«Ақтөбе»-90

Ойлы оқырманмен жүздесу

«Ақтөбе» газетінің тоқсан жылдық мерекесі қарсаңындағы шаралар аудандарда да көрініс беруде. Осы басылыммен бірге жасасып келе жатқан қалың оқырман өздерін газеттен бөлек санамайтындығын білдіреді. Мұның біз Әйтеке би ауданында болған сапарымызда айқын аңғардық.

Аудан әкімі Аманғали Бердалин облыс орталығынан келген облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев, ардагер-журналист, осы басылымның бірнеше аудандағы меншікті тілшісі, газеттің жауапты хатшысы қызметтерін атқарған Жанғабыл Қабақбаев, газеттің бөлім меңгерушісі Нұрмұханбет Дияров құрамындағы журналистер қауымын жылы шыраймен қарсы алып, өзінің жүрек жарды лебізін білдірді.

— Біздің өңірде «Ақтөбе» газетінің үзбей оқитын, тұрақты жаздырып алатын оқырмандар өте көп, сондықтан сіздердің мерейтой қарсаңында елге сапарларыңызға сәттілік тілеймін. Газет сан алуан тақырыпты көтереді, көпшілік үшін қажетті ақпараттарды ұсынып отырады, яғни біздің рухани сұранысымызды өтейді. Бұл бір жағынан тәрбие мектебі, өнеге таратушы. Сондықтан да біз газеттің қоғамдағы ролін жоғары бағалаймыз, — деді аудан басшысы. Содан кейін астықты өңірде атқарылып жатқан шаруалар жайымен таныстырды. 

Аудандық мәдениет үйіндегі кездесуге бірнеше буын өкілдері, әртүрлі мамандық иелері жиналды. Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Зоя Бөлекова тоқсан жылдық белеске көтеріліп отырған облыстағы ежелгі басылым туралы айта келіп, жұртшылықты баспасөз қызметкерлерімен ашық әңгімеге шақырды.

Газеттің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары «Кедей» деген атпен қанат қағып, заман ағымына, уақыт тынысына қарай атауларын бірнеше рет өзгертіп, ақырында «Ақтөбеге» келіп тоқтаған басылымның тарихына қысқаша тоқталды, қазіргі ұстанып отырған бағыт-бағдар жөнінде баяндады. Сондай-ақ, оқырмандармен бүгінгі күн ахуалына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.

Бір кездері осы өңірге қарасты Қарабұтақ аудандық газетіне редактор болған, 1990 жылы Әйтеке би аумағында қазақ тіліндегі «Жаңалық жаршысы» басылымының жарық көруіне қолдау-көмегін көрсеткен Жанғабыл Қабақбаевтың да жиналғандарға айтар әңгімесі аз болған жоқ. Нарықтың алғашқы нышандары әкелген сынақты кезеңде аудан тұрғындарының қандай қиындықты бастан кешсе де, баспасөзден ажырамай, рухани серіктерін сенім алып жүргенін ол жоғары бағалайтынын білдірді.   

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Диқанбай Ержанов: «Өзім осы өңірдің өркендеуіне біраз жыл атсалысқан адаммын. Енді балаларым, немерелерім сол ізді жалғастыруда. Оған қуаныштымын. Сонау жас кезімнен облыстық газетті алдырып оқимын, ол елу жыл бойғы серігім, осы басылым арқылы жаныма рухани қуат аламын. Бүгінгі күні біздің шаңыраққа «Ақтөбе» газетінің үш саны қатар келеді, яғни отбасымыздағы үш буын да әрқайсысымыз өздеріміз жаздырып аламыз. Осындай мерейтой қарсаңында мен мұны мақтанышпен айтқым келеді. Өз басым газеттен ата-баба тарихына, кешегі батырларымыз бен билеріміздің өміріне қатысты мақалаларды тұшынып оқимын. Бір тілегім кемшіліктерді шымшып алатын сын материалдар да беріліп тұрса екен» деді мінбеден сөйлеген сөзінде.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Жолдас Қамбаров өзінің бұған дейін бірнеше ауданда еңбек еткенін, облыс орталығында да қызметте болғанын айта келіп, соның бәрінде де «Ақтөбе» газетімен бірге қадам басып келе жатқанын мақтаныш сезімімен білдірді.

