Әлеумет

Үміт пен күдік

Бірнеше жыл бойы созылып келе жатқан қуаңшылық шаруаның сағын сындырып, тауын қайтарып тастаған сыңайлы. Тіпті бірқатар ұсақ шаруа қожалықтары егіншіліктен үміт үзіп, біржола мал шаруашылығына ойысуда. Бірыңғай егіншілікпен шұғылданатын ірі серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының басшыларының өзі әліптің артын бағып сөйлейді. Бұрынғыдай қанша гектарға егіс салатынын кесіп-пішіп айтпайды. Көктемгі далалық жұмыстар есік қағып тұрса да, ауа райының қас пен қабағына қарап отыр.

 

Озық тәжірибе

 

Күзгі, қысқы ылғалдың кемдігін «бесқонақ» толтырып қалар деген үміт бар. Күн болса, өтіп жатыр… «Көктемнің әр күні — жылға азық» деп қарайтын шаруа, әрине, бұл кезде тыныш отыра алмайды. Соңғы жылдары  жылға азық болудың орнына, шаруаны ұзақ жылдарға ұласатын қарызға батырып кетіп жүрген көктемгі далалық жұмыстарға ертеңгі үмітпен шарасыздан килігеді. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» деп, қол қусырып отырудың жөні жоқ.

Оның үстіне, қаншама қуаңшылық болды десек те, сепкен егінінен өз ырыздығын жинап алып жүрген де шаруашылықтар бар. Мысалы, Қарғалы ауданының «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диқаншылары бірде-бір жыл егіні шықпай, құр қол қалып көрген емес. Ал мұның сыры неде? Былай қарасаң, күн ортақ, жер ортақ, ауа райы да бірдей, басқалардан еш айырмасы жоқ. Бірақ өнім бірдей емес, ала бөтен. Нешебір жылдар бойы осылай болып келеді.

Қазір «Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Аманқос Төлеуовпен тілдесудің сәті түскенде, әңгіме бағытын мен осы арнаға бұрдым. Ол  «Не ексең, соны орасың» қағидасымен, бірінші кезекте тұқымға мән беру керектігін баса айтты.

Ақтөбенің тәжірибе станциясы ұзақ жылдар бойы дәнді дақыл тұқымының, оның ішінде бидайдың шығымды, өнімді сорттарын шығарған. «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы тұқымдарды өз өндірісінде сынақтан өткізуде. Және ол тұқымдардың артықшылықтары бірден көрініп, тәжірибе станциясында қызмет атқаратын ғалымдардың бақтары жанып, патент алуда. Бұл бұрын көп болмаған жағдай.

— Мемлекеттің қаржы бөлгенде де қоятын талабы — өзіміздің оқымыстылар шығарған, жергілікті жерге бейімделген дәнді дақылдардың тұқымдарын өсіру. Біздің облыс және Батыс Қазақстан облысы бидайдың «Саратов» тұқымына  басымдылық береміз. Біздің егіншіліктегі табыстарымыз осы тұқым сапасына бет бұруымызбен байланысты. Біз өсіретін тұқымның салмағы облыс бойынша артып келеді, — дейді Аманқос.

Өткен жылы да облыс шаруашылықтарының көп май мен тұқым шығындап еккен еңбектері зая кетті. Уысқа ештеңе түспеді. Ал әлгіндегі біз әңгімелеген серіктестік 27 мың гектар дәнді дақыл егістігінің әр гектарынан 5 центнер өнім жинады. Мұның сырын тәжірибелі басшы былай түсіндіреді:

— Бұл — ғылым мен өндірістің біріккен нәтижесі. Сосын егіншілікте қолданылып отырған жаңа технология мен жаңа техниканың арқасы. Ең бастысы, біздің механизаторлардың деңгейінің жоғары екенін айтуым керек. Оларды бүгінгі ұсақ фермерлермен салыстыруға болмайды. Егісті қай уақытта егу керек. Қолайлы мерзімі қайсы. Тұқымды қандай тереңдікте егу керек. Одан әрі не істеу керек. Соның бәрін зерттеп, қарап жүреміз.

Егіншіліктің жауаптылығын айта келіп, шаруаның жілігін шағып, майын ішкен басшы бұл іске жеңіл-желпі қараушылықты, ұшқарылықты сынайды.

— Ақтөбеде болғанымда көбіне шаруаны біле бермейтін адамдарға кездесемін. Сонда олар: « Жер алайын деп едім» дейді. «Оны не істейсің?» деп сұраймын. «Шамалы әл-ауқатымды жақсартайын деп едім» дейді. «Қалай жақсартасың?» деймін. «Солай, жер алып, егіп тастасам, астық шықпай ма? Сосын күзде сатып жібермеймін бе?» деп желпінеді. Ауызға бәрі оңай, қағазға да жақсы сыяды. Бірақ іс жүзінде олай бола бермейді, — дейді ол. Осы арқылы егіншіліктің соншалықты ауыр екенін, екінің бірі оны алып жүре алмайтынын  білдіреді.

