Әлеумет

Құжат алу жеңілдей ме?

 Тіршіліктің қай шаруасы да құжатпен расталады: дүниеге келген күніңнен бастап өмірден өткен күнге дейінгі барлық тірлігің қағазға түседі. Әйтпесе, істеп жүрген ісіңнің бәрі бекер, заңды емес деп танылады. Сондықтан да жиырма бірінші ғасыр болса да, компьютер өмірімізге дендеп кіргенімен, әлі күнге дейін адамдар таңнан кешке дейін құжатын рәсімдеудің қамымен қағаз толы папка ұстап, кабинет немесе үстел жағалап жүргені. Сонда құжат алу қашан жеңілдейді?

 

Елімізде бұл мәселені оңтайландыру мақсатында бірқатар шаруалар атқарылып жүр. Әсіресе, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері көптеген жаңа бағдарламалар іске қосылды. Солардың бірі — «Электронды үкімет» порталы. Портал — мемлекеттік органдарды біріктіретін жүйе.

Электронды үкімет құру ісі билік органдарының жұмысын анағұрлым тиімді, азаматтарға қолжетімді ету үшін қажет болды. Бұрындары әрбір мемлекеттік орган өз бетінше «оқшау өмір сүріп», басқаларымен  байланысқа түсе қоймайтын, ал азаматтардың алуан түрлі анықтама, растама секілді өзге де қағаздарды жинау үшін толып жатқан инстанциялардан  өтуіне тура келетін. Осының барлығы бір ғана қызмет түрін пайдалану үшін толып жатқан мекемелердің табалдырығын тоздыруға  мәжбүрлейтін. Бүгінде электронды үкімет жобаларының арқасында ол заман біртіндеп артта қалып барады.

— Осыдан 9 жыл бұрын елімізде электронды үкімет құру ісі басталды. Соған орай жасалған бағдарламаның басты мақсаты ақпараттық-коммуникациялық технология арқылы халыққа сапалы әрі жедел қызмет көрсету болатын. Негізі, электронды үкімет енгізу — мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруды көздейтін әкімшілік реформаның маңызды элементі. Ол мемлекеттік процедуралардың мөлдірлігін қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлықты төмендетуге мүмкіндік тудырады. Екіншіден, мемлекеттік аппаратты ұстау бойынша шығындарды қысқартады. Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын да түзейді. Үшіншіден, қызметінің кәсібилігі мен қызмет көрсетуді жақсартады. Төртін­ші­ден, салықтарды төлеу мен әртүрлі құжаттарды рәсімдеу процедураларына көп уақыт кетірмейді, — дейді Ақтөбе облысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығының бұқарамен байланыс менеджері Алмагүл Аткиева.

Электронды үкімет  — ақпараттық технологиялар көмегімен ішінара келісушілікті қамтамасыз ететін, мемлекет пен азаматтар арасындағы, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өзара әрекеттестігінің бірыңғай механизмі. Мемлекеттік органдарға кезекті қысқартып, анықтама, куәлік, рұқсат құжаттарын және тағы басқаларын алуды жеңілдетуге әрі жылдамдатуға  мүмкіндік берген де дәл осы механизм.

Басқаша айтқанда, e.gov.kz порталында мемлекеттік қызмет түрлерінің бірыңғай базасы құрылды.

Елбасымыз электронды үкімет құру идеясын алғаш рет тоғыз жыл бұрын тілге тиек еткен болатын. Осы уақыт ішінде электронды үкіметіміз қалыптасуы мен дамуының іргелі төрт кезеңінен өтті.

Бірінші, «Электронды үкімет» порталы іске қосылып, ақпараттармен толықтырылды. Екінші, интерактивті кезеңде электронды қызметтер ұсынылды. Кезекке тұрмай-ақ кез келген органға сұраныс жіберіп, қажетті құжат тауып алатын мүмкіндік туды. Үшінші, транзакциялық кезеңде салық пен айыппұлды, коммуналдық қызмет ақысын онлайн жүйесінде төлеуге жағдай жасалды. Әсіресе, кәсіпкерлер үшін оның пайдасы зор болды. Электронды мемлекеттік сатып алулар арқылы тендерлер мен бай­қау­лардың әділдігі мен ашықтығы айқын­далды. Төртінші, түрлендірмелі кезең. Мұның басты мақсаты — халыққа қызмет көрсетуді мейлінше жылдамдату. Әлеуметтік маңызы бар қызметтерге көңіл бөлініп, барлығы электронды үлгіге ауыстырылды.