«Біз адамдардың денсаулығы үшін еңбек етеміз, сонымен бірге, аурудың алдын алу, салауатты өмір салтын орнықтыруға қатысты белгілі бір ауқымда жұмыстар да жүргіземіз. Бұл ретте біз облыстық газетті өзіміздің қолдаушымыз деп түсінеміз, өйткені басылым бетінде дәрігерлік кеңестер тұрақты беріліп тұрады.

«Ақтөбе» газетінде қалыптасқан дағды бар, байыпты ұстаным білінеді. Кез келген ақпаратты ұғынықты етіп беру үрдісі қалыптасқан» деді ол.

Аудандық «Жаңалық жаршысы» газетінің директоры — бас редактор Геннадий Стручков өзінің «Ақтөбе» газетіндегі ең алғашқы мақаласы 1985 жылы жарық көргенін, содан бері байланысын үзбей, қалам тартып келе жатқанын жеткізді. «Облыстағы он екі аудандық газет төрт-бес жылдай уақыт «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қамқорлығымен облыстық «Ақтөбе» газетінің қосымшасы ретінде шықтық. Сол кезде біз тәжірибелі журналистерден өнеге алдық, көп нәрсе үйрендік, шығармашылық байланыстарымыз нығая түсті, сол үшін сіздерге алғысымды білдіремін» деді ол.

Аудандық мәслихаттың хатшысы Ақансері Ермағамбет — осы ауданда ұзақ жылдан бері басшылық қызметте келе жатқан, елдің белгілі, беделді азаматтарының бірі. Сонымен бірге, газеттің жанашыры, тұрақты оқырманы.

«Тоқсан жас — абыз жасы. Республикамызда тоқсанға келіп, осындай мерейтойына үлкен беделмен, толағай табыстармен, өз дәстүрін қалыптастырып келіп жатқан басылымдар санаулы деп ойлаймын. Мен қызмет бабында «Ақтөбе» газетін оң жағымда ұстайтын адаммын, өйткені одан қажетімді табамын, сырласым деуге болады. Басқа материалдармен қатар поэзия беттеріне көбірек үңілемін, өйткені өлең ой-өрісіңе өзгеше өрнек береді, өмірге басқаша қарауға жетелейді» деп ойын тұжырымдады ол. 

Кездесу барысында осы аймақтан шыққан, облыстық газетте әр жылдарда қызмет атқарған Қуандық Шаңғытбаев, Мұхтар Құрманалин, Смат Қабылбаев, Төребек Досқалиев, Сағымбай Сембаев, Сәндібек Әлібеков, Құдайберген Ахмедияров, Қасымжан Байсадақов секілді әр буын өкілдері болып саналатын журналистер есімдері құрметпен аталды.

Жарқын жүзді кездесу ұзаққа созылды. Ойлы оқырмандар Бауыржан Бабажанұлын ақын ретінде де жақсы білетіндігін білдіріп, өлең оқуын сұрады. Қаламгердің «Түс», «Терісаққан», «Қыз бен мұрын» өлеңдері көпшілік тарапынан жылы қабылданды.

Бұдан кейін де мерекелік ахуал өрістей түсті. Аудандық мәдениет ұйымының өнер ұжымдары сахнаны сазды әуенге бөледі. Халық әні «Гүлдерайым» әуеледі бір сәт. «Сударушка» ансамблі орыстың халық әнін қалықтатты. Айқын Мағауияұлы «Аяулы ана» әуенімен жүректерді сағыныш сезіміне бөледі. Өнерпаз Асқарбек Тілепбергенов «Қазағым» әнін орындап кездесуді аяқтады…

Жиыннан соң көпшілікке аудандық мәдениет үйінің фойесінде арнайы ұйымдастырылған көрмеде кітапханашы Марина Жиембаева оқырмандарға тоқсанға толған «Ақтөбенің» тарихы туралы баяндап жатты… 

Журналистер кездесумен шектелмей, өңірдің шаруа жайымен де танысты.

