Әлеумет

Серіктеске сенеміз бе, әлде…

Тәуелсіздік алған тұста қазақ үшін көз көріп, құлақ естімеген мұхиттың арғы жағы жұмбақ еді, жат жұрт айналысқан істердің жақсысы да, жаманы да таңсық болды. Соның бірі — «серіктестік босану». Яғни жаңа талап бойынша әйел босанған кезде акушерлерден басқа жанында күйеуі немесе жақын адамдарының бірі болуы керек. Қазақ қоғамына кешеуілдеп жеткенімен, бұл әдіс медицина саласының жаңалығы ретінде бүгінгі күні еліміздің барлық өңірлерінде перзентханаларда кеңінен қолданыла бастады. Бірақ әйел босанып жатқанда ер адамның болғанын құптамайтындығымыз қазақ қоғамында бұл әдіске қарсы әртүрлі пікірлердің тууына себепші болды.  

 

Бұрынғыдан қалған із

 

Облыс орталығында тұратын Балзия Сейдашева — 10 баласы бар Батыр ана. Жас кезінде Байғаниннің орталығынан шалғай ауылында тұрған ол жеті баласын перзентханаға жетпей, үйде босанған. Ешқашан ер адам әйел босанып жатқан жерді маңайламайтынын айтып, «серіктестік босану» дегенді естігеннен шошыды.

— Өзім көп балалы анамын. Ауылдық жер­де тұрған соң, негізінен балаларымды үйде босандым. Бірақ біреуіне де отаға­сы қатысқан жоқ. Қайын енем мен абысын-ажындарым ырым-тыйымдарына сай арқан керіп, отқа май құйып, жарыс қазан жасап, өзде­рі босандырып алатын еді. Жал­пы халқымыздың тәжірибесі ер адамның босану кезінде жақын маңда бол­мағанын құп көреді. Жаңа өмірді жарататын Алла ғой. Алла өмірге өмір әкелу қасиетін әйелге ғана дарытқан. Сондықтан босандыруға еркек қатыспауы керек. Жұмысының қыр-сырын жақсы білетін дәрігер ғана босандырғаны дұрыс, — дейді қария.

Батыр анаға «серіктестік босануды» құптайтындардың сөзімен ұғындырып көрдік. Осы күнгі әйелдердің денсаулық көрсеткішінің төмендігін, жаңа туған сәбилердің шетінеуі, туа бітті аурулары көп кездесетінін естіген қария сабасына түсті:

— Әрине, серіктестік босанудың тиімді жағы бар. Толғақ кезінде немесе босанғаннан кейін бауырын жинағанша жас анаға көмек қажет. Бірақ оған ер адамнан гөрі қайын енесі, апа-сіңлілері, абысындары кіргені дұрыс. Қазіргі жас аналардың көбісі жүкті кезінде аз қимылдайды, кереуеттен түспей тал түске дейін ұйықтайды. Ауыр босанатыны да сондықтан. Біз жас күнімізде толғақ келгенше тынбай үй шаруасында жүретінбіз.  

Өзімнің қыздарым мен келіндерімнің, немере келіндерімнің босануына ерлері қатысқан жоқ. Жалпы ер адамның босануға қатысуын құптамаймын. Бірақ қазір заман басқа ғой…

 

Ең жақын адам — акушер

 

«Жүкті әйелдің бір аяғы жерде…» деп айтылатын сөздің бекер еместігін жақсы білетін акушер Айша Ізтілеуова 22 жылдан бері перзентханада жұмыс істейді. Оның еңбек жолында әртүрлі жағдайлар кездеседі. Соңғы жылдары әйел босандыру ісіне қойылып жатқан жаңа талаптарды ол өз ісіне енгізуге тырысып жүр. Акушерлік істе ұзақ жылғы тәжірибесі бар Айша Төлепбергенқызының «серіктестік босану» туралы да өз пікірі бар.  

— Бұрынғыдай емес, бүгінгі күні әйел босану жолдарын, әдістерін, босандыратын акушерді, бақылайтын дәрігерді өзі таңдайды. Босану кезінде жақындарының біріне жанында болуына рұқсат етіледі. Әйел босанған бойда сәбиін бірден кеудесіне жатқызамыз. Бұл әдістің ана мен бала арасындағы байланысты арттыруға, сәбидің ана кеудесінде жатып, емшекті өздігінен табуына септігі бар. Егер анасы қандайда бір қиын жағдайда, операция арқылы босанған болса, баланы әкесінің кеудесіне салу тәжірибесі де қаралған. Бірақ біздің перзентханаларда әзірге бұл әдіс жүзеге асырыла қойған жоқ. Ер адамның әйелінің босанғанын көрмеуді құптайтындығынан, бізде көбінесе серіктестік босануға әйелдің анасы, енесі, абысындары, апалары жазылып жатады. Біз үшін ең бастысы серіктестік босануға қатысатын адамның денсаулығы дұрыс болуы керек. Эмоционалдық тұрғыдан да ұстамды адам болғаны жөн, — дейді Айша Ізтілеуова.

Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда осы күні босанатын әйелдер қатары көбейгенін байқаған. Мәселен, облыс бойынша өткен жылы 18456 сәби, биылғы жылдың 8 айында 9611 нәресте дүниеге келген. Акушер әсіресе жас аналардың күйеулерін немесе жақын-жуықтарын босанатын бөлмеге шақыртуға құмар екендерін айтты. Бірақ «серіктестік босануға» қатысатын адам өзінің міндеттерін білмейтіндіктен, көп жағдайда акушерлердің ісіне кедергі келтіреді екен.

— Адамнан адам шығу оңай дейсің бе? Әр әйел босанған сайын жанымыз көзімізге көрінеді, бірге толғатқандай боламыз.

