Денсаулық

Жылқы еті: жемесең түсіңе кіреді

Қазақ халқы төрт түліктің төресі деп төбесіне көтеретін жылқының қасиетін тауысып айту мүмкін емес. Ата-бабамыз еті мен сүті шипа жануарды бағалай білген. Қазір қазақ қана емес, көп ауруға ем саналатын жылқы етін дамыған Еуропа елдері мойындап, дәріханаларда арнайы сата бастады, оларда қымызбен емдейтін шипажайлар жұмыс істейді. Біз жыл иесі туралы оның қадір-қасиетін жақсы білетін мамандардан сұрадық.

Осыдан 10 шақты жыл бұрын неміс ғалымдары жылқы етінің жүрек және қан тамыр ауруларына шипа екендігін жарыса жазды. Кейін Германияның Вердер қаласында арнайы жылқы байлап, еті мен сүтін емге пайдаланатын шипажай ашылған. Осы күні француз дәрігерлері пациенттеріне арнайы қаптамаға оралып дәріханаларда өлшеп сатылатын жылқы етін жеуге кеңес береді. Еуропалық екі елдің жаңалығына көршілері қызығушылық танытып, «қымыздың қыр-сырын біз аштық» деп жариялаған немістерге сеніп жүр. Жарайды, бұл бөлек әңгіме. Тек ықылым заманнан бері бие сауып, саумал ішіп, қымыз піскен қазақтың ұлттық сусынын уысынан шығарып алуы мүмкін екені өзекті өртейді. Енді әңгіменің әлқиссасында айтылған киелі жануардың етінің пайдасына тоқталар болсақ, жылқы етінің ең басты қасиеті адамның жүрек, қан-тамыр ауруларына, бүйрек жұмысын жақсартуға, буын сүйектерінің сырқырауына, зат алмасу процесінің ағзада дұрыс жүруіне тигізер әсері мол.

Жылқы — күйіс қайырмайтын жануар. Жылқыда өт жоқ. Жануардың бұл қасиеті майында холестерин өте аз мөлшерде ғана кездесетінін дәлелдейді. Қазір екінің бірінің қан қысымы жоғары немесе тұрақсыз. Бұл бүгін кең тараған аурулардың біріне айналды. Дәрігерлер «жылқы еті инфаркт ауруына душар ететін холестериннің мөлшерін азайтып, қан қысымының жоғарылауын тежейді» деп отыр. Сынықшылар сынған сүйекті салу үшін жылқының майын бекерден-бекер пайдаланбайды. Бұл майының құрамында тін жасушалары мен жілік майын жақсартатын пайдалы элементтер барын білдіреді. Яғни сүйек пен буынның берік болуына жылқы майы себін тигізеді.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіндегі тағам гигиенасы кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Төленді Кәрімов жылқы етінің пайдасы туралы тыңдаушысына айтудан жалыққан емес.

— Адам қорек ретінде пайдаланатын жан-жануарлармен салыстырғанда жылқы етіне жететіні жоқ. Жылқы етінің диеталық қасиетінің жоғары екені даусыз. Оны бізден бұрынғылар, ата-бабаларымыз жақсы білген. Біз тек оған ғылыми тұрғыда анықтама беріп, растап жүрміз.

Жылқының еті ағза мүшелеріне сіңімді. Оның ішінде асқазанға жеңіл тағам. Мәселен, сиыр етімен салыстырғанда адам ағзасына 8 есе жылдам сіңеді. Холестерин майында өте аз мөлшерде байқалады. Бұл дегеніміз оның адам денсаулығына мүлдем зиянсыз екенін білдіреді. Адам ағзасының зат алмасу процесіне белсенді қатысады. Негізінен жылқының етін семіз ет деп қарауға келмейді. Ол — қабырға сүйегіне болмаса басқалай артық май жинамайтын жануар.

Жылқы етін склероз ауруына қарсы тағам ретінде қабылдауға болады. Етінің құрамында 8 түрлі микроэлемент, 7 түрлі дәрумен бар. Әсіресе темір, мыс микроэлементтеріне бай, — дейді профессор.

