Әлеумет

Бұқара

       Мәселе

 

Ауру — астан

 ҚР Бас мемлекеттік  санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин жаз маусымында тағамнан уланудың алдын алу мақсатында  сарқыттан  бас тартуға  кеңес берген болатын. Бұл, меніңше, құптарлық ұсыныс.  Әдетте, жаз мерзімінде үйлену тойлары мен басқа да шаралардың көбейетіндігін ескере отырып, санитариялық қызметте 40 жылдан астам тер төккен маман ретінде мен де той иелері мен қоғамдық тамақтану нысандарының қожайындарына тамақты дайындау мен сақтау технологиясын қатаң сақтауға және дастарқанға тез бұзылатын ас түрлерін қоюдан мейілінше бас тартуға кеңес берер едім.

Еліміз егемендік алып, еңсеміз көтеріліп, әр түрлі салт-дәстүрлерімізді  жаңғырттық. Бұрынғы «общий дефицит» деген дерттен ада болғаннан соң, тайлы-тұяғымыз қалмай барлық маңызды-маңызсыз нәрсенің бәрін үлкен той қылып өткізуге кірістік. Дарқандығымыз бен дарақылығымыз қатар жүретіндіктен, көптеген  шараны ұйымдастыруда олқылықтарға жол беріліп, тойларымызды сүреңсіз, қызықсыз өткізетініміз жасырын болудан қалды.

Менің айтпағым — әбден мезі қылатын саны көп, сапасы жоқ ішегі созылған  тост немесе ерсі асаба қылығы, шектен тыс ойын-сауық секілді нәрселер емес, сол күні қонақтарымыздың дәмді тамақтанып, көңіл көтеріп, ал ертеңіне құсып, іші өтіп, ыңғайсыз жағдайға  душар болатын жағдайлардың жиілеп кетуі.

Соңғы кездегі бойымызды жайлаған бәсекелестік (кім тамақтың көп түрін мол жасайды), жайбасарлық (тойға екі-үш сағат кешігіп келу), ашкөздік (пакетке толтырып тамақ салып алып кетуді басқаша атау мүмкін емес) тойымыздың аман-сау өтуіне тікелей қауіп-қатер төндіруде.  Бәсекенің жөні осы екен деп, салаттың бірнеше түрін дайындаймыз, себебі бұдан бұрын  болған өзгенің тойындағы салаттардан біреуі болса да артық болуы керек немесе басқа бір түрін міндетті түрде енгізу керек. Жақсы, егер ол салаттарды маман аспаз дайындаса құба-құп, алайда интернет арқылы құрамына небір түрлі  майонез, бояғыш заттар, жасанды дәмдеуіштерді жөн-жосықсыз қосып жасайтындары болады. Бұл салаттар екі сағаттың ішінде желінуі керек. Ал бізде олай емес, салаттар тойға дейін кемінде төрт сағат бұрын дайындалады, той екі сағаттай кешігіп басталады десек, қонақтардың әбден «быршыған» салатты жеуіне тура келеді. Бұл өміріңді қатерге тіккенмен бірдей. Тойымызда  жергілікті қонақтардан басқа республиканың түкпір-түкпірінен, тіпті шетелден келетін ағайын-тума, достардың болатынын ескерсек, нағыз масқара болатынымыз айдан анық. Олар жемес, уланбас, бірақ басқа бір-екі адам жеп уланса, тойда бірге болған оларды да дүрліктіріп, бірнеше рет тексеріп, сараптама алып, жұмыстан уақытша қол үзгендігін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Соның бәрі сіздің тойды дұрыс ұйымдастырмағандығыңыздың салдарынан болады. Кешегі зор абыройдан айрылып, бейшара күйге түсу — «бес минуттық» шаруа. Қуанамын деп жүріп күйзелу, артық қыламын деп тыртық қылу, өкінішке қарай, жиілеп кетті. Сондықтан той өткізетін мейрамхананың әрбір құжатты тексеріп  нақтылауына мүмкіндік беріп, тағамды тек өз қызметкерлеріне  ғана дайындату талабын мүлтіксіз орындауыңыз қажет. Сізге керек абырой тойхана иесіне де керек. Сізге жалпақшешейлік жасаймын деп, бизнесінен айрылу оған да тиімсіз, осыны көңілге түйген жөн.

