Әлеумет

«Анық арсыздық…»

 

Елімізде әрбір бесінші бала некесіз дүниеге келеді екен. 2006-2010 жылдар аралығында Қазақстанда некесіз дүниеге келген сәбилер саны 352 400-ге жеткен.

Әлеуметтік зерттеулер бойынша, Қазақстанда жасөспірім қыздар жыл сайын 10 мыңға жуық жасанды түсік жасатады…

Тағы бір зерттеудің қорытындысы бойынша, Қазақстанда қыздардың 70 пайызы (сенгің келмейді!) тұрмысқа шыққанға дейін ер адамдармен қатынаста болады. Олардың 60 пайызы жүктілікке ұшырайды.

Бұл деректер, өкінішке орай, елімізде зинақорлықтың кең қанат жайған құбылысқа айналғанын көрсетеді.

 

Үлкен күнәлар қатарына жатады

…ал дінімізде зинақорлық үлкен күнәлардың қатарында аталады. Бұл жөнінде облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің найб-имамы Серікжан Еншібайұлы былай дейді:

Ислам — арсыздық атаулыға қарсы дін. Некесіз қатынасты дініміз арсыздыққа жатқызады. Құранның «Исра» сүресінде: «Зинаға жоламаңдар!. Ол — анық арсыздық және жаман жол» — делінген. Яғни, «зина жасамаңдар» емес, оған мүлде жоламаңдар деп бұйырылған. Құранды тәпсірлеген ғалымдардың түсіндіруінше, бұл: «зинаның өзі түгілі, оған апаратын жолдардың бәрі — харам» дегенді білдіреді. Туысқандарыңнан бөлек, шариғат үйленуге рұқсат беретін әйелге (әйел адамдар үшін — ер кісіге) қараудың өзіне қатаң тыйым салынады. Пайғамбарымыздың хазіреті Әлиге айтқан: «Бір рет қарау — сенің хақың, ал екінші рет қарауға хақың жоқ» — деген сөзі бар. Байқамай, бір рет көзің түсуі мүмкін, ал содан кейін әдейілеп тағы қарар болсаң, бұл — көз зинасы, яғни күнә. Құмарлықпен қарау — зинаға апаратын жол. Адам баласының табиғатында, жаратылысында нәпсі бар. Алла Тағала сол әлсіздікті меңзеп, үлкен күнәға қалай барғанын білмей қалмасын деп, бізді сақтандырған.

Серікжан Еншібайұлы сонымен қатар: «Өз басым адам дін шарттарынан хабарсыз болған күнде де, зинаның — арсыздықтың бір түрі екенін ақыл-парасатымен білуі, одан сақтануы, тартынуы тиіс деп ойлаймын» — дейді.

Мұхаммед пайғамбардың хадисінде зинақорлықтың алты түрлі жазасы болатыны айтылған. Олардың үшеуі осы дүниеде (ал үшеуі — о дүниеде) кезігеді екен: бұлар — адамның бетінен нұрын кетіреді; кедейлікке ұшыратады; өмірі қысқа болады. Пайғамбарымыздың осы өсиетін естіп отырған бір кісі: «Бірақ зинақорлықтың батпағына әбден батса да, шіріген бай адамдар бар емес пе?» — деп дау айтады, бұған Алланың елшісі: «Олардың барар жері — тозақ» — деп жауап берген деседі.

Тағы бір хадисте: «Мынадай үш түрлі адаммен Алла Тағала қиямет күні сөйлеспейді, оларға рақым жасамайды, күнәларын кешпейді: қарт зинақор, өтірікші басшы және мақтаншақ  кембағал» — делінген.

Ислам діні сияқты, басқа діндерде де зина үлкен күнәлар қатарында аталады. Інжіл: «Кімде-кім бөгде әйелге құмарлықпен қарайтын болса, бұл — жүрегін зинақорлыққа бұрғаны» — дейді.

 

Кім кінәлі?

Осы тақырыпта сөз қозғалғанда, байқасаңыз, негізінен қыз-келіншектерді кінәлауға бейімбіз. Жалпақ жұрттың әңгімесін былай қойып, кейбір діни сайттардағы мақалалардың өзі: «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді», «Бүлдіршін көзін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбейді» — сынды мақалдармен басталады. Сонда ар-ұят мәселесінде ер-азаматты (!) итке, буыршынға теңеу қаншалықты ақылға қонымды? Ар мен ұяттың бүтіндігін әйел затының «еншісіне ысырып» қойған ұлттың ертеңі не болмақ?

Исламда бұл мәселеде, керісінше,  ер-азаматқа көбірек жауапкершілік жүктеледі.

