Әлеумет

«Қолжетімді тұрғын үй-2020». қолыңыз жетсін!

Жеке тұрғын үйдің қадірін баспанасы жоқ, пәтерден пәтерге көшіп жүрген, соның зарын тартып жүрген адам ғана біледі. Ал ондайлар Ақтөбе шаһарында жетіп артылады. Облыстық мәслихаттың мәжіліс залында тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысты болған жиын, міне, осы мәселені қаузады.

Жиынға облыстық мәслихат депутаттары және оқу орындары басшылары, оқытушылар, басқа да жұрт қатысты. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Гүлнар Дабылова күн тәртібіндегі өткір мәселе туралы баяндама жасап, кеңірек әңгімеледі.  

2003 жылы Үкімет қаулысымен еліміздегі бірден-бір қаржы институты — «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы құрылды. Банк ұстанған тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі 10 жыл ішінде мемлекетіміздегі тұрғын үй саясатында тиімді құралға айналып үлгерді.         

Осы уақыт аралығында 420 мың қазақстандық 883 миллиард теңге сомасына тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келісімшарт жасады. 173 миллиард теңгеден астам соманы займға берді. Әсіресе, соңғы жылдары тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келісімшарт жасағандардың көбейгені байқалып отыр. Ақтөбе облысы филиалында былтыр бірінші қаңтарда 17 179 салымшы болса, биыл осы уақытта 22 мыңнан асып жығылды.

— Бүгінгі таңда облыстың 25 мыңнан астам тұрғыны — біздің салымшымыз. Соңғы екі-үш жылдың ішінде салымшылардың саны үш есе артты деуге болады, — дейді Гүлнар Дабылова.    

Қазақстандық нарықта 10 жылдан бері жұмыс істеп, ел сеніміне ие болған банк жүйесінің негізгі қағидаты: 50х50, яғни, керекті соманың жартысын есеп-шотта жинақтау қажет те, қалған жартысын банк береді.

Осыған сай банк қазіргі таңда «Бастау», «Өркен», «Кемел», «Болашақ» деп аталатын тарифтік жоспарларын ұсынып отыр. Бұл жоспарлардың бірін тұтынушы мүмкіндігіне қарай таңдап алады. Банктен есепшот ашып, үш жыл бойы пәтер сомасының 50 пайызын жинаған адамға банк қалған 50 пайызын 3,5-5 пайызбен береді. Бұл  негізгі тұрғын үй заемын салымшының өзі жинақтағандағы жағдай. Ал үш жыл бойы жинақтамай, қолында сатып алатын пәтерінің 50 пайызына жететін ақшасы бар болған кезде клиент қалған елу пайызды алу үшін банктің аралық тұрғын үй заемын пайдаланады. Оны жеті пайызбен шартта көрсетілетін мерзімде төлеп құтылады.

Ал жинақ ақшасы, бастапқы жарнасы жоқ адам табысы туралы анықтама тапсырып, жылдық 10 пайызбен өзі таңдап алған тарифтік жоспардың бірі бойынша 10 жылдан 23 жылға дейінгі мерзім ішінде несиесін өтей алады. Мұндай жағдайда сатып алатын пәтердің бағалау құнының 70 пайызын банк несиеге береді. Бұл алдын ала тұрғын үй заемы бойынша атқарылатын шаруа.

Сонымен, банк арқылы несиеге алатын үйіңіздің салынған уақыты елу жылдан асып кетпеуі бірінші талап болып есептеледі. Сонымен қатар қабырғасы саманнан немесе қамыстан қаланған үйлерді банк кепілдікке алмайтыны қаперіңізде болсын. Және де үйдің бағаланған құны сұралып отырған заем сомасын жабатындай болуы керек. Бұл жерде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде ашылған депозитті де клиент кепілге қоя алады. Қазіргі таңда ақтөбелік филиалда 10 миллиард теңгеден астам сомаға депозит бар.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттеріне баспаналы болудың әр түрлі тәсілдерін ұсынады. Жиында облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова және депутаттар Гүлнар Дабыловаға сауалдар қойып, әсіресе, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасының біздің өңірде қалай жүзеге асып жатқанын, несие алудың тәртібін кеңірек әңгімелеуді сұрады.

