Әлеумет

«Таблиғи жамағат» — елге жат ағым

 

Прокуратура органдарының ұсынуымен 2013 жылдың 26 ақпанында Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының шешімімен «Таблиғи жамағат» діни-миссионерлік ұйымының Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым салынды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі осы жат діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені біздің қоғамның бір бөлігінің шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз» — деп, дәстүрлі емес секталар мен жалған діни ағымдардың қызметіне қатаң тосқауыл қою қажеттігіне баса мән берген болатын.

Таблиғшылар Орталық Азия елдерінің барлығында белсенді қызмет атқарып келді. Алайда Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан елдерінде және Ресей Федерациясында олардың қызметіне тыйым салынғанына біршама уақыт болды.

«Таблиғи жамағат» деструктивті діни ұйымдардың қатарына жатады. Теологиялық жағынан аталған діни ұйым исламның сунниттік бағытын ұстанғанымен, бірқатар ғалым-сарапшылардың пікірінше, оның идеологиясы исламның бірқатар қағидаларына қайшы және радикалдық тұрғыдан уахабизмге жақын. Яғни бұл қозғалыстың идеясы балама ойлар мен пікірлерді жоққа шығарады. Шындығында, исламның Ханафи бағытына мұндай біржақтылық тән емес.

Ислам дінін зиянды әсерлерден тазалау деген желеуді алға тарта отырып, бұл қозғалыс өзге діндер ғана емес, исламның басқа тармақтарына қарсы шығу арқылы, дінішілік әрі дінаралық қақтығыстардың туындауына себепкер болмақ.

«Таблиғи жамағат» өз мүшелерін Аллаға бойсұнуға, құлшылықтарды ретімен орындауға, діндестерге құрмет көрсетіп, ислам құндылықтарын насихаттауға үндейді. Сөйтсе де, таблиғшылар өз ілімінде ислам дінін ұстанушылардың басқалардан артықшылығы туралы ойларды кеңінен насихаттайды. Мұндай идеялардың бұқаралық деңгейде қоғамдық санаға енгізілуі, өз кезегінде, оның мүшелерінің басқа дін өкілдеріне қатынастағы төзімсіздігінің туындауына алып барады. Ең бастысы – зайырлы заңдар мен қағидаларды және қоғамның тарихи-мәдени дәстүрлерін орындаудан алыстатады. Осы ретте айтар болсақ, соңғы 20-30 жыл ішінде таблиғшылардың өзге дін өкілдерін қабылдамауға бейімділігі заманауи әлемдегі діни радикализмнің, экстремизм мен терроризмнің қозғаушы күшіне айналып отыр.

«Таблиғи жамағат» ұйымына ерушілер, негізінен, саналы-санасыз түрде лаңкестер ұстанатын  жихадшылық идеологиядан аса ерекшеленбейтін исламдық сенімді ұстанады. Көпшілік жағдайда дінге бет бұрған жас мұсылмандардың діни санасының радикалдануының алғашқы қадамы «Таблиғи жамағат» қатарына қосылудан басталады. Француздық басылымдарда жазылғандай, ислам атын жамылған экстремистердің 80 пайызы осы ұйым қатарынан шыққан. «Таблиғи жамағат» ұйымы оқшауланған қозғалыс болып табылады. Оның негізгі орталықтары Үндістанда, Пәкістан мен Бангладеште орналасқан болса, ұйымның бағдарламалары мен нұсқаулары қозғалыс басшыларының шағын тобына ғана белгілі. Мұндай тәсіл ислам қағидаларына қайшы, өйткені дәстүрлі ислам оқшаулану мен соқыр бойсұнушылықты құп көрмейді.

Дін істері Агенттігінде қызмет ететін дінтанушылар таблиғшылардың негізгі кітабы болып табылатын «Фазаил амали» кітабына талдау жұмыстарын жүргізіп, қозғалыстың идеялық негіздері өз мүшелерінің ерік-жігерлерін басып тастауға әрі олардың кәсіби және интеллектуалдық іс-әрекеттерін шектеуге бағытталғанын анықтады. Бұл кітапта «адамды Алламен байланыстыра алатын» (!) «діндар» шейхты табу әрі «оған қызмет етіп, өз еркің мен қалауларыңды жоқ етіп, оның айтқанымен жүру керектігі және оның әмірлерін бұлжытпай орындау қажеттігі» насихатталады.

