Спорт

Капитанның үлгісі

Премьер-лига

29 қыркүйекте өткен кезекті турда «Ақтөбе» де, «Астана» да жеңіске жетіп, алтын медальға екеуі ғана таласатындықтарын дәлелдей түсті. Ал қола медальдан үміткер «Шахтер» мен «Қайрат» жеңіліске ұшырады. Ұтысқа жеткен «Ертіс» бұл екеуінен төрт ұпайға ілгері кетті.

28-турда «Ақтөбе» Алматыда «Қайратпен» кездесті.

Бірінші таймның бірінші бөлігінде доп алматылық футболшылардың аяғынан шықпай қойды. Бірақ бұл негізінен бос жүгіріс болды, қақпаны көздеген нәтижелі соққылар жасалған жоқ. Оның есесіне ақтөбеліктер 22-минутта есеп ашуға мүмкіндік алды. Сергей Давыдовтан тамаша пас алып, айып алаңына ентелей енген Александр Гейнрихты қақпашы Давид Лория тобықтан қақты. Әттең, әншейінде алғыр Александр 11-метрлік нүктеден соққан добын әуеге жіберді. «Ақтөбе» футболшылары осыдан соң ғана «атқа мінді». Тимур Кападзенің соққысын қақпашы қайырып үлгерсе, Гейнрих қорғаусыз қалған «тоғыздықты» оңтайлы көздегенімен сәл мүлт кетті.

Екінші таймды да алаң иелері шабуылмен бастағанымен, оларға Марат Хайруллин, Петр Бадло, Алексей Мулдаров, сол Гейнрих, сол Давыдов, әйтеуір, біздің барлық футболшылар қарсы қимылдың қалай болатынын анық байқатты. Тіпті ойын соңына таман тең есепті олжаға санаған «Қайрат» уақыт созудан кет әрі емес екендіктерін аңғартып алды. Олар әлденені сезген екен. 90-минутта «Ақтөбенің» капитаны Петр Бадло бұрыштамадан Марат Хайруллин тастаған допты созыла секіріп басымен соғып жібек торға лып еткізді: 0:1. Шабуылшысының қатесін капитан осылай түзетті.

Айтпақшы, кездесуден кейінгі сұхбатында Петр Бадло Алматы стадионына қиян шеттен соншама сенім арқалап жеткен ақтөбелік жанкүйерлерге шын ризашылығын білдіріп, ақтөбеліктердің жанкүйерлер арасындағы ең үздіктер екенін бұрын да айтқанын, алда да айта беретінін тағы да мәлім етті.

«Қайрат»-«Ақтөбе» — 0:1

Гол авторы: Петр Бадло, 91-минут (0:1).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Сидельников, Алексей Мулдаров, Андрей Харабара, Петр Бадло (капитан), Сергей Давыдов, Марат Хайруллин, Роберт Арзуманян, Юри Логвиненко, Александр Гейнрих (Асхат Тағыберген, 90+3 минут), Тимур Кападзе, Абат Айымбетов.

Бұл екі команда Премьер-лига ойындарында осымен 40 рет кездесті. 20 рет «Ақтөбе» жеңіп, «Қайрат» 13 рет басым түсті, 7 ойын тең есептермен аяқталды. Доп айырмашылығы «Ақтөбенің» пайдасына шешіліп тұр: 52-50.

Тағы бір дерек. «Қайрат» пен «Ақтөбенің» бұл ойынын 12 000 жанкүйер тамашалады. Сөйтіп 23 маусымда Ақтөбеде өткен «Ақтөбе»-«Астана» (2:1) кездесуінің рекорды (12 000 жанкүйер) қайталанды. Екі ойында да ақтөбеліктер жеңіске жеткені біз үшін және бір қуанышты факт. Ал осы кезге дейін орта есеппен әр кездесуді 4 202 жанкүйер тамашалағанын ескерсек, «Ақтөбе» командасының ойындары қандай дәрежеде қызығушылық тудыратыны айтпасақ та түсінікті.

