Әлеумет

Өнімдер өзгеріске ұшырата ма?

 «…Бағдарламаның шеңберінде тамақ өнімдерінің, қоршаған орта объектілерінің қауіпсіздігін зертханалық бақылаудың халықаралық стандарттарға сәйкес келетін тиімді жүйесі құрылатын болады.

… Өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету,  ол мыналарды көздейді:

халықаралық талаптарға сәйкес өнімнің қауіпсіздігін бақылаудың халықаралық стандарттарын енгізу;

тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау жөніндегі зертханалық қызметті дамыту, оның ішінде:

– ДСҰ талаптарына сай келетін тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау жөніндегі мамандандырылған зертханалар құру».

 («Саламатты Қазақстан» бағдарламасы).

 

Өнімдер өзгеріске ұшырата ма?

 Елімізге шетелден әкелінетін кейбір азық-түліктердің сыртқы қаптамасында өнімнің құрамында генетикалық-модификацияланған ағзалардың бар екендігі жазылмайды. Мұны Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың өзі растап отыр.

«Былтыр әртүрлі өнімнен алынған 9 бірдей сынамадан (пробадан) генетикалық-модификацияланған ағзалар анық­талды. Оның ішінде 2 сынамадағы генетикалық-модификацияланған ағзалардың көлемі 0,9 пайыздан көп. Өнімдердің таң­балауында онда генетика­лық-мо­ди­фи­­кацияланған ағзалардың барлығы туралы мәлімет көрсетілмеген. Сондықтан Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті аталған тауарлар партиясының айналымға түсуіне тыйым салу шараларын қа­былдады. Сөйтіп, ол өнімдер саудадан алынып тасталды», — деді Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Салидат Қайырбекова.

Негізі, талап бойынша мұндай қосынды 0,9 пайыздан аспауы тиіс.

Салидат Зекенқызының айтуынша, азық-түліктердің құрамында генетикалық-модификацияланған ағзалардың бар-жоқтығын тексеру, зерттеу  жұмыстары Қазақстанда бұған дейін жасалмапты.

«Азық-түліктерде генетикалық-модификацияланған ағзаларды анықтау елімізде енді қолға алынып жатыр. Маманданды­рылған бұл зертханалар Астана, Алматы, Өскемен, Петропавл, Орал қалаларында құ­рылды. Зертханаларда жұмыс істейтін мамандарды Миланға оқуға жі­бердік», — дейді Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова.

Сонымен, генетикалық-модификацияланған ағзалар деген не?

Мұндай қосындысы бар азық-түліктердің денсаулыққа зияны қандай?

 

Дамытылған дақылдар

 

Гендік модификация  — биотехнологиялық жолмен суыққа, ыстыққа төзімді өсімдік өсіру.

Мысалы, картоп геніне сарышаян гені  қосылады екен. Картоптың кейбір сортына доңыз гені қосылатын көрінеді. Ал қызанаққа солтүстік камбаласының гені пайдаланылады. Қызанақтың кейбір сортында акуланың азу тісінің гені барын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Қытайдан әкелінетін алмалар да гендік өзгеріске ұшыраған. Жемісті ұзақ уақыт сақтау үшін оның ДНК-сына шаян ДНК-сы қолданылады екен. Ал зиянкес жәндіктер зиян тигізбеуі үшін жүгеріге жыланның уынан алынған белсенді ген енгізілетін көрінеді.

Өсімдіктерді генетикалық модификациялау өткен ғасырдың 80-ші жылдарында АҚШ-та басталды. 90-жылдардың басында бұл елдің егістік алқаптарында алғашқы трансгенді дақылдар пайда болды. Бұл дақылдар зиянкес жәндіктерге, сортаң топыраққа, ауа райының құрғақшылығына төзімділігімен және бағасының арзан болуымен, мол өнімділігімен ерекшеленген.

Сөйтіп, гені түрленген  өсімдіктердің егіс алқабы көбейіп кетті. 1996 жылы әлемде трансгенді өсімдіктердің егіс алқабының көлемі — 1,7 млн. гектар болса, 2002 жылы бұл көрсеткіш 52,6 млн. гектарға жетті (оның ішінде 35,7 млн. гектары — АҚШ-тың үлесінде), ал 2006 жылы 102 млн. гектарға гені түрлендірілген дақылдар егілген.

Деректерге сүйенсек, 2006 жылы әлемнің 22 елінде гені өзгеріске ұшыраған өсімдіктер өсіріліпті. Гендік өзгеріске ұшыраған дақылдар, әсіресе,  АҚШ, Аргентина мен Канадада көп. Жалпы, бұл елдерден бөлек, Румыния, Болгария, Испания, Бразилия, Уругвай, Үндістан, Индонезия, Испания, Мексика, Германия, Австралия, Филиппин, Оңтүстік Африка, Колумбия, Жапония, Қытайда гені түрлендірілген дақылдар өсіріледі.

Ең кең таралған  гендік модификацияланған дақылдар — соя, жүгері, бидай, қызылша, мақта, рапс, картоп, сәбіз, пияз.

Гендік өзгеріске ұшыраған өнімдердің денсаулыққа әсерін анықтау әлі зерттеліп біткен жоқ. Әзірге анықталғаны — гені түрлендірілген өнім зат алмасу процесін бұзып, иммунитетті төмендетеді. Өте қауіпті аллергиялық  реакциялар пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар асқазанның сілемейлі қабатының құрылымын өзгеріске ұшыратады. Ісік ауруларына шалдықтыруы да мүмкін.

