Әлеумет

Аталар аз, әжелер көп…

 Тәуелсіздік алған тұста елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 67,4 жыл болған еді. Бүгінде бұл көрсеткіш 69,6 жылды құрайды.

Сонымен қатар, елімізде ер адамдардың, әйел адамдарға қарағанда, орта есеппен, 9,5 жыл кем өмір сүретіні анықталып отыр. Қайталап айтайық: 9,5 жыл. Бұл — әлем бойынша ең жоғары «көрсеткіштердің» бірі. Бұл жағынан  біз дүние жүзінде Ресей, Украина, Белоруссия және Литвадан кейінгі бесінші «орынды» «иемденіп алыппыз».

ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова  депутаттар алдында сөйлеген сөзінде: «Бізде диспропорция 21 жастан басталады. Дүниеге келген нәрестелер арасында қыз балалардан гөрі ұл балалар көбірек болады. Ал 21 жастан кейін ерлердің үлесі азая бастайды» — деген еді.

 

Басқаларда қалай?

Жалпы, нақ бүгін бұл — әлемдік құбылыс: қазір барлық елде, ерлерге қарағанда, әйелдер ұзағырақ өмір сүреді. Ал 2002 жылы ғана жағдай сәл басқашалау болатын. Атап айтқанда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемде әйелдерден гөрі ер адамдар ұзағырақ жасайтын алты ел — Непал, Ботсвана, Зимбабве, Лесото, Бангладеш және Свазиленд — барын жария еткен еді. Енді, Шеффилд (Англия) университетінің профессоры Дэнниг Дорлингтің зерттеулеріне сай, осы алты ел де басқалардың «қатарына» қосылыпты.

Әрине, ерлер мен әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы арасындағы айырмашылық көрсеткіші барлық елде бірдей емес. Бұл жөнінен бұрынғы КСРО елдеріндегі жағдай ауыр: Ресейде айырмашылық — 13 жылды, Белоруссияда — 11 жылды, Украинада — 10 жылды құрайды, т.б.

Ал жалпы әлем бойынша, ерлерге қарағанда, әйелдер орта есеппен, 4,5 жылдай (ерлердің орташа өмір сүру жасы — 66,1 болса, әйелдер үшін — 70,5 жыл) артық өмір сүреді. Яғни бұрынғы КСРО елдерінің бірқатарында бұл көрсеткіш әлемдік деңгейден екі-үш есе (!) жоғары.

Еуропа мен Америка елдерінде де айырмашылық әлемдік деңгейден жоғары: орташа алғанда — 6 жыл. Мысалы, Испанияда — 5 жыл, Германияда — 6,1 жыл, АҚШ-та — 6 жыл, т.б. Израильде айырмашылық «3,6 жыл» деп көрсетілген. Ал мұсылман елдеріндегі бұдан да төмен.   

Әлемде ер адамдар мен әйелдер арасында өмір сүру ұзақтығының айырмашылығы ең төмен ел Исландия болып табылады. (Бірақ, бұл елде тұрғындардың саны небәрі  320 мың шамасында.) Ал ер адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші ең жоғары елдер қатарында Швейцария, Гонконг, Жапония бар. Мысалы, 4-орында тұрған Жапонияда ер адамдар, орта есеппен, 79,3 жыл жасайды. Салыстыру үшін: Ресей, Украина, Белоруссия  сынды бұрынғы одақтас елдерде бұл көрсеткіш — 60-65 жастың айналасында; ал Қазақстанда — 64, 8 жас.

 

Бұл неден?

… осы сауалдың төңірегінде зерттеу жүргізушілер көп және олардың пікірі әртүрлі бағытта өрбіп отыр:

«Өздері кінәлі?» Әңгіме өмір сүру ұзақтығы туралы болған соң, алдымен денсаулық мәселесінің сөз болатыны түсінікті. Осы орайда зерттеушілер пікірінің бір бөлігі: «бәріне ерлердің өздері кінәлі. Әйелдермен салыстырғанда, олар зиянды әдеттерге бейім» — деген тоқтамға тіреледі және бұған толып жатқан дәлелдер айтылады.

Мысалы, Ресейдің жағдайын алайық. Бұл елде әйелдер барлық тұрғындардың 53,7 пайызын құрайды. Ерлердің үлесі — 46,3 (немесе: әр 100 ер адамға — 116 әйел адам). Ал сол Ресейдің құрамына кіретін Чешенстанда нақ осындай айырмашылық жоқ екен. Шешенстанда ерлер халықтың 50 пайызға жуығын құрайды. Осыған байланысты зерттеушілер: «Шешенстанда, Ресейдің басқа аймақтары секілді, ер адамдар араққа салынып кетпеген, сондықтан олардың орташа өмір сүру ұзақтығы әйелдермен шамалас» — деген пікірді алға тартып отыр. Дәлел үшін Ресей құрамына кіретін тағы бір аймақ — Чукотканың жағдайы да айтылады. Чукоткада ерлермен бірдей әйелдер де араққа салынып кеткен көрінеді. Міне, осындай жағдайда, ерлердің саны әйелдерден көбіректеу болып шығыпты… Яғни, арақты кінәлі санауға негіз болғаны ғой?

