Әлеумет

Түйелі шаруашылығы неге өркендемей отыр

 

Кешеден тартылған жол

 Қазақ әдебиетінің алыбы атанған Сәбит Мұқановтың «Халық мұрасы» аталған тарихи және этнографиялық шолу кітабы  кешегі кеңес кезінде халқымыздың Қазан төңкерісіне дейінгі өткен дәуірінен нақты деректер беретін сирек шығармалардың бірі еді. Сол кітаптан: «Қазақтың  жылқымен қатар ұстаған малы — түйе. Көне заманнан бергі  саяхатшылар мұны да көп айтады. Қазақта «Түйелі бай қонады сортаңды алып» деп басталатын өлең бар. Бұлай деудің себебі, ертедегі түйелі байлар  суы тұзды көлдердің, теңіздердің, өзендердің бойларына өсімдігі ащы сортаң жерлерге қонады. Мысалы, қазіргі Ақтөбе облысының сортаңды, шақатты жерінде, өткен ғасырда Қара есімді бай болып, оған «отыз соқыр» аталған түйе табыны біткен. «Соқыр» дейтіні есебінен жаңылмау үшін, әрбір жүзінші түйенің сол жақ көзін шығарады екен. Сондай соқырлар, Қарада отыз болған, яғни үш мың түйесі болған». (Сәбит Мұқанов «Халық мұрасы», «Қазақстан» баспасы, Алматы -1974, 73-бет) деген жолдарды оқып, қайран қалғаным бар

Ол кезде, яғни кеңес заманында бір адамның сонша түйесі болғаны ақылға сыймастай көрінетін-ді. Себебі, кейбір қазақы аудандардың өзінде қоғамдық төрт түлік малдың ішінде түйенің саны әрі кеткенде 300-400-ден аспайтын. Шыған тоғайда бірлі жарым үй ғана қолда бір түйе ұстап, өздері тұтынатын көлемде шұбат дайындайтын. Көпшілік ауылдарда ол да ұшыраспайтын. Ал ұжымшарлар мен кеңшарлардың меншігіндегі түйе сауылмады. Еті мен жүні ғана мемлекетке өткізілді. Оның өзі де аз мөлшерде. Бір сөзбен айтқанда, түйе ол кезде мал санатында ғана болды. Себебі, кеңестік қоғам — қазақ төре түлік, байлық басы санайтын түйе малына тым салқын қарады. Малдың ішінде жылқы мен түйені өгейсітіп, оларды өсіріп, өндіруге пәлендей көңіл бөлмеді. Осындай сыңаржақ саясаттың әсерінен болу керек, түйе шаруашылығы дамымай, әрегіректе малшы қауымының жүк көлігіне айналып, келе-келе одан да қалып, жер-жерде кенжелей берді.  Шұбат, қымыз түгілі, айран, қымыранның  өзі ауыл ішінде сирек кездесетін болды. Қазіргідей қаланың өзінде дастарқаннан қысы-жазы шұбат, қымыз үзілмеу былай тұрсын, үш ай жаздың өзінде көп жағдайда іздеп табу қиын еді.

Бір қызығы, бұл заманда да халықты түйе өсіруге үгіттеп, желкелеген күш болған жоқ. Соңғы жылдардағы мемлекет тарапынан жасала бастаған қадамдар болмаса, оған ерекше жағдайдың да туғызылғаны шамалы. Нарықтың өзі түйе өсірудің тиімділігін көрсетіп, адамдарды бір кезде байлық басы болған түйе түлігін ұстауға итермелеген сияқты. Қазіргі кезде ел бойынша төрт түліктің ішінен қайтадан төре түлік түйе төрге шыға бастағанын аңдау қиынға түспейді. Еліміз бойынша алсақ, мұның мысалы көп және ол табыстар көпшілікке аян. Сондықтан мен оған тоқталмай, осы саладағы Ақтөбе өңіріндегі ілгерілеушілікті тілге тиек еткенді жөн көрдім. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының бізге берген деректеріне, мемлекеттік статистикалық есептерге сүйенсек, үстіміздегі жылдың басында облыс бойынша түйенің саны 15 261 басқа жеткен.

