«Ақтөбе»-90

Еуропаның 8 елі сыятын өлке

ХХ ғасыр басындағы түрлі аласапырандар мен 1941-1945 жылдардағы соғыстан кейін енді ес жия бастаған шақта, 50-60жылдарда сол кездегі КСРО басшысы Никита Хрущевтің қазақ жеріне қайта-қайта көз алартуы халқымыз, әсіресе ел тізгінін ұстаған ұлт перзенттері үшін тағы бір ауыр сын болды.

Қазақ даласының егін емес, мал шаруашылығына ыңғайлы екенін дәлелдеп, тың игеруге қарсы болғаны үшін 1954 жылғы ақпанда республика басшысы Жұмабай Шаяхметов орнынан алынды. Бұдан кейін Тың өлкесін (еліміздің солтүстігі) Ресейге қосуға ашық қарсылық білдірген Жұмабек Тәшенов қудалауға ұшырады. Одан әрі Хрущев «мұнай өндірісін бір қолға беремін» деген сылтаумен Маңғыстауды Түрікменстанға қоспақ болды. Ол ойы жүзеге аспаған соң, іле-шала, 1962 жылдың желтоқсанында, оңтүстіктегі Мақтарал, Киров және Қызылқұм аудандарын Өзбек КСР-іне қосу туралы шешім шығарды. Мұны қолдамағаны үшін Дінмұхамед Қонаевтың қызметі төмендетілді.

Хрущевтің тұсында Қазақ КСР-нің аумағында 3 өлке құрылды, сонымен бірге Алматы, Қарағанды, Семей мен Шығыс Қазақстан облыстары болды. Үш өлкенің бірі — Батыс Қазақстан өлкесі еді. Біз облыс тарихының осы өзгеше кезеңіне арнайы тоқталмақпыз:

Ақтөбе — өлке орталығы

Құрамына Ақтөбе, Гурьев (қазіргі Атырау) және Орал облыстары кіретін Батыс Қазақстан өлкесін құру туралы жарлық 1962 жылдың 3 мамырында шыққан. 30 маусымда өлкелік І партия конференциясы өткен. Биыл бұл оқиғаға 60 жыл толды.

Батыс Қазақстан өлкесінің жер көлемі 729,6 мың шаршы шақырым болған. Бұл Ұлыбритания, Бельгия, Дания, Нидерланд, Португалия, Швейцария, Австрия және Греция жерін қоса есептегенде сыйып кететін, осылардың жер көлемінен артық аумақ екен. Өлкенің құрамында 34 аудан, 7 қала, қала типті 24 поселке болды, ал халық саны 1,3 миллионға жуықтаған.

Өлке аумағындағы кәсіпорындар саны 252 деп көрсетіліпті. Олардың ішінде ең бастылары — Ақтөбенің темір балқыту, хром қосындылары және рентген аппаратты зауыттары, Алға химия комбинаты, Гурьевтің (қазіргі Атырау қаласы) мұнай өңдеу, кеме жөндеу және машина жасау зауыттары, Дөң кен басқармасы және Оралдың механикалық және арматура зауыттары еді.Бұл өлкеде өндірілген өнім КСРО-ның түкпір-түкпіріне жөнелтіліп, сондай-ақ Қытай, Вьетнам, Корея, Үндістан, Куба, Чехословакия, т.б. елдерге экспортталған.

1965 жылы Батыс аймақта 2,7 миллион тонна мұнай өндіру көзделген. Болашақта бұл көрсеткішті 50 миллион тоннаға дейін, ал мұнай өңдеу өндірісінің қуатын жылына 8 миллион тоннаға арттыру жоспарланыпты. Өлкеде Қазақ КСР Ғылым Академиясының 3 ғылыми-зерттеу институты, «Қазақстанмұнай» бірлестігінің орталық ғылыми-зерттеу зертханасы жұмыс істеген.

Сондай-ақ 1306 мектеп, 3 институт, 18 орта және арнаулы оқу орындары болды, оларда 17 мыңнан астам студент оқыған. Өлке бойынша 1011 кітапхана, 809 клуб, 3 театр жұмыс істеген.

Батыс Қазақстан өлкесінің орталығы Ақтөбе қаласы болды. Осы тұста бұрынғы облыстық «Социалистік жол» (қазіргі «Ақтөбе) газеті өлкелік «Батыс Қазақстан» газетіне айналды.

