Әлеумет

Уақытша еңбек шарты жасала ма?

 

Сара Жексенқызы, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Қызметкер жүктілігіне және босануына байланысты демалысқа кеткенде оның орнына жұмысқа алынған қызметкермен уақытша еңбек шарты жасалуы тиіс пе? Егер ондай еңбек келісімшарты жасалса, ол қандай мерзімге жасалады? 
Қалбибі Баймағанбетова, облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің бас маманы:

— Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 29-бабының 1-тармағы 4-тармақшасына сәйкес, еңбек шарты жұмыста уақытша болмаған қызметкердi ауыстыру уақытына жасалынуы мүмкін. Осындай мерзімдегі шарттар негізгі қызметкердің кез келген себептер бойынша жұмыста уақытша болмауы жағдайында (соның ішінде декреттік демалыста болуы кезінде де) жасалынуы мүмкін.
Кодекстің 53-бабының 4-тармағына сәйкес, жұмыс орны (лауазымы) сақталған қызметкердің жұмысқа шыққан күнінің алдындағы жұмыс күні уақытша болмаған қызметкердің орнын ауыстыру уақытына жасалған еңбек шарты мерзімінің аяқталар күні болып табылады.
Осы ретте, жалпы еңбек заңнамасының прин­ципі бойынша  онымен еңбек шарты (мерзіміне қа­рамастан) жасалған қызметкерге еңбек шарты мер­зімінің аясында еңбек заңнамасымен бел­гі­ленген барлық құқықтар мен кепілдіктер  қолданылады.

 

Сенімхатты тіркету — міндет

 

Айдар Күштілеуов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Сенімхат бойынша көлік жүргізетін адамдар нотариалдық растауы болмаса да, көлік иесінің қолдан жазған сенімхатымен автокөлік жүргізе беруіне болады дегенді естідім. Осы рас па?

— Облыстық жол полициясы мамандарының айтуынша, осы уақытқа дейін көлік құралын басқаратын адамдар көлік жүргізу құқы­ғына ие болу үшін сенімхат бойынша ақша төлеп, нотариалдық растаудан өтетін. Бірақ Қазақстан Республикасы «Жол жүру қауіпсіздігі туралы» Заңының 18-бабы 3-тармағына сәйкес, сенімхат бо­йын­ша көлік жүргізетін адамдар нотариал­дық рас­та­уы болмаса да, жол полициясы бөлімшесінде есеп­ке тұруға, тіркелуге құ­қылы екені жазыл­ған. Ендігі жерде көлік жүр­гізуші қара­пайым жазбаша сенімхатты жол по­лици­я­сына тегін тіркету арқылы көлік жүргі­зе алады. Сенімхат негізінде көлік құралын бас­қаратын адамдарды тіркеу және есепке алу тәр­тібі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің  2005 жылғы 23 тамыздағы №504 бұйрығымен бекітілген қағидаларды растайды.
Сенімхатты тіркеу мен есепке алудағы басты міндет — қылмысқа қарсы күресте, ұр­ланған автокөлікті немесе жедел іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жасалған шара.

 

 

Таза су ішкің келсе…

 

Жұпар, қала тұрғыны:

— Қазір ауру ауыз судан да тарайды деген сөз көп айтылады. Үй жағдайында балаға суды қалай тазартып беруге болады?
Салтанат Ержаханова, Ақтөбедегі  №2 қалалық емхананың учаскелік педиатры:

  Суды тазартудың ең қарапайым тәсілі — оны ашық ыдыста көлеміне қарай кем дегенде 2-4 сағат тұндырып қою қажет.  Сол кезде хлордың бір бөлігі ұшып кетеді де, судан келетін қауіп азаяды. Екінші тәсіл —  кез келген тұрмыстық сүзгіні пайдалану. Белгілі маркалы сүзгіштердің картриждері хлорды жояды, сондай-ақ құбырмен келген қоспалардан да тазартады. Балаға неғұрлым қайнатылған су берген дұрыс.

