«Ақтөбе»-90

Тарихты парақтағанда…

Газетіміздің бес жылдығы

 

«Кедей» газеті бес жасын толтырып, алтыншы жасқа аяқ басқалы отыр.

Газетіміздің осы нөмірі сол бесжылдықтық өмірдің қуанышына арналып шығып отыр.

«Кедей» — Ақтөбе округінің еңбекші қазақ шаруаларының өз тілінде көріп отырған тұңғыш газеті. Мұнан бұрын Ақтөбеде қазақ тілінде газет шыққан емес.

Уездіктен Ақтөбе губернелікке аударылған соң екі тілде газет шығару үшін басқарма ашылады. Осы күнгі жолдасымыз «Степная правданың» қасында 1924 жылы июньнің 7-де «Кедейдің» бірінші нөмірі шығады.

Баспасөз — жұмысшы мен қара шаруалардың ақылшысы. Қашан да болса тап дұшпандарына қарсы жұмсайтын бір мықты құралы.

«Кедей» газеті ат жалын құшып мінуге жарағаннан былай округ ішіндегі қазақ шаруаларының тұрмысы, мұңы және тілегімен таныса бастайды… Шаруаларға білгенін үйретуге, шаруашылыққа пайдалы нәрселерді көрсетуге және ескі әдет-ғұрыптарды жоюға тырысады.

Аудандарда бірсыпыра мәдениет істерінің беті көрініп қалды. Ел мұғалімді, дәрігерді және агрономды сұранып жатыр.

Шаруалардың осы тілектеріне сәйкес ақыл айтып, жөн сілтеп отыратын орын — газет, журналдар болады. Соның — бірі қолыңызда отырған «Кедей» газеті.

 

Ж.ЖӘНІБЕКҰЛЫ.

«Кедей» 1929 жыл 7 маусым, №29 (233).

 

 

Ауыр жылдарда

 

1941 жыл. Неміс-фашист басқыншыларының біздің елімізге опасыздықпен тап беріп, шабуыл жасаған кездің алғашқы күндерінде-ақ  сол кездегі «Социалистік жол» (қазіргі «Коммунизм жолы») газетінің көптеген қызметкерлері өз Отанын жаудан қорғау үшін майданға аттанып кетті.

Бұлардың бәрі де университет немесе институт бітірген, арнаулы жоғары білімдері болмаса да, әуелі тілші болып істей жүріп редакцияға әр жерден келген, қаламының «желі» бар, талантты газетшілер болатын. Амал нешік, сол жолдастардың бірсыпырасы елге қайтып орала алмады, фашистік жауыздарға қарсы ұрыстарда қаза тапты.

Сол майданға кеткендердің бірі — Абдолла Ерназаров еді. Оның небәрі 4 кластық білімі болатын. Өздігінен оқу, талаптанып еңбек ету арқасында ол білімді қызметкерлердің бірі болып алды, редакцияның бір бөлімін басқарып жүрді. Ол тілге шебер еді, фельетон, очерк, әңгіме дегендерді мазмұнды да көркем етіп жазатын, ысылған журналист еді. Редакцияның қандай тапсырмасы болса да Абдолла ынта-жігермен, мүлтіксіз орындаушы еді. Сондай талантты, тамаша қаламгер Абдолла 1942 жылдың қысында майданда қаза тапты.

Редакцияның корректоры — Омаров Төлеп. Бұл адамның өз міндетін ұқыпты атқаратындығы таң қаларлықтай еді. Тіпті, қара танығаннан, артық оқуы болмай-ақ ол корректорлық мамандықты тамаша меңгерді. Оны редакциядағы жолдастары, оқығанда ешқандай қате жібермейтін «жіті көз» деп атап кеткен болатын. Бұл жолдасымыз да 1941 жылдың күзінде Москва түбінде болған шайқаста ауыр жараланып, далалық госпиталға әкеле жатқанда немістердің әуеден тастаған бомбасынан қаза тауыпты.

