Әлеумет

Енді көш көлікті болғай!

Сырттағы қандастарымыз үшін жақсы жаңалық — Көші-қон комитеті қайта құрылып жатыр! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» Жарлығына сәйкес, Көші-қон комитеті қайта құрылып, ол бұрынғыша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырында болатын болды. 

Тоқсаныншы жылдары атажұртына — қазақтың жұмыр жердегі жалғыз отаны — Қазақ еліне қарай басталған ұлы көштің қат-қабат кедергілер мен қағазбастылықтың салдарынан кідіріп қалғаны ешкімге жасырын емес. Жаңа һәм ескі ескі комитетке артылар жүк те, үміт те көп — атамекеніне қарай ат басын бұрған көштің қарқынын бұрынғы қалпына келтіріп, керуеннің жолында кездесетін кедергілерді азайтса құба-құп.

Осы тақырып төңірегінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының облыстық филиалының төрағасы, «Қазақ и Я» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Руханият» партиясының облыстық филиалының төрағасы Базарбай Имановпен сұхбаттасқан едік. Мархабат…

 

 

—    Тәуелсіздік алған жылдан бермен қарай Қазақстанға миллионға жуық бауырларымыз көшіп келді. Бұл біздің халқымыздың санына құйылған үлкен адами капитал екені даусыз. Әсіресе, тоқсаныншы жылдардың басында сырттағы ағайынның көшіп келуіне айрықша көңіл бөлінді. Қазір шетелдерде бес миллионға жуық қазақ бар деген статистиканы айтып жүрміз. Соңғы жылдары осы бес миллион қазақтың жүгін теңдеп, соңына ілестіруге тиіс көштің екпіні басылып, тобан аяқтанып қалған секілді. Бұған не себеп болды деп ойлайсыз?

—    Көштің екпіні 2008 жылдан кейін бірден басылып қалды. Мысалы бір ғана облысты алсақ, Ақтөбеге соңғы бес жылда көшіп келген ағайындарымыздың саны мынау: 2007 жылы — 880, 2008 жылы — 1000, 2009 жылы — 396, 2010 жылы — 314, ал 2011 жылы 175 отбасына көшіп келу квоталары бөлінді. Ал былтыр Ақтөбеге келген 444 отбасының 279-ы ғана квота алды, қалған 265-і оған қол жеткізе алмады. Себеп? Себеп көп. Мұндай келеңсіздіктердің барлығы — Көші-қон туралы заңның кей тұстарының олқылығынан деп білемін.

Қазақстан Республикасының 2007 жылы бекітілген «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы оралмандар мәселесін толықтай шешуге қауқарсыз екендігі салдарынан 2011 жылы Парламент жаңа заң қабылдаған болатын. Бұл мұртқа өкпелеп жүргенде, сақалдан айрылғанның кебін келтірген сыңайлы. Себебі, жаңа заң ережелеріне сәйкес, көшіп келу квотасын тек Қазақстанның азаматтағын алған адам ғана ала алатын болды. Бұрын елге келіп, тіркеуге отырып, азаматтыққа құжат тапсырғаны туралы анықтамамен ала беретін. Енді оралман азаматтық алғанша өз жарасын өзі қасуға тиіс боп қалды. Ал азаматтық алу дегенің өте ұзақ процеске айналып кетті. Мысалы, Ақтөбеге 2011 жылдың шілде-тамыз айында келген ағайындарымыз есепке тіркелгенше, одан азаматтық алғанша 2012 жылдың қаңтары жетті. Осының аралығында бірталай оқиғалар болды. 2011 жылдың желтоқсан айында 2011-2014 жылдары жыл сайын 10 мың отбасына квота беріледі деген Үкіметтің қаулысы аз уақыт өтпей қайтарылып алынды да, оралмандарға берілетін квота белгілі бір мерзімге тоқтатылды. Үкімет қаулыны қайтып алды дегенді естігенде квотакүтіп жүрген қандастырымыз әбігерге түсті де қалды.

—    Сонда біздің облысқа көшіп келген әлгі 265 отбасы квота ала алмай қалды ма?