Ақтөбе аймағындағы түйе малының ең көп өсірілетін жері — Шалқар мен  Байғанин аудандарында. Алдыңғы аталған ауданда бүгінгі күнге тоғыз жарым мыңға жуық түйе малы топтасса, соңғысында 3 698 түйе бар. Мұнан кейінгі түйелі аудан —Ырғыз. Бұл өңірде мыңның үстінде түйе өреді. Облыстың қалған аудандары мен Ақтөбе қаласында түйе түлігі шағын, 300-100 бастың аралығында. Тіпті Әйтеке би, Қобда сынды  аудандарда түйе малы жоқтың қасында немесе тым аз. Ал бұл өңірлерде түйе малын көптеп өсіруге әбден болар еді. Өйткені бұл аймақтарда түйе малына қолайлы кең матау жайылымдық жерлер жеткілікті. Бірақ неге екенін кім білген, тұрғындар түйе ұстауға бұл аймақтарда құлықсыздық танытып отыр.

Жоғарыдағы аталған түйе түлігінің барлығы да  шаруа қожалықтары мен  жекелеген тұрғындардың қолдарында. Оның ішінде түйе шаруашылығына арнайы басымдылық беріп отырған шаруа қожалықтары көп емес. Байғанин ауданының «Асылзат», Шалқар ауданының бірнеше  шаруа қожалықтары ғана дендеп айналысып отыр. Дегенмен, Байғанин ауданының — «Марқабай», «Ардабек», Ырғыздың- «Ақсақал-Тәуіп», «Сер-Мак», Мәртөктің — «Берекет», Мұғалжардың — «Көктас», «Береке»,  Ойылдың-«Жапақ», Хромтаудың — «Жантізер», Ақтөбе қаласының — «Анисан» аталатын шаруа қожалықтары түйе ұстап, өнім өндіруге бағыт ұстанған.

Шынын айтсақ, түйенің пайдалылығын ерте сезініп, білген өңір — Шалқар. Қазір мұнда «Әділ-Хамит», «Тынымбай», «Жас ұлан-1», «Әдманов», «Жаңа талап», «Өмірзақ», «Ақжол» шаруа қожалықтары бұл шаруаны бірнеше жылдан бері жақсы қолға алды. Тек осы аталған шаруашылықтарда биылғы жылдың басында 658 түйе болды. Оның 193-і сауылатын інген.  Бірыңғай түйе өнімін өндірумен шұғылданатын «Әділ-Хамит» шаруа қожалығында 200-дің үстінде түйе, 70-тен артық інген бар. Қалған шаруа қожалықтары да 100-ден 50-ге дейін түйе ұстап, оның санын да, өндірілетін өнімінің көлемін де жыл сайын арттырып келеді.

 

Бүгінгі ахуал

 

Әрине, біз бұл жерде фермерлік шаруашылықтардағы өсірілетін түйе түлігіне ғана тоқталдық. Болмаса,  аймақтағы түйе малының басым бөлігін жеке тұрғындардың қолындағы мал құрайтынын жоққа шығаруға болмайды, өндіріп отырған өнімнің есебін толық айту да қиын. «Тамшыдан-теңіз» дегендей, аймақта шұбат сынды жеңсік астың молаюына олардың да елеулі үлес қосып отырғаны анық. Мұны мал шаруашылығы саласының мамандары да мойындайды. Мәселен, Байғанин ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Наукен Аманғоспен әңгімелескенімізде:

