Әлеумет

Әлеуметтік зерттеу: сауалдар мен жауаптар

Облысымыздағы мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылы

 

«Батыс-Мониторинг» әлеуметтік және маркетингтік зерттеулер агенттігі облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың қызметін және олардың мемлекеттік органдармен қарым-қатынас арналарын зерттеу, тұрғындардың үкіметтік емес ұйымдар туралы хабардар болу деңгейін анықтау мақсатында «Ақтөбе облысының мемлекеттік органдары мен үкіметтік емес ұйымдарының өзара іс-қимылы» тақырыбында әлеуметтік зерттеу жүргізді.

Зерттеу нәтижелері қазіргі уақытта Ақтөбе облысында түрлі қызмет бағыттары бойынша үкіметтік емес ұйымдардың тұрақты топтары қалыптасқанын көрсетті.

Облыс тұрғындарының басым көпшілігі ҮЕҰ туралы біледі және естіген (92%).

Сұралған облыс тұрғындарының көпшілігі (48%) өздеріне ҮЕҰ-ның пайдасы бар екеніне сенеді. Сонымен қатар олардың 29%-ға жуығы пайдасы көп деп біледі. ҮЕҰ жұмысынан келетін қандай да болмасын пайданың жоқ екенін респонденттердің 32%-ы айтады.

ҮЕҰ-ның мемлекетпен өзара іс-қимылын жағымды бағалаған тұрғындардың үлесі облыс бойынша орташа алғанда 58 пайыз болды.

Тұрғындардың ҮЕҰ қызметіне деген жағымды көзқарасы біздің еліміз үшін олардың қажеттігі туралы сұрақтарға берген респонденттердің жауаптарымен дәлелденді. Мәселен, сауалнамаға қатысқандардың басым көпшілігі (74%) біздің елімізде үкіметтік емес ұйымдар жүйесін дамыту қажет екендігін айтты. Бұл ұстаныммен келіспейтіндер саны небәрі — 12%.

Сауалнама қорытындысы денсаулық, салауатты өмір салтын насихаттаумен айналысатын медициналық ҮЕҰ көш бастап келетінін байқатты (17%). Балалар мен жастар, сондай-ақ шағын кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етуші және көмек беруші бағыттағы ҮЕҰ қызметінің әрқайсысы 15%-дан алды.

Өз ісін ашу мәселесі бойынша азаматтарға кеңес беретін кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын, салық есептілігін, бухгалтерлік іс, құқықтық сауаттылыққа үйрететін ұйымдарға келсек, оларды облыс тұрғындарының көпшілігі жақсы біледі. Өйткені мұндай мекемелер тренингтер, семинарлар өткізуімен белгілі.

Бұлардың ізіне еріп экологиялық ұйымдар келеді, бұған қатысқан жалпы респонденттер — 12 пайыз. Одан соң отбасы, әйелдер мәселелерімен айналысатын ұйымдар  (11 %) , құқық қорғау (5%) және әлеуметтік қорғау (6%) қызметі тұр.

Сұралғандардың оннан бірінен аздауы ҮЕҰ-ның мәдениет пен өнер (6%), әлеуметтік қорғау (6%), егде адамдар (3%), дін (2%),  әлеуметтік мүдделер, айналысатын ісі бойынша қарым-қатынас жасау (2%), этникалық және мәдени мүдделер (3%) сияқты бағыттарын атап көрсетті. Қоғамдық бастамаларды қолдаумен айналысатындардың көрсеткіші 2% болды. Қызмет саласы өте тар ұйымдардың пайыздары да төмен болды.

ҮЕҰ-ның жұмысы мен алаңдатып отырған проблемасына қатысты сауалнама барысында сарапшылардың пікірін білдік. Сонымен, мамандар атап көрсеткендей, үкіметтік емес ұйымдар қызметінің негізгі әдістері мен түрлері — ақпараттық орталықтар құру арқылы өз істерін тұрғындарға жария етіп отыру (жұмыс істеп тұрған барлық ҮЕҰ 49%) және тренинг-орталықтар (12%). Үкіметтік емес ұйымдардың 32 пайызы ақысыз кеңес берумен айналысады. Тағы 12%-ы азаматтардың құқықтарын қорғаумен шұғылданады, 8%-ы меценаттыққа және демеушілік көрсетуге аса назар аударады.

Сарапшылар ҮЕҰ-ның жұмыстағы басымдықтарын біршама өзгерту қажеттігіне назар аударуды ұсынады. Олар ақысыз кеңес беру — 40%, ақпарат орталықтарын құру және қолдау — 36%, демеушілік және меценаттық қызметтер көрсету — 31%,  құқық қорғау — 30%  және тренинг орталықтарын құру — 18% болса деген пікір білдіреді.

Сонымен, сұралған сарапшылардың пікірінше, жұмыс істейтін ҮЕҰ көпшілігі кеңес берумен және тренингтермен, сондай-ақ қандай да болмасын бір жолғы іс-шаралар және акциялар өткізумен айналысады, бірақ халықты қоғамдық үдеріске қатыстырып, белсенділігін арттыратын жүйелі күнделікті жұмыстарды ұзақ жүргізбейді.