Орыс қаласы — Малоярославец қазақ жерінен әлдеқайда қашықта. Солай бола тұрса да Ақтөбеден аттанған қазақстандық жауынгерлер 1941 жылы — Отан соғысының бастапқы кезінде осы ежелгі орыс қаласы түбіндегі шайқасқа алғаш рет қатысып, үлкен ерлік көрсетті. Солардың қатарында бұрынғы «Социалистік жол» газеті редакторының орынбасары, Совет Армиясының Н.бөлімінің батальон командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары лейтенант Қоныспай Ерғарин бар еді. «Лейтенант Ерғарин, — деп жазды сол кездегі батыс майдандық газет, — Малоярославец қаласы үшін ұрыста ерлікпен қаза тапты. Ол басқарған батальон қалаға бірінші болып кіріп, қаланың шеткі көшелерін жаудың адам саны мен техникасы жөнінен анағұрлым басымдығына қарамастан бірнеше күн бойына өз қолдарында ұстап тұрды».

Бұрын редакцияның мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып жүргенде белгілі халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің өлеңдерін өңдеп, газетке шығару ісіне көп еңбек сіңірген Ескендіров Ахмет сауатты әрі ақын-журналист еді. Ақаң да майданға барған жерінен қайтып оралмады.

Бүгін, газеттің он мыңыншы нөмірінің шығу мерекесі күнінде, біз осы газетте бірнеше жыл жұмыс істеп, ел басына қауіп төнген сол бір ауыр жылдарда қаламдарын винтовкаға алмастырып, адамзаттың қас жауы — неміс-фашист басқыншыларға қарсы соғыста ел үшін жанын қиған бұл аяулы жолдастарымыздың ардақты есімдерін еске алуға тиіспіз.

Газеттің осы күнгі редакторының орынбасары Смағұл Мұқашев, жауапты секретары Ұлықпан Жұмабаев, секретарьдың орынбасары Дербіс Ниязбаев, әдеби қызметкер Ғұбай Юсупов жолдастар соғыс басталған алғашқы айларда-ақ майданға кетіп, 2-3 жыл бойы сол сұрапыл соғыстарға қатысып жүрді. Бұлардың Ниязбаевтан басқалары ұрыстарда жараланып, 1942-1944 жылдары елге қайтып келді де баяғы өздерінің жұмыстарына қосылды. Олар осы кезге дейін сол қызметтерінде істеп келеді.

Тылдағы жағдай да ауыр болды. Творчестволық қызметкердің аздығын былай қойғанда тіпті техникалық қызметкер де мүлде жеткіліксіз болды. Дегенмен, бұл жұмысқа келген адамдардың көбі тұрақты жұмыс істеді, үйреніп мамандық алды. Мысалы, газеттің осы күнгі корректоры Меруерт Жантурина бұл қызметте 1942 жылдан бері үздіксіз істеп келеді, ол өз ісінің жетік маманы, жұмысты мінсіз істейді. Сол сияқты соғыс аяқталуынан бірер жыл бұрын редакцияға келген Жаңылай Құлбекова, Жұмаш Исағалиева машинисткалық мамандықты аз уақытта меңгеріп алды. Олар осы кезде де сол баяғы қызметін мінсіз атқарып келеді.

 

Х.НАУРЫЗБАЕВ,

пенсионер, газеттің бұрынғы қызметкері.

1967 жыл.

Газеттің жаңа аты  — «ақтөбе»

 

Құрметті оқырман!
Бүгіннен, 1990 жылдың 6 қазанынан бастап, облыстық газет жаңа — «Ақтөбе» деген атпен шыға бастайды. Бұл шын мәнінде облыстық газеттің жылнамасында тарихи дата болып қалмақ.

Газет өзінің шыға бастаған 1924 жылдың 7 маусымынан бергі кезеңдерде «Кедей», «Алға», «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан» және «Коммунизм жолы» деген әртүрлі атаулармен шығып  келді. Одан осы өңірдегі тарихи, әлеуметтік, саяси оқиғалар мен өзгерістерді аңғаруға болады.

Міне, енді ел тарихында, қоғам өмірінде, халық тағдырында күрт те қауырт, өзінің мән-мағынасы, мақсат-мұраты жағынан қайталанбайтын жаңалықтар жүріп жатқанда, соның ішінде біздің Ақтөбе өңірінде де қайта құрудың, революциялық жаңару мен жаңғырудың зор процестері қанат жая бастағанда газет жаңа атау алды. Бұл өте орынды да заңды құбылыс.