Бір кездегі аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің ізіндегі «Комсомол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазір бұрынғы егіс алқабы көлемін шағындаған. Оның себебі, бұл аумақта одан басқа да осындай бірнеше құрылымдар пайда болған және соңғы он жылдық көлеміндегі құрғақшылық, ауа райының оң қабақ танытпауы бұларды сақтыққа үйреткен.

Серіктестіктің бас агрономы Алтай Түктіғұлов осында он екі жылдан бері еңбек етеді екен. Былтыр шаруашылықта әр гектардан 8 центнерден өнім алыпты. Бірақ тәжірибелі маман бұған қанағаттанып отырған жоқ.

Биыл 11500 га жерге дән септік, барлық агротехникалық шараларды орындап, аудандастырылған және өнімді тұқымды іріктеп отырамыз. Жылдағы дағды бойынша егін зиянкестеріне және арам шөпке қарсы химиялық өңдеулер жүргізіледі. Биылғы ылғал жаман емес. Жақсы өнім аламыз ба деген үмітіміз бар, оның үстіне журналист ағаларымыздың «Ақтөбе» газетінің 90 жылдық мерейтойымен орайластырып бізге келіп жатқанын жақсы сәйкестік деп қабылдаймын, деді бірыңғай тегістеліп, дән себілген алқабын көрсетіп жүрген агроном жігіт.

Жалпы, бұл шаруашылықта қазіргі уақытта 80 адам еңбек етеді. Егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да дамытылуда. Серіктестік аудан көлемінде өтетін мәдени және спорттық шараларға демеушілік көрсетеді, сондай-ақ, тұрмысы төмен отбасыларға, зейнеткерлерге жем-шөптен көмектесіп отырады екен.

Ауданда Ақжол Дабылов басқаратын «Бұлақ-Агро», Валерий Степочкин жетекшілік ететін «Еңбек-AGRO» ЖШС-лары осындай қатарда егіс салады екен. Оларда еңбек өнімділігін арттыру, жұмыс сапасын көтеру мақсатында жаңа техника сатып алу ісі жолға қойылған. Бұл ретте мемлекеттік бағдарламалардың көмегі тиіп отырғандығын байқадық. Аталған шаруашылықтарда жұмысшылардың орташа еңбекақысы қазіргі уақытта 60000 теңге құрайды, ал науқан уақыттарында қосымша табыстары және болады екен.

Қай серіктестік болмасын, бірыңғай өз шаруасының соңында кетпей, осы өңірдің тыныс-тіршілігіне де кеңінен араласып отыратыны байқалады. Мәселен, қыста аудан көлемінде қатынас жолдарын тазарту, ауыл тазалығын сақтауға көмектесу, басқа да игілікті істерден олар тыс қалып көрген емес.

…Бір кездері Ақтөбеден осы ауданның орталығы Комсомол селосына жету жарты күн уақытты алатын. Онда да ойқы-шойқы жолдардың азабын көріп жеткен жолаушы шаршап-шалдығып, қалпына әрең келетіндей күй кешетінін талай бастан да кешкенбіз. Енді, міне, шүкір, заман өзгерді. Жеңіл көлігіміз бізді екі жарым сағаттай уақытта көздеген жерімізге жеткізді.

Биылғы табиғат өзгеше түлеп тұрғандай көрінді. Біз астықты өңірдің берекесі мол бола беруіне ақ тілегімізді білдіріп, осындай оң ниетпен ұзын жол бойына шықтық. 

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Әйтеке би ауданы.  

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button