Бастапқыда өлкені Федор Коломиец басқарып, соңынан оны Николай Журин ауыстырды. Бұл әкімшілік бөліністің ғұмыры небәрі 1 жыл 8 айға ғана созылды. 1964 жылы қазанда Никита Хрущевтің биліктен алыстатылғаны белгілі, ал 1 желтоқсанда өлке таратылды.

56 қой совхозы құрылды

1962 жылы Батыс Қазақстан өлкесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 3372,7 мыңгектар, оның ішінде дәнді дақылдар егістігінің көлемі 2454,3 мың гектар болған.

Дегенмен бұл аймақ үшін ауыл шаруашылығының басты саласы мал шаруашылығы болды, ал соның ішінде, екінші тың атанған қой шаруашылығы басты назарда ұсталды. Өлке құрылғаннан кейінгі жылдарымұндажаңадан 56 қой совхозы құрылған.

1962 жылдың 1 маусымында өлкеде 8 миллион 332,9 мың бас қой болды. Жылқы 192,3 мың бас болса, мүйізді ірі қараның саны 838,6 мыңға жеткен екен.

1964 жылдың мамыр айында Ақтөбеде «Екінші тыңды көтеру — айбынды міндет» деген атпен қой шаруашылығы жөніндегі республикалық кеңес өткен. Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Н.ЖуринБатыс Қазақстанда қой шаруашылығын өсіру жайылымдық жем-шөпке негізделіп, неғұрлым арзан ет беріп отырғанын мәлімдеген. 1963 жылғы көрсеткіш бойынша, совхоздарда бір центнер қой етінің өзіндік құны 38 сом 21 тиын, ал сиыр еті 67 сом 81 тиын болды. Келтірілген дерекке сай, 1953-1963 жылдар аралығында, яғни он жылдың ішінде өлкеде қойдың саны 2,6 есе көбейген, ал Орал облысының совхоздары мен колхоздарында үш есе көбейіпті. Өлке басшысы өз баяндамасында: «Қойдың сапалық құрамы да жақсарды, 1960 жылдан кейін тұқымдық қой екі миллиондай дерлік көбейді», — дейді. Ол соңғы жеті жыл ішінде қой санын 4,6 есеге көбейткенГурьев облысының «Передовик» колхозын басқаларға үлгі еткен.

Сондай-ақ осы жиында қой шаруашылығының ескі әдіспен жүргізіліп отырғаны сыналған. Бұл туралы «Батыс Қазақстан» газетінде: «Өлкенің көптеген колхоздары мен совхоздары қой шаруашылығын өркендетуді ескі әдіспен жүргізіп келеді, олар көбіне жем-шөп қорын жасамай, қой қораларын салмай, тек ауа-райының қолайлы болуын ғана тілейді. Жем-шөп өндіру қой санының өсуінен өте артта қалып келеді. Мал қыстату басталған кезде көп қойға қора жетіспейді. Жем-шөп әзірлеуге жауапсыз қарау, қыста қар қалың жаумайды, жылы болады дегенге арқа сүйеу, ал қыста қардың болуы — міне, осының бәрі қойдың көп шығынға ұшырауына әкеліп соқтырды. Сондықтан партия, совет және ауыл шаруашылығы органдарынан, колхоз, совхоздар басшыларынан қыс кезінде шығын болған қойдың орнын толтыру үшін қазірден бастап өте қажырлы жұмыстар істеу талап етіледі», — деп жазылыпты.

Таяғы құтты шопан

Әр кезеңнің келбеті, тарихы сол заманның адамдары, әсіресе, еңбек адамдары арқылы айшықталады. Бүгін біз сол кездегі баспасөзде жарияланған әр сала еңбеккерлері туралы материалдарды оқырмандарға ұсынғанды жөн көрдік.

Өлкелік «Батыс Қазақстан» газетінің 1964 жылғы 30 маусымдағы санында

«Таяғы құтты шопан» атты шағын мақала жарық көріпті. Оның авторы М. Әлтаев ерлі-зайыпты Бөлекбай және Қанима Үрпековтердің еңбек жолы туралы былай дейді: «Жақында «Басқұдық» совхозының еңбекшілері тағы бір қуанышқа кенелді. Қой шаруашылығындағы үздік табыстары үшін Бөлекбай Үрпеков жолдас Қазақ КСР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен наградталды. Бұл құрметке Бөлекбай да шексіз қуанды, еңбегінің бағаланғанына алғыс айтты.