—    Тек олар ғана емес, еліміздің барлық аймағындағы жағдай солай. Олар қазір қал-қадерінше тірліктерін көріп жатыр. Бір күні квота беріліп қалар деген үміттерін үзбейді. Қазір азаматтық алу деген бір қиын шаруаға айналды. Кем дегенде алты ай уақыт кетеді! Осы уақыт аралығында сырттан келген қандастырымыз әр жерде қаңғып жүреді, үйі де жоқ, күйі де жоқ, не қолында құжаты жоқ, жұмысқа да орналаса алмайды, қолындағы бар ақшасына пәтер жалдайды. Оның үстіне қазір соттылықты анықтау да үлкен мәселеге айналып кетті. Оралман көшіп келген елінен соттылығы болмағаны туралы анықтама алып келгенімен, оны миграциялық полиция қабылдамай отыр. Миграциялық полиция шет елге өздері сұраныс жіберіп, алдыртып отыр. Ол жауап келгенше 2-3 ай өтіп кетеді. Ол келген соң оның дұрыс-бұрыстығын Ұлттық қауіпсіздік комитеті тексергенше тағы бір ай өтеді. Қандастарымыз осы уақыт аралығында қарызға белшеден батады. Миграциялық полицияның бұлайша оралманның өзі алып келген соттылық жөніндегі анықтамаға сенбеуінің, өздері хат жіберіп алдыртуының бір себебі бар. Кезінде арада делдалдар пайда болып, жасанды анықтамалар жасап, ҰҚК бірталай былықтың бетін ашқаны белгілі. Сол делдалдардың кесірі оралмандарға тиіп кетті. Яғни, азаматтық алуға дейін 3-4 айдай уақыт өтеді, азаматтыққа тапсырыс бергеннен кейін тағы алты ай күтеді. Бұл бір жылға жуық уақыт. Бұл оралман үшін өте қиын кез.

—    Қазақстан өз отандастарын елге қайтарып алу саясатын жүргізіп келе жатқан үш елдің бірі дейміз. Екі елде — Германия мен Израильде елге көшіп келген азаматтарды уақытша бейімдеу орталықтарына орналастыру, азаматтықтарын алып, әбден жайланып, қоныстанып алғанша ыңғайлы жағдай жасау үрдісі қалыптасқан. Бізге де осындай бейімдеу орталықтары керек дейсіз ғой?

—    Әлбетте, қажет. Біздің елде де барлық облыстарда болмағанымен бірді-екілі өңірлерде осындай тамаша бейімдеу орталықтары бар. Мысалы, Маңғыстау облысында бірден 200 отбасыны қабылдай алатын 7 қабатты үлкен бейімдеу орталығы бар. Ол жерде оралман азаматтық алып, квотасына қол жеткізгенше отыра береді. Ақтөбе облысының әкімі де бейімдеу орталығын саламыз деп уәде берді. Егер барлық өңірлерде осындай орталықтар ашылса, жақсы болар еді. Себебі оралмандар келген бойда қай жерге есепке тіркелетінін білмей сенделіп жүреді де қояды. Ешкім оларды өзінің үй кітапшасына тіркегісі келмейді. Жарар, бір адам өз үйіне бес адамды тіркеуге қойды делік, бірақ бесеуін бірдей өз үйіне кіргізіп қоя алмайды ғой. Ал миграциялық полиция оралмандарға: «Біз іздеген кезде тіркеуге отырған үйде табылуларыңыз қажет, олай болмаған жағдайда шара қолданамыз» деп талап қояды. Бұл мүмкін емес қой? Бұлай талап ету дұрыс емес деп есептеймін.

Жергілікті миграция полициясымен бірлесіп оралмандар келген бойда есепке тіркелсін деп облыс орталығынан бір пәтер, одан кейін тағы бір пәтер жалдап берген кезіміз болды. Кейін мұны да тоқтатып тастады.

 

Әр облыста Ұлттық аккредиттеу орталығының филиалдары ашылса…

 

—    Кезінде көші-қон мәселесін Еңбек және әлеуметтік министрлігінен алып, Ішкі істер министрлігіне бергеннен кейін жағдай қаншалықты өзгерді?

—    Жағдай жақсара ма деп үміттеніп едік, керісінше тіпті күрделеніп кетті. Қазір бұл көші-қонның тізгінін қайтадан Еңбек және әлеуметтік министрлігіне беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, көші-қон саласының бағы бір ашылмады. Әу баста Үкіметке тікелей бағынатын өз алдына дербес Көші-қон комитеті болған кездері жағдай жақсы-тұғын. Ол кездері атажұртқа оралған бауырларымызға бірден баспана берілетін. Сол уақыттарда ауылдарда, аудандарда баспана алып, орналасқан оралмандар орнығып, жұмыс жасап, жақсы болып кетті. Кейін, 2004 жылы Комитетті Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне қосып жіберді. Бұл министрлікке қосылғаннан кейін Комитет өгей баланың күйін кешті. Оралмандарға баспананың орнына квота берілетін болды. Сол уақыттағы есеп бойынша адам басына 92 мың теңгеден берді, оған қоса көмек ретінде он мың теңге, жол-пұлына деп тағы он мың теңгеде қаражат берді. Бұл қаражат не үй, не жер сатып алуға жетпеді. 2004-2005 жылдары үй бағасы аспандап кеткенін өздеріңіз де білесіздер. Оралмандар амалсыздан саяжайлар сатып алып, сол жерлерге орналасты. Қазір Ақтөбенің айналасындағы саяжайлардың көбінде оралмандар тұрып жатыр. Осындай қиындықтарды реттейді деген үмітпен 2010 жылы көші-қонның тізгінін Ішкі істер министрлігі алды. Облыстардағы көші-қон департаменттері жабылып, оның жұмысын көші-қон полициялары атқаратын болды. 2011 жылы көші-қон жөніндегі заңнама өзгерді, құзырлы министрлік оны өз ыңғайына қарай жасап алған секілді. Себебі жағдай бұрынғыдан да күрделеніп кетті. Осы екі ортада делдалдар да екі жеп биге шығуға тырысып бақты. Жасанды сенімхат жасатып алып, талай оралманның қаржысын өз қанжығасына байлап, ақыры темір тордың ар жағына тоғытылған делдалдар жайлы оқиғалар да болды.