— Бүгінде түйе малы жекенің қолында.  Бір ғана «Асыл зат» шаруа қожалығында 200-дей түйе бар. Шұбат өндіріп, қысы-жазы базарларға шығарып сатады. Біздің аудан облыстан шалғай жатыр. Мұндайда күнделікті өнімді өткізу, алыстағы тұтынушыларға жеткізу оңай шаруа емес. Сондықтан шаруа қожалығының басшысы Төремұрат Әліпов Ақтөбе  қаласына жақын жердегі, бұрынғы «Ақтюбесельмаш» зауытының қосалқы шаруа қожалығы орналасқан ауылдың маңайында түйе сауып, қала базарларына шығарып сатуды ұйымдастырып отыр. Оның бұл жақтағы сауын түйе фермасы Ақтөбеден  Хромтауға қарай шығатын жолда, облыс орталығынан 20 шақырым жерде. Ал негізгі түйе табыны Байғанин ауданының Миялы селолық округіне қарайтын, Оймауыттан әрі қарай жүргенде 80 шақырым жердегі арғы Диярда.  Сөзімнің басында айтқанымдай,  табында екі жүздей түйе бар, соның туған інгенінің бір бөлігін Ақтөбеге алып кетіп, сол жақта саудырады. Өз қонысында да сауын түйе фермасын ұстайды. Оның өнімін Құлсары жағына шығарады. Бізде түйенің нобайы осы Оймауыт пен Дияр да өсіріледі. Бұл аймақта 15-20-дан түйе ұстамайтын отбасы кемде-кем. Олар да түйеден жақсы өнім алады, шұбат өндіріп, Атырау бағытына шығарып, пұлдап  сатады. Бұл өңірдің түйе түлігіне басымдық беретіні — ащылы жайылымды, тұзды көлді жер соған ыңғайлы. Оймауытта  түйенің қыста қолға қарауы сирек. Арғы Диярдың түйе малы ғана қыста бір, әрі кеткенде, екі ай шөпке тұрады. Ол да қысқа байланысты. Айталық,  биылғы қыста  қолға қарамай, жайылып өтті.  Көпшілік жайылымдық жері  түйеге келеді, ашылықты. Сондықтан да аудандағы  3374 түйенің нобайы осы өңірлерде. Сосын түйе бізде Жарғамыс жағында бар.

Түйенің қандай түрлері өсіріледі?

— Қос өркешті түрлері. Сыңар өркештіге қарағанда, сүті аз болғанымен қою болады.  Біздің өңірден сыңар өркешті түйені де кездестіруге болады.  Маңғыстау жағынан келген ондай түйелер 7-8 литрге дейін сүт береді. Ол сүтті түйелер, бірақ біздің қос өркешті түйенің сүті майлылау.

— Бұрын біздің білуімізде, қыста түйе сүті, оның ішінде шұбат дайындау бола бермейтін сияқты еді. Жаздың күні  молайып, қыста үзіліп қалатын. Қазір қысы-жазы …

— Біздің өңірде түйені қыстай сауа береді. Сыңар өркешті түйе ботасын 13 ай, айыр өркешті түйе 14 ай көтереді. Екі жылда бір боталайды. Есесіне ботасы 18 ай емеді. Кейде ботасын айырып тастап, тайлақ кезінде де сауады. Түйе сүтінің мол болатын сондай реттері бар.

 

Ертең

 

Түйе шаруашылығын  өркендетудің де жолы оның тұқымын асылдандырумен байланысты екен. Осы жайында әңгімелеген облыстық ауыл шаруашылығы инспекциясының бөлім бастығы Махмут Байзақ бізді біраз жайларға қанықтырды.

— Біздің облыста асыл тұқымды түйе шаруашылығы екеу ғана, — деп бастады әңгімесін ол. — Оның біреуі — Шалқарда,  «Әділ-Хамит» шаруа қожалығы, басшысы Жоламан Сағынаев, екіншісі — Байғанин ауданындағы «Асылзат» шаруа қожалығы.  Оның  басшысы Төремұрат Әліпов. Бұл екі асыл тұқымды түйе шаруашылығының да өсіріп отырған малы қос өркешті  түйе. Ғылымда оны «бактриан» деп атайды. Арал жағалауы, Шалқар  түрлері деп те жазады. Бөкейордалық түйе тұқымдары да бар. Осылай түйенің түрі аймақ-аймаққа бөлінеді.  Бізде негізінен Байғанин мен Шалқар ауданында түйе бар. Сосын Ырғыз ауданында бар шамалы.  Қалған жердегілер де сол жақтардан тараған түйелер. Шынын айтсақ, олар  түйе түлігін әлі де молайтып баға алып отырған жоқ. Бірақ әйтеуір бар, жоғалып кеткен жоқ. Әлі де түйе санын көбейту керек. Рас, Шалқар мен  Байғанин аудандарында ғана түйенің саны тәуір. Алайда аналығы әлі де аз.  Оның да басын молайтуды біз жиі айтып жатырмыз.

