Мәдениет

312-атқыштар дивизиясынан басталған жол

Белгілі қоғам қайраткері Құлшәріп Өміршиннің туғанына 100 жыл

1941-1945 жылдардағы соғыста ең шешуші шайқастың бірі Мәскеу түбінде болғаны белгілі. Фашистер Мәскеуге Смоленск қаласы арқылы өтуді жоспарлаған. Бұл операция «Тайфун» деп аталыпты. Немістер бұл іске барлық техника мен әскери күштің тең жартысын жұмылдырған.

Осы шайқасқа полковник Александр Наумов басқарған 312-атқыштар дивизиясы да қатысқан. 312-атқыштар дивизиясы 1941 жылы 17 тамызда Ақтөбе жерінде құрылғаны мәлім. Оның құрамына қазақ,орыс, украин, өзбек, татар, беларусь ұлтынан жауынгерлер кірген. Төрт полктен тұратын дивизияның қатысуымен болған шайқастардың көпшілігі жеңіспен аяқталған.

 

1941 жылы қазанда болған үлкен шайқас кезінде дивизия біраз жауынгерлерінен айырылады. Кейін дивизия жаңадан құрылған 53-атқыштар дивизиясының құрамына еніп, 1942 жылы қайтадан 312-атқыштар дивизиясы болып қалыптасады. Майдан даласында ерлік көрсеткен дивизия құрамындағы көптеген жауынгерлер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болады. Cоның бірі — біздің әкеміз Құлшәріп Өміршин. Қ.Өміршин — өзінің ерлігі үшін үкімет пен жоғары командованиеден 4 орден, 18 медаль, 42 жазбаша алғыс алған батыр.

Құлшәріп Өміршиннің өткен әр жолы — үлкен мектеп. Ол Қазақстанның батыс өңіріндегі қала атаулыдан қашық Қарбау деген ауылда 1913 жылы дүниеге келген. Аяпберген мектебінен тіл сындырған Құлшәріп бұдан әрі білімді нағашы жұртын жағалаумен Ойылда жалғастырып, 7-сыныпты ойдағыдай бітіреді. Бұл өткен ғасырдың 25-27 жылдары үшін институт немесе университет бітіргеннен ешбір кемдігі жоқ білім болатын. Содан кейін Қарабауға қанаттас жатқан, бір жағынан сол кездің әкімшілік басқару жүйесімен өздері бағынатын аудан орталығы — Тайпаққа барып, ауылдық кеңестің хатшысы, аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарады. Артынан құзырлы органның жолдауымен Ақтөбе облысының Ойыл ауданына ауысып, мұнда да аудандық комсомол комитетінде іс басқарушысы және бюро мүшесі болған. 1927 жылы басшылық оны Ақтөбедегі партия кеңес мектебіне оқуға жібереді. Осылайша, сондағы КомВУЗ-ға ауысып, партия қызметінің қырлары, насихатшылық жұмыстың ерекшеліктерін оқып, үйренген. Уақыт өте келе сол кезеңнің әкімшілік басқару жүйесі бойынша Ақтөбе облысына бағынышты Жетіқара, Қарабұтақ аудандық комсомол ұйымдарын басқарады.

1935 жылдың 11 қаңтарында әкеміз сол кезгі НКВД кавалериялық полк құрамына әскерге алынып, әуелі курсант, кейін взвод командирінің көмекшісі қызметтерін атқарады. 1937 жылдың желтоқсанында аталған әскери қызметінен босағаннан кейін жастар ұйымына жетекші ретінде Қарабұтақ ауылына жіберіледі. 1938 жылы өткен Қазақстан комсомолдарының екінші съезіне делегат болып барып, онда Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің пленум мүшесі болып сайланып, ол бұл құрметті 1945 жылға дейін иеленген. 1939 жылы партия мүшелігіне қабылданып, кейін партия комитетінің нұсқаушылық жұмысына шақырылып, хатшы-меңгеруші қызметіне дейін көтеріледі.

