«Ақтөбе»-90

Бедел мен бағыт

«Ақтөбе» газетінің тоқсан жылдық мерейтойына арналған іс-шара Қобда ауданында жалғасты. Аудан әкімі Асқар Жүсібәлиев облыс орталығынан ат терлетіп келген «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев, ардагер-журналист, басылымның бұрынғы бас редакторы Идош Асқар және газет тілшісі Арайлым Нұрбаеваларды жылы шыраймен қарсы алып, журналистер қауымына өзінің ыстық лебізін білдірді.

«Ақтөбенің» мерекесі — бәрімізге ортақ. Өйткені өзге бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде «Ақтөбе» газеті біз үшін ерекше  ыстық. Ауданымызда газетті үзбей оқитын тұрақты оқырмандардың қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. «Ақтөбе» газеті аймаққа кедергісіз, уақытында жеткізіледі. Оқырмандарын облыста болып жатқан маңызды жаңалықтардан үнемі хабардар етіп отыратын «Ақтөбенің» ақпарат айдынындағы беделі жоғары, ұстанған бағыты нық. «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» демекші, ғасырға жуық тарихы бар басылымның бүгінгі қоғамда алатын орны ерекше, — деп аудан әкімі журналистердің аймаққа жасаған сапарларына сәттілік тілеп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, бүгінгі атқарылып жатқан шаруалар мен алдағы жоспарлар турасында әңгімеледі.

Аудан әкімінің мәжіліс залында өткен басқосуға «Ақтөбе» газетінің аудандағы  белсенді оқырмандары, түрлі мамандық иелері, жастар қатысты. Аудан әкімі Асқар Жүсібәлиевтің төрағалық етуімен өткен кездесуде «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев басылымның тарихына қысқаша тоқталып, әр кезеңдегі тарихи оқиғалардың газет бетінде көрініс табуы, бүгінгі ұстанып отырған бағыт-бағдары туралы жан-жақты баяндады.

Қобда ауданының құрылғанына 80 жыл толу құрметіне шығарылған «Қобда» энциклопедиясының басы-қасында болған танымал журналист Идош Асқар да газеттің кешегісі мен бүгіні жайында тұшымды әңгімелер айтып, журналистік қызметтегі кездескен қызықты оқиғаларымен жастардың көңілін жадыратты. Басқосуда ардагер-журналист Қобда өңіріндегі бірқатар елді мекендер мен тарихи жерлердің атауына қатысты әңгімеледі.

Батырлардың мекені болғандықтан ба, жақсы шаралардың дені осы Қобда жерінде өтеді. «Қобда» энциклопедиясынан да өңір тарихына қатысты біраз нәрсені көруге болады. Ауданда Сөгәлі деген жер бар. Ауылдың Сөгәлі аталуы қасындағы Қоғалы жерінің атымен ұқсастырылып қойған деген мәлімет бар. Ол — бекер нәрсе. Сөгәлі — Сүйеуғали дейтін адамның есімі. Кезінде орыстар «Сюгалин» деп жазып, қазақтар білмегеннен кейін, ешкім айтпағасын, жердің атын «Сөгәлі» деп атап кеткен. Сүйеуғали — Айшуақ ханның бірінші ұлы. Бұл туралы жазушы Ғалым Ахмедовтің «Жем бойында» кітабында толық жазылады. Сөгәлі — Айшуақ ханның тұқымы жайлаған жер. Бұдан бөлек, ауданда Ешкіқырған деген жер бар. Энциклопедияда Итқырған деп те көрсетілді.  Ол жерде ешкім ешкі қырған жоқ, ешкі қырылған да жоқ. Бұл — «ішкі қорған» деген сөз. Байқап қарасаңыздар, ол жерде қорғанның орны жатыр, — деді И.Асқар.

Ардагер-журналист әңгіме арасында «Ақтөбе» газетінде бір кездері қызмет еткен қобдалық журналистер Жүсіпқали Сәдуов, Дүйсенғали Мұқаев, Хасен Наурызбаевтардың басылымның беделін арттыруға қосқан үлесі, журналистік шеберліктері жайында сыр шертті.

Баспасөз қызметкерлерімен ашық әңгімелесу түрінде өткен басқосуда зейнеткер  Жауғашты Жұмағалиев:

Облыстық «Ақтөбе» газетін алпысыншы жылдан бері үзбей оқитын тұрақты оқырмандарының бірімін. Басылым «Социалистік жол» атауымен жарық көргеннен бері жаздыртып аламын. Басылым беттерінде жарық көрген мақалалардың салмақтылығы мен мазмұнынан-ақ газеттің қоғамдағы рөлін, беделін айқын сезуге болады. Бір ғана тілегім бар, алдағы уақытта «Ақтөбе» газетінің беттерінен сыни бағыттағы мақалаларды жиі кездестірсек деймін, — деп,  газеттің мерейтойына қатысты жүрекжарды лебізін білдірді.