Мемлекет, жергілікті билік тарапынан түйе өсіруге қандай жеңілдіктер бар?

— Түйе өсірушілерге де  биылғы жылдан бастап жеңілдіктер қарастырылуда. Әр асыл тұқымды інгенге бағып-күтуге 5 мың теңгеден жергілікті бюджеттен қаржы беріледі. Сосын асыл тұқымды түйе сатып алатын шаруаға үкімет аздап қаржылай жәрдем береді. Өйткені сатып алатын адам базардан қымбатқа алады. Сатушы оған базар қақымен сатады. Осы жағы ескерілген.

Менің ойымша, қазіргі кезде  шаруаға өзге түлікке қарағанда түйе өсіру пайдалы болып тұрған сияқты. Базарда түйе сүті, шұбат қымбат, жүні де өтіп тұр. Бір түйеден 15  қойдың жүні  түседі екен. Сойса еті де мол әрі пұлды. Осындай жағдайда түйе баққан шаруа ұтыла ма?  Қайта шаш  етектен пайдаға қалмай ма?

— Сөз жоқ, аса табысты түлік. Сосын түйенің шұбатына үкімет субсидия береді. Екі-үш жылдан бері беріп жатыр. Қымызға да беріледі. Бірақ түйе өсірудің қыр-сырын біздің өңір әлі толық меңгерген жоқ.

Марқұм Зейдолла Мұсаев деген түйе түлігін мол зерттеген ғалым болды. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы еді. Соны Алматыдан шақырттық. Байғанин, Шалқар жерінде жұмыс жасады. Асыл тұқымды түйе өсіруді жолға қоюға байланысты екі шаруашылықтың перспективалық жоспарын жасады. Сол бойынша бұл екі ауданда қазірде де жұмыс  жүргізіліп жатыр.  Ғалым ағамызды жақсы танушы едім, жақын қарым-қатынаста болдым. Байғанин, Шалқар аудандарында түйе шаруашылығын өркендетуге байланысты ғылыми салада бірге жұмыс жасадық. Бірге ұсыныстар жаздық. Оны кейін мен С.Бәйішев атындағы облыстық кітапханаға апарып өз қолымнан тапсырдым.

Әрине, мұндай теориялық жұмыстар там-тұмдап әр жерде бар, бірақ практикалық жұмыс жасау деген жоқ.

Біздің өңірде түйе сүтін немесе шұбатын  құтыға құйып, өндірістік жағдайда шығаруды қолға алған  шаруашылықтар бар ма?

— Әзірге жоқ, бірақ солай істейміз деп ойлап жүргендер бар. Мысалы, соның бірі — Байғанин ауданындағы «Асылзат» шаруа қожалығы. Мұның бәрі айналып келгенде қаржыға келіп тіреледі. Ол үшін өзге жерлердегі жасалған нәрселерді көру керек, тәжірибе алмасып, сөйлесу қажет. Қанша қаржыға түсетінін, оның технологиясын  зерттеп түсіну керек. Сосын барып іске кірісу қажет. Қымызды өндірістік жүйемен шығарып жатқандар бар. Бұл да солай болу керек, бірақ олай істей алмай жүр көбісі.