 

ПОРТАЛДЫҢ ПАЙДАСЫ

 

Қазір Халыққа қызмет көрсету орталығына барып немесе үйде отырып-ақ көп анықтамалар мен қағаздарды тез алуға болады. Ол үшін интернетке қосылған компьютер қажет. Сосын www.e.gov.kzпорталына кіріп, тіркелсеңіз болғаны.

Қандай қызмет түрлерін жасай аламыз? Порталға тіркелген соң, ешқайда бармай-ақ, үйіңізде отырып-ақ, онлайн режимінде барлық коммуналдық төлемдерді төлеуіңізге мүмкіндік бар.
Порталдағы танымал қызметтердің кейбіріне тоқталайық. Айыппұл төлеу. Ол үшін порталға өзіңіздің көлігіңіздің номерін енгізіп, қандай да бір құқықбұзушылық немесе айыппұл төлейтініңіз туралы ақпарат ала аласыз. Өте тиімді. Мысалы, сіз шетелде жүрсіз делік. Ал сіздің ұлыңыз жол көлік оқиғасына тап болды. Сіз әлемнің кез келген жерінде жүріп айыппұлды өтей аласыз.
Мекенжай анықтамасын алу — порталда оңай жасалатын шаруалардың бірі. Сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталығынан жылжымайтын мүлік туралы ақпарат алу да жеңілдетілді.  

Ақтөбе облысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығының бұқарамен байланыс менеджері Алмагүл Аткиеваның айтуынша, порталдың тағы бір ұтымды жері  бір құжатты тіркету үшін енді Астанаға барып, кездесіп, тілдесу үшін қабылдау уақытын қарап, алдын ала жазылып жүрмейсіз. «Қазір Халыққа қызмет көрсету орталығындағы e.gov.kz бұрышы Министрлік қызметкерлерімен онлайн арқылы тілдесуге мүмкіндік береді», — дейді ол.

Портал азаматтардың уақытын үнемдеуге және мемлекет қызметкерлерінің қызметін тәртіпке келтіруге құрылды. Қазіргі таңда осы e.gov.kz порталының арқасында мемлекеттік жүйе сапалы, тез жұмыс жасайды.
Алдағы уақытта да портал арқылы қол жеткізуге болатын мемлекеттік қызмет түрлері әлі де көбейеді. Алайда олардың барлығын қолыңызда жүрген ұялы телефон арқылы немесе сөмкеңіздегі ноутбук арқылы пайдалану үшін электрондық сандық қолтаңбаңыз қажет.

 

САНДЫҚ ҚОЛТАҢБА АЛДЫҢЫЗ БА?

 

Алмасаңыз, тезірек алыңыз. Сізге дейін қаншама адам алып үлгерді. Болашақта электрондық құжат айналымға толық көшетін болады. Еліміз біртіндеп көшіп келеді. Әрі электрондық сандық қолтаңбаңыз болса, кабинет жағалап, кезек күтпейтін боласыз.

— Соңғы уақытта халыққа қызмет көрсету орталығына жеке куәлігін рәсімдеуге келген азаматтарға жаңа электрондық сандық қолтаңбасы бар, яғни сол азамат туралы барлық мәлімет орналастырылған чипі бар жаңа жеке куәлік берілуде. Осыған орай, жеке куәлігінде электрондық-цифрлық қолтаңбасы бар азаматтар барлық электрондық анықтамаларды, мемлекеттік баж салымдары мен алымдарын, салық төлемдерін, айыппұлдарды төлей алады. Айтпақшы, чипі бар жеке куәлік иелері электрондық үкімет порталының қызмет түрлерін пайдалану үшін картридер сатып алуларына болады. Картридер  (cardreader)— қандай да бір құрылғының карта жадысын, яғни жеке куәлік чипін, ұялы телефон, сандық фотоаппарат карта жадыларын «оқып беретін» құрылғы. Оны халыққа қызмет көрсету орталығынан 2200 теңгеге сатып алуға болады, — дейді Ақтөбе облыстық халыққа қызмет көрсету орталығындағы «Электрондық үкімет» порталының инспекторы Әсел Нәби.

