«Ақтөбе»-90

Осы газетте мен де қызмет істедім…

Бәрі тап кешегі күндей. 1953 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірдім. Ол кезде оқуды жаңа бітірген журналистерді Қазақстан Орталық партия комитетінің идеология бөлімі бөліп, республикалық, облыстық газеттерге жібереді. Мен «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне бардым. «Лениншіл жас» газетінің редакторы Абай Бейсенбаев бұйрық  жазып, газеттің Ақтөбе, Орал, Гурьев облыстарындағы тілшісі етіп Ақтөбеге жіберді. Тілші болып бір жыл үш ай істеген кездерде  «Социалистік жол» газетінің қызметкерлерімен таныстым. Ол кезде Қуандық Шаңғытбаев ағай «Актюбинская правда» газетінде істейді екен. Қуан аға өте жайдары, ашық жарқын жүзді, бауырмал жан. Бір көргеннен-ақ, бұрыннан білетін адамдай сөйлесіп, танысып кеттік.

1954 жылдың күзінде отбасылы болдым да, соған байланысты облыстық газетке ауысып, өзім біліп, танысқан ағалар ортасына еніп кеттім. Үйленген кезде Қуан ағаның әрі таңданып, әрі менің ісіме сүйсініп: «үндемей жүріп қандай кереметсің» деп, алғашқы кездерде әлденеше рет қайталағаны әлі есімде.

Мен редакцияға келгенде онда жас журналистерден өзіммен бірге оқыған Шаухат Құрманғалиев, бізден оқуды бір жыл кейін бітірген Сұлтанғали Қадыров, Таңатар  Шанбатыров болды. Өткенге ой жіберсем, сол кездерде бірге істеген ағалардан, өз тұстастарымнан ешкім қалмапты. «Ақтөбе» газетінде ұзақ жыл еңбек еткен Кәдірбай Бекмағанбетов те редакцияға менен бес жылдай кейін келіпті.

1954 жылдың аяғы, 1955 жылдың алғашқы айларынан бастап біздің облысқа да Одақтың түкпір-түкпірінен тың игеруге комсомолдық жолдамамен лек-легімен жас жігіттер мен қыздар келді. Олар Қарабұтақ (қазіргі Әйтеке би) ауданына және сол кезде Ырғыз ауданына  қарайтын, шалғай жатқан Жаңадәуір және соның маңындағы жерлерге жеткізілді. Орталық газеттерден бастап, бүкіл газет- журналдардың жазатыны, радионың айтатыны тың игерушілер болды.

Облыстық газет те бұл тақырыпта көп жазды. Редакцияның ауыл шаруашылығы бөлімін соғыс кезінде Қызылорда облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып істеген, тәжірибесі мол, келбетіне көркі сай, байсалды мінезді, ашық Нағашыбай Нұрпейісов басқаратын, жасы қырықтар ішінде болса да, біздерге үлкен көрінетін.

Мен осы газетке Ключевой (қазіргі Алға) ауданындағы меншікті тілші болып қабылданған едім.  Нәкең редакцияға келсем де, шаруашылықтарда жүрсем де, «жүгері жайында материал керек» деп, «жүгері шаршылап егілмесе сына, күтімі қалай?», «жүгері егетін звенолардың жақсысын мақта» деген сияқты, тағы басқа тапсырмалар беріп жатады. Несін жасырайын, берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындайтын едім  деп айтуға аузым бармайды. Аудан орталығына жеткенмен, ол кезде қазіргідей көлік жоқ, бірде шанамен, бірде механизатордың өзімен бірге мотоцикліне отырып, олардың арасында боламын, жазамын. Редакция тапсырмаларының  орындалмай қалатыны да болады.

Тың жерлер де жыртылды. Жайқалып егін де өсті. Совхоздар орталықтары іргелерін кеңейтіп, алғашқы вагондарда тұрған  жігіттер отбасын құрып, жаңа үйлерге де кірді. Сәбилер де дүниеге келді, балабақшалар да пайда болды. Мұның бәрі тың игерудің алғашқы айларындағы қиындықтардан бастап ауыл- село тілшілері, газет қызметкерлері қаламдарының ұштарына ілініп, облыстық газет беттерінде жарық көріп жатты.

Сол кездердегі газет редакторының орынбасары Смағұл Мұқашев, газеттің жауапты хатшысы болып істейтін Сұлтанғали Қадыров та жақсы журналистер еді, әдемі очерктер жазды. Ел жаққа  келгенде газеттің  екі-үш санында халық жазушысы Тахауи Ахтановтың да очерктері жарияланды.

Кезінде тыңды игеру кімді толғандырып, кімнің шабытын шалқытқан жоқ. Бұдан ақын, композиторлар да тыс қалмады.

Түнгі самал егін басын тербейді,

Алыста қыр қарауытып көлбейді.

Айдың нұры баяу ғана дірілдеп,

Тың алқапты көкшіл шұғыла кернейді.