 

*    *    *

Басқа кездесулер:

«Ордабасы»-«Астана» 0:2

Гол авторлары: Ұлан Қонысбаев, 9-минут (0:1);Патрик Твумаси, 76-минут (0:2).

21-минутта Эдин Юнузович («Ордабасы») 11-метрлік айып добын соға алмай қалды.

«Ертіс»-«Шахтер» — 2:1

Гол авторлары: Ахат Жолшорин, 70-минут (0:1); Антон Чичулин, 86-минут (1:1); Камолиддин Мурзаев, 87-минут (2:1).

«Тараз»-«Жетісу» — 0:1

Гол авторы: Мұрат Тілешев,  5-минут (0:1).

«Восток»-«Ақжайық» — 2:0

Гол авторлары: Вячеслав Эрбес, 36-минут (1:0);Сергей Костюк, пенальти, 78-минут (2:0).

47-минутта Михаил Любимкин екінші рет «сары қағаз» алуына байланысты жасыл алаңнан қуылды.

«Атырау»-«Тобыл» — 0:0

60-минутта Куртиши («Тобыл») 11-метрлік айып добын соға алмай қалды.

 

ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

1-6 ОРЫНДАР

 

Командалар           О         Ұ          Т         Ж        Д         Ұп

 

1 Ақтөбе                  28       19       5          5          37-18  36 

2 Астана                  28       16       5          7          47-32  33

3 Ертіс                      28       11       8          9          37-29  27

4 Шахтер                   28       11       7          10       38-35  23

5 Қайрат                   28       9          11       8          37-34  23

6 Ордабасы             28       10       6          12       28-31  21

 

О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

 

*   *   *

7-12 орындар үшін сайыста «Тобыл» 29 ұпаймен алда келеді.

Одан кейін орналасқандардың ұпайлар саны төмендегідей: «Атырау» — 21, «Восток» — 18, «Тараз» — 17. «Жетісу» сырт алаңдағы жеңісі арқылы қауіпті аймақты тастап шығудың және бір сәтті қадамын жасады — 16 ұпай. Соңғы орында бұрынғысынша «Ақжайық» тұр — 12 ұпай.

 

*   *   *

Сұрмергендер:

Игорь Зенькович («Ақжайық»-9, «Шахтер»-4) — 13 доп;

Игорь Бугаев («Тобыл») — 13;

Эдин Юнузович («Жетісу»-4, «Ордабасы»-8)  — 12.

 

*   *   *

«Ақтөбе» мергендері:

Александр Гейнрих (шабуылшы) — 6 доп;

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 6;

Роберт Примус (қорғаушы) — 4;

Тимур Кападзе (жартылай қорғаушы) — 4;

Юрий Логвиненко (қорғаушы) — 3;

Сергей Гридин (шабуылшы) — 3;

Петр Бадло (қорғаушы) — 3;

Андрей Харабара (жартылай қорғаушы) — 2;

Дмитрий Мирошниченко (қорғаушы) — 2;

Антон Землянухин (жартылай қорғаушы).— 1;

Сергей Ковальчук (жартылай қорғаушы) — 1;

Роберт Арзуманян (қорғаушы) — 1;

Сергей Давыдов (шабуылшы) — 1.

 

*   *   *

5 қазан күні, сенбіде «Ақтөбе» өз алаңында «Ертіс» командасын қабылдайды.

Бұған дейінгі үш кездесуде павлодарлықтарды өз алаңымызда 3:0 есебімен ұтып (Роберт Арзуманян, Юрий Логвиненко, Роберт Примус), сырт алаңда 0:4 есебімен жеңілгенбіз, бір кездесу тең (0:0) аяқталған.

Қалған кездесулер:

«Астана» — «Қайрат»

«Шахтер» — «Ордабасы»

«Жетісу» — «Атырау»

«Тобыл» — «Восток»

«Ақжайық» — «Тараз»

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button