«Ақтөбе»-90

Алыс жылдардың жақын тағылымдары

 

Мерзімдік уақытпен өлшегенде, тоқсан жылға ұласқан ғұмыр, шамамен үш ұрпақ алмасатын өмір. Шыға бастағанына сол тоқсан жыл толғалы тұрған облыстық «Ақтөбе» газеті үш ұрпақтың да, саяси әлеуметтік және экономикалық үш кезеңнің де тағдыры мен талайын бейнелейді. Газеттің алғашқыда «Кедей» атауымен шыға бастаған жиырмасыншы жылдардың орта тұсынан, шамамен, Ұлы Отан соғысының соңына дейінгі жайын уақытына қарай, уақыты тудырған талаптары мен міндеттері біркелкілігіне қарай жинақтап, бірінші кезеңі деуге болар еді. Жиырмасыншы жылдардан басталған елдегі тіршілік нені еске салар еді? Ол әрине, бүгінгі жас ұрпаққа, сірә, күңгірттеу, оны енді айтса ата буын ғана тарқатып әңгімелеуі мүмкін. Он тоғызыншы ғасырдың орта тұсынан Ресейде басталған бүлікшілдік дүмпудің соңы екі бірдей төңкеріске, екі дүниежүзілік соғысқа, сыртпен соғыстан іштегі өзара шайқас — әлдеқайда қатерлі, төрт жылға созылған азамат соғысына, құлақ сеніп, көз көрмеген екі бірдей ашаршылыққа, отбасына дейін тұтастай шарпыған таптық күрес, іштен жау іздеп қудалау империяны түгел қамтыды, алайда, қазақ жұртының соры өзгелерден гөрі қалыңырақ болды.

Өңірдегі қазақ тіліндегі басты газет большевизмнің жаршысы ретінде осы аласапыранда жарық көріп қызмет етті. Біз оны Кеңес Одағы құлаған күні кешеге дейін мақтанға айналдырып, өзіміздің ата-бабаларымыздың малы барларын тәркіледі, молданы сабады, байлардың жасырынды, тығындыларын  көрсетіп, сақтық жасады, халық жауын әшкереледі, кедей де атқа қонып билік жасады сияқты өңкей бір қаралау мазмұнында жарияланған материалдары ерлік пен елдіктің ісі осы деп үлгі еткенбіз. Халықты тобырға айналдырудың көп қиындығы жоқтығын тарих бағзыдан дәлелдеумен келеді. Егер халық шын секілді көрінетін жылтыраққа алданатын жарқын күндердің жақын екенін сездіретіндей жалған ұранға имандай сенсе, топ та, тобыр да, жеке адам да не нәрсеге де айналуға бейім саз балшық болуға көне береді. Большевизм нұсқаған жолға көнбей, оңға бұрылсаң да құрдым, солға бұрылсаң да құрдым — газеттің бірінші кезеңі сөйткен большевизм саз балшығының туындысы. Ол, алайда, біздің тарихымыз, бүгінгі «Ақтөбенің» өзге заман мен өзге ұғым-түсінік кезеңіндегі сәбилік шағы. Одан қашып кету жоқ. Орыс ойшылы Василий Розановтың: «От судьбы не уйдешь, и из «оков народа» тоже не уйдешь. Поэтому счастливую и великую родину любить не велика вешь. Мы ее должны любить именно тогда, когда она слаба, мала, унижена, глупа, наконец даже порочна… Может быть наш народ и плох, но он наш народ, и это решает все» деген аталы сөздерін еске түсіреді. Ата-бабалар өткен төңкеріс жылдардың тек әйтеуір теріс жақтарын теріп жазу мен теріп айту әлі жалғасып келеді. Олар өткенге деген өшпенділікпен қайталана  беретіндіктен, өткен өтті ғой, алайда, олардың кейінгі буынның санасына бүлдірушілік табын таңбалауымен қауіпті екенін сезе бермейтін секілдіміз. Жеке алғанда әр адамның да, тұтастай қоғамның да өмірінде жексұрындық, алаяқтық, ашкөздік, итшілік, көре алмаушылық, қызғаныш сияқты иманнан тысқары кінәлар мен күнәлар барлық уақыттарда бірде азайып, бірде көбейіп кезігіп келген. Қазір де солай. Оны тек жоғарыдағы  Василий Розановтың зердесімен пайымдау қажет – газеттің бірінші кезеңі шама-шарқынша ел болу мұратына қызмет еткенін жоққа шығару мүмкін емес. Газетте осы жылдары қызмет істеп, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан Ахмет Ескендіровтың кезінде жазған-сызғандарын жуықта өмірден өткен баласы, марқұм Темірболат Ескендіров жинақтап, кітап етіп шығарды. Бірінші кезеңнің белгілі өкілдерінің бірі — осы газет қызметкерінің қалдырған мұраларына қарап отырып, өткеннің жақсылығын да, жамандығын да, адамдар психологиясындағы кедеизм идеологиясына байланысты өзгерістер мен ұстанымдарды да анық танығандайсың; өмір ешуақытта да бірыңғай түстен тұрмайды екен – уақыттың тек материалдық емес, моральдық кедейлігінде де кісіліктің жарқын мысалдары жоғалмайтын көрінеді. Өткеннің қандай жүйеге де тән ақ пен қарасын ажыратып айтпайынша тарихты тану жоқ;  егер ол бірыңғай мадақталса жалғандығы айқайлап тұрады, ұдайы қара түспен боялса оның да жалғандығы үшін өткенді қадірлемеудің, бәріне топырақ шашудың берекетсіздік көріністерімен ол кейінгі ұрпақтан өш алады.

