Әлеумет

Көшеге ілсең жарнама, өз тіліңді қорлама!

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының 21-бабында  барлық көрнекі ақпараттардың әуелі мемлекеттік тілде, содан соң орыс тілінде, ал қажет болған жағдайда басқа тілдерде де жазылуы атап көрсетілген. Заңның бұл  талаптары Ақтөбе қаласы көшелеріндегі жарнамаларда қаншалықты сақталған?

Қала көшелеріндегі жарнамалардың  қаншалықты заң талаптарына сәйкес орналастырылғанын анықтау мақсатында жүргізілген бақылау біршама заңсыздықтардың бетін ашты.  Анықталған кейбір қателер  дер кезінде түзетілгенімен, әлі де болса заң талаптарын орындамай отырғандар бар.  Биыл қыркүйек айының соңғы екі аптасында Әбілқайыр хан даңғылына ілінген жармаларға байланысты рейдтік тексеріс жүргізілді. Рейд кезінде 17 нысан тексерілді. Нәтижесінде жарнамалардан төрт грамматикалық,  үш орфографиялық қате анықталды. Нысан иелеріне  табылған қатені түзету, әрі оны  заң талаптарына сәйкестендіру қажеттігі ескертілді.  Атап айтсақ,

Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы №64 үйде орналасқан жеке кәсіпкер  Ханым  Қоңырбаеваның иелігіндегі  «Құрылыс» дүкені маңдайшасында  ҚР «Тіл туралы» Заңының 21- бабы өрескел бұзылған.   Жарнаманың заң талаптарына қайшы екендігі айтылып, жедел түрде түзету шарасы ескертілгенімен, дүкен иесінің  заңға бағынар түрі жоқ. Заңды негізге алсақ, көрнекі ақпараттардың барлық мәтіні мынадай ретпен: мемлекеттік тілде —  сол жағына немесе жоғары жағына, орыс тілінде оң жағына немесе төменгі жағына орналасады, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады.

Сол сияқты Әбілқайыр хан даңғылы  №47 «б» үйде орналасқан жеке кәсіпкер Арман Мұқатаевтың иелігіндегі «Семь роз»  гүлдер салонының сыртқы жарнамасы, осы көшедегі  №44 үйде орналасқан «Нұрдәулет» сауда орталығындағы «Deffinesse» киім салонының сыртқы жарнамасы (иесі Навицкая Светлана), №55 «а» үйде орналасқан жеке кәсіпкер Майра Өтегенованың иелігіндегі «Эвим» сауда орталығының сыртқы және ішкі жарнамалары заң талаптарына сәйкес емес. Қате жарнамалар орналасқан нысандардың иелеріне бұл кемшіліктерді түзетуге арнай уақыт беріліп, ескерту жасалды. Егер кемшіліктер жойылмаса, заң бойынша тиісті шара қолданылатын болады.

Жүргізілген бақылау нәтижесіз де емес. Рейд барысында  жедел түзетілген жарнама мәтіндері де кездесті. Атап айтсақ, Әбілқайыр хан даңғылы бойында орналасқан «Мәдениет» сауда орталығының сыртқы жарнамалары тексеріс кезінде заңнама талаптарына сәйкес еместігі анықталды.  Әсия  Саратовцеваның иелігіндегі  «Admiral» бутигінің сыртқы жарнамасы тек орыс тілінде жазылған болса, Қазина Қоспаева басқаратын нысанның сыртқы жарнамасында орыс тілінен аударылған сөзден қате табылды. Дегенмен, ескерту жасалысымен, нысан иелері қатені жою үшін  бірден әрекетке көшті.   

Тексеріс барысында көрер көзге оғаш көрінетін жарнамалар да, ондағы  грамматикалық қателер де  кездесті. Жарнама иелеріне ескерту жасалды.    

Тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыстар және талдау бөлімі жарнамаларды орналастырмас бұрын, қазақ тіліндегі мәтіннің жазылу нұсқасын тексеріп, оның үлгісіне келісілгені жөнінде белгі соғады. Алдымен жарнамада мемлекеттік тілдің болуы және дұрыс жазылуы сараланады. Десек те, қолдарында лицензиясы бар жарнама жасаушыларды айналып өтіп, бұл істі  өз еркімен жасайтындарға тапсырыс беретіндерден көп қате анықталады. Жарнама берушілер мен жарнама жасаушылар арасында қазақ тілінің грамматикалық, орфографиялық жазылу ережелерінен мүлдем бейхабар адамдар  кездесетіні қынжылтады. Осының салдарынан әріп қателері мен стилистикалық қателер орын алады.

Басқарма мамандарына  жарнама мәтіндерін тексертіп барып орналастырса, мұндай қателіктер мен құқық бұзушылықтар орын алмас еді. Біздің мекенжайымыз: Әбілқайыр хан даңғылы 40, облыстық тілдерді дамыту басқармасы ономастикалық жұмыстар және талдау бөлімі, 340 бөлме.  

ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Заңында  көрнекі ақпараттарда ҚР «Тіл туралы» Заңын бұзған кез келген республика азаматына айлық есептік көрсеткіштің бестен жиырмаға дейінгі мөлшерінде айыппұл салынатын болып белгіленген.

Алдағы уақытта да заң бұзушылыққа жол берген адамдардың аты-жөні жазылып, бұқаралық ақпарат құралдарында  айғақтайтын боламыз.

                                                                          Ақгүл САДЫҚОВА,    облыстық тілдерді дамыту

басқармасының бас маманы.

Жайнагүл ДАУЫЛОВА,

жастар іс-тәжірибесінен өтуші.

 

 

                    

                     

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button