Кітапта тіпті отбасының мұқтаждығын өтеуге мұрша бермейтін дәрежеде дінге шексіз қызмет етуге көп көңіл бөлінген.

Біздің қоғамымызда да «Таблиғи жамағат» ізбасарларының «дін тарату» мақсатында отбасын тастап кету фактілері орын ала бастады. Таблиғшылар отбасыларының ыдырауының, олардың әйелдері мен бала-шағаларының тұрмыстық және рухани тарығуға ұшырауының себептері осы емес пе? Ал ислам діні  мұсылманның өз отбасын бағып-қағуға және жұбайына көңіл бөлуге жұмсаған уақытын ғибадаттың бір түрі деп үйретеді. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары да азаматтардың отбасыларын бағып-қағуын парыз деп белгілеген.

Соңғы кездері Қазақстандағы «Таблиғи жамағат» белсенділерінің іс-әрекеттері, өзінің саяси бейтараптығына қарамастан, ресми қызмет атқарып отырған діни бірлестіктер құрылымдарына енуге бағытталып отыр.

ҚР Дін істері Агенттігі тарапынан «Таблиғи жамағат» ұйымының іс-әрекеттерін зерттеу бойынша жүргізген талдау жұмыстары 2012 жылы бұл ұйымның Қазақстанның барлық аймақтарында белсенділігі артқанын, әрі «ұстаздардың» ықпалымен жастардың аталған ұйым қатарына қосылу фактілері көбейгенін анықтады. Олардың кейбіреулері заңнаманы бұзғандығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылса, көпшілігіне түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жалпы алғанда, «Таблиғи жамағат» қозғалысы миссионерлері уағызының сан ғасырлардан бері мұсылман болып табылатын қазақ халқы арасында белсенді түрде жүргізілуіне сақтықпен қарауымыз керек-ақ. Осы орайда, кез келген миссионерлік қызметтің өзге дін өкілдеріне бағытталатындығын ескерер болсақ, бұл мәселе өте мұқият назар аударуды қажет ететін сөзсіз.

«Таблиғи жамағат» қызметінің әдістемесін екіге бөліп қарауға болады. Яғни өз қызметтерін жария түрде атқаруға болатын жағдайда қозғалыс мүшелері миссионерлік әрекеттерді ашық жүргізеді. Ал қоғам мен мемлекет тарапынан қандай да бір тосқауылдарға ұшыраған жағдайда, олар ұйымдасқан түрде жасырын әрекет етуге көшеді. Осы себептерден болса керек, «Таблиғи жамағат» жақтастарының жихадшылық идеяны ұстанатын топтарға қосылып, кейіннен қарулы қақтығыстарға қатысуы жиі орын алуда. «Таблиғи жамағат» қозғалысы, осы сипаты бойынша, террористік және экстремистік ұйымдарға «әскер» дайындайтын орта болып табылады.

«Таблиғи жамағат» қозғалысы Қазақстанда қызмет атқарған уақытында ешқашан ресми тіркеулерден өтпей, іс жүзінде белсенді түрде бейресми қызмет атқарып келді. 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң күшіне енгеннен бастап, олардың іс-әрекеттері заңға қайшы болып табылады. Елімізде әр жылы ондаған таблиғшылар әкімшілік жазаға тартылып келеді.

Сонымен, «Таблиғи  жамағаттың» қоғамға қауіп төндіретіні күдіксіз. Бұл қозғалыстың діни ұстанымы қоғамның діни-рухани бөлінуіне себепкер болып, оның мүшелері мен ізбасарларының конституциялық құқықтар мен міндеттерді ескермеуі «Таблиғи жамағаттың» деструктивті сипатқа ие екендігін көрсетеді.

Сондықтан Қазақстанда «Таблиғи жамағат» ұйымының қызметіне тыйым салынуы — мемлекет тарапынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қабылданған шара. 

 

ҚР Дін істері агенттігінің баспасөз қызметі.

                  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button