Айлы дала, салқын самал тамаша,

Екі ғашық, қол ұстасып келе жатыр оңаша, —

деп, Қуандық Шаңғытбаев ағайымыз «Тербеледі тың дала» жырын төкті.

1956 жылы Қазақстанның бір миллиард пұт астық өндіргені белгілі. Соған орай тың игерушілермен қатар аудан, облыс басшылары марапатталды. Біздің редакциядан үш адам — облыстық газеттің редакторы Құбаш Қожамұратов, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Нағашыбай Нұрпейісов және мен «Тың жерлерді игергені үшін» деген медальдардың иегері болдық.

Міне, бұл да газет беттерінде қалған жолдардың шежіресі, сол жылдардың тарихы ғой.

«Ағаға қарап, іні өседі» деген. Ағалардың жүріс-тұрыстары, кісіліктері, айтқан әңгімелері, берген ақыл-кеңестері біздерге, жастарға өнеге, үлкен сабақ болды.

Құбаш ағай үстіне шаң жуытпайтын, шалбарының қыры сынбайтын, қыс айларында қалың да киінбейтін, біздер қалың киінсек, «жап-жас болып, мыналарың не?» деп кейістік білдіретін, өте таза, ұқыпты, кеңшілігі мол, ұжымда, жоғары жақ та қатты сыйлайтын кісі болды.

1955 жылы бұрын аудандық газеттің көлеміндей «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің көлемі ұлғайды. Соған байланысты мені  Ақтөбедегі тілші болуға шақырды. Соған алаңдап жүргенімде редакторымыз шақырып алып, «Немене, сен бізден кеткің келе ме, жақында партия мүшелігіне қабылдаймыз, істей бермейсің бе» деді. Ағаның көңілін қимай, «жақсы аға, кетпеймін» дедім. Сол-ақ екен Алматыдан шалынған телефонға редакторымыз  Құбаш ағаның даусы қатқылдау шығып, «қайдағы сендердің кадр, ол — біздің кадр, Ақтөбенің жігіті» деп бастырмалатып жатқанын естіп, жүрегім бүлк ете қалды.

Сонымен, осы газетте қалдым. Партия мүшелігіне де өттім. Ақпарат бөлімінің меңгерушілігіне бұйрық берілді, облыстық партия комитетінің бюросында бекітілдім.

Редакцияның бастауыш партия ұйымында бюро мүшесі, жергілікті кәсіподақ комитетінің төрағасы болдым. Газетте сегіз жарым жылдай істегеннен кейін, әуелі Қобда аудандық газетінің, арада екі жарым ай өткенде Ключевой (Алға), Жұрын, Новоресей (Хромтау), Шалқар аудандары үшін шығатын ауданаралық газет редакторы болып істедім. Бір жылдан кейін «Жұлдыз»-«Звезда» газеті Алға аудандық газеті болды. Онда зейнеткерлік жасты асырып, 30 жыл редактор болдым.

Редактор боп ұзақ жыл істеуім де тек жаза білгенімнен ғана емес, сол, көпті көрген ағалар арасында болып, адамдармен қалай сөйлесіп, қалай жұмыс істеу керектігін білгенімнің нәтижесі деп білемін.

Ағалар арасындағы Алматыдағы жоғары партия мектебін  бітірген  білімдісі де, шебер жаза білетін Смағұл Мұқашев болатын. Қалғандары жоғары білімдері болмаса да, талай қиыншылықтарды бастан өткерген, газет шығаруға әбден төселген кісілер еді.

Смағұл ағай жазған материалдарымызды жақсы түзететін. Бірде фельетон жазғанмын. Сәкең шақырып алды. Бұрын жазғандарымды түзетуден кейін қайта бастыруға машинкаға жіберетін. Фельетонды көп түзетпепті, әр жерінде кейбір сөздерде ғана өзгерістер бар. Біздің істеріміздің жалғасы болсын деді ме екен, «К.Жалғасов» деп бүркеме ат қойсақ қайтер?» деді. «Рахмет ағай, жақсы екен, солай болсын» дедім. Ол фельетонды қолына ұстап тұрды да, «Ырғыздың балалары анасының құрсағынан шыққанда қаламдарын аузымен тістеп шығады» деді. Не дерімді білмей қалдым. Фельетонды алғаннан кейін көп кідірмей, кабинеттен шығып кеттім.

Редакцияда істейтін Сұлтанғали, Шаухат үшеуміз ғана. Бұрын бұл газетте, соғыс алдында, Ырғыздан істеген адамдар болды ма, Зейнолла Оспанов деген ағайымыздан басқа ешкімді білмеймін.

Сірә, Смағұл ағайдың жақсы журналистер  Ырғыздан шығады дегені болар. Бірақ сол жылдардан бері қабілетті, талантты журналистер Шалқардан да, Ойылдан да, Байғанин, Қарабұтақ, Ырғыздан да көп шықты. Олардың ішіндегі ойлары да ұшқыр, қаламдары өткір, батыл әрі жүйрік, ақындығын айтпағанда, Мейірхан Ақдәулетұлы мен Нұқы Қартбайұлы дер едім.