1941 жылдың жазында Ұлы Отан соғысы басталғаны мәлім. Соғыс жылдары Құлшәріп Өміршиннің саяси іскерлік пен жауынгерлік қыры ерекше жарқырап көрінді. Ол төрт жарым жыл ішінде 8 рет әскери басқару қызметіне ауыстырылып, жоғарылатылған.

Тамыздың бірінде облыстық партия комитетінде істейтін 19 жігіт бірден Ақтөбеде құрылған 312-атқыштар дивизиясына алынады. Олардың ішінде Ж.Әлсейітов, В.Тананайский, Т.Школьников, Я.Малиновский сынды облыстық партия комитетінің хатшылары, лауазымды жауапты жұмыстағы азаматтары бар. Құлшәріп Өміршиннің бұрынғы саяси жетекші деген әскери атағы, комитеттің әскери жұмылдыру бөлімін басқарғаны ескеріліп, бірден барлау ротасының саяси жетекшісі болып тағайындалады. Сол арада 19 күн өткенде Ленинград майданының Старая Русса деген жерінде ұрысқа түседі. 1942 жылы ауыр жарақатына, басшы-генералдардың майдан шегінен қашып кетуіне қарамастан, сол кездегі саяси басқарма бастығы Емельяновтың командованиені топтастыруы нәтижесінде өз алдына полк құрып, командир қызметін атқарады. 

1942 жылдың сәуірінде Қ.Өміршин құрған әскери құрамалар қатары бірте-бірте көбейіп, қалаға жау аяғын бастырмау үшін жанталасады. Бұдан әрі әкеміздің әскери қызметі тағы да өзгертіліп, енді ол Новороссиядағы 217-полкте (Қара теңіз әскери тобы) батальон комиссары болып осы жылдың тамыз айынан 1943 жылдың наурызына дейін И.Петров бастаған 53-армия құрамында қызмет істейді.

1944 жылдың ақпан айында Құлшәріп Өміршин қаруластарымен бірге жаудың ең ірі ұшақ алаңын қоршап алып, 9 ұшақ, 200 солдат, офицерін қолға түсіреді. Одан кейін Корсуно-Шевченко тобын да жояды. Осы кездердегі ұрысты ұйымдастыру мен басқарудағы ерлігі үшін Қ.Өміршиннің омырауына 1-ші дәрежелі Отан соғысы ордені тағылады. Ізінше 142-биіктікті алғаны үшін ол тағы да 2-ші дәрежелі Отан соғысының орденіне ие болады.

Сөйтіп, құрамында Қ.Өміршин бар қызмет ететін полк 1944 жылдың наурызында бірінші болып шетел шекарасына — Пруд өзеніне шығып, Бухарест, Будапешт және басқа да қалаларды азат етуге қатынасады.

Сол сұрапыл жылдарда 9 рет жаралы болса да, соғыстың соңғы күніне дейін қатардан шықпаған батыр Құлшәріп Өміршин қандай атақ пен даңққа лайық батыр!

Қ.Өміршин Ұлы Отан соғысынан кейін бейбіт өмірдегі еңбек жолын Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің шақыруымен халық шаруашылығын қалпына келтіруде партия ұйымдарын басшы кадрлармен толықтыру және нығайту үшін Гурьев облысына жіберіліп, облыстық партия комитетінде әскери бөлім меңгерушісі қызметінен бастаған.

1949 жыдан бастап 1954 жылға дейінгі аралықта ол Форт-Шевченко, Бақсай аудандық партия комитеттерінің екінші, Қызылқоға аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін одан кейін тоғыз жылдай уақытта Бақсай аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, Махамбет аудандық жол пайдалану – құрылыс учаскесінің бастығы қызметін атқарады. Бұл кезде аталған қызметтердің барлығы іскер ұйымдастырушы, батыл басшылықты талап ететін аса бір ақсап жатқан буындар болғаны анық. Соғыс майданынан кейін майталман командирлерді шашауы кеткен шаруашылықтарға дамыту үшін жіберу қажет болатын. Міне, осы тұста әкеміз Құлшәріп облыстан шалғай жатқан, негізінен аграрлық тұрғыда, кәсібі – мал, техника күші тіптен пайдалынылмайтын аудандарда ауқымды жұмыстар атқарған.