Қуаныш болған жерде қайғы да қатар жүреді. Бұл — өмір заңы. Сондықтан бақилық болған, өмір бойы ардақтап келген туыс-досымызды арулап, жерлеп, кәделерін өткізіп, дұға оқыту — тірілердің міндеті. Алайда осы шараларды  өткізуде де дарақылығымызды доғара алмай отырмыз. Біріншіден, ішімдігі жоқ демесең, тойдан кем қылмай дастарқан жасаймыз. Түнімен отырып, тез бұзылатын  салаттар мен басқа да тағамдарды дайындаймыз. Оны сақтайтын жер болмағандықтан, ертеңгі сағат 11-12-лерге дейін  қонақтар келгенше әрбір бөлмеде, дәлізде, жертөледе, тіпті көршінің қорасына бетін жауып сақтаймыз. Тойға 200-300 адам келетінін, ал садақаға кемінде 1000-1500 адам келетінін ескерсек, қанша тағам дайындау керек?! Ауылдық жерлерде  садақаны үйде, қосымша орын ретінде көршінің үйінде, сарайында, есік алдына құрылатын брезент палаткаларда өткізеді. Жаздың аптап ыстығында быршып кеткен тамақты «аруақ риза болсын» деп ауызға тықпалаймыз, бұның соңы ертеңіне көптеген адамның улануына әкеп соқтырады.

Дана халқымыз «ауруын жасырғанды ажалы әшкерелейді» деп бекер айтпаса керек. Салт сақтаймыз, той жасаймыз, кәде атқарамыз. Мұның барлығы дұрыс. Тек халқымыздың маңдайына жазған дәстүрін сақтау қасиетін өз деңгейінде абыроймен өткізу — өзіміз үшін үлкен мәртебе. Ендеше, ойланайық, ағайын!

Теміржан СУҚАШЕВ,

КСРО  денсаулық сақтау ісінің үздігі,

жоғары санаттағы санитарлық дәрігер.

 

  • Ауыл

 

Менің шөбім неге өртеніп кете береді?

 

Қазір ауылдағы диқандар малдың жемшөбін дайындап, қысқа әзірленіп жатыр. Барлық күнкөрісі малға ғана қарап отырған ауыл жұрты үшін малдың жемшөбін әзірлеу науқаны өте маңызды кезең.

Қуаңшылықтан кейін мардымсыз шыққан шөбіне қанағат етіп, ауласына үйіп алса, ол шөп өртеніп кетпей, «аман-есен» тұрса, оның өзі үлкен олжа. Ал егер өзінің шабындық жері, не болмаса, оны шабатын техникасы болмаса, бар тапқан-таянғанын жұмсап, басқадан шөп сатып алсаңыз, оныңыз айдың күні аманында өртеніп, күлге айналса, жаныңыз шырқырамағанда қайтеді? Қазақ үшін мал ашуы — жан ашуы.

Редакцияға Мұғалжар ауданы, Шеңгелши ауылынан Серік Ершин деген азамат келді. Қолында бір бума құжаты, редакцияға жазған хаты бар:

— 3 маусым күні кешкі сағат он бірлер шамасында және 5 маусым күні  таңғы сағат 7.30-дар шамасында және 6 маусым күні кешкі сағат 23.00-дерде үш рет біреуі әдейілеп бензин құйып, қасақана қорамдағы шөбімді өртеп жіберді. Алғашқы екі рет жаққанда өртті өз күшімізбен сөндіріп алдық, 6 маусым күні шөбім толықтай жанып кетті. Шамамен 500 бума шөп болатын. Осы іс бойынша Мұғалжар аудандық ІІБ-нің Ембі полиция бөлімшесіне арыз жазғанмын. Алайда, бұл іс дұрыс тексерілмей, 8 тамыз күні түс мезгілінде түгел өртеніп кеткеннен кейін жинаған 1000 бума шөбімді тағы да өртеп жіберді, — дейді С.Ершин.