Елімізде былтырдан бастап «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы енгізіліп, тұрғындар осы арқылы пәтер алуға талпынып жүр. Бағдарлама шеңберінде жергілікті атқарушы органдар аймақтарды жаңа үйлердің құрылыс алаңына айналдырып үлгерді. Бағдарламаның аты затына сай ма? Баяндамашы аталған бағдарлама туралы да тарата әңгімелеп берді.  

— «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы екі бағытта жүзеге асырылады. Тұрғын үйлер барлық тұрғындарға және жас отбасыларға арнап салынады. Бағдарламаның осы тұсына көбірек тоқталайық. Қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жас ерекшелігіне қарамастан, табыс көзі бар, жұмыс істейтін әр адам еліміздің кез келген аумағынан үй сатып ала алады. Ол үшін банк салымшыларына ұсынылатын тарифтер бойынша ұзақ мерзімге жалға алып, кейін төлеп құтылу, үш жыл  немесе одан да көп мерзім бойы банктегі шотына қаражат жинақтау, баспана құнының 50 пайызын шотқа салып, қалған 50 пайызын несиеге алу немесе ешқандай жинақ ақшасыз пәтер құнының 70 пайызын банктен 10 пайыздық үстемемен несиеге алу сияқты жеңілдіктерді қолдануға мүмкіндік бар. Атап айтсақ, бізде «Бастау», «Өркен», «Кемел» және «Болашақ» тарифтік бағдарламалары бар. Әр бағдарлама өзінше тиімді. Жинақ жинау мерзімі, займды алардағы пайызы да әрқайсысында әртүрлі. Сондай-ақ, тұрғындарға сенімдірек болуы үшін айтып өтейін, халық арасында банктің  Ақтөбе облыстық филиалында құрамында 18 агенті бар үш команда жұмыс істейді.

Ал некеде тұрғанына екі жыл толған, жастары жиырма тоғыздан аспаған жас отбасылар үшін арнайы бағдарлама қабылданып отыр. Олар белгіленген тәртіпке сәйкес құжаттарын көрсеткен жағдайда пайыздық үстемесі жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, жалға алған пәтерін кейін өзіне алып қалуы үшін өтемақысын оңай төлей алады, — дейді Г.Дабылова.

Хромтау мен Орск трассаларының қиылысы маңында «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй массивінде «Қолжетімді тұрғын үй — 2020» бағдарламасына қатысушыларға арналған үйлер салынып жатыр.  Қазіргі таңда Банк «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы тоғызқабатты  №10, 11, 12, 15, 16-үйлердің 1359 пәтерін сатып алушыларға пул ұйымдастырып отыр. Бұған дейін аталған бағдарлама аясында «Болашақ» және «Батыс» шағын аудандарында тоғыз қабатты үш үйдегі 393 пәтерге пул ұйымдастырылып, несиелер беріліп, бюджетке 2,3 миллиард теңге аударылған.

Биыл маусым-шілде айларында «Нұр Ақтөбедегі» алғашқы үйлердің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс еді. Жиынға қатысушылардың бірі осыған қатысты мынадай сауал қойды: «Жаңа тұрғын үйге  жазда кіруге тиіс адам неге желтоқсанға дейін күтуі керек? Құрылыстың аяқталып, тұрғын үйдің пайдалануға берілуін қадағалайтын құзырлы органдар қайда қарап отыр? Жауапты кім? Тұрғындар сонша уақыт пәтер жалдап жүре ме сонда? Оның өтеуін кім төлейді?». Баяндамашы Гүлнар Дабылова тұрғын үйдің уақытында пайдалануға берілуін жергілікті атқарушы билік қадағалайтынын, бұл іске солар жауапты екенін айтты. Одан әрі тұрғындардың жаңа тұрғын үйге арналған пулға қатысуы туралы баяндады.

