Әлеумет

«Денсаулығың — дәулетің»

 

Аяқ-қолы жоқ мүгедектердің жұрт қатарлы өмір сүруіне ықпал етіп жүрген ақтөбелік Владимир Верховодовтың протездер мен ортопедиялық аяқ киімдерді жамап-жасқап жүргеніне қырық жылдай уақыт болды.

«Денсаулығың — дәулетің» деген сөздің мағынасын жақсы түсінетін ол алдына келген адамдардың аяғынан нық басып шыққанына қуанады.

 

Терте кетіп жатса…

 

Алматы қаласындағы протезді-ортопедиялық орталықтың филиалы саналатын Владимир Верховодов жетекшілік жасайтын шеберхананы көпшіліктің біле бермейтіні анық. Өйткені бұл шеберханаға  тағдырдың жазумен мүгедек атанған жандар ғана бас сұғады. Жарымжан жандарға протез алудың жолын түсіндіріп, олардан тапсырыс қабылдайтын В.Верховодов — бұл шеберхананың бірлескен жетекшісі әрі шебері.

Қазір  шеберхана Алматы қаласындағы протезді-ортопедиялық орталықтың филиалы есебінде жұмыс жасап жатыр. Бұрын шеберхана жұмысы үшін  бюджеттен арнайы қаражат бөлінсе, қазір бұл бағытта атқарылатын жұмыстардың көлемі тендер үшін бөлінген қаражаттың мөлшерімен шектеледі. Яғни биыл тендер бойынша 34 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл қаражатты игергеннен кейін біз мүгедектерден артық тапсырыс қабылдай алмаймыз, — дейді шебер.

Көп жағдайда аудандардағы, шалғай ауылдарда тұратын мүгедектер өз құқықтарын біле бермейді. Әрі олар мемлекеттік қолдау арқылы тегін берілетін протездер мен ортопедиялық аяқ-киім алуға тапсырыс берудің жолын түсінбей жатады. Қазір облыс бойынша жұмыс жасайтын бір ғана шеберхана көршілес Атырау, Маңғыстау аймақтарының науқастары үшін де қызмет көрсетеді. Дегенмен В.Верховодовты көп уақытта жұмыс орнынан табу өте қиын. Өйткені жұмыс жоспары бойынша ол көктем шығысымен аудандарды аралап, шалғай ауылдардағы мүгедектерден протез үшін тапсырыс қабылдайды, оларға қажетті құралдарды алудың жолын түсіндіреді.

Қазір штатта екі адамбыз. Серіктесім Жұмат Омарханұлы өз кәсібінің шебері. Ұзақ жыл ауылшаруашылық саласында қызмет еткен ол шеберханада жұмыс жасап жатқанына жылдан асты.  Ол бұл кәсіпті тез меңгеріп алды. Екеулеп протездерден кеткен ақауларды қайта қалпына келтіріп береміз. Көп жағдайда протездердің тертесі сынып, бұрамалары ағытылып кетіп жатады. Ол үшін шеберханада қажетті қондырғылар мен құрал-жабдықтар бар. Бұл жұмыстар үшін мүгедектерді көп күттірмейміз, — деді В.Верховодов.

Шебердің айтуынша, протез тертесі темірден жасалады. Кейбір салмақтарды көтере алмаған тертелер сынып кетіп жатады.

Терте — протездің екі жағынан қапсыра қағылған қатты темір. Протезге бекітілген тертенің бұрамалары түсіп қалып жатады. Тертені қайта бекіту үшін электр бұрғысының көмегіне жүгінеміз. Мұндай жұмыстар ептілікті қажет етеді, — деді В.Верховодов.

 

Шаруаға ыңғайлы протездер

 

Шебердің айтуынша, ортопедиялық аяқ киімдер мен протездер Алматы қаласында жасалады. Мұнда олар мүгедектердің аяқ киім мен протез өлшемін алып, орталыққа тапсырыс жолдайды. Ол үшін науқастың қолында мүгедектігін растайтын анықтамасы мен жеке куәлігі болуы шарт. Медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясы мамандары науқасқа қажетті құралдарды сол анықтамада көрсетіп жазуы шарт.