Қандасымыз Болатхан Еншібаевтың Қобда жерін мекен еткеніне жиырма жылдай уақыт болыпты. Ардагер ұстаз аймақ жаршысына айналған облыстық газетке өз бағасын берді.

«Ақтөбе» газетін отбасымызбен сүйіп оқимыз. Газет беттерінде жарық көрген мақалалардан өзіме қажетті мәліметтерді жинап жүремін. Әсіресе, «Бұқара» айдарымен жарық көретін мақалаларды оқығанды ұнатамын. Болашақта газет бетінен жастарды еңбекке, нарыққа үйрететіндей бағыттағы мақалаларды жиі оқысақ деген ұсынысым бар, — деп зейнеткер баспасөз қызметкерлерінен газеттің әр кезеңдердегі өзгерген атауы туралы сұрап білді.

Тарих пәнінің мұғалімі Зағипа Арихованы «Ақтөбе» газетінің бетінде жарық көретін тарихи мақалалар, «Балдырған» бетіндегі балалар шығармалары қызықтырады екен. «Коммунизм жолы» атауымен шыққаннан бергі уақыттан бастап газеттің әр санын үзбей оқып келе жатқан ұстаз «Ақтөбе» газетін өзінің ақылшысы,  сырласындай сезінеді.

«Қобда» аудандық газетінің редакторы Талғат Қазиев аймақтағы журналистиканың қарашаңырағы саналатын облыстық «Ақтөбе» газетінің ұжымын, әріптестерін газеттің мерейлі мерекесімен құттықтап, алдағы уақытта да басылым беттерінде ауданның шалғай ауылдарындағы жағдай, ондағы жетістіктер жайындағы мақалалар жиі басылса деген ұсынысын білдірді. Спорттық тақырыптағы, әсіресе, футбол ойынына қатысты жазылатын мақалаларды үзбей оқитынын айтып, жоғары бағасын берді.

«Ақтөбе» газетінің қобдалық оқырмандары басылым беттерінде жарық көрген мақалалардың толық нұсқасын аудандық кітапханада «РАБИС» бағдарламасы негізінде де оқи алады. Басқосу барысында кітапхана библиографы Райса Шайхина жаңа технологиялық әдістің жетістіктері турасында әңгімелеп, «Ақтөбе» газетінде жарық көретін мақалалардың осы бағдарламаға енгізіліп отыратынын, бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі атқарылатынына тоқталды.

Жақында ғана «Үздік мемлекеттік қызметші» облыстық байқауына қатысып, облыс әкімі аппараты басшысының арнайы алғысына бөленген Құрманов атындағы ауылдық округтің әкімі Арман Қабылов, аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Алпысбай Өтеп те басқосу кезінде мереке иелеріне ыстық лебіздерін жолдады.

Журналистер мен оқырмандар арасындағы жүздесу кеші өте әсерлі болды. Басқосуда жастар жағы ақын Ертай Ашықбаевтан өлең оқып беруін сұрады. Ақынның «Жарыссөз», «Мешін жылы Бабатайда туғалы»  өлеңдерін газет оқырмандары жылы қабылдады.

Ауданға жасаған сапар барысында журналистер өңірдің шаруа жайымен де танысты.

Іргесі 1929 жылы қаланған Қобда ауданында бүгінде 18 селолық округ, 31 елді мекен бар. Ресейдің Орынбор облысымен шекаралас жатқан өңір облыс орталығынан 110 шақырым қашықтықта орналасқанмен, жергілікті тұрғындар үшін жол мәселесі негізгі проблемалардың біріне айналғаны рас. Қазір республикалық маңызға ие жолдың Қобда бағытындағы азғантай бөлігіне жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі де жақын. Асқар Жүсібәлиевтің айтуынша, биыл күзде бұл мәселе түбегейлі шешімін табатын болады.

Ауданға газ тарту ісі де жоспарлы жүргізіліп жатыр. Өңір басшысының айтуынша, ауданның егіс алқаптарына былтырғы көлемде егін егіліпті.

Шөптің шығымы өте жақсы. Дегенмен, ылғалдың аздығы шаруаға кері әсерін тигізіп тұр. Аймақты құрғақшылық жайлап кетпес үшін мүмкіндігіміз көтеретін шараларды қолға алып жатырмыз, — деді аудан әкімі.

Журналистер облыс баспасөзінің қара шаңырағы саналатын «Ақтөбе» газетінің тоқсан жылдық мерейтойына арналған іс-шараның аудан көлемінде жоғары дайындықпен өткізілгенін айтып, ұйымдастырушыларға зор алғысын білдірді.

 

Арайлым НҰРБАЕВА,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button