Біраздан бері мені бір сауал мазалайтын. Ол тек мені емес, басқалардың да ойында тұратын болу керек деп ойлаймын. Кешегі кеңес кезінде облыста астық екпеген аудан кемде-кем болды. Соның барлығы да азды — көпті өнім алып жататын. Жыл қуаңшылық болып астығы шықпады деген шаруашылық мүлде сирек болатын. Ал қазір біздің астықты өңірлеріміздің өзі еккен егінін шығара алмайды. Бірсыпыра аудандар түңіліп, егіс егуді мүлде қойды. Бұған не айтуға болады? Мұны тек ауа райына жабуға бола ма?

Мен қуаңшылықты болған жылдарға қарамай, егіншілікті дамытып отырған шаруа басшысы бұған  реніш айтар, менің сөзімді қостар деп едім. Олай болмады:

— Мұның бірінші себебі, ауа райы өзгерді. Өзгерген жоқ деуге болмайды, — деп бір түйді. Сосын:

— Екіншіден, егіншілікті білетін мамандар азайды. Жақсы мамандар кетті, кейбіреулері үлкейді бүгінде. Көпшілігі өндіріске ауысып кетті. Өйткені ауыл шаруашылығы саласы оларға ақша төлей алмады. Астықты өсіргеннен де, сатып алуды тиімді көрген қате пікір қалыптасты. Мұнайдың доллары бәрін табатын сияқты көрінді. Ақырында мұның қате екеніне көз жетті. Капиталистік елде арзан дүние жоқ. Ол ел биыл жүз долларға сатса, келесі жылы сенде дым жоғын білсе, екі жүз долларға сатады. Үшінші жылы одан да жоғары, сөйтіп еселеп ұлғайта береді, әкесінің құнын сұрайды. Еті де, сүті де солай. Сондықтан егіншілік пен мал шаруашылығын дамытпасақ, астықты, ет пен сүтті, жұмыртқаны өзімізде өндірмесек болмайды. Бізге шет елдің мамандарының теріс бағыты керек емес.  Әр аймақ Елбасы қойып отырған талапқа сай, өзінің азық-түлік қауіпсіздігін жасау керек. Тағы бір айтатын мәселе, мемлекет тарапынан егіншілік саласына берілетін гектарына 350 теңге субсидия мүлде аз…

 

Фермерлердің көңіл күйі

 

Осы пікірді  Алға ауданының «Восток» шаруа қожалығының басшысы Владимир Якимов те қуаттайды. Шаруа қожалығы 20 жылдың ішінде қарызға белшесінен батқан. Себебі бірыңғай егіншілікпен айналысады. Фермердің 19 мың гектардай жері бар. Оның 10 мың гектары егістік, қалғаны шабындық, жайлымдық жерлер. Алғашқы қадамын 30 гектар егіс егуден бастап, өрлете берген шаруа қожалығы бір кезде ауданның алдыңғы қатарлы шаруашылығының санатына қосылған еді. Шарықтаған жылдардың соңы 2003 жылмен аяқталды. Гектарына 11 центнерден астық жинады. Содан кейін қолайлы жыл болмады.

— Қолымды жүрегіме қойып айтайын, бірыңғай егін өсіретін біздің шаруа қожалығында тап қазір ауыз тұшынып айтатындай оң ештеңе жоқ. Әр жыл сайын халіміз мүшкілденіп барады. Өткен жылы 4 мың гектар дәнді дақыл себілді. Арпа дақылына комбайн шықпай қалды. Бидай егісін әр жерден ойып-ойып жинадық. Шамалы жемдік дән алдық. Биыл да «Ақтөбе полюс» сақтық компаниясының  және өзіміздегі «Ак-Теп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  көмегіне сүйеніп отырмыз. Шамамыз 4 мың гектар судан шөбін себуге жетсе, соған ризамыз. Мемлекет тарапынан берілетін субсидия бізді қордаланған қиыншылықтан құтқара алмайды, — дейді фермер.

Оның ойынша, қазіргі қарызға батып отырған фермерлерді қуаттандыру үшін мемлекет оның қарызының мерзімін 10, кемі 5-6 жылға ұзарту керек.

— Мысалы, мен шаруам түзу кезде несиеге қазіргі заманғы қуатты техникалар алдым. Оған қуаңшылық жылдардағы қарыздар қосылды. Сонымен бережағым көбейді. Бұл қарыздан тек егіншілік ісімен айналысып құтыла алмасыма көзім жетіп отыр. Ол үшін мал өсіруім керек. Оған жерім де бар. Бірақ мал алатын, қора-қопсы салатын қаржым жоқ. Азды-көпті тапқан таянғанымды жылма-жыл қарызымды өтуге беремін. Бізге қарызымызды кейінге шегеріп, тыныс беру керек дейтінім содан. Қарызды қашан болса да, төлейтініміз анық, — дейді фермер.