 

СЭС-тің сайты жетілдірілді

 

Кәдірбек, қала тұрғыны:

—Жаңа жылдан бастап облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау депаратаментінің сайты жетілдіріліп, қайта ашылғанынан хабардармын. Жаңа сайт туралы толық мәлімет берсеңіздер екен. 

Жайдар Құрманов, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры:

— Қазіргі  таңда  мемлекеттік  басқаруға енгізілген  ақпараттық-коммуникациялық  технологиялар  мемлекеттік органдар жұмысының  тиімділігін, тұрғындардың түрлі ақпараттарға қолжетімділігін  арттыру  арқылы азаматтық қоғам құруға   мүмкіндіктерін арттыра түсті. Санэпидқызмет органдары  жұмысының барынша  жариялы болуын қамтамасыз ету  мақсатында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық  қадағалау комитеті  Ақтөбе облысы бойынша департаментінің  www.sanepidaktobe.kz веб-сайты жұмыс жасайды. Тұрғындар көкейлеріндегі сауалдарын  департамент сайтының сұрақ-жауап айдарына қоя алады.

Бұған дейін де құрылымда сайт болды, бірақ оны жетілдіруге тура келді. Жетілдірілген жаңа  сайтта Қазақстандағы  «Саламатты Қазақстан», «Ақ бұлақ», «Балапан» мемлекеттік бағдарламаларының  жүзеге асырылуы, санэпидқызметінің іс-әрекетінің заңнамалар базасы туралы, мемлекеттік санэпидқадағалаудың заңды аспектілері, өңірдегі санитарлық-эпидемилогиялық жағдай жөнінде және басқа да бірегей анықтамалық-талдау ақпараттарды алуға мүмкіндік жасалады. Заңды және  жеке тұлғалардың  департамент мамандарының Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметкерлерінің Ар-намыс Кодексі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы  сақтаулары жөнінінде өтініш  жіберу үшін  сайтта  департамент директорының блогы ашылмақ. Сонымен қатар департамент сайты арқылы облыстың санитарлық-эпидемиологиялық  қызмет мамандарынан  жауап  алып, біліктілік санат алуға арналған тест сұрақтарымен, бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға  орналасу байқаулары және тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық  салауаттылығы саласындағы қолданыста жүрген нормативтік-құқықтық актілермен танысуына болады.

 

Нотариалдық кеңсе ашқым келеді

 

Ақбантик Сұлтанова, Қарғалы елді мекенінің тұрғыны:

— Заң саласы бойынша арнайы жоғары білімім бар. Бес жыл көлемінде еңбек тәжірибесінен өткенмін. Енді жеке нотариалдық кеңсемді ашпақ едім. Мұндай кеңсе ашу ісіне қандай талаптар қойылады?

Айдын Әуелбеков, заңгер:
— Еліміздің «Нотариат туралы» Заңының 6-бабы бойынша, нотариалдық кеңсе ашқысы келетін адам Қазақстан Респуб­ликасының азаматы болуы шарт. Соны­мен қоса жасы 25-ке жеткен, нотариустық жұмыс тәжірибесі кем дегенде бір жыл, Әділет министрлігінің аттестациялық комиссиясынан өтіп, нотариалдық жұ­мыспен айналысуға рұқсат алған адам­ның ғана кеңсе ашуға мүмкіндігі бар. Нотариалдық жұмыспен айна­лыс­қысы келетін азамат Әділет ми­нистр­лігінің аттестациялық комис­сиясынан өту жөнінде жергілікті жердегі әділет де­партаментінен толық мағлұмат ала алады.  

 

«102»-ні ғана теріңіз…

 

Аққали, Сазды ауылының тұрғыны:

—Үйімде байланыс телефоны жоқ. Бір-екі рет қылмысқа қатысты оқиғаның куәгері болдым. Ұялы байланыс телефоны арқылы құқық қорғау органдарына шағым түсіруге бола ма?

