризашылығын жеткізді.

  • Облысымыздағы ерекше ән мерекесіне шетелдерден келген өнерпаздар атсалысып жатыр. Қазақтың музыкасына деген сүйіспеншіліктеріңіз бен өзара ынтымақтастық қатынасты дамытуға деген ұмтылыстарыңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын, — деді ол.

Сондай-ақ шарада танымал сазгер, «Құрмет» орденінің иегері Бейбіт Оралұлы байқау кезінде келіп түскен 59 өтініштің ішінен ең лайықты 24 орындаушы таңдалғанын атап өтті.

— Бұл ән фестивалін әрқашан асыға күтемін. Менің шығармашылығымды бағалап, осындай іс-шара өткізіп жатқан облыстық филармония ұжымына алғысымды айтамын. Менің өмірімде музыкадан артық ештеңе жоқ. Сондықтан киелі сахнада әндерім шырқалса, мен үшін ол — шексіз бақыт, — деді сазгер.

Байқауда, ережеге сәйкес, үміткерлер екі кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезеңде қатысушылар Бейбіт Оралұлының әндерін екінші кезеңде еркін тақырыптағы әндерді шырқады.

Танымал сазгердің өзі төрағалық еткен қазылар алқасының шешімі бойынша екі кезеңде ең жоғары ұпай жинаған жерлесіміз, Ақтөбе қаласынан қатысқан Азамат Бекбергенов бас жүлдені жеңіп алды. Оған 700 мың теңгенің сертификаты табысталды.

1-орынды Беларусь елінен келген Даниил Мышковец пен алматылық Ерік Төленов иеленді. 2-орын қос ақтөбелік — Ернар Дүйсеев пен Медет Орынбаевқа және  Израильден келген Вероника Вайлға бұйырды. Ал 3-орын Ақтөбе қаласынан қатысқан Нұртас Омаров, Нұр-Сұлтан қаласынан келген Мұратбек Хайролда және алматылық Дана Мәжитоваға берілді. Жүлдегерлерге 200 мың және 125 мың теңгенің сертфикаттары табыс етілді.

Сондай-ақ байқауда Болгариядан келген Славея Иванова мен Армения елінен қатысқан Ваге Амбарцумян дипломант атанса, қостанайлық Денис Яковлев Мұғалжар ауданының демеушілік етуімен арнайы жүлдеге ие болды. Олардың барлығына 100 мың теңгенің сертификаты берілді.

Байқаудың қорытындысынан кейін қаламызда «MusicFestOpenAir» ашық аспан астындағы музыка фестивалінің ашылуына орай «Елім менің» халықаралық ән байқауының гала- концерті өтті. Концертке Израиль, Армения, Болгария, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен, еліміздің Қостанай, Жамбыл облыстарынан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Орал, Атырау, Талдықорған, Ақтөбе қалаларынан келген жас таланттар қатысып, өнер көрсетті.

Ал жексенбіде осы фестиваль аясында қазақ камералық хорының «Хор музыкасы түні» атты концерт өтті.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button