Мұхаммед пайғамбардың хадисі бойынша, өзінің әйелін, қарындасын зинадан қорғамаған адам — даюс, яғни доңыз. «Ондай адам жұмаққа кіре алмайды» — делінеді. Ер-азаматтар өз жұбайының, қарындасының, қызының ашық-шашық киінбеуін, жаман жолға түспеуін қадағалауға міндетті. Сондай-ақ, дінімізде ер-азаматтан басқа әйелдерді де өз анасындай, өз қарындасындай құрметтеу талап етіледі. Хадисте: «Егер де әйелдеріңіздің арлы, намысты болғанын қаласаңыздар, бөгде әйелге құмарта қарамаңыз» — делінген. Тағы бір хадисте Алла Тағала ақырет күні жеті адамды өз көлеңкесіне алатыны айтылады. Солардың бірі — бай, сұлу әйел күнә істеуге шақырғанда, «Алладан қорқамын» — деп, жауап беріп, бас тартқан адам. Имандылық дегеніміздің өзі ең алдымен — Алладан қорқу, — дейді Серікжан Еншібайұлы.   

Найб-имам өз пікірін: «Бүгінде әйел Ана ретінде құрметтелмейтін болды. Мысалы, машинаның жарнамасына да жалаңаш әйелдің суреті қойылады. Бұл — әйел затының құнын түсіріп алғанымыздың  көрінісі» — деп жеткізді.

 

Дәрі-дәрмектің әлегі

Осы орайда тағы бір пікір: америкалық жазушы Дженнифер Мозес зинақорлық «дертінің» өршуін жүктілікке қарсы дәрі-дәрмектердің қолжетімді болуымен байланыстырады. The Wall Street Jornal басылымына берген сұхбатында жазушы әйел: «Неге біз қыздарымызды жезөкшелер сияқты киіндіреміз?.. Біз — жүкті болып қалу қаупінен ең бірінші «азаттық» алған, жүктілікке қарсы дәрі-дәрмектердің «пайдасын» бірінші болып көрген ұрпақтың өкілдеріміз. Менің құрбыларымның қай-қайсысы да қазір жастық шағын еске алғанда, қатты өкінетінін, ұялатынын айтады. Бір құрбым маған сыр ақтарғанда: «Егер жастық шағым қайта айналып келер болса, бәрі басқаша болар еді» — деп аһ ұрды. Ал сөйте тұра, қыздарымызды сондай өкініштен сақтап, қорғап қалуға еш тырыспайтынымыз түсініксіз-ақ» — депті.

 

Даллестен бұрын… 

Енді бір зерттеушілер зинақорлықтың кең таралуының себебін әдебиетте, ән әлемінде, кинода махаббаттың шектен тыс дәріптелуінен іздейді және мұның өзі Аллен Даллестің доктринасынан (1945 жыл) әлдеқайда әріде, XVIII ғасырда Еуропада басталған деп дәлелдейді. Егер өз тарихымызға үңілсек, 1920-30-жылдары большевиктер қазақтың бүкіл жыр-дастандарын жинап алып, пайғамбарлар, хандар, батырлар туралы, яғни, адамшылық, елдік, ерлік тақырыбындағы дүниелерге тыйым салған да, ал махаббат тақырыбындағы шығармаларды жарыққа шығаруға рұқсат етіпті. Бұдан қандай да бір астар іздеу-іздемеу — өз еркіңізде.

Ресейлік діни сайттарда махаббат тақырыбы жиі қозғалып, адамдардың бұл сезімді тым арзандатып алғаны, азғындық атаулының махаббат атын жамылып жүргені жөнінде көп айтылады. Расында, бүгінде тіпті гомосексуалдар да махаббат атын жамылып алған: 58 жасында 42 жастағы өзімен бірдей жынысты адаммен «азаматтық некеге» (Англияда бұған рұқсат беріледі) тұрған ағылшынның атақты әншісі Элтон Джон «Миррор» газетіне берген сұхбатында: «Өмірдегі ең үлкен бақытым — Дэвидпен табысқаным» — деп «елжірепті»…

Біздің дінімізде ерлі-зайыптылар арасындағы махаббат қана насихатталады. Мұхаммед пайғамбардың хадисінде: «Қашан да ер кісі әйеліне, әйелі еріне мейіріммен қараса, Алла Тағала да оларға рахмет назарымен қарайды. Бірінің алақанына екіншісі алақанын қойса, саусақтарының арасынан күнәлары төгіледі» — делінген.

 

Жетімдердің көз жасы

Зинақорлықтан ұлттың, қоғамның шексіз зиян шегетіні жөнінде айтылып-жазылып жүр. Сөйтсе де, оқырман санасында кей деректерді жаңғырта кеткенді артық көрмедік.

Егер өткен ғасырдың 80-жылдарында Қазақстанда әрбір оныншы бала некесіз туылған болса, қазір әрбір бесінші (!) бала некесіз дүниеге келеді. Бүгінгі күні елімізде жастардың 22 пайызы — некесіз дүниеге келгендер.