Ол өз хатында Шеңгелши ауылында тұратын екі адамның аты-жөндерін көрсетіп, олармен бес жылдан бері араз болып келе жатқанын, бір жылдан бері бұл кісінің үстінен жұмыс беріп отырған басшыларға арыз айтып, жұмыстан шығаруды ойластырып жүргенін, бұл іс-әрекеттерінен түк шықпаған соң, үйіндегі шөбіне қайта-қайта бензин құйып, қасақана өртеп отырғанын, құқық қорғау органдарының мұны дәлелдемей отырғандығын жазған. Бұған қоса Ембі полиция бөлімінің, Мұғалжар аудандық №2 сотының бұл іске қатысты қаулыларының көшірмелерін де көрсетті. Іс құжаттарына сүйенсек, Серік Ершин мен оның хатта көрсеткен ауылдасы арасында 220 литрлік бак үшін 2009 жылдан бастап ашу-араздық туындап, дұшпандыққа ұласқан. Енді екеуі бір-бірін сотқа сүйреп жүр.

Әрине, бұл істе кімнің ақ, кімнің қара екенін анықтау құқық қорғау органдарының міндеті. Алайда, жалпы қандай да болмасын елді мекенде бірлікті, берекені сақтай алмау сол елдің басшысына қандай сын болса, қылмыстың азаймауы құқық қорғау органдарына сондай сын. Ал бір үйдің шөбі үш айда өзінен өзі төрт рет өртенуі мүмкін емес. Редакцияға келген оқырманның жан ашуына бейжай қарай алмадық. Себебі, бейресми әңгімелер шөп өртеу арқылы кек алу ауылдық жерде бар факт екенін  байқатады. Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайтынын ескерсек, мұның арты жақсы болмайды.

М.ТАБЫН.

 

  • Әлеумет

 

Балабақшаға кімнің жаны ашиды?

 

Аудан халқының әлеуметтік, тұрмыс жағдайына қатысты сұрақтар, әкім қатысатын кездесулерде, әкім есебінде, ішінара мұғалімдердің тамыз мәслихатында айтылып, аудан басшыларының немесе халық қалаулысы атанған депутаттардың құлағына жетуі керек деп есептейміз.

Аудан мектептерінің, балабақшаның тарлығы мен ылғал болуы немесе бала өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін көше ережелерінің сақталмауы, жаяу жүргіншілер жолағының болмауы туралы мәселелер талай рет қозғалса да, сөз жүзінде қалып отыр. Бұның бір дәлелі — осы жылдың наурыз айында Шұбарқұдық орталығындағы «Балауса» балабақшасының бір топ ата-аналары аудан әкіміне осы мағынада хат жолдағанбыз. Ол хатта «Балауса» балабақшасының алдындағы жолдың тарлығы балалардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп тұрғандығын, көліктердің көптігі балабақшаға кірудің қиындық туғызатындығын, балалардың көлік астында қалу қаупі жоғары екендігін, балабақшаға қарсы жол бетінде мектеп бар, бірақ «балалар жүретін жаяу жүргінші» белгісінің жоқтығын айтып, кедергі жиектас (брусчатка немесе бордюр) салып беруін сұрағанбыз. Балабақшадан 50 метр қашықтықта кент әкімдігінің алдында осындай бордюр бар, ал балабақшаның алдында неге жоқ?

Бұл хатымызға аудан әкімі емес, сол кездегі Шұбарқұдық поселкілік округі әкімі міндетін атқарушы С.Төлеуов жауап берді: 

«Сіздердің 2013 жылғы 6 наурызындағы Темір ауданы әкімі Б.Қаниевтің атына жазған №ҰЖ-Ш-ІІІ — санды арызы бойынша төмендегідей мән жайды баяндаймын:

Шұбарқұдық кенті Асау-Барақ көшесіндегі орналасқан «Балауса» балабақшасының алдына 2011 жылы қыркүйек айында жол қозғалысын реттеу мақсатында асфальт кедергісі салынған болатын. Бұл жоғары жылдамдықта жүретін автомобильдердің жылдамдықты шамадан тыс асырмай көлік жүргізуін қамтамасыз етуде. Қазіргі таңда көктемгі судың салдарынан асфальт жамылғылары тозуда. Сонымен қатар автокөлік қоюға тыйым салу, балабақша алдына жол белгілерін салу туралы Темір аудандық ішкі істер бөліміне ұсыныс берілген болатын. Бірнеше рет ата-аналар өздері көліктерімен жол бойына немесе алдына тұрып алып балаларын бала-бақшаға кіргізуде. Жол полициясы қызметкерлері күнделікті рейдтер жүргізуде. Қазіргі таңда жол жиегіне жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салу, жол жиегіне бордюр салуға қаражат қарастырылмағандығын және қаражат бөлінген жағдайда жұмыс жасалатындығын хабарлаймыз» делінген хатта.