Хасен Наурызбаев ағай соғыс кезінде осы газеттің редакторының орынбасары болған.  Байларды кәмпескілеу науқанына да қатысқан комсомол, сауатын өз бетімен ашқан, ізденіп, білімін көтерген. Өзінің алғырлығымен «Правда» газетінің бас мақалаларын шебер аударатын дәрежеге жеткен. Оның орыс тілінен аударуға шеберлігі сондай, Қуандық Шаңғытбаев ағамыздың «Евгений Онегинді» аударып жүрген кезі болса керек, редакцияға келіп, Хасен ағаға «Гора родила мышь» дегенді қалай аударуға болады деп сұраса, Хасен аға мүдірместен «Тау толғатып, тышқан тапты» депті. Хасен аға маңдайы жалтыраған кісі еді. Ағасына риза болған, ақкөңіл Қуан аға орнынан атып тұрып, ағасының жалтыраған маңдайынан шөп еткізіп сүйіп алыпты. Соны естігендіктен Хасен ағаның жалтыраған маңдайына көзім түскенде, Қуан ағаның қылығына іштей күліп жүруші едім.

Кәрім Ержанов ағай ертеде аудандық газеттің редакторының бірі, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеген, көп жылдар шаруашылық басқарған, содан кейін осы газетке келген кісі болатын. Газетте насихат және үгіт бөлімін басқарды. Хасен аға екеуі талай қызық әңгімелерді айтқан-ды.

Хасен аға: «Біз не көрмедік, бұл газетте не жарияланған жоқ» деп отырса, Кәрім ағай: «Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысының райкомның екінші хатшысын сабағанын да көргенбіз» деген сияқты әңгімелерін айтып күлдіретін-ді…

Хасен аға партияға өтерде маған кепілдеме жазып: «Шойдым коммунист бол» деп бата берген. Көп ұлтты, тек Ақтөбе химия заводының өзінде жиырма бес ұлттың өкілдері еңбек еткен, кадрлары ығай мен сығай, бірінші басшысы үнемі орыс ұлты болған ауданда аудандық партия комитетінің бюро мүшесі де болып, облыстық партия конференцияларына делегат боп қатысып жүргенімде Хасен ағаның «Шойдым коммунист бол» деп берген батасы қабыл болды-ау деп ойлаймын.

Иә, ол — уақытында үлкен абырой, көрсетілген сенім, құрмет еді ғой. Партия тұрмысы бөлімін басқарған Дербіс Ниязбаев, хат бөлімінің меңгерушісі Ғұбай Юсупов ағайлар да тамаша адамдар еді, өз істеріне мығым, адал жандар болды. Ғұбай ағай жұмысқа бір минут кешігіп келмейтін не жұмыстан бір минут ерте кетпейтін кісі еді.

«Социалистік жолда», «Ақтөбе» газетінде Ізтай Мәмбетов те бір жылдан астам бірге жұмыс істеді.  Біздер оқуға бір жыл барып, бір жылы оқуды бітіргенбіз. Ізтай университеттің 1-курсында оқып жүргенде-ақ аудармамен айналысты, соңғы курста республикалық әдеби журналдың (қазіргі «Жұлдыз») поэзия бөлімін басқарды. Елге отбасы жағдайымен оралған болатын. «Газеттің бүгінгі саны тым тәуір, менің мақалам шығыпты» (менің өлеңдерім демейді) деген сияқтыларды айтып, күлдіріп жүретін.

Бұл газетте Қазақтың көркем әдебиет баспасында жұмыс істеп, журналистика факультетін бітірмей жатып, әлемдік әдеби дүниелерді орыс тілінен шебер аударумен танылған ойылдық талантты журналист Сәрсен Жұмағалиев те істеді.

…1993 жылы 24-25 маусымда үкімет шешімімен Ақтөбе облысының Қарабұтақ (Әйтеке би) ауданында республикалық салтанатты шеру — Әйтеке биді еске алу күндері өтті. Қуандық ағаны онда соңғы рет көрдім. Әйелімен келген екен. Үлкейіп қалыпты. Қасымда кісілер болғандықтан көп кідіріп тұра алмадым. «Жаз еді күлкіңде, қайдасың бұл күнде…»,  дегендей ойға шомып, «Ит екенсің  кәрілік, ағаның сұлу сымбатты көркін, жарқылдап қарсы алатын, жүзінде  әдемі күлкісі үйіріліп тұратын күнін қайда жібергенсің» деп көңілім ортайғандай, қоштасып кете бердім.

Облыстық газеттің тоқсан жылдық мерекесі тұсында қалам ұшына оралған бірсыпыра жайлар осы еді…

 

Көбжан ЖАЛДЫБАЕВ,

Алға ауданының құрметті азаматы.

  

            

       

 

 

 

 

 

 

 

 

 

              .                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                        

 

   

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button