Ал, Украинада 15 жастан асқан ерлердің 50 пайыздан астамы шылым шегеді екен. Әйелдер арасында бұл көрсеткіш — 10 пайыз. Осы көрсеткіштерге талдау жасаған украиналық дәрігерлер: «Темекі тартпайтын болғандықтан, ханымдарға неге 10 жыл артық өмір сүрмеске?» — деп бір-ақ кесіпті. 

Күн сайын айтылып жүргендей, арақ пен темекі — жүрек-қан тамырлары ауруларының, кейбір рак түрлерінің, жүйке жұқаруының басты себептерінің бірі. Мысалы, Ресейде 45-54 жас аралығында жүрек-қан тамырлары дерттерінен көз жұмғандар арасында: 100 мың тұрғынға шаққанда ерлер «үлесі» — 222,6 адам; ал әйелдердің «үлесі» — 61,6 екен. Рактың ең қауіпті түрлерінің бірі өкпе рагіне шалдығушылардың 96 пайызы — темекі шегетіндер екені де анықталған.

«Табиғат үкімі?» Пікірлердің енді бір тобына үңілсек, бар «гәп» жаратылыста: адамдар ғана емес, басқа сүт қоректілер (яғни, арақ ішіп, темекі тартпайтын жануарлар) арасында да осындай жағдай бар екені дәлелденіп отыр-мыс. Осы тұрғыда арнайы зерттеу жұмыстарына жетекшілік еткен бельгиялық ғалым Клод Либерттің (Гент университеті) айтуынша, ер адамдарға қарағанда әйелдердің қорғаныс қабілеті мықтырақ және бұл хромосомалық құрылымдардың ерекшелігінен болады екен. Сондықтан ерлерге қарағанда, әйелдердің түрлі зиянды микроағзаларға, жұқпалы дерттерге қарсы тұру мүмкіндіктері жоғары көрінеді.

Австралиялық ғалым Дамиан Даулингтің де пікірі осыған саяды. Оның айтуынша, әйел ағзасы түрлі қауіпті өзгерістерден тез арыла алады. Бұл — жасушалық деңгейдегі ерекшелік. Ер адамдардың ағзасынан мұндай «белсенділік» табылмаған. 

Бірқатар ғалымдар мәселе гормондық өзгешеліктерде деп есептейді. Әйелдер үшін негізгі гормон болып табылатын эстроген ағзадағы холестерин мөлшерін төмендетіп отыратын қасиетке ие. Өз кезегінде бұл жүрек-қан тамырлары дерттерінің алдын алуға септігін тигізетіні белгілі.

«Әйелге жағдай жасалған!» Дәрігерлер қауымы ер адамдардың өз денсаулықтарына салдыр-салақ қарайтыны жөнінде жиі сөз қозғайды. Зерттеушілер әйелдердің дәрігерге көбірек жүгіретін себебін ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің (яғни, «бірдеңеге ұрына қалсам, балаларым қайтпек?» — деген алаңдаушылық) жоғарылығымен түсіндіреді. Ер адамдар, керісінше, өз денсаулығы жөнінде шағымдана беруді ұнатпайды, тіпті ар санайды. Сөйтіп, ауруын әбден асқындырып алғанша жүре береді.

Мамандар пікірінше, онсыз да дәрігерге баруға құлықсыз ер адамдар, көптеген елдерде, мемлекет тарапынан да ескерусіз қалған. Айталық, бұрынғы КСРО елдерінде денсаулық сақтау жүйесі, негізінен, әйелдер денсаулығын қорғауға бағытталған. Мысалы, әйелдер үшін басты қауіп — гинекологиялық дерттер (босану кезіндегі асқынулар, т.б.) болса, ерлердің ең әлсіз тұсы — кардиология. Кардиологиялық дерттерден көз жұматындардың 90 пайызы — ер-азаматтар. Бұрынғы КСРО аумағында кез келген емханада, тіпті ауылдарда да әйелдерге гинекологиялық көмек көрсетуге жағдай жасалады. Дұрыс-ақ. Өз кезегінде, кардиологиялық көмек қанатын тап бұлайша кеңге жаймаған.

Мысалы, АҚШ-та бұдан он жыл бұрын ерлер мен әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы арасындағы алшақтық көрсеткіші 7 жыл болса, қазір 5 жылға қысқарған. Дәрігерлер мұны ерлер денсаулығын қорғауға бағытталған шараларға кететін қаржының көбейтілгенімен түсіндіреді. Осыны алға тартып, ресейлік мамандар: «Егер бізде ерлер денсаулығына нақ әйелдер денсаулығына көңіл бөлінгендей дәрежеде көңіл бөлініп, сондай мөлшерде қаржы жұмсалар болса, олардың орташа өмір сүру ұзақтығы арасындағы айырмашылық 13 жылдан 4-5 жылға қысқарар еді» — деп отыр.

