Әлеумет

Әрі тағам, әрі ыдыс…

Асқабақтың 20-ға жуық түрі бар. Бүгінде кең қолданыстағы түрін ғылымда кәдімгі асқабақ деп атайды. Кәдімгі асқабақтың өзінің 100-ге жуық түрі бар көрінеді.

Адамдар асқабақты 5 мың жылдан бері өсіріп келеді. Асқабақтың отаны Азияның, Африканың, Американың жылы аймақтары болып табылады. Еуропаға ХVІ ғасырда ғана жеткен.

Көне замандарда көптеген халықтар бұл көкөністі қасиетті, киелі санаған. Мысалы, Бирманы, Таиландтың оңтүстік-батысын мекендейтін мон жұрты мен Камбоджаның негізгі халқы болып табылатын кхмерлер асқабақты ерекше құрметтейді. Бұл халықтардың аңызы бойынша, дүниені топан су қаптағанда, бір мейірімді адам, Жаратушы иенің әмірімен, өз отбасымен бірге алып асқабақты паналап аман қалған. Кейін су тартылып, жер құрғаған соң, әлгі мейірімді кісі өзі паналаған асқабақ дәндерін егеді. Бірақ ол дәндерден асқабақ емес, адамдар өсіп шығыпты. Мондар мен кхмерлер өздерін сол асқабақ дәнінен өсіп шыққан адамдардың ұрпақтарымыз деп есептеген.

Ал, көне қытай дәстүрі бойынша, үйлену тойында жас жұбайларға асқабақтың сопақша түрі (лагенария) сыйға тартылған. Бұл жас жұбайлар көп балалы болсын деген ырыммен істелген. Сондай-ақ, кейбір шығыс халықтары тазартылып, кептірілген асқабақ қабығына ақша салып, үйдің кіре берісіне қойса, ол үйге байлық шақырады деп есептеген. Енді бір халықтар асқабақ қабығын зұлым күштерден қорғану мақсатындағы жоралғыларда қолданған…

 

Жастық шақтың досы…

Ал, ғылымға құлақ түрсеңіз, асқабақты зұлым күштерге қарсы қолдана алмағаныңызбен, ерте қартаюға, түрлі ауруларға қарсы пайдалануыңызға әбден болады. Нақтыласақ: біріншіден, асқабақтың құрамында темір бар. Яғни, оны қаны аздықтың алдын алу мақсатында пайдалана аласыз. Темірмен қатар, асқабақта басқа көкөністерде кездесе бермейтін К және Т витаминдерінің болуы да қан құрамына оң ықпалын тигізеді. Т витамині тромбоциттердің түзілуі үшін қажет зат болса, К витамині де қан құрамындағы түзілістерге әсер етеді.

Екіншіден, асқабақ ағзадағы зат алмасу процестеріне оң ықпалын тигізеді. Мысалы, жоғарыда аталған Т витамині зат алмасу процесін жеделдетеді, сол арқылы семіздіктің алдын алуға жәрдемдеседі.

Асқабақ құрамындағы пектиндер — холестериннің «жауы». Сондықтан дәрігерлер оны атеросклероздың алдын алу мақсатында да пайдалануға кеңес береді. 

Үшіншіден, асқабақ — каротинге бай көкөністердің бірі. Ал каротиннің көздің көру қабілеті үшін аса қажет зат екені белгілі. Сондай-ақ, ғалымдардың айтуынша, каротиннің онкологиялық аурулардың алдын алуға септігі тиетін қасиеті де бар.

Тағы айтсақ: ежелгі Үндістанда асқабақ жастық шақты ұзартатын көкөніс саналған екен. Бүгінгі ғылым мұны асақабақ құрамындағы Е витаминімен байланыстырады: бұл витамин күшті антиоксидант боп табылады.

Асқабақ құрамында Е витаминінен өзге, С және В тобы витаминдері бар.

Микроэлементтерге келсек, асқабақ жұмсағында жоғарыда аталған темірден өзге, магний, калий, кальций, фосфор және фтор бары анықталған.