Тағы бір жайт, жеке куәлігіңізде чип болмай, электрондық-сандық қолтаңбаны флешкада сақтаған болсаңыз, онда сізге картридердің қажеті жоқ. Алайда мамандар электрондық-сандық қолтаңбаның жеке куәліктің чипінде болғаны қауіпсіз екендігін ескертеді. Таратып айтсақ, флешкадан байқаусызда өшіріліп қалуы мүмкін ғой немесе өзге біреу пайдалануы әбден мүмкін. Ал жеке куәлік үнемі өзіңізбен бірге жүреді.

 

ВРЗ

1 шілдедегі есеп бойынша, жыл басынан бері Қазақстан азаматтарының жаңа жеке куәліктерінің чиптеріне 350 мың электрондық сандық қолтаңба жазылды.

 

СONNECTION-CENTER АШЫЛДЫ

 

Елбасының кезекті Жолдауында бұл жүйені одан әрі жетілдіру міндеті қойылған болатын. Қазіргі уақытта аталған бағыт бойынша өңірімізде ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр. Мысалы, қызмет түрлері аясын кеңейту, халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру секілді шаралар атқарылуда.

Қазіргі таңда «Электрондық үкімет» порталы бойынша барлығы 191 қызмет түрі, сондай-ақ лицензиялауға қатысты 81 қызмет түрі көрсетіледі. Оның ішінде Ақтөбедегі халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы 29 қызмет түрі бойынша құжат алуға мүмкіндік бар. 

— Порталдағы ең көп танымал қызмет түрі —  балаларды балабақша кезегіне қою. Сосын медицина қызметкерлері лицензиялау қызмет түрі бойынша көп келеді. Жалпы электрондық құжат айналымында қызмет түрлеріне байланысты олардың орындалу уақыттары да әртүрлі. Мысалы, электрондық үкімет порталында анықтамалар көзді ашып-жұмғанша дайын болса, кейбір құжаттар он бес күннің ішінде дайын болады. Егер кедергілер туындап жатса, екі күннің ішінде жауап келеді. Сондай-ақ біздің орталықта қоғамдық қолжетімді пункттер орналасқан. Оған кезек өте көп болады. Себебі электрондық-сандық қолтаңбасы бар тұрғындар да үйлерінде отырып-ақ, интернет игілігін көруге болатынын әлі де түсінбеген. Бұрынғыдай орталыққа келіп, терминалға кезек алады. Біздің арнайы мамандар сол терминал, яғни сол пункттердің қызметін түсіндіріп, азаматтарға қажет құжат, анықтамаларын сол жерден алып береді. Сондықтан қазір біздің орталықтың төменгі қабатында «Сonnection-center» өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы icке қосылды. Бұл жерге интернетке қосулы 8 компьютер қойылған. Аталған бұрышта азаматтар электрондық-цифрлық қолтаңбаға және «Электрондық үкімет» порталы арқылы анықтамаларға тапсырыс бере алады. Оның мүмкіндіктерін қолдану үшін сізге сектор кеңесшісі көмек көрсетеді, —  дейді Ақтөбе облыстық халыққа қызмет көрсету орталығындағы «Электрондық үкімет» порталының инспекторы Әсел Нәби.

Порталда жұмыс істеп отырған кезде сұрақтар туындап жатса, 1414 немесе

8-800-080-7777 нөмірлерін теріп, Call-орталық мамандарының кеңесін алуға болады.


P.S. Су жаңа компьютерді ойын баласының қолына беріп, ойыншық қылғанша, оның «тілін» өзіміз тәуір түсінуге тырысайық. Одан соң интернетке емін-еркін еніп, электрондық үкімет порталын пайдамызға жаратайық. Сонда ғана құжат алу жеңілдейді.

Тіршіліктің бітпейтін қағаз-құжатынан құтылып, өзіміз туралы барлық мәліметті чипке салып алып, алақанымызда ұстап жүреміз әлі…

 

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button