Алмат Иманғалиев, облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

— Құқық қорғау органына ұялы байланыс телефоны арқылы айтылған шағымдар да қабылданады. Ол үшін кодсыз, жай ғана «102» санын теріп, қоңырау шалсаңыз болғаны.

 

Еңбекке жарамсыздық парағы қанша уақытқа беріледі?

 

Данагүл, Қызылжар ауылының тұрғыны:

— Еңбекке жарамсыздық парағы қандай ереже бойынша және ең көп дегенде қанша уақытқа берілуі мүмкін?
Айдын Әуелбеков, заңгер:

— Қазақстан Республикасы Еңбек  кодексінің 159-бабына сәйкес, жұмыс берушi өз қаражаты есебiнен қыз­меткерлерге еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтiк жәрдемақы төлеуге мiндеттi. Ел Үкiметi бекiткен тәртiппен берiлген

ең­бекке жарамсыздық парақтары — еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтiк жәрдемақылар төлеу үшiн негiзгі құжат. Еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтiк жәрдемақылар қыз­меткерлерге еңбекке жарамсыздықтың бiрiн­шi күнiнен бастап еңбекке қабiлетi қал­пына келген күнге дейiн немесе мүгедектiк бел­гiленгенге дейiн Қазақстан

Республи­касының заңнамасына сәйкес есептелген олардың орташа жалақысының есебiмен төленедi. Еңбекке уақытша жарамсыздық­қа сараптама жүргізу, жұмысқа уақытша жарамсыздық парағы мен анықтамасын беру қағидалары бойынша, жүктiлiк және босану, сондай-ақ «Екi айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мер­зiмi белгiленуi мүмкiн ауру түрлерiнiң тiзбесiн бекiту туралы» Қазақстан Респуб­ликасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 4 желтоқ­сан­дағы қаулысымен айқындал­ған жағ­дай­ларды қоспағанда, жұмысқа уақытша жарамсыздық анықтамасы әртүрлі сырқатпен ауырған қызметкерге екi айға дейінгі мерзiмге берiледi. Егер сараптама қорытындысы бойынша адам денсаулы­ғы нашар деп табылса, дәрігерлік-кеңес комиссиясының екi ай­дан алты айға дейiнгi мерзiмге не­ғұр­лым жеңiл жұмысқа уақытша ауыстыру туралы қорытындысы берiледi. Мерзiмдi кәсi­бiне, аурудың ағымы мен асқыну­ына қарай дәрігерлік кеңес ко­мис­сиясы бел­гiлей­дi.

 

Сарымсақ — іш ауруларына ем 

 

Айнаш Қыдырәлина, Шалқар қаласының тұрғыны:

— Дәріханаларда іш ауруларына қарсы түрлі дәрі-дәрмектер бар. Бұл ауруды табиғи жолмен емдеуге бола ма?

Гауһар Досмырза, жедел медициналық жәрдем ауруханасының перзентхана медбикесі:

— Мұндай жағдайда бөлшектенген қараот (портулак) жапырағын бір стакан ыстық суға салып, тұндыру қажет. Содан соң 30 минут қайнатып, оған бір-екі бас ұсақталған сарымсақ қосады. Сұйықтықты жиырма минут тұндырып, сүзгіден өткізген жөн. Жұқпалы іш ауруларында осы тұнбаны бір-екі стаканнан күніне үш мезгіл тамақтанардан жарты сағат бұрын қабылдаған дұрыс. Ал іш өткен кезде 2-3 грамм сарымсақ ұнтағын күніне екі рет тамақтан кейін қабылдайды. Мұның тиімді әсері бірден байқалады, адамның тамаққа деген тәбеті оянады.  

 

Оқырмандар сауалына жауап

іздеген Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. салеметсізбе мен мектепке уакытша жұмыска кіріп 11 ай істедім енді мен демалысқа құқығым барма? демалыстан кейін қорытынды ақшамды ала аламынба.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button