Сөйтіп, 1981 жылға дейін құрылыс учаскесінің бастығы қызметін атқарып, 1964 жылы республикалық деңгейдегі зейнеткер атанса да өндірістік, қоғамдық жұмыстардан қол үзбеген. 1983 жылы республикада өткен еңбек және соғыс ардагерлерінің кездесуінде сөз сөйлеп, бірнеше рет облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық, аудандық кеңес депутаттары болып сайланған. Орталық комитет, ЛКСМ, облыстық комитет, облыстық атқару комитетінің, республика автомобиль жолдары министрлігінің қанша рет Құрмет, мақтау грамоталарына ие болған. Сонымен бірге ол 1960 жылы «Республика халық ағарту ісінің үздігі» атағын алды.

Қ.Өміршин — Ұлы Отан соғысында Мәскеу қаласы үшін болған ұрыстарға қатысушы ретінде орталық баспадан 1968 жылы жарық көрген «Варшава тасжолында» деп аталатын кітап авторларының бірі.

Жары Нағима екеуінен Райыс, Сәлімжан, Бағытжан есімді ұлдар, Райхан, Нұрбике, Нұржамал атты қыздар өсіп, олардан немере, шөбере сүйді. Жиендерінің өзі отыздан асады. Бәрінің де заман талабына сай жоғары білім алуына ықпал еткен, олар бүгінде архитектор, геолог, геофизик, дәрігер, мұғалім, энергетик қызметтерін атқарып жүр. Араларында мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері, ғылым кандидаттары да бар. 

Осыдан тура он жыл бұрын Ө.Әлімгереев пен Р.Құлшәріпқызының құрастыруымен «Ұлағатты өмір» атты Құлшәріп Өміршинді еске алу кітабы жарық көрді. Алматы қаласында 500 данамен басып шығарылған бұл кітап та оның замандас-тұстастары мен іні-қарындастары, ағайын-туыстары мен балаларының әр жылдардағы естеліктері жинақталған. Қара сөздің шебері ретінде оның ел арасында таралған қалжың әңгімелері де бар.

Құлшәріп Өміршиннің қандай тұлға болғандығы ол араласқан адамдардан да көрінеді. Жоғарыда аталған кітапта енгізілген естеліктерде армия генералы А.Наумов, қазақ елінің белгілі азаматтары Жүсіп Әлсейітов, Әбу Сәрсенбаев, Тахауи Ахтанов, Аташ Досалиевтердің жазған дүниелері бар. 

Мысалы Тахауи Ахтанов хатында: «Құлеке! Құрыштан құйған құдіретсіз ғой. Мың күндік соғыста жеті мүшеңіз сау елге оралып, тұралаған талай ауданды төрт аяғынан тік тұрғыздыңыз. Сонда ойлаймын, апыр-ау, Ақтөбеде, Қарабұтағында атқа отырған Құлекең мәңгілікке таққа отырғандай құрыштан құйылған құдірет екен-ау! Асылы, бұл менің ғана емес, күллі Атырау халқы, ақтөбеліктерімнің де бағасы шығар», — деп мойындаған екен.

Аташ Досалиев былай дейді: «Сіз біз үшін өмірдегі ұстаз, өлеңдегі әулиесіз. Аппақ көңіліңіз, ақжелең қалыппен әрдайым күліп тұрып қарсы алып, қабақ түймей кете беретін келісті жан болып елестейсіз. Бұл — екінің бірінің қолынан келе бермейтін көсемдік. Оны бәріміз де мойындаймыз».

Байқап отырғандарыңыздай, әкеміз Құлшәріп — соғыста да, бейбіт күндерде де Отан үшін аянбай еңбек еткен адам. Ақтөбе, Атырау облыстарында ол кісінің бастамасымен бой көтерген талай мәдениет орындары мен мектептер бар.

Сұрапыл соғыста батыр, соғыстан кейінгі ауыр жылдардағы ел экономикасын қалыпқа келтіру жолындағы зіл батпан жүкке иығын тосқан қаһарман әкеміздің туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Лайым, пейіште нұры шалқығай.

 

Райхан ҚҰЛШӘРІПҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button