«Ақтөбе»-90

Біз жүрген жолдар

Биыл облыстық «Ақтөбе», бұрынғы «Коммунизм жолы» газетінің жарыққа шыға бастағанына — тоқсан жыл. Қай уақытта да халықтың көзі, құлағы саналатын, аймағымыздың өсіп-өркендеуінің жылнамасы, мәдениеті мен әдебиетінің айнасы — бұл басылымның 70-80-жылдардағы кезеңіне араластық. Сол шақтардың әр сәті, әр сағаты қымбат қазынамыздай болып, жадымызда сақталып қалды. Өткенді ой елегіне сала отырып, өзіміз үшін де, оқырмандар үшін де ұмытылмастай із қалдырған жылдардың естелігін кейінгі ұрпаққа жеткізгіміз келеді.

Бір жағынан, біз екі ғасырда, екі түрлі қоғамда өмір сүріп отырмыз, салыстырмалы түрде, олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін  ашып айта алатын, куәгер жандармыз. Өткен ғасырдың 70-жылдарында қазақ баспасөзінде, соның ішінде облыстық «Коммунизм жолы» газетінде де өте талантты қаламгерлер шоғыры еңбек етті. Мен Алға ауданында жүріп, газетке мақала, өлең жазып тұрдым. Сол жазғандарымды ақын Мұхтар Құрманалин құптап, редакцияға жұмыс жасауға шақырды, ол кісіні бас редактор Нұрхайыр Телеуов те қолдады. Сөйтіп, боз даланың бозторғай ақыны атанған Есенбай Дүйсенбаевтың қарамағына  әдеби қызметкер болып келдім. Есенбай аға жазған мақалаларыма көп шұқшимайтын, әдетте миығынан күліп: «Таңатар ағаң қарайды ғой» деп, қолын қойып беретін. Ал Таңатар аға… Міне, телефон шыр етті. Сол кісінің дауысы. «Зияш, келіп кетші», — дейді. Жүгіріп барамын. «Мына жерді түзет, мынаны қайта қара», — деп, өзім дап -дайын санаған мақаланы қайтарып береді. Мұның бәрі — біз сияқты жас журналиске сабақ. Кейін мен де өз жазғаныма қаттырақ қарайтын болдым.

Ол кезде қарапайым халық арыз-шағымын редакцияға қарша боратып жататын. Журналистер ақ-қарасын ашып жазса, былайғы тексеру органдары да әділдіктен ауытқып кете алмайды деп сенетін. Сондай арыз-шағымдардың ізімен облыстың түкпір-түкпірін аралап шықтық. 70-ші жылдардың соңы болатын. «Байғанин ауданының бір совхозының жылқысы кем, оны  тексергендер дұрыс тексермейді» деген арыз түсті. Соған байланысты іссапарға шықтым. Бала күнімнен жылқыға жақын өстім. Біз бес ағайынды болатынбыз. Бізге әке орнына әке болған, әкемізбен бірге туған ағамыз Шоқау Жапаров  жылқы фермасының меңгерушісі еді. Оқушы кезімде каникулда сол ағамның үйіне барып жүріп, жылқыға мінуді үйрендім. Бір қызығы, ол кісі маған жуас ат берген жоқ, бірден өзі мініп жүрген торы айғырға отырғызды да, «аяғыңды үзеңгіге салма, тақымыңды қысып ұста, тізгінді жіберіп тарт. Ауық-ауық тартып отыр, әйтпесе ат үстінде адам бар екенін ұмытып, қатты желіп кетеді» — деді. Мен әрдайым оның соңынан қалмай, жылқыға бірге баратынмын. Бала кездегі әсерлер адамның санасында мәңгі қала ма, жылқы көрсем, делебем қозып, мініп алып, шаба  жөнелгім келіп тұратын. Кейін осы жылдамдыққа құмарлығым бойымды жеңіп, бірге туған жалғыз ағамның мотоцикілін айдап кетіп, талай оқиғаға ұшырағаным  есімде…