—    Сонда қазір көші-қон саласындағы жұмыстар тоқтап тұр ма?

—    Әзірге тоқтап тұр. Алдағы күндерден үмітіміз зор. Енді бұрынғыдай квота емес, баспана берілетін шығар деген үміттеміз. Сырттан оралған бауырларымызға ең алдымен баспана мен жұмыс қажет, осы екеуі болса қалған тірлікті өздері-ақ алып кетеді.

—    Жұмыс демекші, оралмандардың жұмысқа орналасуында қиыншылықтар кездесе ме?

—    Дәл қазіргі уақытта қиыншылық тудырып отырғаны — оралмандардың дипломдарын нострификациялаудан өткізу, яғни, шетелдік білім беру ұйымдары берген білім туралы құжаттарын тану мәселесі. «Білім туралы құжаттарды тану және нострификация» мемлекеттік қызмет стандартының жалпы ережелері бойынша аталған қызметті Ұлттық аккредиттеу орталығы  көрсетеді. Бұл орталық Астана қаласында орналасқан. Еліміздің әр аймағына қоныс аударған қандастарымыздың білім туралы құжаттарын тану және нострификациялау,  анықтама алуы үшін Астана қаласына баруына тура келеді. Оған қандастарымыздың барлығының бірдей әлеуметтік, қаржылық жағдайы келе бермеуі мүмкін. Осы жерге зорға келген адам енді Астанаға баруы керек екен, ол жерде бірнеше күн бойы кезек күтеді, пәтер жалдайды — ал мұның өзі біраз қаражатты талап етеді. Ол жердегі кезектің қандай екенін көрдім. Қандастарымыз бірнеше күн пәтер жалдап күту мүмкін болмаған соң сенімхат беріп құжаттарын қалдырып кетуге мәжбүр. Нострификацияның өзі шамамен бір жылға созылады. Осы уақыттың аралығында оларды ешкім жұмысқа алмауы мүмкін. Жұмысқа алғанның өзінде ол мекемені прокуратура тексереді, егер қызметке алынған оралманның құжаты нострификациядан өтпеген болса, әлгі мекемеге айыппұл салынады. Ал мұндай проблема қай мекемеге қажет? Бұл — бір. Екіншіден, нострификациядан өту жөніндегі талап 2003 жылдан бастап күшіне енді. Бұған сай  тәуелсіздік алғаннан бермен қарай диплом алғандардың барлығы құжаттарын осындай операциядан өткізуге тиіс. Осы процесті жеңілдету мақсатында әрбір облыста осы орталықтың филиалдарын ашу жолдары қарастырылса деген тілегім бар, немесе бұл қызметті халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүргізсе де болар еді деп ойлаймын.

 

Қазақтың ең даласына қазақты толтыруымыз керек!

 

—    «Нұрлы көш» бағдарламасын қайта қарастыру қажет, жетілдіру керек деген пікірлер айтылды. Бұған не дейсіз?

—    «Нұрлы көш» бағдарламасының піспеген тұстары болғаны айқын. Мысалы, Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы Көктау ауылында жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден асатын 300 пәтерлік 75 тұрғын үй салынды. Бірақ бұл 300 пәтерге түгелдей оралмандар қоныстана алмады. Себебі осы жердегі «Ақтөбе мыс» компаниясына барлығының бірдей орналасуына мүмкіндік болмады, өйткені, оралмандардың барлығының мыс компаниясында жұмыс жасауына білімі, мамандығы бола бермейді ғой. Басқалай да себептер бар.