 

«Екі есе ауыр…»

Тһе Тіmes тілшісі Тони Хэлпин солтүстік көршіміздегі ерлер мен әйелдер санының арасындағы алшақтық мәселесін талқылай келіп, былай депті: «Өмірде өзіне лайықты серік табу өте қиын болғандықтан, ресейлік әйелдер бір-біріне бәсекелес ретінде қарап үйренген. Мұндағы кітап дүкендерінің сөрелері қайткенде күйеуге шығуға болады деген кеңестерден құралған нұсқаулықтарға толы, ал әйелдер бәсекелестік жағдайында өздерін «жеңімпаз» боп шығуға үйрететін курстарға ақша шашып жүр». Расында, ерлер мен әйелдер саны арасындағы алшақтық қоғам үшін, әсіресе, отбасы институты үшін із-түзсіз кетпейтіні түсінікті: азаматтық некенің, некесіз сәбилердің көбеюі, ажырасулар, қызғаныштан туындайтын жанжалдар, т.б.

Ал ер-азамат қайткенде ұзақ өмір сүреді?

Медицина ғылымдарының докторы, профессор Мырзакәрім Алшынбаев осы тақырыптағы өз сұхбаттарының бірінде ер адамдар денсаулығы үшін ұлттық тағамдардың өте пайдалы екенін атап өтті. «Мысалы, қазыда холестерин жоқ» — дейді ол. Ер адамдар жүрек-қан тамырлары дерттерінің «бастауы» саналатын холестеринге бай тағамдарға үйір болмағаны жөн. Сондай-ақ, қандағы холестерин мөлшерін тексертіп тұру керек. Бұл тіпті де қиын емес: зерттеуге жолдаманы учаскелік терапевт жазып береді. Семіздік те — жүрек-қан тамырлары дерттеріне апаратын «жолдардың» бірі. Сондықтан  дәрігерлер ер адамдарға толысып кетпеуге тырысу керектігін айрықша ескертеді.

Ерлер мен әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы арасындағы айырмашылық көрсеткіші жөнінен әлем бойынша екінші орындағы ел Белоруссия екенін жоғарыда айттық. Белоруссия баспасөзінде осы тақырып қызу талқыланып, психологтардың бірі былай депті: «Мысалы, тұрмыстың ауыртпалықтары, жетіспеушілік, психологиялық тұрғыдан, алдымен, ер адамға батады. Қазір ер адамдар да, әйелдер де еңбек етіп жүргенімен, «отбасының асыраушысы — ер адам» деген ұғым өзгерген жоқ. Әйел тек жетіспеушілікке ғана қиналса, ер адам соған өзін кінәлі санап, екі есе қиналады. Бұл, міндетті түрде, денсаулыққа кері әсер етеді. Көптеген азаматтар жұрттан қалмай, барын салып еңбек етіп жүрсе де, айлықтары аз. Сондайда әйелдер түсіністікпен қарап, азаматтарының денсаулығын ойлағандары жөн». Қыз-келіншектердің құлағына алтын сырға ретінде бұл пікірді де аударып бердік.

Айна САРЫБАЙ.

Ххх

 

ВРЗ 1

 

Ізбасқан АЙМАҒАМБЕТОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері:

    Ер адамдар мен әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы арасындағы айырмашылық қай елде де бар. Тұрмыс деңгейі жоғары елдерде де ер адамдар, әйелдерге қарағанда, аз жасайды. Бұған әртүрлі факторлар әсер етеді: мысалы, денсаулыққа зиянды, жұмысы ауыр өндіріс орындарында еңбек ететін, негізінен — ер адамдар. Егіс алқабында не мал шаруашылығында ашық аспан астында Күнге күйіп, суыққа тоңып жүретін де — ер адамдар. Сонымен бірге, ер адамдардың зиянды әдеттерге үйірлеу келетіні де рас. Мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ішімдікке үйірлік жөнінен 188 елге зерттеу жүргізген. Қазақстан сол 188 елдің арасында 34-«орынға» «жайғасқан». Израильде жылына, жан басына шаққанда, орта есеппен, 2 литр таза спирт қолданылады екен. Қазақстанда бұл көрсеткіш — 11 литр. Бұл көрсеткіш жөнінен мұсылман елдері арасында — өкінішке орай, «бірінші орындамыз»…

 

Ххх

 

ВРЗ 2

 

 

 

2012 жылы облысымызда 18 483 сәби дүниеге келген. Олардың 9552-сі немесе 51,7 пайызы — ер балалар, 8931-і немесе 48,3 пайызы — қыз балалар. Ал 2013 жылдың басындағы мәлімет бойынша, облысымызда ер адамдар халықтың 48,2 пайызын, әйел адамдар 51,8 пайызын құрап отыр.

 

ххх

 

Облысымыздағы ер адамдар арасында 60-тан асқандардың үлесі — 6,8 пайыз; ал әйел адамдар арасында бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары — 10,4 пайыз.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button