Газеттің шартты түрдегі екінші кезеңі – жетпісінші жылдарға дейінгі аралық – облыс журналистикасы кеңестік үлгіде қалыптаса бастаған шақ, кешегі таптық күрес пен большевизм енді орнын коммунистік партияның «жарқын болашаққа» шақырған қызыл ұрандарына бергесін, оған өздері сеніп, өзгелерді де сендіру ынтасымен қызмет етті. Бұл «Соғыстан қайтқан солдаттардың» уақыты болатын – Смағұл Мұқашев, Ұлықпан Жұмабаев, Дербіс Ниязбаев, Мұрат Нұртаев сияқты қызметкерлер арнаулы журналистік білімдері болмаса да, баспасөздің талаптары мен міндеттерін түсініп, жақсы игерген адамдар еді; облыстың экономикасы мен шаруасы, мәдени-әлеуметтік тұрмысының да елеулі түрде жақсара бастаған тұсы да нақ осы кез болатын. Екінші кезеңнің газеті сол өркенді істердің өрлей түсуіне идеологиялық елеулі ықпал жасады.

Кеше, газеттің бірінші кезеңінде, социалистік шаруаны алдағы уақыттарда қарқынды жүргізу үлгісін жасаған Шығанақ Берсиев жанқиярлық еңбегімен жарқырап шыққанда, даңқты тары өсіруші туралы роман қысқа мерзімде жазылып, жаппай мадақтау материалдары баспасөз беттерінен түспеді, сол шынайы шебердің еркі мен жігерін танып, жазылып еңбек етуіне жол ашқан, шамасы келгенше жағдай тудырған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ермағамбетовты билік «халық жауы» қатарына шығарды, өмірі қайғылы аяқталды. Бірінші кезеңнің газетшілері осындай жағдайда қызмет етті.

Мына екінші кезең – саяси жүйенің есебі бойынша, елде социализм толық  жеңіске жеткен соң, енді іштен жау іздеу тоқтатылып, бірыңғай Шығанақтар салған ізбен еңбек еткендерге назар аударылғанда, озаттар қатары жаппай көбейе берді. Өнеркәсіпте жаңашылдар мен өнертапқыштар, жоспарын асыра орындайтын жұмысшылар, ауыл шаруашылығында механизаторлар, қоғамдық малды шығынсыз өсіріп, төлді көп алған бақташылар, шопандар, сауыншылар, газет жанрлары — корреспонденциялар мен  суреттемелердің, очерктер мен публицистиканың тұрақты нысанына айналды.