Ал негізінен халықты ауылға апару керек, барлығымыз жұмыс бар екен деп қалаға қаша беруімізге болмайды. Қазақтың ең даласына қазақты толтыруымыз керек. Қазіргі уақытта сыртта 5 миллионға жуық бауырымыз жүр. Олардың барлығын қалай болса да шақыртуымыз, елге алдыртуымыз керек. Баспанамен, жұмыспен қамтуымыз керек. Осы екі мәселе шешілсе, барлық қазақ атажұртына келетініне сенемін. Оралмандарға бөтен адам ретінде қарауды доғару керек. Олардың арасында керемет ғалымдар, профессорлар, мықты мамандар бар. Оралмандардың келуі халықтың санына сан, сапасына сапа қосады.

Алайда… дәл қазіргі уақытта көш тоқтап тұрғанын айттық. Көші-қон мәселесі Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне беріліп, заңға өзгерістер енгізіліп жатқаны белгілі. Өз тарапымыздан біз де ұсыныстарымызды жібердік. Соның ішінде ең маңыздысы, менің жеке пікірім — көші-қон мәселесімен айналысатын дербес агенттік немесе министрлік құрып, оның басшысы оралманның мұң-мұқтажын түсінетін, ең дұрысы, білім-білігі жоғары оралманның өзі болуы керек!Облыстардағы осы мәселемен айналысатын ұйымдардың барлығының басшылары да оралмандар ішінен таңдалғаны абзал. Себебі басына түспеген істі ешкім түсінбейді. Жоғарыда айтқан соттылық анықтамасын алу процесін жеңілдету керек. Зейнеткерлердің жағдайын қарастыру қажет. Себебі сыртта министр болып қызмет етсе де, Қазақстанда оралман болып келген қандасымыз бұл жерде ең төменгі зейнетақы алады. Бұл дұрыс емес! Бейімдеу орталықтарын ашу да бүгінгі күннің басты талабы.

— Оралмандардың арасында бес саусағынан өнері тамған қолөнершілер өте көп. Қазақтың ертедегі тері илеу, киіз басу, тағы басқа өнер түрлері сырттан келген бауырларымыздың арасында кеңінен сақталған. Осы кәсіптерін елге келген соң жалғастыру, кеңейту үшін қандай жағдай жасауға болады?

—    Рас айтасың, өнерлілер өте көп. Теріні илеп, түрлі бұйымдар жасайтын, керамикадан сандаған дүниелер жасайтын бауырларымызды талай рет фестивальдерге алып бардым. Бірақ осындай өнерлілердің барлығы өз қазанында өзі қайнап жатыр. Кәсібін кеңейтуге мүмкіндік жоқтың қасы. Себебі көбінің несие алуға мүмкіндігі жоқ, банктер кепіл сұрайды, көбісінің үйі саяжайларда, ал саяжайлардағы үйлерді банкке кепілге қоя алмайсың. Осы мәселелерді елеп, екшеп, несие беру серіктестігін ашу қажет деген қорытындыға келдім. «Қазақ и Я» қоғамдық бірлестігінің жанынан ашу мәселесін ойластырып жатырмыз қазір. Егер бұл мәселе шешілсе, жақсы болар еді.

Айтпақшы, биыл 7-8 маусым күндері Ақтөбеде «Ұлы мұра» деп аталатын дүниежүзі қазақтарының өнер байқауы өткізіледі. Жергілікті басшылықтың, «Нұр Отан» партиясы филиалының, біздің филиалдың ұйымдастыруымен өтетін бұл байқауға Германия, Түркия, Франция, Монғолия, Ресей секілді бірнеше елдің қазақтары қатысады деп жоспарлап отырмыз.

—    Сіз Қазақстанға қай уақытта көшіп келдіңіз? Алғашқы жылдары қиын болған шығар?

— 2002 жылы Қарақалпақстаннан көшіп келдім. Жұмыс таппай қиналған кезіміз болды. Қарақалпақстанда Шоманай деген ауданның білім беру бөлімінде 23 жыл бойы табан аудармай бас бухгалтер болып қызмет еткен болатынмын, мына жерге келіп лайықты жұмыс таба алмадым. Түрлі қоғамдық жұмыстарға араластым. Қазір, шүкір, жағдайым жақсы.

Елді сағынып келдік. Ең алғашқы уақыттарда таңертең үйден шығып кетіп, қаланың көшелерін жаяу аралайтынмын. Көшенің бір шетінен екінші шетіне дейін жүрсең, я сәлем беретін, я сәлем алатын бір адам жоқ. Ақтөбе қаласында бейімделу орталығының болмағандығынан,  Ақтөбеге келген оралмандардың көбі біздің үйге келетін. Бір күні санасам, үлкен бөлмеде 32 адам жатыр екен. Менің барлық тілегім сол сырттан келген ағайындарымның үстінде болды десем, артық айтпаған болар едім. Сонша қиындық көріп жүрсе де, қандастарымыздың елге деген сүйіспеншілігі, махаббаты маған дамыл таптырған жоқ…

 

Сұхбаттасқан

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.


Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button