Владимир Сергеевичтың осы ойы — бүгінгі көпшілік шаруа қожалықтарының көңіл-күйін білдіретін сияқты. Олардың қазіргі жағдайлары да осыған ұқсас. Бұрынғы жылдың қарыздары әрқайсысының мойындарында тұр. Бірақ соған қарамастан ілгері үмітпен жаңа егінге кіріскелі отыр. Мұны облыстық ауыл шаруашылығы  басқармасының егіншілік саласымен айналысатын мамандары берген деректерден де аңғаруға болады.

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы  министрлігі облысқа 10 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлді. Оператор « Файн Трейд» қазірдің өзінде оны төледі, белгіленген кестеге сәйкес жеткізілуде. Наурыз айында 2 мың тонна тасылды. Енді аудандар өздеріне тиісті жанар-жағармайды уақытында тасып алуы керек.

Мамандардың есебі бойынша 505,8 мың гектар жерге дәнді дақыл салу үшін 50,2 мың тонна тұқым керек  екен. Бұл кезде облыста барлығы 42 мың тонна (83,4 пайыз) тұқым бар. Қажетті тұқымның 32,5 мың тоннасын немесе 63 пайызын шаруашылықтар өздері дайындады, 9,4 мың тонна тұқым сатып алынды. Тұқым жетпестігін жою үшін облыстық ауылшаруашылық басқармасы Ауыл шаруашылығы министрлігінен мемлекеттік ресурс есебінен тауарлы бидай бөлуді сұрады.

Облыстық әкімдік көктемгі далалық жұмыстарды тиімді жүргізудің барлық мүмкіндіктерін қарастыруда. Осы мақсатқа 652,6 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде 5 мың тонна дизель отынын арзандату үшін 50 миллион  теңге берілді. Ылғал сақтау технологиясын енгізу үшін 6 шаруашылыққа 62,5 миллион теңге қаралды. «Саратов-70», «Ақтөбелік-39», «Ақмола-2», «Степная-2» және «Степная-50» құрғақшылыққа төзімді бидай тұқымдарын егу ұсынылуда және оған да қаржы көзделген.

Мамандардың айтқанындай, ылғал сақтағыштық технологияның  артықшылығын тәжірибе жақсы  көрсетіп келеді. Әрине, оның өзінде әр аймақтың ерекшеліктеріне қарай қолдану қажет. Биыл бұл тәжірибе алты шаруашылықта Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының мамандарының және осы технологияның авторы Валентин Двуреченскийдың  басшылығымен жүреді.

Биыл облыс бойынша 664 097 гектар жерге ауыл шаруашылық  дақылдары егілмек. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, оның 505 800 гектары дәнді дақыл. Оның ішінде 7737 гектар күздік, 498 063 гектар жаздық дәнді дақылдар. Бұл жерде бір айырып айтатын жағдай, жылма-жыл мал азықтық дақылдарға басымдылық беріліп келеді. Мәселен, 2011 жылы облыс бойынша ол 6,0 мың гектарға, 2012 жылы 27,4 мың гектарға ұлғайса, биыл 42,9 мың гектарға өсіп отыр. Мал азық дақылдарының алқабы биыл 108 430 га құрайды. Бұл негізінен сүрлемдік жүгері, бір жылдық, көп жылдық шөптер.

Мұнымен бірге соңғы жылдары облыстың майлы дақылдар өсіруге шындап мойын бұрғанын аңғаруға болады. Осы жылы 42 мың гектар күнбағыс егіледі. Сондай-ақ 4553,3 га картоп, 2997,4 га көкөніс, 316 га бақша өсіріледі.

Жылдың қалай болатынын толық болжап білу мүмкін емес. Ондай мүмкіндік адамның қолында жоқ. Сондықтан құрғақшылық қауіпі бар дегенмен, қандай жылдан да үміт үзуге болмайды. Облыс диқан қауымы биылғы көктемге де үлкен үміт арытуда. Облыс бойынша 350 мың гектар бидай, 125,1 мың гектар арпа, 5,2 гектар сұлы, 8,0 мың гектар тары, 3,5 мың гектар дәнді бұршақ дақылдарын егуге  тастай жұмылып отырса, бұл ертеңгі ел ырыздығына деген нық сенімді көрсетеді.

Ендігі мәселе көктемнің әр күнін тиімді пайдаланып, қолайлы шақты өткізіп алмай, сол көктемгі егіс науқанын ыждағатты бастап, нәтижелі аяқтауда болып отыр.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button