Жалпы, асқабақтың 100 грамында: 5,1 мг Е витамині; 400 мг каротин; 450 мг кальций; 43 мг С витамині; 0,07 мг В1 витамині және 0,09 мг В2 витамині бар.  

Күнделікті дастарқанда асқабақ ботқа, самса, құймақ түрінде, сондай-ақ салаттар құрамында пайдаланылады.

Асқабақтан құймақ әзірлеу үшін, Сізге: 500 гр асқабақ, 2 стакан сүт, 1 жұмыртқа, 1-2 ас қасық құмшекер, тұз және ұн керек.

Асқабақты үккіштен өткізіп, үстінен ыстық сүт құйыңыз. Отқа қойып, әбден жұмсарғанша қайнатып аласыз. Оттан алған соң, суытып қоясыз. Жұмыртқаны қантпен араластырып,  езгілеңіз де, асқабаққа қосыңыз. Тұз қосып, араластыра отырып, ұн себелеңіз. Қаймақ тәріздес болуы керек. Әбден араластырып алғаннан кейін, кәдімгі құймақ секілді, өсімдік майына қуырасыз.

Асқабақ және алма салатын әзірлеу үшін: 150 гр асқабақ, 4-5 алма, 1 шай қасық лимон шырыны, 1 шай қасық бал, 1 стакан грек жаңғағы және бір кішкене пакет кокос түйіршіктері керек.

Асқабақ пен алманы үккіштің ірі көзінен өткізіңіз. Одан соң лимон шырынымен және балмен жақсылап араластырасыз. Үстінен ұсақталған грек жаңғағын, одан соң кокос түйіршіктерін себелеңіз.

Картоп қосылған асқабақ. Бұл үшін Сізге: 400 гр асқабақ, 6-8 түйір картоп, аз ғана ұн, аскөк, тұз бен бұрыш керек. Асқабақты тілімдеп турап, ұнға аунатып, аздап майға қуырып аласыз. Картопты қабығымен қайнатыңыз. Содан соң тазалап, тұз, бұрыш себелеп, асқабақпен араластырып, пешке қойыңыз. Дастарханға әкелерде үстінен аскөк себелейсіз.

 

Ұйқысыздыққа қарсы сусын

Асқабақ халық емшілігінде кеңінен пайдаланылған. Мысалы, бауыры ауыратын адамдарға асқабақ қосылған күріш не тары ботқасы ұсынылған.

Асқабақ қуықта тас жиналмауы үшін де пайдалы саналған. Бұл оның құрамында су мен калийдің мол болуымен түсіндіріледі.

Жиі іш қатқан жағдайда, асқабақты шикі күйінде пайдаланады: 250-300 гр асқабақты үккіштен өткізіп, үшке бөліп, күніне үш рет, тамақтан бұрын жеу керек.

Ұйқысыздық мазалаған жағдайда да асқабақтың көмегіне жүгіне аласыз. Ол үшін асқабақ қайнатылған суға бал қосып, араластырыңыз. Жатар алдында стаканның үштен біріндей ғана мөлшерде ішу керек.

 

Кукурбитиннің пайдасы

Әсіресе, асқабақ дәні емдік мақсатта кеңінен қолданылады. Ғасырлар бойы оны ішек құрттарына (глист) қарсы дәрі-дәрмек орнына пайдаланған.

Асқабақ дәнінің 300 грамын ұнтақтап, үстінен бал қосып, әбден араластырады. Мұны бір сағат бойы аз-аздап қана аш қарынға жеу керек. Ал 4-5 сағаттан кейін майсана (кастор) майын ішіңіз. 

Асқабақ дәнінің ішек құрттарына қарсы қасиетін ғылым да мойындайды. Мұның сыры оның құрамындағы кукурбитин аталатын затпен байланыстырылады.

Асқабақ дәнінің құрамында мырыш көп. Ал бұл элемент жетіспеген жағдайда, ағзаның тартар зардабы аз емес: шаш түседі; бетке безеу қаптайды; сондай-ақ мырыш тапшылығы ойлау қабілетіне, көзге, ас қорыту мүшелерінің жұмысына кері әсерін тигізеді. Сондықтан мамандар ағзада мырыш тапшылығының алдын алу мақсатында да асқабақ дәнін жиі пайдалануға кеңес береді.

