Әлеумет

Ибаға көмектесейік!

 

Қазақтың қаршадай қызына қалың елдің көмегі керек! Иба Жолдығалиева ресейлік дәрігерлердің қателігінен ауыр дертке ұшырап, емделу үшін көптің көмегіне мұқтаж болып отыр.

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің 3-курс студенті Ибаның анасы Айбарша Аймашеваның айтуынша, қызының бала кезде дені сап-сау болған. Спортпен, бимен айналысқан. 17 жасқа келгенде өз-өзінен тізесі ұстамай, жағдайы күрт нашарлап кетіпті. Екі аптаның ішінде ол таяққа, одан кейін балдаққа сүйеніп жүретін жағдайға жеткен.

Облыстық ауруханада емделгенінен түк нәтиже болмай, Ресейдің Самара қаласына барып қаралғанда оған жамбас сүйегі бүйірінде ісік бар, егер ол ісікті дереу алып тастамаса, сүйек жарылып, ісік бүкіл денеге жайылып кетуі мүмкін деген диагноз қойылған.

— Астана, Алматы қалаларындағы, тіпті Қытайдағы емханаларға бардық. Бірақ диагнозды көріп, ота жасаудан барлығы да бас тартты. Ақыры 2009 жылы қараша айында Самара қаласында қызыма екі рет ота жасады. Бірінші ота 9 сағатқа созылды. Алайда үш күннен кейін конструкция дұрыс қойылмаған деген себеппен таң атқанша, түні бойы тағы ота жасады. Сол кезде сол жақ бүйірдегі жамбас сүйегінің үштен екісі алынып тасталып, жамбас сүйектерін омыртқа арқылы ұстатып қоятын металл салынды. Пышақтың үстінде жүргендей, аяғын басқан сайын қиналса да, қызым 2010 жылы мектеп бітіріп, медициналық университетке оқуға түсті. Екі жыл бойы балдақпен, таяқпен жүріп оқыды. Міне, енді қазір жамбасына салған конструкция темірлері мүжіліп, шуруптар босап, теріден шодырайып шығып жатыр. Сүйектері үзілгелі тұр. Соның салдарынан қызым төсек тартып жатып қалды, оқудан академиялық демалыс алды, — дейді анасы.

Ибаның мүгедек анасы мен қарапайым көлік жүргізуші болып жұмыс жасайтын әкесі бар жиған-тергенінің басын қосып, Израильге барып келген. Ондағы мамандар әуел баста диагноздың дұрыс қойылмағандығын, Ибаға ота жасаудың қажеттілігі де болмағанын айтады. Және ем жасаса, Ибаның толықтай айығып кетуіне кепілдік беріп отыр. Ал ол үшін… 145 мың доллар қаржы қажет!!!

Қарапайым отбасының мұны табатын шамасы жоқ. Сол үшін Ибаға қолымыздан келгенше көмектесейік. «Жазылып кетсем, оқуымды жалғастырамын!» — дейді Иба.

Ибаның достары, университеттің жалпы медицина факультетінің 314 топ студент қанатымен су сепкен қарлығаштай, шыр-пыры шығып анда-мында барып жүгіріп жүр. «Бұл жағдайға ешкім нұмқұрайды қарамай, барлық студенттер, мұғалімдер, университет басшылары көмек қолын созып, белсенді атсалысуда. Мұндай үлкен қаражатты жинау қиын болғандықтан, біз барлық қазақстандықтардан көмек сұраймыз!», — дейді олар.

 

****

Жас актерлер жанашырлық танытты

 

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті жанындағы көп салалы колледждің «актерлік өнер» мамандығының оқушылары Ибаға көмектеспек ниеттерін білдіріп отыр.  

Актерлік өнер бөлімінің жетекшісі Орал Байсеңгірдің айтуынша, биыл оқу бітіретін болашақ актерлердің дипломдық жұмысы ретінде дайындалған жазушы, драматург Есенжол Домбайдың «Айналайын, ақ келін» (режиссері Ә.Нәжімеденова) атты комедиясы бүгін Жастар сарайында сағат 19.00-де Ибаға көмек ретінде қойылатын болады.  

— Студенттер Иба Жолдығалиеваға көмектеспек ниетпен бүгін, сағат 19.00-де барша көрермендерді Жастар сарайына шақырып отыр, — дейді О.Байсеңгір.

Жастардың бұл бастамасы басқа да өнер ұжымдарына, жалпы көпке үлгі болатындай іс. Сіз де қалыс қалмаңыз, оқырман. Сіздің көмегінің қажет! Көрермен боп келіңіз, көп тілегі қабыл болар…

 

***

Ибаның жеке есепшоты:

 

Аймашева Айварша Муратовна 05.12.1967ж. Куәлік № 034 225 530. 14.11.2012ж. ҚР ІІМ берілген. СТН 571 205 401 059

Орал қаласындағы Халық банк филиалындағы шот № KZ046012363000008279 теңге бойынша.

Шот № KZ 296012363100104166 доллар бойынша.

   

Немесе Ибаның өзіне 8778-472-40-91 телефоны арқылы, анасына 8777-569-12-67, 8775-449-11-67 телефондары арқылы хабарласуыңызға болады.

М.ТАБЫН.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button