Жалпы «серіктестік босану» тәжірибемізге еніп жатқандықтан, ол мамандар жан-жақты зерттеген әдіс болған соң, дұрыс деп қабылдауымыз керек шығар, бәлкім… Бірақ босанып жатқан әйелге дәрігерден, акушерден артық ешкім көмек бере алмайды. Осы әдіс енгізілмеген уақыттарда, сонау тоқсаныншы жылдары еңбекақы төленбей жатқанда да, жылу жүйесі істен шығып, электр жарығы аудандық деңгейдегі перзентханаларда екі сағатқа ғана берілген кездерде де акушерлер тағдыр талайына бұйырған жұмысын тастап кетпеді, адал атқарды. Өз басым түн ішінде сығырайып барып сөніп қала беретін білтесі керосинге былғанған шамның жарығымен талай рет толғағы қысқан әйелдерді аман-есен босандырып алдым. Қараңғыда шар етіп жылаған шарана мен шарасыз әйелдің жалғыз серігі, жанындай жақыны өзің екенін біліп, өмір мен өлім арасында арпалысқан талай күндер мен түндер өтті. Сол кездері сырттан бөтен біреу осы процеске қатысуы керек деген ой үш ұйықтасақ, ой кірген емес.

Біздің қарсылық білдіруге құқымыз жоқ. Себебі қазір «серіктестік босану» әдісі туралы әңгімені қазіргі жас аналар жүкті болғаннан бастап талап ете бастайды. Тек меніңше, босану процесіне әйел күйеуінен гөрі тәжірибесі бар аналарды, үлкен апаларды қатыстырғаны дұрыс. Себебі әйелінің толғақ кезінде қиналғанын көрген еркектің жүрегі шыдамауы мүмкін, — дейді акушер.

 

Еркектің жүйкесі жұқарады

 

Бұл тақырыпта бірнеше зерттеу жұмыстарын жүргізген британдық ғалымдар «серіктестік босануға» қатысу ер азаматтың денсаулығына үлкен зиян келтіруі мүмкін» деп отыр. Әдетте ер адамның жүйкесі әйелге қарағанда тұрақты деп саналады. «Дегенмен, босану процесін өз көзімен бақылаған еркектердің жүйкесі дереу сыр беруі ғажап емес», — дейді британдық мамандар. Босану процесіне қатысқан еркек әйелінің толғатқанын көріп, психологиялық күйзеліске ұшырауы мүмкін екен. Себебі еркектердің жүйкесі мұндай жағдайға алдын ала дайын болмайды. Ал, әйелге табиғаттың өзі өмірге өмір әкелу қасиетін дарытқандықтан, төзу-төзбеу туралы әңгіме болмайды.
Әйелдері босанған кезде қасында болған ерлер арасында сауалнама жүргізген британдық мамандар босану процесіне кірген еркек соғысқа қатысқанмен бірдей психологиялық күйзеліске душар болатынын анықтаған. Әйелдер босанғаннан кейін көрген «бейнетін» тез ұмытып кететін болса, жанында бірге болған ерлері ұзақ уақытқа дейін сары уайымға салынып жүреді екен.

— Әр ерлі-зайыпты жұп өзінше бір әлем. Бір жұптың қарым-қатынасы екіншісіне ұқсамайды. Сондықтан серіктестік босану әйелдің «түгеншенің күйеуі қасында болған ғой» деп, «бәсекелесуін» көтермейтін шешім.

Отбасында, әсіресе, тұңғыш сәбидің өмірге келуі жас ата-ананың бір-біріне деген қамқорлығын бұрынғыдан гөрі арттыра түсуі тиіс. Жас отбасы жаңа туған нәрестемен бірге жаңа өмір бастайды. Сондықтан «серіктестік босану» туралы шешім ешқашан біржақты қабылдануы тиіс емес. Еркектің босану процесіне қатысу-қатыспауын әйел жалғыз өзі емес, екеуі бірігіп шешуі керек. Әрине, біздің қазақы менталитетіміз оған жол бермеуі мүмкін. Бірақ екеуге ортақ баланы өмірге бірге әкелу, оның жарық дүниені көруіне бірге көмектесу деген шексіз бақыт емес пе?! Осыны жан дүниесімен ұғынған еркек қана әйелі босанып жатқанда қасында болып, қолдау көрсете алады. Ал бұл процеске «амалсыздан» қатысқан еркек акушерлердің жұмысына кедергі келтіреді. Сондықтан әйел өзі босана ма, әлде босануға күйеуімен бірге бара ма, оны ерлі-зайыптылар бірге шешуі тиіс, — дейді психолог Роза Мушалова.

 

Р.S. «Серіктестік босану» әдісін біреулер акушер мамандарға сенбегендіктен енгізілген әдіс деп қабылдаса, екіншілері «босану — әйелдің ісі, еркекке түк қатысы жоқ» дейді. Енді біреулер «серіктестік босану еркектің әкелік жауапкершілігін арттырады» дегенге сенеді. Жалпы батыс елдерінен келген жаңалықтың бәрін бірдей ұлттық менталитетіміз жарата бермейтіні анық. Соның ішінде осы «серіктестік босануға» қазақ қоғамы оң қабақ таныта қоймады. Тіпті босану процесіне күйеуін қатыстырғандардың ісін еріккен еуропалық әйелдерге еліктеу деп жазғырды. Қалай десек те осы күні «серіктестік босану» деген сөз тіркесі алғаш естілгендегідей құлағымызға түрпідей тимейтін болды…

Айгүл БАЙМЕНОВА.

 

 

 



 

 

          

 

 

 

 

       

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button