Бұрынғы қазақ: «Қиямет күнінде әр адам өзінің ата-бабасы, үрім-бұтағымен бір қатарға тұрып, сапқа тізіледі» — деп, ұрпақ пен ұрпақтың ақ-адал, заңды жолмен жалғасуына ерекше мән берген, ата-баба ұғымын қатты қастерлеген. Ал ата-бабасы болмаса, қай қатарға қосылмақ? Үлкендердің айтуынша, қазақтардың көне салты бойынша, некесіз туғандар мен өзіне-өзі қол жұмсағандар жалпы қорымға жерленбеген, оларды аулаққа, бөлек жерлейтін болған.

Ал қазіргі қазақ отырып қалған қызға: «Жалғыз қаласың ғой, ең болмаса, біреуден сәби сүй» — деп «жаны ашиды»…

Қоғамда «азаматтық неке» деген ұғым қалыптасты.

Осы жерде «неке» сөзінің қолданылуы тіпті де қисынға келмейді, — дейді «Нұр Ғасыр» мешітінің найб-имамы Серікжан Еншібайұлы. — Расына келгенде, бұл некесіз қатынас қой. «Неке» дегеніміз ең алдымен — жауапкершілік: отбасы тағдырына, жар мен бала тағдырына деген жауапкершілік. Неке қиылмаған жерде, ондай жауапкершілік болмайды. Кейде қаракөз қарындастарымыз мешітке: «Бір-бірімізді ұнатып, бірге тұрған едік. Оның сөздеріне сеніп, неке қимай-ақ бірге тұруға келісім бердім. Бірақ ол мені тастап кетті. Ал менің аяғым ауыр (немесе: балаларым бар). Енді не істеймін?» — деп, жылап келіп жатады. 

Дін қызметкерінің сөзін деректермен толықтырсақ, «азаматтық неке» деген желеумен некесіз бірге тұрғандардың 80 пайызы дәм-тұзы жараспай, бөлек кетіседі екен. Тек бестен бірі ғана ресми некеге тұратын көрінеді. Және жер-жерлердегі әйелдерге әлеуметтік көмек көрсету орталықтарына шағымданушылардың дені де — некелеспей-ақ «отбасы» болып тұрып жатқандар…

«Азаматтық некесіз-ақ», кездейсоқ қатынастардан аяғы ауыр болып, әке-шешенің, елдің бетіне қарай алмай, нәрестесін жетімдер үйіне өткізіп жатқандар қаншама?

«Өкінішке орай, Қазақстан жетімдер саны жөнінен мұсылман елдері арасында ең жоғары көрсеткіштердің біріне «ие» болып отыр. Тыйымға мойынсұнбаудың бір салдары — осы: жетімдердің көз жасы» — дейді Серікжан Еншібайұлы.

 

18 бен 25-тің арасы…

Тағы бір үлкен қауіп — жыныстық қатынас арқылы жұғатын аурулар мен жасанды түсіктің көбеюі, сол арқылы жастарымыздың өз болашағына, ұрпақ сүю бақытына балта шабуы.

Мамандардың айтуынша, жыныстық қатынас арқылы таралатын жұқпалы аурулар саны 20-дан асады.

Облыстық тері-венерологиялық диспансерінің дәрігері Ақжарқын Бөлекбаева:

Мұндай аурулардың кейбірі еш белгі бермей дамиды. Науқас өзінің ауруға шалдыққанын сезбейді. Мысалы, кейбір келіншектер өзінің хламидиоз, трихомоноз дертіне шалдыққанын жүктілік кезіндегі зерттеулер қорытындысы арқылы бір-ақ біліп жатады. Белгі бермей өтетін мұндай індеттердің қауіптілігі: уақыт өте келе ер адамдарды белсіздікке, әйелдерді бедеулікке соқтырып, ал жүкті болған жағдайда — іштегі нәрестенің өміріне, денсаулығына қатер төндіретіні , — дейді.

Сонымен қатар, Ақжарқын Бөлекбаева: «Жыныстық қатынастар арқылы жұғатын дерттермен есепке алынғандар арасында, өкінішке орай, 18 бен 25 аралығындағы жастардың «үлесі» басым» — дейді.

Еліміз бойынша СПИД құрығына ілінгендер қатарында да 20 мен 30 аралығындағы жастардың «үлесі» жоғары: 44 пайыз. Әдетте жастар өз денсаулықтарына мүлде мән бермейді. Жыныстық өмірдің тым ерте басталуы осынысымен қауіпті. Жыныстық өмірді ерте бастау «салтқа» айналып кеткен Еуропада қазір белсіздік — ең көп қойылатын диогноз көрінеді. Ал АҚШ-та 14 пен 19 жас аралығындағы қыздардың 26 пайызы жыныстық жолмен жұғатын дерттерге шалдыққан.

