Әлеумет

Мал ұрлығы: Сақтық пен салғырттық

Ақтөбелік полицейлерді мал ұрлығының артып кетуі алаңдатып отыр. Өткен тоғыз айдың өзінде өңірде бұл көрсеткіш 423-ке жетті.

Бүгінгі күні ауыл тұрғындары үшін мал ұрлығы нағыз індетке айналуда. Олардың күнкөріс көзіне айналған ақ адал малын қылмыскерлерден қалай қорғап қалуға болады? Тұрғындардың меншігіндегі мүйізді ірі қараның қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз?

Мал ұрлығының жасалу қарқынын зерттеу нәтижесі бұл қылмыстың жылдан-жылға көбейіп келе жатқандығын көрсетуде. Мәселен, 2011 жылдың 9 айында Ақтөбе облысының аумағында 201 мал ұрлығы жасалса, 2012 жылдың осындай кезеңінде 263-ке жетті, ал 2013 жылы жасалған мал ұрлығының саны — 423.

Сараптама көрсеткендей, ұрлық сарайлар мен аулалардан, мал бағатын фермалардан, сондай-ақ, біраз бөлігі қараусыз жүрген жайылымдардан жасалған. Бұл қылмыстардың жасалуына ықпал еткен бірнеше себептер бар.

Біріншіден, қойларды, ірі қара мен жылқыларды ұстауға арналған орындар бекітіліп-жабылатын құрылғылармен жабдықталмаған, бұл қылмыскерлердің қораларға қандай да бір кедергісіз кіріп, қылмыстық ойын оңай жүзеге асыруына жағдай туғызған.

Сонымен қатар, кейбір шаруа қожалықтарының басшылары нысандардың техникалық нығайтылымына қажетті деңгейде көңіл бөлмей отыр. Соның салдарынан мал ашық қораларда ұсталады және тиісті деңгейде күзетілмейді. Көп жағдайда, күзетшілер жастары ұлғайған, жағдай қиындаған сәттерде жылдам қимылдауға қабілетсіз адамдар болып келеді.

Екіншіден, мал бағудың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы, яғни бақташылармен келісім-шарттардың жасалмауы, ауылдық округтер әкімдерінің тарапынан бұл мәселенің бақылауға алынбауы, сонымен қатар, халықтың өз қолындағы малына салғырт қарауының салдары болып табылады.

Мал ұрлығының ашылуын ауырлата түсетін себептердің бірі — жәбірленушілердің жоғалған малды өз бетімен іздеп табуға тырысуында. Бірнеше  күнгі, кейде тіпті, бірнеше апта  бойғы табан тоздырып іздеулер оң нәтижелер бермегеннен кейін ғана, жәбірленушілер құқық қорғау органдарына жүгініп жатады.

Мәселен, 2013 жылдың 11 қазанында сағат 21.00-де кезекші бөлімге Шалқар ауданының тұрғыны Д. Құдабаев жүгініп, 2013 жылдың 5 қазанында белгісіз тұлғалар «Әділет» шаруа қожалығының еркін жайылымынан 22 бас жылқыны қолды қылғаны туралы арызданған.

Шалқар ауданы ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында аталған жылқылар өрістен 50 шақырымнан астам жерден табылды. Бұл дерек құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарламаудың салдарынан қараусыз жүрген жануарлар алты күннің ішінде сонша арақашықтықты артқа тастағанын көрсетеді. Мұның нәтижесінде мал іздеуге бірнеше полиция қызметкері жұмылдырылды және жұмсалған жанар-жағармай көлемі де көп болды.

Ақтөбе облысының ішкі істер департаменті мал ұрлығын ашу үшін Ресей Федерациясының ішкі істер органдарымен тығыз қарым-қатынас жасауда.

Өзара ынтымақтастықты әрі қарай нығайту, кәсіби қарым-қатынасты кеңейте түсу үшін Ресей Федерациясы Орынбор облысының 10 шекаралас ауданымен өзара іс-қимыл жасауға ерекше мән беріліп отыр.

Соңғы 3 жылда жасалған мал ұрлықтарын талдау нәтижесі бойынша — 2011 жылы мемлекеттік шекарадан малдардың 14 рет, 2012 жылы — 15 рет, ал, 2013 жылы — 10 рет өткені нақтыланды.

Шекараға жақын аумақтарда малдардың ұрлануына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында бізбен мемлекеттік шекаралар зерттелді. Оның барысында Ақтөбе облысының барлық шекаралас аудандарында қандай да бір қоршаулардың қойылмағаны анықталды.