Сарапшылық сауалнама мемлекеттік билік органдарының облысымызда жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдармен өзара іс-әрекеттерінің бірқатар жағымды ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік берді. ҮЕҰ қоғамдық пікірді қалыптастырып, қоғамның ішкі проблемалары туралы билікті ақпараттандырып отырады. Мәселен, ҮЕҰ-ның 38 пайызы қоғамдағы шынайы жағдайды түсініп, қордаланған проблемаларды анықтайтынын, қоғам талаптарына тұрақты мониторинг жүргізетінін атап көрсетті. 13 пайызы жұмысын шешімдер қабылдау кезіндегі сарапшы ретінде пайдалану қажеттігін байқатты. Олар билік қызметіне халықтық бақылаудың түрі болып табылатынын белгілеген сарапшылар саны — 7%, сайлау жүргізу кезінде саяси мақсаттарға жеткізу құралы болды дегендер — 4%.

Сұралған респонденттердің 38%-ның пікірінше, ҮЕҰ дегеніміз — биліктің тұрғындармен байланысын қамтамасыз ететін өзіндік арна.

Үкіметтік емес ұйымдар қызметкерлері атап көрсеткендей, олардың жалпы Ақтөбе облысында мемлекеттік билік органдарымен өзара іс-әрекетінің барлық түрлері кеңінен тараған. Солардың арасында билік органдары жанындағы консультативтік және қоғамдық кеңестерге мүшелік (мәселен, Мемлекеттік қызметкерлер агенттігі, Тәртіптік кеңес, Қазақстан халықтары Ассамблеясы және т.б  жанында)  — 75%, ашық тыңдаулар (дөңгелек үстелдер, мемлекеттік билік өкілдерімен кездесулер) — 41%, ҮЕҰ-ға арналған гранттар мен субсидиялар —63%, жастар жобалары — 50%. Үштен бірінен аздауы (27%) заңнаманы қоғамдық сараптаушылар бар екенін білсе, құқықтық шығармашылық бастама — 12%, экологиялық экспертиза — 12%, басқа  түрлері — қарсылық іс-шаралары, пікір сайыстар, форумдар  бар екенін біледі.

Сұралған респонденттердің пікірінше, келесі факторлар өңірдегі ҮЕҰ-ның дамуына ықпалын тигізуі мүмкін:

Мемлекет тарапынан қаржылық және басқа қолдаудың ұлғаюы — 58%;

Демеушілер, халықаралық ұйымдар, қайырымдылық қорлары мен меценаттар тарапынан қаржыландырудың көбеюі — 20%;

Халықпен жұмыс істеудегі ҮЕҰ-ның кәсіпқойлығын арттыру — 42%;

Барынша ірі бірлестіктер (одақтар, қауымдастықтар) құру, басқа ҮЕҰ-мен байланысты қолдау — 4%;

ҮЕҰ санының өсуі — 16%;

ҮЕҰ үшін барынша қолайлы заңнамалық қор — 4%;

Мемлекет және БАҚ тарапынан ақпараттық қолдау 18%;

ҮЕҰ-ның мемлекетпен өзара іс-әрекеті — 26%;

Халықтың мемлекет қызметі туралы ақпараттануы — 16%;

ҮЕҰ-ның қажетті әрекеті — 8%.

Бірақ  үкіметтік емес ұйымдар қызметіндегі негізгі кемшіліктер — қоғамдық ұйымдардың жұмысы туралы халықтың нашар білетіні, ұйымдар арасындағы әріптестік деңгейінің төмендігі, ауылдық жерлерде және шағын қалаларда ҮЕҰ желісінің нашар дамуы.

Демократия мен азаматтық қоғамды құрудағы үкіметтік емес ұйымдардың рөлі мен қажеттігін БАҚ арқылы насихаттау, үкіметтік емес ұйымдардың мақсаты мен қызметі туралы халықтың дұрыс түсінігін қалыптастыру қажет.

Мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-әрекеті кезінде еліміздің басқа өңірлеріндегі, сондай-ақ шетелдік ҮЕҰ-дардың жұмыс тәжірибесін кең қолданып, ҮЕҰ мен мемлекеттік органдардың өзара қарым-қатынасын жақсарту үшін үкіметтік емес ұйымдардың өздерінің қызметін күшейтіп жан-жақты ету қажет, ҮЕҰ  жұмысын жақсарту, жетілдіру, азаматтық бастамалар мен құқықтар саласында білікті кадрлар, мамандар даярлау, өз қызметіне адамдарды мүмкіндігінше көбірек қатыстыру үшін жаңа тәсілдер іздеу қажет.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша тендерге қатысуға арналған тапсырыстарды техникалық рәсімдеу жұмысын қысқарту қажет немесе тендерге қатысуға тәжірибесі жетпейтін ҮЕҰ үшін ақыл-кеңестер беру, ҮЕҰ үшін PR-технологиясы бойынша оқыту программаларын әзірлеу қажет.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button