— «Қолжетімді тұрғын үй —2020» бағдарламасының қатысушыларына пәтерлерді беру кезінде банк өз талаптары бойынша салымшыны пулға қатыстыру үшін  балдық көрсеткіштің есебіне жүгінеді. Мәселен, бағдарлама қатысушысының өзінің, отбасының мүлдем баспанасы жоқ болса немесе аядай бөлмеде бірнеше отбасы өмір сүріп жатқан жағдайлар міндетті түрде назардан тыс қалмайды. Жас отбасылардың баспаналы болуы үшін де бірқатар талаптардың сәйкестігі қадағаланады. Осы бағдарлама шеңберінде жергілікті атқарушы органдарда жасалған арыз берушілер тізімі үй құрылысы аяқталған кезде банкке беріледі. Тізім бойынша үміткерлердің мүмкіндіктері толық қаралып болған соң, банк басшылығы арнайы сайтқа тізімді енгізеді, код бойынша әрбір қатысушыға нөмір береді. Баспанаға қолы жеткені туралы хабарламалар сол код бойынша беріледі. Бұл баспаналардың болашақ иелерінің фамилиясын атамау үшін ұйымдастырылған құпиялылықты сақтау шаралары болып табылады. Пул қатысушыларының саны салынып жатқан пәтерлерге сай іріктеледі. Мысалы, пулда 100 пәтер болып, 120 адамнан өтініш түсті делік, тізімге тек балы жоғары деген  100 өтініш беруші ғана ілігеді. Ілікпей қалғандары келесі тізімге қалады. Бағалау көрсеткіштеріне таңдаған тарифтік жоспарына, жинақтаған сомасы, мерзіміне бәрі енгізіледі, — дейді Гүлнар Дабылова.

Былтыр «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 1 938,8 миллион теңге қаражат бөлінген. Биыл жалпы көлемі 47 860,1 мың шаршы метр болатын барлығы 684 пәтер пайдалануға берілетін көрінеді.

Қазір бағдарламаның бағыттары бойынша жүргізілетін жұмыстар нақты жоспарланды. Жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғаны үшін жалға берілетін үйлер төртінші калсты болып табылады. Олардың бір шаршы метрі 80 мың теңгеден аспайтын болады. Ал тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы салынатын несиеге берілетін пәтерлер құны бір шаршы метрі 90 мың теңгеден аспайды.

Ақтөбе қаласында «Самұрық-Қазына» жыжымайтын мүлік қоры «Окси Билд» серіктестігімен бірігіп, «Юни Сити» тұрғын үй кешенін салып жатыр. Жалпы көлемі 26,0 мың шаршы метр болатын тұрғын үй осы жылы пайдалануға берілуі керек. Оның бір шаршы метрі 144,0 мың теңгеден аспайтын болады.

Бағдарламаның жас отбасылар үшін берілетін мүмкіндіктеріне тоқталайық. Жас отбасыларға арналған тұрғын үйлер көлемі 2012-2020 жылдар аралығында 104,2 шаршы метрді құрайтын болады. Сонда жыл сайын 11-14 мың шаршы метр пайдалануға беріліп отырады. Бұл жалпы алғанда 1737 пәтер дегенді білдіреді. Пәтерлердің бір шаршы метрі 80-90 мың теңгеден аспауы тиіс.

Айтпақшы, жиында есепшот сату жайы да сөз болды. Осы күнге дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен есепшот ашып, үш жыл ақша жинақтаған салымшылардың арасында есепшотын ақшасымен қоса басқа адамға сататындар енді бұл «сауданың» тиімсіздігін білуі керек. Күн сайын телеарналар мен баспасөз беттерінде банкіндегі шот сатылатыны туралы хабарларламаларды көріп жүрміз.

Банк директорының айтуынша, бұдан былай өзге біреудің шотын сатып алу ешқандай пайда әкелмейді. Бұрын жинақталған үш жылы мен оған қоса  30 балдық көрсеткіші бірге есептелетін болса, енді шот сатып алатын болсаңыз, оның бірі де есепке алынбайды, жаңа салымшы ретінде қайта тіркеледі. Сондықтан біреудің есепшотын сатып алуға қызықпаған дұрыс.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button