Әлеумет

Салафизм: дін атын жамылған жаһандандыру

Бүгінгі күні қалың жұртты алаңдатып отырған негізгі проблемалардың бірі — жастар арасында салафизм идеологиясының белең алып, тез таралуы. Исламда «әс-Салаф әс-Сәлих» деп біздің заманымыздан бұрын, ізгі де, салиқалы ниетпен ғұмыр кешкен, шынайы амал қылған ықыласты бабалар туралы айтылады. Салафизм сөзінің араб тіліндегі түп-төркіні «салаф», яғни «бұрынғы өткен, алдыңғылар» деген сөзден шыққан.

Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с) жеткен сахих хадисте: «Ең қайырлы буын өкілдері — менің замандастарым. Одан кейін олардың соңынан ергендер. Содан соң бұлардан кейін келгендер», — деген.

Ислам тарихындағы алғашқы үш буын —  Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) сахабалары, табиғиндер және олардың ізбасарлары. Бұл үш буынның ұстанған жолы ақиқат әрі ең дұрыс болып саналады. Өйткені біз қысқаша тоқталып өткен үш толқын тұлғалары туралы Құран Кәрім аяттарында айтылған, пайғамбарымыз да оларды лайықты түрде мақтап, хадистерінде тілге тиек еткен. Олар — діннің таза қалпында сақталып, білім, ғылым арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетуіне негізгі ден қойған әрі маңызды міндеттерді атқарған тұлғалар еді.

Ал қазіргі Қазақстандағы «салафилік» — өткен адамдардың іс-әрекеттерін қаз қалпында, боямасыз көшіруге және өздерінің пайымдауларымен қабылдауға тырысқан, білім, ғылымнан жұтаң, саяси мақсаттар мен мүдделерге жету жолында қырғи-қабақ болған діни бағыт. Олар «салаф» атын жамылып, өздерін алғашқы үш буынның жолын ұстанушылармыз, сондықтан біз салафилерміз деп жарнамалап, әлемге жар салуда.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің хадисінде нағыз «салаф» дегеніміз кімдер екенін баса айтқанына ешкімнің де дауы болмасы анық.

Енді аталмыш идеология төңірегінде айтатын болсақ, ол ілім ретінде Х‑ХІ ғасырларда Андалусия (Испания) жерінде басталып, әрі қарай ХVIII ғасырда Нәжд өлкесінде — қазіргі Сауд Арабияның солтүстігінде жалғасын тапты. Алғашқы кезден-ақ бұл идеология өкілдері өзге пікірге төзбеу, басқаларға агрессиялық көзқараспен қарау, алға қойған мүдделеріне қарумен болса да қол жеткізу секілді сипаттармен танылды.

Андалусия ғұламалары ақидада (наным-сенімде) Әшғари мектебінің түлектері болғаны белгілі. Алайда қазіргі салафилік идеяның негізін салған кейбір ғалымсымақтар елдегі мешіттерде жүріп жатқан дәрістер барысында өз пікірлерін тықпалап, Әшғари мектебінің тәлімдерін жоққа шығарып, дау‑дамай тудыратын. Осыдан соң ХІІІ және ХІV ғасырларда Шам өлкесінде (бүгінгі Сирия аймағы) 1263-1328 жылдары өмір сүрген Ибн Тәймия аталмыш идеологияның туын тігіп, салафилік әрекеттің философиялық және құқықтық дүниетанымының негізін қалады.

Ол ислам әлеміндегі дәстүрлі бағыттағы сенім мектептері — Әшғари, Матуриди тәлімдерін адасқан деп сынап, күйе жақты. Бұл бағытта том-том кітап жазып, сол идеологияны қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Бүгінде өзіміз білетін салафизм идеясы сол кезеңдерден бастау алып, ХVIII ғасырда қазіргі Сауд Арабиясындағы Нәжд аймағына тиесілі Рияд қаласы маңындағы Ұяайна елді мекенінде дүниеге келген Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб ибн Сүлейменнің қолында жаңғырып, өзге діни мектептерге қарсы ерекше агрессиялық үлгіде дамып-қалыптасты. Сондықтан тарихта бұл топ «уаһабилік» және «уаһабилер қозғалысы» деген атаумен танымал.