Жұртқа мәлім, газетті өз оқырмандарының ұсыныстары, пікірлері мен тілектеріне орай жаңа атаумен шығару газет беттерінде жарты жылдан астам талқыланды. Көптеген ой-пікірлер, талап-тілектер, ұсыныстар түсіп, ол газетте жарияланды. Жарық көрген де, жарық көрмеген де хаттар, өтініштер редакция алқасында жан-жақты талқыланып, іріктеліп, сұрыпталып отырылды. Бір де бір ұсыныс ұмыт қалдырған жоқ. Әрине, олардың ішінде тарихи ұғым беретін сөздерден бастап, әдеби, мәдени және басқа да көптеген атаулар айтылды. Солардың ішінен ең соңғы байлам, соңғы шешім осы болды.

Ақтөбе — өзіміздің туған жеріміз, кіндік қанымыз тамған топырақ. Бұл өңір сонау ерте заманнан осылай аталып, осы үлкен өлкеде біздің ата-бабаларымыз қоныстанған. Осы қасиетті аймақ ұрпақтан-ұрпаққа мұра, құтты мекен, ырысты өлке болып келеді. Алдағы ұрпақтар керуені де оны осылай жалғастырмақ.

Халқымызға тіліміз, дініміз, діліміз, қадір-қасиетіміз, ұлттық сана-сезіміміз бен салтымыз, мұра-дәстүрлеріміз қайта оралғанда, біз уақыт талабына ғана жауап беретін кезекті атау іздемей, тұрақты, мәңгілік атауды қаладық. Бұл шешімнің сіздің де ойыңыздан шыққанына біз күмәнданбаймыз, құрметті оқырман!

Сонымен, «Ақтөбеге» ақ жол тілейік, ағайын!

 

6 қазан 1990 жыл.

Ақтөбенің құрдасы

 

Ұлы Отан соғысының ардагері Жөкеш Биязбаев ақсақалдың жасы тоқсанға келсе де сөзі түзу, қимылы ширақ. Әлемде болып жатқан жаңалықтарды жібермейтін қария облыстық «Ақтөбе» мен «Актюбинский вестник» газеттерін ұзақ жылдардан бері жаздырып алады. Газеттің әр санын үзбей оқитын майдангер ақсақалды мерейтой қарсаңында әңгімеге тартқан едік.

— Кеңес дәуірінде «Коммунизм жолы» атауымен шыққан бүгінгі «Ақтөбе» газетінің тоқсан жылдығын газеттің әр санында жарияланған мақалалардан біліп отырмын. Облыс орталығындағы, ауыл- аймақтағы  жаңалықтардың барлығын  осы газеттен оқимын. Осыдан екі-үш жыл бұрын үйге келетін басылымдарды өзім қарайтын едім. Бірақ жас ұлғайған сайын денсаулық та сыр береді екен. Соңғы уақытта көзімнің көруі нашарлап кетті. Сондықтан газет-журналдарды немерелерім Нұрсұлтан мен Нұрбекке оқытамын. «Ақтөбе» газетінің «Бұқара» айдарына  шығатын мақалалар мен тарихи әңгімелерді жібермей қараймын.  Менің бұл әдетіме немерелерім де үйренді. Қазір «ата газет келіпті» деп қуана хабарлап, ішінде қандай мақала бар екенін айтып отырады,  —деді ақсақал.

Румыния, Болгария, Югославия, Венгрия, Австрия елдерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысқан Жөкеш ақсақал  1943 жылы 18 жасында  Отан қорғауға аттаныпты. Жаудың техникасы мен бекіністе­рін дәл көздеп атуда мергендігімен танылған ардагер соғыс аяқталғанға дейін екі рет  ауыр жараланса да жауынгерлік сапқа қайта оралып отырды. 1948 жылы ғана өзі туып өскен Ойыл ауданының Жетікөл ауылына  қайтады.

1943 жылы соғысқа елден бес жігіт аттанып едік, бүгінде менен өзгесі о дүниелік болып кетті. Қазір майдандас достарымнан ешкім қалған жоқ. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын Орскдегі Үсенғали досыммен хабарласып тұратынмын. Ол да қайтыс болды. Қазір әңгіме айтып, көңілімді бөлейін десем, бұл маңнан өзім қатарлы үлкенді таба алмаймын.  Сондықтан уақыттың көбін газет- журнал оқып, теледидар қараумен өткіземін, — дейді ардагер.

Бес уақыт намазын қаза жібермейтін қарт, әр күн сайын еліміздің тыныштығы мен жастардың амандығын тілейді. Ұлы Кеңес пен келіні Гүлайым және немерелері Нұрсұлтан мен Нұрбек аталарының денсаулығын күтіп, айтқанын екі етпейді. Ақсақал  осының барлығына шүкіршілік етеді.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.           

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button