Қолданыстағы нұсқаулыққа сәйкес құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне шекараның бақыланатын аумақтарында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге тыйым салынған. Сонымен бірге, жекелеген жағдайларда, жәбірленушілердің өздері де мемлекеттік шекарадан кедергісіз өте алмай жатады, себебі шекараны жеңілдетілген тәртіппен кесіп өту тек нақты белгіленген күндері ғана мүмкін болады. Бұл тәртіп қылмыстардың ізін суытпай ашуға айтарлықтай кедергі келтіреді.

Қылмыстарды анықтау мен ашуда ынтымақтастық жасау үшін шекаралас қызметтермен өзара іс-қимыл жоспары бекітілді. Алайда, бұл қызметтердің қызметкерлерімен өз аумақтарында жедел-іздестіру іс-шаралары кешені толық жүргізіліп отырмағанын атап кеткен жөн. Бұл мал мен ет өнімдерінің Қазақстан Республикасының аумағынан контрабандалық жолмен шығып кетуіне әкеп соқтырып отыр.

Атап айтсақ, ағымдағы жылы мал ұрлауды мақсат етіп, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан заңсыз өткен Ресей Федерациясы Орынбор облысының тұрғыны А.Н.Кваша ұсталды. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында аталған азамат ұрланған малмен бірге Қазақстан Республикасының шекарасында қолға түсті. Тергеу амалдарын жүргізу барысында оның біздің Қобда және Ойыл аудандарының аумағында мал ұрлауының 7 фактісі дәлелденді. А.Н.Кваша төрт жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға тартылды.

Мал ұрлықтарының алдын алу мақсатында учаскелік полиция инспекторлары ауылдық округтердің әкімдерімен бірлесіп, халықпен кездесулер өткізуде, бұл жиындардың барысында тұрғындарға малды табындау мен таңбалаудың қаншалықты маңызды екендігі егжей-тегжейлі түсіндіріліп жатыр. Адамдар да бірте-бірте бұл сөздердің құр айқай еместігін түсініп, құлақ асуға көшті. Бұл ретте, ең алдымен, халықты меншігіндегі малын қараусыз қалдырмауға, мал күзетін ұйымдастыруға үйрету қажет.

Осыған байланысты, мал ұрлығының алдын алудың жаңа әдістері мен тәсілдерін енгізу мақсатында біз облыс әкімдігіне малдарының қайда жүргенін анықтау үшін жеке автономды GPS трекер қолдану мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс бердік. Аталған құрылғы көлемі 6х 4 см, салмағы 500 грамдық пластмассалық қорапшаны құрайды және ол бау арқылы жануардың мойнына бекітіледі. Сонымен қатар, бұл құрылғының батареясы және SІМ-картасы, зарядтау құрылғысы болады.

Жеке автономды GPS трекер қозғалыстағы объектінің (мүйізді ірі қараның, жылқының, автокөліктің, тасымалданушы жүктің қозғалыс радиусы шектелмеген) орналасқан жерін анықтау үшін қолданылады. Айта кетерлігі, бұл құрылғының қадағаланатын объектіні тыңдау қабілеті де бар.

Қолдану принципі — ұялы телефоннан құрылғының SІМ-картасына қоңырау шалынады, осыдан кейін қадағаланатын нысанның орналасқан жерлері нұсқалған хабарлама түсіп, компьютердің көмегімен интернет арқылы Gygil Ear бағдарламасына енгізіледі. Әрі қарай интернет картада бақыланып отырған объектінің тұрған жері көрінеді.

Сонымен бірге, малдың жайылу алаңының шегін белгілеу мүмкіндігі де бар, бұл ретте мал белгіленген аумақтан шығып кеткен жағдайда, ұялы телефонға белгі келіп түседі.

Құрылғының батареясының қуаты жеті күнге жетеді, осыдан кейін батареяны 220 ВТ электр қуатына қосу қажет.

GPS трекердің Қытайда өндірілген түрі, қуат беру құрылғысын қоса алғанда, орташа есеппен 4500 теңгені құрайды. Қазақстан Республикасының аумағында ресми жеткізушілері жоқ, алайда интернет-дүкендер арқылы сатып алу мүмкіндігі бар.

Келтірілген тұжырымдардың негізінде, жоғарыда аталған құрылғыларды қолдану мал қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қомақты көмек болады.

 

Ардагер УАЙДИН,

облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button