Әлеумет

Тіркеудің тәртібі

Дүниеге келген әрбір бала азаматтық хал актілерін тіркеу органдарында (АХАТ) тіркелуі тиіс. Бала туған сәттен бастап ерекше заңдық құрамға ие болады, атап айтсақ, азаматтық құқық қабілеттілігі туындап, баланың өмір сүруге, оған есімінің берілуі, ата-анасының тәрбиесінде және қамқорлығында болу құқығы пайда болады.

Баланың құқықтарын қорғау мен сақтау үшін оның туу туралы куәлігін рәсімдеудің маңызы зор.

Тууды мемлекеттік тіркеу рәсімін жүзеге асыру үшін ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы»  Кодексінің 187-бабына сәйкес, туу туралы медициналық куәлік немесе туу фактісін анықтау туралы сот шешімі негіз болып табылады. Бұл кодекстің 189-бабында баланың тууын тіркеу туралы өтінішті оның ата-анасы немесе басқа да мүдделі адамдардың тіркеуші органдарға баланы туған күннен бастап екі айдан кешіктірмей беруге тиіс екендігі көрсетілген. Баланың тууын тіркеу туралы өтінішіне қоса ата-анасы немесе мүдделі тұлға келесі құжаттарды табыс етуі қажет: медициналық мекеме берген туу туралы медициналық куәлік;

ата-анасының екеуінің де жеке басын куәландыратын құжаттары (ҚР паспорты, жеке куәлік), түпнұсқасы және көшірмесі; неке қию туралы куәлігі (тұпнұсқасы, көшірмесі).

Баланың туған жері ретінде, ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы»  Кодексіне сәйкес,  тууды мемлекеттік тіркеу кезінде қабылданған Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігінің (облыс, қала, ауыл және т.б.) атауы  баланың нақты туған жері болып көрсетіледі.

Баланың тууын тіркеу бойынша мемлекеттік қызметтер Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асырылады.

Алдағы уақытта ата-аналар үшін үйінде немесе жұмыс орнында отырып-ақ электрондық үкіметтің  www.egov.kz порталы арқылы тууды тіркеуге өтініш беруге мүмкіндік туады. Мұндай қызмет уақытты үнемдеуге, өтінішті онлайн режимінде республиканың кез келген аймағында жүріп-ақ беруге мүмкіндік туғызады. Дегенмен бұл қызмет Қазақстан Республикасының азаматтары үшін сандық-электронды қолтаңбаны қажет етеді.

Отбасы заңнамасындағы жаңалықтардың бірі — жаңа туған балаға қосарланған ат беруге рұқсат етіледі, бірақ ол екі аттан аспауға тиіс. Мысалы: Айша Бибі, Нұрәди Сұлтан, Дін Мұхаммед және т.б.

АХАТ органдары қызметкерлері бала тууын тіркеуде мемлекеттік қызметті сапалы көрсетуге міндетті болса, ал ата-аналар ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы»  Кодексінің 186-бабының 2-тармағына сәйкес, туудың уақтылы тіркелуін және қажетті құжаттар топтамасын құзырлы органға табыстауға міндетті.

М.ИГІСІНОВА,

Ақтөбе қалалық әділет басқармасы

АХАТ бөлімінің бас маманы.                                                        

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button