Бұл жауапты алып, көңіліміз құлазып қалды. Себебі қаражат қашан бөлінбек, жұмыс қашан жасалмақ — белгісіз. Үмітіміз қашан ақталар екен?..

Бір топ ата-аналар атынан С.ҚУАЕВА.

Темір ауданы. 

 

  • Тағдыр

 

Күнің не болады, тірі жетім?

 

Елімізде 5 миллионға жуық бала болса, соның 46 мыңнан астамы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар екен. Бұл жетімдер жөніндегі ресми деректер. Ал қазақстандық мамандар келтірген бейресми деректер бойынша жыл сайын елімізде 100 мыңнан астам бала ата-анасы бола тұра олардың қарауынсыз қалуы салдарынан кезбелікке, қаңғыбастыққа салынады екен.

Айта кетерлігі, елімізде ата-аналарының қарауынсыз қалған балалардың ресми статистикасы жүргізілмейді. Алайда ата-аналары ішімдікке салынып, нашақорлыққа душар болуы салдарынан қоғамдағы тірі жетімдердің санын күннен-күнге көбейіп бара жатыр. Естіген адамның жаны түршігерлік мына бір болған оқиғаны айта кетсем деймін.

Биыл 28 наурыз күні жұмыссыз ерлі-зайыптылар Сәндібек пен Балдан жолдастарының үйінде қонақ болып, ішімдік ішкен. Үй иесі келген қонақтармен араздасып, Сәндібектің әйелін балағаттап, отырыстың шырқын бұзады. Үй иесінің келеңсіз қылықтарына ренжіген бұлар үйлеріне кетіп қалады. Үйге келген соң Сәндібек бұрынғы әдетіне басып, балаларының шырт ұйқыда жатқанына қарамастан, айқай-шу шығарып, әйелі Балданды ұрып-соғады. Осындай жағдайды күнде көріп келе жатқан балалар қорқып, тағы да ұйықтай алмайды. Ашуға булыққан әйел масайған күйеуін бірнеше рет темір құбырмен ұрып-соғып, жерге құлаған оны сүйреп аула сыртына шығарып тастайды. Сәндібек сол жатқаннан тұрмай, ауыр дене жарақаты салдарынан көз жұмады.     

Сот талқылауында сотталушы Балдан өз кінәсін толықтай мойындап, күйеуін өлтіру мақсаты болмағанын, ішімдіктің салдарынан отбасының, балаларының өмірі астан-кестең болғанын, олар үшін қорыққанын айтты.  

Сот оны 3 жылға бас бостандығынан айырды. Балдан мен Сәндібектің кәмелетке толмаған балалары қорғаншылық және қамқоршылық органына берілетін болды. Міне, осыдан шығатын тұжырым, ішімдіктің салдарынан жазығы жоқ балалар әкесіз, анасының қамқорлығынсыз қалды. Өмірде үлгі алатын ата-ана дұрыс болмаған соң, келешекте балалардың болашағы, өмірі не болмақ? Алдымен ата-ана осы жағын ойласа екен деймін.

(Үкім заңды күшіне енбеген. Оқиға кейіпкерлерінің аты-жөні өзгертілген)

 

А.ШОНКИНА,

Мұғалжар аудандық сотының жетекші маманы.                                                     

 

 

  • Мемлекеттік тіл

 

Тіл өнері дертпен тең

 

Халықтың болмысы, өркениеттілігі, саналылығы және сауаттылығы оның тіл мәдениетімен, сол тілдің қолданыс ауқымының кеңдігімен, оралымдылығымен және ұтымдылығымен өлшенеді. Ерте заманда ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де осы құдіретті тілге жүгінген. «Тіл өнері дертпен тең», — деп тілдің қадір-қасиетін жете түсінген бабаларымыз үлкен дау-дамайда бір-ақ сөзге тоқтаған, ұлттық асыл мұрасы – ана тілін құрметтей білген.

Осы бір мұхиттай шексіз, ғажайып тіл – қазақ тілінің бір кездері арнасы тарылып, ағысы баяулап кеткені кеудесінде намысқой жүрегі бар қазақ ұлтының абзал азаматтарының жанына қатты батқаны хақ.