Кешегі кеңес кезінде асыл тұқымды түйе шаруашылығы деген мүлде болған жоқ.  Мұның екеуін де  Алматыдан жаңағы ғалымды шақырып, өзіміз тікелей араласып жүріп аштырдық.  Кеңес кезінде  жылқыға да, түйеге де мән берілген жоқ. Бұл түліктердің тиімді екенін халық енді пайымдады. Толық көзі жетті. Шұбаты, еті, жүні өтімді әрі бағалы. Қазір шұбаттың литрі қаламыздағы коммуналдық «Табыс» базарының өзінде 700-800 теңге. Тәулігіне 12-20 түйе сауып, базарға өткізетін шаруа қожалығының өзі қанша табыс табатынын осыдан-ақ жобалай беріңіз. Осындай табыс көзіне айналып отырған саланың таяу жылдарда жедел қарқын алатынына дау жоқ. Түйе түлігінің бағы енді ашылды. Ұзақ жылдар оған кедергі жасалып келгенін білеміз. Бұған тарихтан бір мысал айтайын.  Ырғызда шаруашылықтың ірі ұйымдастырушысы Тел Жаманмұрыновқа халық жауы деген жала жабылып  атылып кеткен. Сол кезінде Моңғолиядан 500 түйе алып келген. Соны артель-колхоздарға таратып берген. Кейіннен халық жауының әкелген түйесі деп сол түйелердің бәрін құртқан. Содан тек Калинин кеңшарында  бір бура қалған екен. Сөйтіп түйені өсірудің орнына, өшірген ғой. Ырғыз жағындағы түйеде сол моңғолдық түйенің қаны болуы мүмкін…

Түйе түлігін дамытумен байланысты тағы қандай ойларыңыз бар?

— Біздер түйеден жарыстар өткізіп жүрдік. Бірақ жарысқа келгенде, қос өркешті түйе анау нар сияқты сирақты емес, аяғы қысқа.  Араб елдерінде түйе жарыстыратын дәстүрлі спорт түрлері бар. Ондай жарыстарға сирақты нарды қосқан кезде, оған ештеңе жете алмайды.  Әрине, біздегі қос өркешті түйелердің адымы қысқа. Бірақ өзінің арасында жарыс ұйымдастыруға әбден болады. Ол үшін дайындау керек. Қазақта түйе жарыс деген болған ғой. Бірақ қазір сол дамымай  тұр. Мұнымен айналысып жатқан ешкім жоқ. Бір кездері біздің араласуымызбен жарысқа түйе дайындап әкелгендер болды. Жақсы жүлде де алды. Бірақ қазір ұмытылып барады. Бәйгенің атын дайындап, жаратады. Түйені де солай дайындау керек.

Түйе жарысты көрдік. Мәреге таяғанда шөгіп қалып жүрмеу, жарыс жолынан шығып кететін жағдайлар жиі кездесетін. Бізде жарысқа қатыстыратын түйенің басқа түрі жоқ па?

— Айыр түйе ғой, басқа түйе жоқ. Желмая жоқ.  Олар да түйе жарыстыруды дәстүрлі спорт түріне айналдырған. Пәленбай миллион доллар жүлде тігеді.

Оны сатып ала алмаймыз ба?

— Жоқ,  ол жақтың түйесі біздің өңірге жарамайды. Шөлге, ыссыға төзімді болғанымен, суыққа төзімсіз. Біздің түйе көнбісті, тұқымы бөлек қой. Ол құрғақ далалы, шөл-шөлейтті жерлердің табиғи жағдайларына жақсы бейімделген. Аңызақ ыстыққа, үскірік аязға төзімді келеді. Кезінде біздің түйенің ерекшеліктеріне байланысты  Қазақстанның түйесіне арнап бөлек ереже шығару керек деген ұсыныс та айтқанмын. Сол ереже шықты да, бірақ оны ешкім қолға алып жатқан жоқ.

P/S.  Түйе малын өсіруге кең жол ашылып отыр. Елбасының биылғы халыққа Жолдауында мал шаруашылығын дамытуға, оның өнімін молайтуға, экспорттық әлеуетін арттыруға байланысты биік талаптар қойылғаны белгілі. Егер жүйелі жолға салса, аймақтағы түйе шаруашылығы осыған қосылған сүбелі үлес болар еді. Ол үшін бүгінгі түйелі байлардың қатары көбейіп, нығая беруге тиіс. Ал түйе өсіруге қолайлы ащылы жерлер біздің қай өңірде де жеткілікті. Тіпті түйе малы сүйсініп жейтін сасыр мен жантақ өсетін көп жерлер, сорлы, тұзды көл маңайлары құлазып бос жатыр деуге болады.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button