Қоғамдық еңбекті, еңбек адамын қадірлеудің осы қарқыны 1929 жылы Мәскеуде өткен екпінді бригадалар жиналысында бірінші бесжылдықты төрт жылда орындау ұранымен басталған социалистік жарыс сапасы мен маңызы жағынан жаңа деңгейге көтерілген 1971 жылы газеттің үшінші кезеңіне әкелді. Мен осы уақыттағы баспасөздің қызметкерімін. Тақырып таптауырын болатын: коммунистік еңбектің екпінділері, жарыс жеңімпазы, ауыспалы тулар мен вемпелдер, кәсіптің таңдаулылары, өндірістің, мәдени-әлеуметтік тұрмыстың шамшырақтары – біздің лек көрген, айналысқан, жетілген және солардың бәрін, шама келгенше, адал атқаруға тырысқан тақырыптар осылар. Олар жүйенің талабы мен тәртібінен туындаған міндеттер еді. Бүгінде елде өзге жүйе, мұның да бағасы кейін берілуі тиіс. Дегенмен, орайы түскенде айтпасқа болмайды, ол уақыт елге деп талпынған уақыт, ал қазір «қалтаға» деп тырысқан кезең. Ол кездің жасқа да, жасамысқа да үлгілері — еңбектің ерлері еді. Құрмет пен сияпат алдымен солардікі болған, ал қазіргі танымал адамдар — ойын-сауық пен спорттың «шамшырақтары». Мұны жақсы, не жақсы емес дейін деп отырғаным жоқ. Шаруа елде жүріп жатыр, ел дүниедегі озық жұрттарға қарай теңелуде. Әр жүйенің өз талабы, өз мұраты бар. Біздің буын қазақ журналистикасында классикалық тұрғыдағы көрнекіліктің мысалдары көп емес-ті, көп болатын реті де жоқ еді; қатаң идеологияның қасаң ережелеріне қарсы келмеудің иінін тауып, оқырманға өз ойын жеткізу үшін газет қызметкері осы кәсіптің елдегі озық үлгілерінен үйренуі керек болды. Сондай үлгілер үшінші кезеңде, әсіресе, орталық баспасөзде жаппай сипат алды. Сол социализмде сөз жоқ, цензура болды және қатаң болды, сөйте тұра «Известия», «Литературная газета», «Советская Россия», «Труд» сияқты одақтық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдарды миллиондар іздеп, сүйсініп қабылдайтын. Ол кезде де билік, партиялық нұсқау тарапынан баспасөзге жазылуға үгіттен гөрі күштеу басымырақ еді.  Бірақ, мысалы, сексенінші жылдары облыстық  «Путь к комунизму» газетінің 90 мың таралыммен шығарылуының негізінде тек күштеу жатты десек, қателесеміз. Өйткені ол кез  қоғамдағы әлеуметтік оптимизмнің, яғни еңбекке деген сергектіктің, өмірдің жарқын жағын көруге деген құштарлықтың уақыты еді. Сол уақыт тек материалдық игіліктерге ғана емес, сонымен бірге, мәдени, рухани салаларда да іргелі істерге жеткізді. Әр нәрсені де сұраныс, қажетіне қарай уақыт тудырады, бұл өткен кезеңді аңсау тұрғысынан емес, оны еске алу мен еске салу мақсатында айту. Журналистикадағы біз сияқты аға буынның өкілдері қоғамның оптимизм мен энтузиазмға толы жылдарындағы сол жасампаз істердің ортасында жүріп жақсылықтарды жарқырата көрсетумен бірге, қашан да, қайда да кездеспей қоймайтын көлеңкелі жақтарын да батыл жариялаған жаршылар — Владимир Чачин, Аркадий Сахнин, Иван Васильев, Василий Песков, Татьяна Тэсс, Эд Поляновский, «Известия», «Литературная газета» басылымдарының тұтас ұжымдарын құрметпен еске аламыз. Облыстық газеттердің  үшінші кезеңінде де осы өрлеудің белгілері көрініс тапты.

Бүгінде облыстық екі газет те төртінші кезеңіне келіп, бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет етушілердің төртінші буыны еңбек етуде. Бұл кейінгі үш кезеңнен өзге саяси, әлеуметтік жүйе, соған сәйкес өткендегі мұраттармен үйлесе бермейтін өзге талап пен міндет. «Ақтөбе» де, «Актюбинский вестник» те жоғарыда айтылған үш кезеңнің оты мен суынан өтіп барып тәжірибе жинақтаған, өңірдің жылнамасын тұрақты түрде жазған, жүйеге барынша адал қызмет еткен кадрлы басылымдар. Оның бүгінгі кезеңі де өткеннің жақсы жақтарын жаңа жағдаймен сәтті ұштастыра отырып, өңірдің жарқын беттерін жасауға қабілетті деп ойлаймын.

 

Идош АСҚАР,

«Ақтөбе» газетінің

1971-1998 жылдардағы

қызметкері.             

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button