Сонымен, тиісті жерге жеттім. Маған жылқы фермасының барлық есеп-қисабын көрсетті. Бірақ менің мақсатым — сол жылқыларды санап, өз көзіммен ақиқатқа жету. «Жоқ, болмайды. Фермаға  барып жылқы санаймыз» дедім. Сөйтіп, қиыр шеттегі фермаға жүріп кеттік. Барған соң, жанымдағы серіктерімнің барлығы бір- бір атқа мініп алды. Маған: «Сіз машинамен жүрсеңіз де болады» деген емеурін танытты. «Сіздер атпен жүрсеңіздер, мен неге машинамен жүремін? Маған да ат беріңіздер, тек асау болмасын. Егер мен бір нәрсеге ұшырасам, жауап беретіндеріңізді ұмытпаңыздар» — деп, «қоқан-лоқы» да жасап қойдым. Сол жерде өзім таңдап, бір атқа отырдым. Бұл сапарым кейін аңыз болып кетті. Ел жақтан арыз жазғандар, «тексеруге Телеуованы жіберсеңіздер» деген тілек айтып, хат жолдап жататын. Халықтың ниетінің өзі бізді көкке көтеріп, кәсібімізді қадірлеуді үйретіп отыратын.

Менің ұзақ жылғы журналистік жолымның өзінен бір емес, бірнеше кітап жазып шығуға болар еді. Оның бәрін бір мақалада айтып тауыса алмаспын. Енді  сол кезде өзіммен қызметтес болған  бірқатар ағаларымның ақ көңілдігін, адалдығын, мейірімділігін айтпай кетсем, мойнымдағы парызымды өтемегендігім болар еді. Жоғарыда айтқанымдай,  редакциядағы еңбек жолымды ақиық ақын Есенбай Дүйсенбаевтың бөлімінен бастадым. Мен жұмысқа орналасқан тұста ол кісі сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы В.Ливенцовқа хат жазып, үй алған еді. Қолында жасы тоқсанға келіп қалған қарт әкесі барын арызында айтса керек. Сөйтсе де, оған тоғыз қабатты үйдің тоғызыншы қатарынан пәтер бөлініпті.  Редакцияға келгендер: «Есеке, пәтерің құтты болсын» десе, «Айтсын, өзім де үлкен адам емес едім, енді тоғызыншы қатардың балконында торғайдай болып тұратын болдым» — деп жауап беретін. Оның басшыларға деген наразылығын сол сөзінен ұғатынбыз.

Сол кезде  «Лениншіл жастың» тілшісі болған  Сырым Бақтыгереев, Серікқали Байменшин, Төлеміс Меңдіғалиев, Амангелді Смағұлов, Қуан Тектіғұлов, Зейнолла Құлжанов, Мұрат Нұртаев, Нұқы Қартпаев, Құрал Тоқмурзин, редактордың орынбасары болған Әкімжан Оралбаев, газеттің бас редакторы Нұрхайыр Телеуов сынды қаламы жүйрік жандардың менің журналист болып қалыптасуыма ықпалы мол болды.  Төребек Досқалиев, Дүйсенғали Мұқаев, Ұлықпан Жұмабев,  Арыстан Аймағанбетов, Сәндібек Әлібеков, Сағымбай Сембаев, Әбдікамал Амандықов, Кәдірбай Бекмағанбетов сияқты еңбекқор ағаларымыз да газеттің салмақты бөлімдерін ұстап тұрды.

Журналистік кәсіп — өте ауыр, үнемі ізденісті қажет ететін, әр ортада өзіңді-өзің ұстай білуді талап ететін сан сырлы мамандық. Осындай мамандықты   игеріп кетуіме сол кездегі ортаның  ерекшелігі, адамдардың ашық-жарқындығы, бір- біріне қол ұшын беруге дайын тұратыны, күнделікті өміріміздің қызықты оқиғаларға толы болуы қатты әсер етті.

Біздің арамызда өте еңбекқор, аузын ашса, жүрегі көрінетін адал жан Дүйсенғали Мұқаев деген ағамыз  қызмет істеді. Хат бөлімінде біршама уақыт бір бөлмеде отырдық. Үстеліміз қарама-қарсы болатын. Редакцияға Алматыдан ақын-жазушылар көп келетін. Бір күні бөлмемізге бір жазушы кіріп, аман-саулық сұрасып кетті. Содан соң да кіріп-шығып жүрді. Мен бір мақала жазып отыр едім. Сағатыма қарасам, жұмыс аяғы жақындап қалыпты. Үйімде үйелмелі-сүйелмелі үш балам бар. Жалма-жан тұрып, киім ілетін шкафты көлегейлеп, аяқ киімімді ауыстырып жатқам. Манағы жазушы қайта келіп, Дүйсенғали ағамыздан:

— Дәке, мына жердегі қызыл кофталы келіншек қайда? — деп сұрады.