Бұл топ өзін қаншалықты алғашқылардың жолын ұстанушы — «салафилер» деп атағанымен, уаһабилік қозғалыстың жалғасы екені барша жұртқа аян.

Медина қаласындағы Ислам университетінде және Пайғамбар мешітінде дәріс берген салафилік бағытты ұстанушылардың бірі Әли ибн Мұхаммед ибн Сина «Әл-мажмуғ әл-муфид мин ақидатут-таухид» кітабында: «Иә, мұсылмандар, сопылық тарихаттарына қарсы жаппай соғыс жариялап, оларды толығымен жоймайынша, сендердің исламдарыңның пайдасы жоқ. Оларға қарсы яһудилер мен отқа табынушыларға қарсы күресуден бұрын соғысыңдар» — дейді. Бұл тек сопылыққа ғана қатысты нәрсе емес. Олар Матуриди мектебін де жоққа шығарып, қаралайды. Мұндай көзқарас жалпы салафизм идеологиясын ұстанатын барлық топтарға ортақ болып табылады.

1990-жылдары КСРО құлаған соң, посткеңестік елдердің ішкі тыныштығын бұзу үшін, Орта Азия республикалары мен Кавказда енгізілген аталмыш діни-саяси доктрина Шешенстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстанда қарулы қақтығыстардың шығуына басты себеп болғаны белгілі.

Ал, өз жағдайымызға келсек, соңғы жылдары Алматы мен Таразда, Атырау мен Ақтөбеде орын алған келеңсіз оқиғаларды салафилік идеологияның және «Мұсылман бауырлар» қозғалысынан бөлініп шыққан «Әт-Тәкфир уәл-хижра» жамағаты әрекеттерінің тікелей көріністері ретінде атап өтуге болады.

«Салафизм» қазіргі әлемдік жаһандандыру саясаты секілді жалпылықты мақсат тұтқан идея болып саналады.

Ол  ұлттар мен халықтардың ерекшеліктерін, құндылықтарын жоюға бағытталған. Және мұны «ақиқат, тауһид, таза ислам және Құран мен сүннет жолы» секілді ұрандарды жамылып, солардың тасасында жүзеге асыру көзделген. Осылайша салафтар қазақ халқының және басқа да халықтардың ұлттық құндылықтарын, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін шариғат шарттарымен өлшемей, сарапқа салмай, бірден бидғат деп жариялайды. Сонымен қатар, «бидғатқа қарсы бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып күресу — әрбір мұсылманның парызы» — деп уағыздайды.

Бүгінгі күні елімізде ұлттық мүддеге қарсы салафизм ағымына ерушілер тарапынан жүргізіліп жатқан бұл үрдіс қазақ халқының ғасырлар бойы сақталып және ұлтты сақтап келе жатқан құндылықтарының тамырына балта шабуыға бағытталған. Ғасырлар бойы ел мен жердің иесі болып келе жатқан ұлт өз тамырынан айырылар болса, кім көрінгеннің жетегінде кетуі қиынға соқпасы анық. Өз ұлты мен отанының қадір-қасиетін жете біліп, түсінбеген ұрпақ тізгінді өзгеге қиналмай ұстатады. Міне, осындай жымысқы мақсат болмаса, он екі ғасырдан бері мұсылман болып келе жатқан, барша ислам әлемі мақтан тұтатын ұлы ғалымдарды тәрбиелеп келген Орта Азия халықтарының арасында олардың діні мен діни ұстанымын түгелімен дерлік жоққа шығаратын салафилік уағызды табанды түрде таратудың не қажеті бар еді?

Шындығында тәуелсіздік алғаннан бергі уақытты сараптап қарасақ, Астана, Алматы, Шымкент және еліміздің батыс өлкесінде араб елдерінен келіп жұмыс жасаған уағызшылар салафизм бағытының өкілдері болды. Араб елдерінің жалпы діни ұстанымдарына көз жүгіртер болсақ, бір-екі ғана мемлекеттен басқа елдерде салафизм ілімі қолдауға ие болмаған. Осы тұста, «Неге бізге дінді араб елдеріндегі дәстүрлі исламның өкілдері келіп уағыздамады?» — деген сұрақ та туады. Демек, қазақ жеріндегі салафизм қозғалысының астарында үлкен саяси, қоғамдық, экономикалық, тіпті әлемдік мақсаттар бар екені анық аңғарылады.