Егер бұрын қорғаныс тапшылығы вирусының таралу жолдары арасында нашақорлық «бірінші» орында тұрған болса, ал кейінгі жылдары есепке алынған жандар арасында оны төсек қатынасы арқылы жұқтырғандар саны көбірек. Облысымыздағы СПИД-ке қарсы күрес орталығында 2011 жылдың бастапқы тоғыз айы ішінде тіркеуге алынғандардың 65,4 пайызы — медицина ауыздықтай алмайтын вирусты жыныстық жолмен жұқтырғандар.

 (Ал солтүстік көршіміз Ресейде халықтың 1 пайызынан астамы, яғни әрбір 100-ші адам СПИД вирусын жұқтырған. Әсіресе, Қазақстанмен шекаралас Орынбор, Самара облыстарында СПИД-тің таралу көрсеткіші өте жоғары. Бір ғана Орск қаласында 10 мың адам есепке алыныпты).

Жасанды түсіктен кейінгі асқынулар салдарынан ана болу бақытынан мәңгілікке айырылып қалып жатқан бойжеткендер және бар. Бала сүю бақытынан ерте айырылғандар санының көбеюі демографиялық көрсеткіштерге кері әсер етпей қоймайды. Ал біз онсыз да аз халықпыз…

 

Қаталдық сыры

Зинақорлық — ажырасудың көбеюіне жол ашып отырған факторлардың бірі. Әлеуметтанушылар жүргізген сауалнамаға жауап берушілердің 52 пайызы ерлі-зайыптылардың бірінің адалдықтан аттауын ажырасудың басты себебі ретінде атапты.

Серікжан Еншібайұлы:

Дінімізде отбасылы жандардың зинақорлығына барынша қатаң қарау талап етіледі. Егер үйленбеген адам зина жасаса, оның жазасы — жүз дүре. Ал отбасылы адам ондай күнәға барса, ел-жұрт оны тасборанның астында қалдырған. Ата-бабамыз ұстанған шариғат заңы бізге қанша қатал көрінгенімен, «Тәртіпке бағынған құл болмайды» — деп, Бауыржан Момышұлы айтқандай, бұл ең алдымен шаңырақтың шырқы бұзылмауы үшін істелген, — дейді.

Отбасылы адам зинақорлық арқылы өз арын ғана былғамайды, жар намысын аяққа таптайды, бала тағдырын тәлкекке салады, шаңырақты шайқалтып, тірі жесір әйел мен тірі жетім балалардың көбеюіне жол ашады.

Әрине, бойдақтардың жазасы жеңіл болса, жауапкершілігі де төмен деп түсінбеу керек. Құранның «Нұр» сүресінде: «Үйлене алмағандар, Алла өз кеңшілігімен байытқанға дейін, күнәлі істерден өздерін таза ұстасын» — делінген.

 

…қайда апарады?

Зинақорлық жайлаған Еуропа, рухани жағынан, адам сенгісіздей құлдырап отыр: кәрі құрлықтың көптеген мемлекеттерінде біржыныстылар некесіне ресми түрде рұқсат берілгені былай тұрсын, кейбір елдерде (мысалы, Швецияда) біржыныстылар тіпті шіркеуге (!) барып та неке қия алады. Англияда бұл құбылыстың қалыпты саналатыны соншалық, кейбір мектептерде гомосексуал ұлдарға арнап бөлек әжетханалар ашылған. Еуропаның кейбір мемлекеттерінде тұрғындардың 20 пайызын «көгілдірлер» мен лесбиянкалар құрайтын көрінеді… Тіпті жоғары биліктегілер де өздерінің сол жолда екендіктерінен еш қысылмайды: Исландияның әйел премьер-министрі Йоханна Сигурдардоттир жазушы әйел Йонина Леосдоттирмен қатынасын ресми түрде тіркеген, т.с.с. Ал Германияда педофильдерге заң өте жұмсақ: тәртібі «дұрыс» болса, небәрі екі-ақ жылда түрмеден босап шығады.

Еуропада БАҚ-тағы, кинодағы бассыздықтарды былай қойып, ғалымдардың (!) өздері: «жасөспірімдер үшін жыныстық қатынас пайдалы» — деген насихатқа көше бастады.

Еуропа халықтарының демографиялық көрсеткіштері құлдырап, көптеген елдерде тұрғындардың басым бөлігін егде жастағылар құрап отыр. Мысалы, Италияда халықтың 14 пайызы ғана жастар екен.

Зинақорлықтың асқынған сипаты осындай.

…егер зинақорлық «дертін» асқындырар болсақ, ертеңгі күні біздің де ұрпағымыз педафиль, «көгілдір» болып кетпей ме? Ең қорқынышты қауіп — осы.

 

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button