Ол кісі қағаздан басын көтерместен:

— Қайдағы келіншек? – деді.

— Ой, Дәке, мына қарсы алдыңызда  отырған келіншек ше? – деді қонақ.

— Білмеймін. Ешқандай келіншекті көрген жоқпын, — деді аға.

Қонақ кәдімгідей ренжи бастады:

— Сіз немене?.. Күні бойы осында отырған адамды көрмедім деп?.. Мен ол келіншекті жеп қояды дейсіз бе? — деді қатқылдау дауыспен.

Дүйсенғали аға сонда ғана басын көтеріп:

— Түсінсем бұйырмасын, кімді айтып тұрсың?! — деді.

— Мына жерде отырған келіншек?!

Енді Дүйсенғали аға тас-талқан болып ашулансын:

— Зияшты айтасың ба? Ол журналист қой. Келіншек емес, журналист!

Осының бәрін мен шкаф тасасында естіп тұрмын. Үйге жеткенше сол әңгімені есіме алып, күлумен болдым. Шынында да, ер адамдардың арасындағы жалғыз әйел журналист болған соң, ер-азаматтар мені өздерінің үзеңгілес достарындай  көретін.

Ал бір бөлмеде отырған Зейнолла Құлжанов ағамыздың Қожанасыр қылықтарын айтып тауысу мүмкін емес. Ол кісі жұмыс орнына жайғасып алған соң, қаламын құлағының үстіне қыстырып қоятын. Енді жазатын уақытта сол қаламды іздеп, үстелінің бүкіл тартпаларын, қағаздарын ақтарып шығатын. Сондай әбігердің кезінде біріміз: «Зәке, қаламың — құлағыңда» дей қоямыз. Сонда ол кісі: «Түу-у, осы құлақты кесіп тастамасам, болмас» — деп кәдімгідей кейитін. «Ауру қалса да, әдет қалмайды». Зейнолла ағаның сол әдеті қалмай-ақ қойды.

Бірде елге қазақтың бір туар ақиық ақыны Қуандық Шаңғытбаев келді. Жоғарыда айтқанымдай, өлең жазатыным да бар еді. Мұхтар Құрманалин аға хабарласып: «Өлеңдеріңді Қуандыққа көрсетіп алайық» — деді. Кішкене дәптерімді алып бардым. Ақын ағамыз қыр мұрынды, бет әлпеті мінсіз, сұлу адам екен. Даусы да жанға жайлы, қоңыраулап шығады.

Мұхтар аға мені таныстырып: «журналист, талантты ақын» деп, мақтауымды асырып жібергені сонша, қысылғаннан төмен қарадым.

Ал Қуандық аға журналист деген сөзге елең ете қалды. «Солай ма? Ақтөбе облысында журналист қыздар аз еді. Айналайын, қадамың оң болсын!» — деп жатыр. Әңгіме арасында: «Журналистерге ақын болу міндет емес, журналистика — өз алдына бөлек әлем ғой», —  деп, күлімсіреп қойды.

Мен сол өлеңдеріммен ақын ағаның алдына барғаныма әлі күнге дейін ұяламын. Сөйте тұра, маған қалайда көмектесіп, жазғандарымды жарыққа шығаруға ықпал еткісі келген, жөн сілтеген қамқор жандарға, өзіме мәңгілік ұстаз санайтын жандарға мың сан рет алғыс айтудан жалықпаймын.

Газеттің өткен тарихында әйел журналистер бірен-саран ғана болса, қазіргі журналистердің дені қыз-келіншектер екен. Бұл да ғажап деп ойлаймын. Соңымнан ерген сіңлілеріме тілейтінім — әрдайым жолдарыңнан жаны жайсаң, жақсы жандар кездессін. Жазу — өнер, ой–соқпағы көп жол. Сол ой-соқпақтардан сүрінбей өтіп, сүйікті газетіміздің мерейін үстем ете беріңіздер!

Зияш ТЕЛЕУОВА,

КСРО Баспасөз қызметінің үздігі.         

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button