Осы тұста салафилік идеяның адам психологиясына тигізетін кері әсерін де атап айту қажет. Бұл ұстанымдағы адамның тұла бойын қоршаған ортасына қарсы агрессия билейді. Олар өзінен және өз ұстанымын қолдаушылардан басқа ұстанымдағы адамдардың барлығын, соның ішінде туыстарын, тіпті ата-анасын да,  «адасқан, тозақы» деп таниды. Өзін өзгелерден оқшаулауға көшеді. Айналасына қатысты агрессиялық көзқарас салафилік идеяның өкілін мейірім және жанашырлық деген қасиеттерден айырып, адами болмысын

тас-талқан етеді. Ол ата-ананың қызметі, туыстарға жан ашу және қоғам алдындағы жауапкершілік секілді ислами-моральдық құндылықтардан жырақ болады. Сөйтіп, түрлі қатыгез іс-әрекеттерге баруы да ықтимал. Салафизмге ілесушінің мұндай мінезі ел ішіндегі қоғамдық-туыстық қатынастардың ыдырауына, құлдырауына апарып соғады.

Қазіргі таңда салафизмді «байсалды» (умеренный) және радикалды деп бөліп қарау қажет дейтін пікір иелері бар. Олар өздерінің бұл пікірін «салафизмнің зайырлы мемлекеттің принциптерін мойындап, қарулы әрекеттерге баруды шариғатқа қарсы іс деп санайтын және мемлекет тек шариғат заңдарымен ғана өмір сүруі қажет, олай болмаса қаруға жүгіну қажет деп қарайтын екі тобы бар» —  деп негіздейді. Бірінші топ мемлекеттік құрылымға қарсы келмейтін болғандықтан, «байсалды» деп есептеп, күрес салафизмнің радикалды тобына қарсы бағытталуы керек дейді.

Салафилерді мұндай санаттарға бөлуде өте сақ болу керек. Себебі, жоғарыда аталған екі топтың да оқитын әдебиеттері мен ақидасы бір болып саналады. Бұлардың арасында кейбір саяси ұстанымдарда ғана айырмашылық бар.

Діни негіздегі ұстанымдар мен сенімдердің өзгеріске ұшырауы әдетте мүмкін емес. Бірақ саяси көзқарастар мен ұстанымдардың мүдде мен ахуал талабына сәйкес құбылып тұратыны белгілі. Сондықтан салафизмді қарулы іс-әрекетке бару немесе бармау тұрғысынан «байсалды» және радикалды деп бөлуге шартты түрде ғана келісуге болады, идея тұрғысынан мұндай екі топқа бөлу үлкен қателік болып есептеледі. Себебі, салафизмнің «байсалдысы» да, радикалдысы да ислам дініндегі ақида мен құқықтық мектептердің ешқайсысын дұрыс деп қабылдамайды. Оларды адасқандар, бидғатшылар және тозақылар деген ұстанымнан таймайды. Келесі кезекте мұндай «адасушылықтан» ислам әлемін «тазарту» үшін күресуге шақырады.

Демек, қазіргі кезде байсалды болып көрінген топтардың, мүдде талабына сәйкес, болашақта жоғарыда айтылған «негізгі мақсат» жолында бой көтермеуіне ешкім кепіл бола алмайды. Сондықтан тек елімізді ғана емес, бүкіл ислам әлемін алаңдатып отырған, жастардың санасын улап жатқан бұл идеологияға қарсы ғылыми, ақпараттық және құқықтық тұрғыдағы тиімді шараларды қабылдауды кейінге қалдырмаған жөн.

 

Әзірлеген А.ТЫНЫШТЫҚОВ,

«Жарық» ақпараттық-кеңес беру

орталығының дінтанушы-маманы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button