Әлеумет

Амангелді Жолаушыбаев: Апат әдейі ұйымдастырылған жоқ

«Ақтөбе» газетінің 12 қыркүйек күнгі санында «Арбаға таңылған жанның талабы» деген тақырыппен жарияланған мақалада 1-топ мүгедегі Мейрам Смағұловтың 1996 жылдың 8 қыркүйегінде болған жол апатынан кейін арбаға таңылғаны туралы айтылады. Кейіпкер осы оқиғаға көлік жүргізушісі Амангелді Жолаушыбаевты кінәлап, одан 3 млн. теңге көлемінде моральдық шығын талап етіп отыр. Осы мақала жарық көргеннен кейін Амангелді Жолаушыбаев редакцияға келіп, қарсы пікірін жазып қалдырды:

— Осыдан 17 жыл бұрын Ақтөбеден Қарабұтаққа қарай «Жигули» маркалы көлігіммен жолға шыққанымда Мейрам Смағұлов қарындасымен ауылға жеткізіп салуымды өтініп менің көлігіме отырды. Жол бойында көлік апатқа ұшырап, Мейрам Смағұлов апат салдарынан мүгедек болғаны рас. Бірақ бұл апатты мен қолдан ұйымдастырғаным жоқ. Оны ешкім де осылай болады деп ойлаған емес. Құдайдың ісіне шара бар ма? Енді арада 17 жыл өткенде қайта-қайта қозғау салудың қажеті қанша екенін білмеймін. Осы жылдардың ішінде Әйтеке би аудандық соты, Хромтау аудандық прокуратурасы, Ақтөбе қалалық соты, Ақтөбе қалалық, облыстық прокуратуралары, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Мейрамның арыз-шағымдарын қарап, соттың бастапқы шешімін өзгерткен жоқ. Мен жол-көлік апаты болғаннан кейінгі жылдары оған шамамның келгенінше көмектесуге тырыстым. Берген көмектерім тізіп жазылған қолхат та алдым.

Қолхатта былай жазылған: «Мен, Смағұлов Мейрам 1996 жылдың қыркүйек айында жол-көлік оқиғасынан кейін ауруханада жатқанымда Жолаушыбаев Амангелдіден 10 мың теңге және бір бас сиыр алдым. Ауруханадан шыққанымда қазақы емге жеңіл көлікпен апарып келіп жүрді. Содан кейін бір қой, бір қапшық жоғары сортты ұн, 1,5 тонна көмір алып беріп, көмектесті. 1999 жылдың мамыр айында бірінші сортты 3 қап ұн берді. Өзі, әйелі, балалары келіп-кетіп, денсаулығымды сұрап жүрді».

Кейін Мейрам Смағұлов Қырымда емделіп келді. Оған мен 70 мың теңге көлемінде ақшалай көмек бердім. Ал оның Ақтөбе қаласынан үй сатып алып беруді немесе 3 миллион теңге көлемінде ақшалай көмек беруді сұраған талабын мен қанағаттандыра алмадым.

1996 жылы мен құқық қорғау органында жұмыс істедім. Мейрам осы оқиғадан кейін кешірім бермеген соң, өз еркіммен қызметімнен бас тартуыма тура келді.

Сол жол-көлік апаты орын алған жылы менің үлкен ағам, 10 жылдан кейін кіші ағам дүние салды. Олардың бала-шағасын мен қамқорлығыма алдым. Өзімнің отбасымнан бөлек екі ағамның 9 баласын жетілдіру, адам қатарына қосу менің мойнымда болды. Қазір де Мейрам талап еткен ақшаны бере алмайтынымды кесіп айтып отырмын. Бұл оқиғаны мен әдейі ұйымдастырғаным жоқ. Мейраммен біз ауылдас, әрі ағайын адамдармыз. Маған оның мүгедек болып, арбаға таңылып қалғаны оңай тимеді. Осы жылдардың ішінде өзімді сан рет кінәладым, кейде ойымнан шықпай қояды. Бірақ жазатайым болған жағдай үшін өзімді жазғыра бере алмаймын. Сот «құрамында қылмысы жоқ» деп істі шешіп берді емес пе? Оған қазір де, кейін де менің 3 миллион теңге тауып беретін жағдайым жоқ екенін айтып түсіндіре алмадым. Мақаланы оқыған жұрт мені жауапкершілігі жоқ адам ретінде қабылдайтыны анық. Тағдырдың жазуы осы шығар, маған да оңай емес. Қолымнан келгенінше Мейрамға жанашырлық таныттым.

 

Амангелді Жолаушыбаев,

Ақтөбе қаласының тұрғыны.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button