Ертеректе жылқышылар далада бүйі шаққан адамға уытты қайтару үшін терге малынып тұрған атты әкеліп, ер-тоқымына сіңген терді жуған суды ішкізген екен. Әлдеқалай далада түнеген жолаушы ер-тоқымды төсеніп жатса, исінен шошынған  жылан жоламайтын көрінеді. Жануардың осындай керемет қасиеттерін 14 жыл жылқыны үйірімен баққан жылқышы Сексенбай Қопаев жақсы біледі. Ол 1978 жылдан 1992 жылға дейін Шалқардың Тұмалыкөлінде өкіметтің жылқысын адал баққан атақты жылқышы болған. Жылқы десе, ішкен асын жерге қойып, аламанды көрсе, делебесі қозатын Сексенбай аға соғымға жылқы сойғанды құп көреді.

— Жануар-ай… Мал біткеннің төресі ғой… Кеңес дәуірінде ең бірінші ұжымдастыру заманы басталғанда Тұмалыкөлде 19-шы ауыл кеңесі ашылып, сол жерде өңірде ең ірі жылқы шаруашылығы болған. Соны басқарған Социалистік Еңбек ері Смағұл Маманов Ұлы Отан соғысы кезінде атты әскерге 30 шақырымға тоқтамастан шабатын 62 арғымақ ат берген. Мен сол асыл тұқымның ізінде қалған шаруашылықта ағайындарыммен бірге жылқы бақтым. Бір табында — 500 жылқы. Аңға алып шығатын қызыл тазым мен Күреңқасқам және одан бұрынырақта Ақтабан деген торы атым 8 жыл серік болды. «Шалқар» кеңшарынан көздеп жүріп, құлынды биеге алмастырып алған жануарым қашқан жылқыға қуып жетіп құрық салдыратын керемет жүйрік еді.

Жылқы иесіне адал жануар екеніне талай көзім жетіп еді. Көз көрсетпес ақтүтек борандарда адасып кеткенімде талай мәрте мінген атым қосты тауып әкелетін. Жылқының қасиеттілігі сонда ол қасқыр сияқты өз территориясынан ешқайда ұзамайды. Құлын кезінен бастап үйреніскен жерін айшылық жерге сатып жіберсең де қашып келіп, тауып алады, — дейді ол.

Оның айтуынша, 6-7 жасар ту биенің еті адамды қыста тоңдырмайтын қасиетке ие. «Жабағы мен тайдың еті тез сіңімді болғандықтан, ту биенің етіндей қызулы болмайды», — дейді жылқышы.

Жылқы еті ем болатын ауру түрлері өте көп. Мәселен, бүйректі емдеу үшін жылқы етін қақтап пісіріп, сүтпен бірге ішіп-жейді. Ми қызметіне, есте сақтау қабілетін арттыруға жылқының жүрегі пайдалы екен. Қисық біткен сүйектерді, орнына дұрыс түспеген буындарды түзетуге қазақ сынықшылары жылқы майын қолданады. Ағза жасушаларын жаңартып отыратын, бойға күш-қуат беретін қасиетін де мамандар дәлелдеген. Оны Бейжіңде және араға 4 жыл салып Лондонда қазақтың көк байрағын желбіреткен олимпиада чемпионы Илья Илин де растады. Баһадүр спортшы Ресей арналарына берген сұхбатында «жылқы етін ғана жеймін» деген еді. Қара күштің иесінің шошқаның етін мүлдем жемейтінін, есесіне жылқы еті оның күш-қуатын арттырғанын естігенде көп қазақтың төбесі көкке жетті. Жылнамамызға жылқы жылы енді. Әлеуметтік желілердегі айтқыштар «жыл иесінің етін жеуге болмайды» деп қауесет таратып жүр. «Ырымшылдардың» бұл қылығына тағамтану саласының мамандары «қазақ болсаң, «жемесең түсіңе кіретін» жылқының етін жемей көр» деп миығынан күліп отыр.

Айгүл БАЙМЕНОВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button