Бөлекбай жүрегінің қалауымен шопан болып, отарға ие болғанына он жылдан асты. Жылма-жыл абыройсыз болып көрген емес. Әр жүз саулықтан 114-115  қозы алып, аман өсіріп келеді.

Биылғы қыс Басқұдық өңірінде де қатты болды. Бірақ Бөлекбай қыстан қысылмай шықты. Ол қыстаған Есмахан қоныс пункті мал шығыннын көрмеді.

Қазір Бөлекбай — Қандысор деп аталатын жайылымда. Су мол, жайылым шұрайлы. Бағымындағы 70 саулықты жақсы семіртуде.

Қайратты да еңбеккер жас шопан Бөлекбайға жолдасы Қанима да сай. Ол қой күзетеді. Қажет жағдайда отарды да бағады. Таяғың құтты, еңбегің жемісті бола берсін, ерлі-зайыпты шопандар».

Мақала редакцияға Қарабұтақ өндіріс басқармасынан жолданыпты.

Дәрігерлер қалай еңбек етті?

Аталған басылымның 1964 жылғы 14 мамырдағы санынан белгілі жазушы Үмбетбай Уайдин жазған «Дәрігерлер» атты мақала көзімізге оттай басылды. Оның кейіпкерлері — Шалқар өңірі, «Жаңақоныс» колхозындағы емхананың бас дәрігері Бақытжан Нұрышев пен оның жұбайы, акушер-гинеколог Меруерт.

Автор «шілденің шыжыған ыстығында, қыстың қақаған қызыл аязында дәрі-дәрмектерін арқалап, орталықтан алыстағы шопандарды, қырдағы диқандарды аралаумен жүретін», ел алғысына бөленген дәрігерлердің тынымсыз шақтарын ел назарына ұсынады.

«Бір күні Айшуақ қыстауында Сәңкібаева Ақкенже деген әйел босанып, ауыр халде жатқаны туралы Бақытжанға хабар келді. Ақ боран соғып тұр. Бірақ табиғаттың бұл дүлейі дәрігердің жігерін жасыта алмады. Машинаға жол болмағандықтан, ат шанамен айдап отырып, Айшуақтан бір-ақ шықты. Бақытжан дәрігерлік көмек көрсетіп, ананы ажалдан аман алып қалды. Мұндай мысалдар көп.

Бақытжан мен Меруерт қыс бойы алма-кезек «Жаңақоныс», «8 март», «Комсомол» колхоздарын, Аяққұм мал жайылым участогіне дейін тракторге тіркелген шанамен аралап, адамдарға дәрігерлік көмек көрсетуде болды», — делінген мақалада.

Жас аппаратшы

Жоғарыда айтылғандай, өлкедегі ірі кәсіпорынның бірі — Ақтөбе рентген зауыты. «Батыс Қазақстан» газетінде «Жас аппаратшы» деген атпен шыққан мақалада (авторы — Б.Көздібаева) осы зауыттың озат жұмысшыларының бірі — Ахметжан Тынбаев туралы жазылыпты:

«Ол жас та болса, өз ісінің шебері. Еңбекке араласқанына да небәрі төрт-ақ жыл… Жас жігіт талаптылығымен зауыт коллективі құрметіне ие болды. Ол техника тетігін тез меңгеріп, өзіне міндеттеген жұмысты абыроймен атқарып жүр.

А.Тынбаев — №3 монтаждау цехында слесарь-монтажшы.

Жылы жүзді, жайдары, сыпайы слесарь-монтажшы Ахметжан бізбен танысып, өз жұмысы туралы сөз етті:

— Біздің міндетіміз — рентген аппараттарына қажетті түрлі бөлшектерді арнаулы станоктарда тегістеп өңдеу. Сондай-ақ «Афас-80», «РУ-2» пульт аппаратын құрастыру мен бөлшектердің сапалы өңделуіне, брак болмауына баса назар аударамын, — дейді ол.

Ахметжанның  ай сайынғы еңбек көрсеткіші де жоғары. Ол пульт аппаратына қажетті бөлшектер дайындап шығарудағы айлық жоспарларын үнемі асыра орындап келеді».

Тарих беттерін парақтаған Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button