Қазір мүгедектер арба мен тростарды, балдақ, протездер мен сурдотехникалық құралдарды, есту аппараттарын тегін алуға құқылы. Өткен жылы облыстағы жарымжан жандар үшін 142 жұп ортопедиялық аяқ киім мен 29 адамға тізеден төмен протез алынды. Сол сияқты, германиялық жаңа технология бойынша жасалған 22 тізеден төмен, 13 тізеден жоғары протезге тапсырыс бердік. Мүгедектер үшін қолға арналған протездерге де өлшем алып, тапсырыс жолдаймыз. Алматы мен Германияда жасалатын протездер, аяқ киімдер облысқа екі айдың ішінде келіп болады. Кейбір жандарға орталықтан мекенжайы бойынша тікелей үйіне жеткізіледі.  Отандық құралдың сапасын нашар деп айтуға болмайды. Өйткені осы құрал арқылы аяғынан тік тұратын жандар қазір құрылыс мекемелерінде еңбектеніп, көлік жүргізуге, ауыр салмақтағы қаптарды иыққа салып, көтере алады. Бұл протездердің қызмет көрсету ұзақтығы  — бір жыл. Мерзім өткеннен кейін науқас жаңа протезге қайта тапсырыс бере алады. Яғни өзімізден шығарылатын тауарлар шаруашылыққа өте ыңғайлы әрі тиімді. Ал шетелдік протездердің салмағы жеңіл болғанымен, шаруа жасауға келмейді,  тез сынады. Бұл құралдарға біз жөндеу жұмыстарын жасамаймыз. Германиялық протездер үш жыл кепілдікпен келеді. Сондықтан оларды Алматы мен Германияда ғана жөндеуге мүмкіндік бар, — дейді шебер.

 

Сөре және сапалы аяқ киім

 

Шеберханада мүгедектер киетін ортопедиялық аяқ киімдердің түр-түрі бар. Орталықтан арнайы сатылымға жолданған аяқ киімдер де шеберхана сөресінде жиналып тұр. Көбісі — балалар аяқ киімі.

Жылына бір рет он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға қысқы және жазғы аяқ киімдерге тапсырыс беріледі. Өйткені балалардың аяғы тез өседі. Біздер тапсырысты науқастың бойындағы ауруына байланысты  қабылдаймыз. Бір аяғынан екінші аяғы қысқа науқастар үшін ортопедиялық аяқ киімдерге көп тапсырыс түседі. Орталықта жасалатын аяқ киімдердің сапасы өте мықты. Аяқты теңестіру үшін аяқ киімге іштен салынатын супинатор мен өкше тұсы сәл биіктеу жасалады. Таза былғарыдан жасалатын аяқ киімдер жүруге өте ыңғайлы әрі олардың ұлтарағы да аяқты терлетпейді. Ортопедиялық аяқ киімдер жылдың қай мезгіліне де шыдас береді, — дейді шебер.

В.Верховодовтың айтуынша, өндірістік жағдайларға байланысты мүгедек атанған жандарға протез бен ортопедиялық аяқ киімдерге сол мекеменің қаражатынан тапсырыс беріледі. 

 

P.S. Шеберханаға қырық алты жастағы ақтөбелік Нұрлан есімді жігіт келді. Аяғына киген протезінің тертесіндегі бұрамалар босап кеткен екен. Шебер әп- сәтте-ақ протез бұрамаларын қатайтып берді. Бір жарым жасында пойыз астына түсіп, мүгедек атанған әлгі жігіт мұндай шеберхананың жұмыс жасап тұрғанына қуанады, шүкірлік етеді. Өйткені құрылыс саласында еңбек ететін Нұрлан аяғына киген протезді жиі-жиі жөндеуге әкеледі.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button