«Ана тілін білмеген, ақылы жоқ желікбас,

Ана тілін сүймеген халқын сүйіп жарытпас», — деп өзінің ана тілін қадірлей білмеген адамнан Отан сүйер ұл шығар, елін сүйер азамат шығар деп үміт күтуге бола ма?

Ана тіліне өзінің туған топырағында қамқорлық жасалмаса ажарынан айырылады. Тіл тағдары ел тағдырымен тікелей байланысты. Ел қамын сәт сайын санасында сақтайтын әр адам тіл тағдырын да ұмытпауға, естен шығармауға тиіс, өйткені тіл сатып алып меншіктейтін мүлік емес, ол мыңдаған жылдар бойы қалыптаса келіп, белгілі бір этностың тілін түзеп, ұлтты туындатады, ал тілдің өлуі бүтін бір ұлттың өшуі болмақ.

Қазақ халқының, қазақ тілінің кеңестік дәуірде орыс тілінің ықпалында болғаны рас.  Еліміз егемендік алғалы ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейе түсті. Қоғамда тіл тағдырына деген түсіністік орныға бастады. Бұл мемлекеттік тіл саясатының нәтижесі. Әрине, әлі де алаңдатып отырған мәселе аз емес. Орыс тілінде тәлім-тәрбие алған жоғары лауазымды адамдар өз ойларын орыс тілінде айтатыны жасырын емес. Сондықтан, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын әлі де кеңейту қажет.

Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторының бірі ретінде мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясын одан әрі кеңейте түсуге күш салу керектігін атап көрсеткені баршаға мәлім. Бұл үндеу еліміздегі тіл саясатының негізгі философиясын, нысанасын белгілеп берді.

Тілдерді қолдану мен дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның орындалу нәтижесі де көп мәселелердің жан-жақты қамтылғанын көрсетті.

Тіл саулығы — ел саулығы, қазақ тілінің мәртебесін көтеру барша қазақ халқының үлесі, балабақшадан, мектептен бастап, мемлекеттік мекемелерге дейін әр қазақ баласы бойына ананың ақ сүтімен тараған ана тілін қастерлей білуі ләзім. Тіл —ұлттық рух негізі, мемлекеттің басты мәселесі. Ұлттық рух негізі – ұлт тілін ұлықтау, оны төрге шығару баршамыздың борышымыз.

 

Г.ӘЖІҒАЛИЕВА,

Ақтөбе облысының  қылмыстық істер жөніндегі

мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.                   

 

  • Уақыт

 

Кәсібім — нәсібім

 

Қазір еңбектеніп, кәсіппен айналысамын деген адамға барлық жағдай жасалған. Тек ерінбей еңбек ете білсең болғаны.

Аудан орталығынан жырақта орналасқан Қаратаусай ауылында жер алып, алғаш рет тіршілігін бастаған көкөніс шаруашылығының еңбегі елден ерекше. Шаруашылық басшысын жұмыс орнынан ұстай алмадық. Дегенмен көктем шыға бақшаның басында күндіз-түні тер төгіп жұмыс жасап жатқан агроном мен жұмысшылар бригадасының басшыларымен кездесіп, тілдесудің сәті түсті.

Көктем шығысымен қимылдап, күнкөрістің қамымен жыбырлай бастайтын адам баласы, жылымық мезгілде шаруасын тындырып, барынша өнім алуға тырысады. Қаратаусай елді мекеніндегі көкөнісшілер де ерте қимылдады, округ әкімінен жер алған жеке кәсіпкер бірнеше жылдан бері бос жатқан тың жерге көкөніс көшеттерін отырғызып, бүгінде алғашқы  өнімдерін көріп отыр. Бұл кәсіппен алғаш рет айналысып тұрғандарын айтқан Виталий Молочны бастапқыда тәжірибенің жоқтығынан аздаған қиындықтарға жол беріп алғандығын айтады. Дәлірек айтқанда, жерді жырту, ол жерді суару үшін 600 метр қашықтықтағы Бөрте өзенінен су құбырын тарту сияқты жұмыстармен біраз уақыттарын жоғалтып алған.  Жалпы 5,5 га жердің 70 сотығына — қызылша, 15 сотық жерге — қызанақ, 1 га жерге — сәбіз, 0,5 гектарына қияр мен 0,5 гектарына картоп еккен. Көптеген зиянды жәндіктерден азар көргендіктен, қияр өнімін қайта егуге тура келген. Сонымен қатар, 20 сотық жерге қарбыздың дәнін сепкен. Алдағы уақытта піскен көкөністерді сату үшін «Табыс» сауда орнынан тұрақты бір орын алғысы келетіндерін жасырмады. Әрбір көкөніс өнімі туралы бақшаның баптаушы Тілдәбек Маханов былай дейді:

— Еткен еңбегімізге қарай алатын өніміміз де жақсы болатын шығар деп ойлаймыз. Тек мынау мынау күн сайын толастамай жауған жаңбыр мазаны кетіріп тұр. Жер астында пісетін картоп, сәбіз, қызылша секілді көкөніс түлері үшін тиер пайдасы жоқ емес, бар. Ал қызанақ пен қиярдың пісуіне күннің көзі қажеттірек. Жаз басында қуаңшылық пен шегірткелер зиянын тигізсе, енді, міне, мезгілсіз жауған жауынның салдарынан арам шөп қаулап шығып жатыр, — дейді.

Жауынмен жағаласып жүріп жинаған алғашқы өнімін —  4 тонна қызылшаны орташа бағамен 50-70 теңгеден әп-сәтте өткізіп жіберген. Сондай-ақ, 200 келіге жуық қияр өнімін апарған. Еңбектерінің жемісін көретін уақыт әлі алда дейді бақшашылар. Бригадада алты адам жұмыс істейді екен, ал шөптейтін кездері ауыл тұрғындары көмекке келеді екен. Диқаншылар келер жылы бау-бақша көлемін ұлғайтпақшы. Бұл өнімнен-ақ күреп пайда табуға, әрі қосымша ауыл азаматтарын жұмысқа тартуға болады.

 

Аманат ҚАЛПИЕВА.

 

 

  • Жәдігер

 

Тал бесік     

                         

Бесік — қазақтың ең құнды дүниелерінің бірі.  Қазақ баланы бесікке салуды да өнер деп қабылданған. Бесік тойы жасалып, бесікке салу рәсімі тәжірибелі, парасатты әжелерге табысталған. Бесіктің сыры тым тереңде жатыр.                                                                                            Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында ағаш бесіктің бірнеше түрі, соның ішінде қолөнер шеберлері Қуандық Жұбаниязовтың,  Нұрлан  Жақыбаевтардың  қолынан шыққан бесіктер сақталуда. Сонымен қатар дерегі белгісіздеу бір бесік болатын. 1965 жылы музей тұрақты мекенжайға көшкеннен кейін, аудан, ауылдарды аралап, ел ішінен қолөнер бұйымдарын, тұрмыстық бұйымдарды жинақтау жұмыстары жүргізіле бастаған-ды. Осы кезеңде музей қорына қоңыр түспен сырланған шағын бесік тіркелген екен. Музейде көрмелер ұйымдастыру кезінде немесе ғылыми түгендеу кезінде осы бір қарапайым тал бесік жөніндегі дерек аздығы ойландыратын. Қазақ халқы негізінен тал бесікті ерекше қадір тұтқан, талдан жасалған бесікке иіс-қоңыс көп сіңбейді және әр түрлі кішігірім жәндіктер де жоламайтындығын ескерген. 2009 жылы маусым айында музейге зейнеткер Аралбай Шошанов келді, ол бұрын Байғанин ауданы «Абай» кеңшарында атақты шопан болғанын, қазір Ақтөбеде тұратынын айта келіп, 1967 жылы музейге еңбек жолындағы мақтау қағазын, асықтар, тал бесік сыйға тапсырғанын айтты. Дереу музей қорындағы бесікті көрсеттім. Аралбай ағай бесікке қарап әлденені есіне түсіргендей: «Бұл бесікті үлкен қызым Алмагүлге арнап Байғанинде тұратын Орынбай Қанымқұловқа жасатып едім, музейде сол күйінде сақтаулы тұр екен», — деп қасына ерте келген немересі Айдосқа көрсетіп, ризашылығын  білдірді. Сөйтіп, тал бесіктің дерегі 42 жылдан кейін белгілі болып, құндылығы бұрынғыдан да арта түскендей болды.

 

Базаргүл  ТҰРЛЫБАЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейі

қорларды ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі.    

 

 

 

Оқырман хаттарын топтастырған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

                                                                             

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button