Асқабақ дәні 28 пайыз белоктан тұрады. Бұл оның құнарлылығын арттырады. Асқабақ дәнінен даярланған «Тыквеол» дәрісі медицинада бауыр ауруларын емдеуге, сондай-ақ биологиялық белсенді қоспа ретінде де қолданылады.

Ал асқабақ дәнінен әзірленген май туберкулез, ішек дерттеріне қарсы пайдаланылады.

Сөйтсе де, асқабақты емдік мақсатта пайдалану үшін, міндетті түрде дәрігермен кеңесу керектігін ескертеміз. Мысалы, асқазан жарасы бар, т.б. созылмалы дерттерге шалдыққан жандар асқабақты өте аз мөлшерде ғана пайдалана алады.

 

Асқабақ және сұлулық

Асқабақты терінің сұлулығын сақтау мақсатында да қолданады. Асқабақтан әзірленген қоректендіргіш маска кез келген теріге пайдалы: асқабақ жұмсағын үккіштен өткізіп, 1:1 етіп, өсімдік майымен араластырасыз.  

Күніне екі рет — таңертең және ұйықтар алдында бетті асқабақ шырынымен сүртуге болады.

Сондай-ақ, асқабақ дәнінен әзірленген майдың теріге ерекше пайдалы екені дәлелденген. Ол, әсіресе, құрғақ теріге пайдалы, Асқабақ майы теріні ылғалдандырады, жұмсартады, тері клеткаларының жаңарып отыруына көмектеседі, жұқпалы тері ауруларының алдын алуға септігі тиеді.

Дәріханадан асқабақ майын сатып аларда, оның қандай жолмен әзірленгеніне назар аударыңыз. Негізінен, салқын сығымдау әдісімен даярланған майдың құрамында барлық пайдалы заттар сақталады.

 

Қалай сақтау қажет?

Басқа көкөністерге қарағанда, асқабақтың бір артықшылығы — ұзақ сақталатыны. Асқабақ бөлме ішінде де бірнеше ай бұзылмай сақталады. Сөйтсе де, құрамындағы пайдалы заттар өз қасиетін жоймас үшін, асқабақты қоңыр салқын (+15  пен +2 градус аралығында), қараңғы жерде сақтаған жөн.

Асқабақты сақтағанда, күн сәулесі тікелей түспейтін жер таңдап алыңыз. Сондай-ақ асқабақтар бір-біріне тақалмай, аралары ашық тұруы тиіс.

 

Алып асқабақ

Егер кейбір Шығыс халықтары арғы ата-бабаларын топан судан асқабақты паналап аман қалған деп есептейтін болса, ал Батыс Еуропада кең тараған, бізге француз ақыны Шарль Перро арқылы жеткен «Золушка» ертегісінде сиқыршы әйел Золушканың күймесін асқабақтан жасайтыны есіңізде ме? Әрине, адам паналайтындай асқабақты елестету қиын. Дегенмен, деректер бойынша, 2010 жылы америкалық фермер Крис Стивенсон салмағы 821 кг болатын асқабақ өсіріп шығарған екен. Бұл Гиннестің рекордтар кітабына енген. Крис Стивенсонның рекорды алдыңғы рекордтан әлдеқайда жоғары. Алдыңғы рекордтық көрсеткіш — 480 кг болған.

Тек қана сәндік мақсатта өсірілетін асқабақ түрлері де бар.

Ал кәдімгі асқабақ тек тағам ретінде ғана емес, күнделікті тұрмыстық бұйымдар әзірлеу үшін де  қолданылады. Әсіресе Шығыста асқабақ қабығынан жасалған ыдыстар кең түрде қолданысқа енген. Мысалы, облыстық Достық үйінің музейінде ұйғыр шеберлерінің қолынан шыққан асқабақ қабығынан жасалған ыдыстар тұр.

 

Бетті әзірлеген И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button