«Ақтөбе»-90

«Ақтөбеге» — 90 жыл!

Алдағы сенбі, яғни 7 маусым күні «Ақтөбе» газетінің шыға бастағанына 90 жыл толады.

Газетте ұзақ жыл жемісті еңбек еткен, тоқсаныншы жылдардағы аласапыранда бас редактор болып, ауыр жүкті арқалаған ардагер журналист Идош Асқар ағамыз өз мақаласында тоқсан жылдық жолды төрт кезеңге бөліпті. Осы тұрғыдан алғанда,  басылымның іргетасын қалап, шаңырағын тіктеген  алғашқы буын мен газеттің «қабырғасын» қатайтқан екінші буынның басым көпшілігі, социалистік жүйенің көрін қазып, Тәуелсіздіктің ақ таңын қарсы алған үшінші буынның да бірқатары қазір о дүниелік болып кетті. Алла нұрларын пейіште шалқытқай! Арамызда жүріп, ақыл-кеңесін айтудан жалықпайтын ардагерлерімізге ұзақ ғұмыр тілейміз. Сағиша айтсақ, «Қарттарым аман-сау жүрсін»!

Әр жылдарда «Кедей», «Алға», «Социалды жол», «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы» атанып, тәуелсіздікпен бірге өңір атауын иеленген облыстық басылым осы жылдар ішінде өзі өмір сүрген қоғамдардың мойынға артқан міндеттерін орындай отырып, Ахмет Байтұрсынов айтқан ең ұлы мұрат — «халықтың көзі, тілі һәм құлағы» болудан айныған жоқ.

Газеттің сарғайған беттерінде  өңірдің бір ғасырға жуық тарихы сайрап жатыр. Жаппай колхоздастыру, аштық, «халық жауларын» іздеу науқаны, сұрапыл соғыс, соғыстан соңғы жылдар, «кемелденген социализм» дәуірі, ұлттық ояну, азаттықтың ақ таңы, Тәуелсіздіктің алғашқы ботатірсек кезеңі, дамудың сара жолына түскен бүгінгі Қазақстан — бәрі-бәрі тасқа түсті. Демек, бұл — «Ақтөбенің» ғана емес, күллі облыс халқының жүріп өткен жолы! Әрине, жол ешқашан тақтайдай тегіс болмайды. Бірақ тарихтың аты — тарих, оны санадан өшіре алмайсың. Ал газеттің мерейтойы тек басылымның ғана қуанышы емес, күллі облысқа ортақ мереке.

Осыны терең түсінген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов газеттің мерейтойына ерекше мән беріп отыр. Маусымның 20-ы күні Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театр ғимаратында басылымның 90 жылдығына арналған салтанатты шара өтеді.

Жыл басынан бері газет мерейтойына арналған шаралар ұйымдастырылып келеді. Сақтаған Бәйішов атындағы облыстық кітапхана мерейтойға арналған тағылымды шара ұйымдастырды. Қысқы спорт түрлерінен, жеңіл атлетикадан жарыстар, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының  мұрындық болуымен белгілі журналист Әмір Оралбайды еске түсіруге арналған футболдан дәстүрлі турнир өтті.

Аудандар да газет мерейтойын атап өтуді бастап жіберді. Өткен аптада алғаш боп тізгін алған Әйтеке би ауданы оқырмандарға рухани ләззат сыйлап, газет қызметкерлерін мерейлендірген әдемі кеш ұйымдастырды. Осы аптада мерейтой Қобдада, келесі аптада Алғада  жалғаспақ.

Тоқсан жылдық мерейтойға газет ұжымы да жақсы әзірлікпен келіп отыр. «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлының идеясымен газет тарихында тұңғыш рет тоқсан жылдық тарихты мейлінше қамтуға тырысқан кітап пен фотоальбом әзірленіп отыр. Оларды әзірлеуге газет ұжымымен қатар ардагерлеріміз де үлкен үлес қосты. Сол үшін де оларға мың алғыс!

Бұдан бөлек Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының қолдауымен өмірден ерте кеткен белгілі журналист, ғажап сықақшы Әлімбай Ізбайдың «Қырық үш кемдік…» атты кітабы да жақын күндерде қолға тимек. Бұл — жазушылығын жұрт мойындағанымен, өзі құнттамаған Әлімбайдың тұңғыш әңгімелер жинағы.

Біздің әрбір қуанышымызды бөлісіп, көбейтіп жүретін «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы 90 жылдыққа арнап тоғыз толымды бағдарлама әзірледі.

Сонымен, той басталды! «Ақтөбе» газетінің ұжымы мен оның ардагерлерінің ғана емес, қалың оқырмандарымыздың ортақ қуанышы! Құтты болсын!

 

                                                            Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button