 

Заң және талап

 

Құрамында генетикалық-модификацияланған ағзалары бар өнімдерді қолдану-қолданбауды әр ел өзінше шешіп отыр.

Елімізде 2007 жылы «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» заң қабылданған болатын. 2011 жылы Заңға біраз өзгер­ту­лер мен толықтырулар енгізілді. Осы заңның 34-бабында былай делінген: «Тамақ өнім­деріндегі генетикалық түрлендірілген объектілер қауіпсіздігінің ғылыми негіз­делген расталуы белгіленгенге дейін олар­дың Еуропалық Одақ мемлекеттерінде белгіленгеннен аспайтын тамақ өнімдері құрамындағы деңгейі қабыл­данады».

Осы заң талабы 2008 жылы қолданысқа енгізілді. Негізі, талап бойынша, гені өзгеріске ұшыраған қосынды 0,9 пайыздан аспауы керек.

Елімізде «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде ДСҰ талаптарына сай келетін тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау жөніндегі мамандандырылған зертханалар енді құрылып жатыр. Бұл зертханалар Астана, Алматы, Өскемен, Петропавл, Орал қалаларында ашылған.

Былтыр облыс бойынша 4 сынаманы Орал қаласындағы зертханаға жібердік. Бұл төрт сынаманың төртеуі де — консервіленген тәтті жүгері.

Зерттеу нәтижесінде, бұл өнімдердегі генетикалық түрлендірілген қосынды талапқа сай екендігі, яғни 0,9 пайыздан аспағаны анықталды.

Зертханаға жүгері өнімін жіберуіміздің себебі, сол кезде Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында сатуға шығарылған  консервіленген тәтті жүгерідегі генетикалық түрлендірілген қосынды біздегі талаптан артық екені анықталды. Бұл жағдайда, әрине, біз де бейтарап қала алмадық,  — дейді  облыстық  санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бөлім бастығы Гүлбану Дәулетова. Оралға жіберілген әлгі жүгерілер Тайланд, Қытай, Ресейде шығарылған екен.

 

 «Өңделген» өнімдер

 

Интернет мәліметтеріне сүйенсек, құрамында генетикалық-модификацияланған ағзалар бар өнімдер көп. Балалар тағамдарын өндіретін сауда белгілерінің 70 пайызының өнімінің құрамында гені өзгеріске ұшыраған қоспалар бар.

Мамандар шетелден әкелінген маргарин, өсімдік майларын да абайлап қолдану керектігін ескертеді.

Гендік модификацияланған дақылдардың көп таралған түрі — соя.

Ресей ғалымдары тәжірибелердің бірінде егеуқұйрықтардың бірін кәдімгі, екіншісін трансгенді соямен қоректендірген. Нәтижесінде трансгенді соямен қоректенген егеуқұйрық ары қарай ұрпақ жалғастыра алмайтын әлсіз ұрпақты дүниеге әкелген.

Соя ұны әрбір нан өнімдерінің,  шоколад пен кәмпиттердің кейбір түрлерінң құрамында кездеседі. Ірімшік, айран өнімдері соя майынсыз жасалмайды. Тіпті соя майы балалар тамағында бар болып шықты.

Балаларға арналған тағамдардың кері әсерін көргендер көп.

Мысалы, Израильде 3 сәби өліп, 17 адамның жүйке жүйесі сыр берген. Олар қолданған балалар тамағының құрамында гендік өзгеріске ұшыраған соя болған.

Төменде өнімдерінің құрамында гендік өзгеріске ұшыраған қосындылары бар бірнеше компаниялардың тізімін ұсынып отырмыз.

Kelloggs (Келлогс) — дайын таңғы ас өнімдері, оның ішінде жүгері ұнтағы.

Nestle (Нестле) — шоколад, кофе, балалар тамағы.
Heinz Foods (Хайенц Фудс) — кетчуп, соустар.
Hersheys (Хёршис) —шоколад, алкогольсіз сусындар.
Coca-Cola (Кока-Кола) — «Кока-Кола», «Спрайт», «Фанта» сусындары.
McDonalds (Макдональдс) — тез дайындалатын тағамдар.
Danon (Данон) — йогурт, айран, сүзбе, балалар тағамы.
Similac (Симилак) — балалар тағамдары.
Cadbury (Кэдбери) — шоколад, какао.
Mars (Марс) — «Марс», «Сникерс», «Твикс» шоколадтары
PepsiCo (Пепси-Кола) — «Пепси», «Миринда», «Севен-Ап» сусындары.

 

«Қосынды» қалай ерекшеленеді?

 

Құрамында генетикалық-модификацияланған ағзалар бар жемістер, көкөністер таза өнімдерден қалай ерекшеленді:

 

*** Мұндай өнімдер ұзақ сақталады, бұзылмайды.

*** Олардың пішіні бірдей болады.

*** Көздің жауын алады.

*** Бұл жемістерді кескенде шырын шықпайды.

*** Мұндай жемістермен зиянды жәндіктер қоректенбейді.

 

P.S.

Сөрелерде көз арбап тұрған алуан тағамдардан ат-тоныңды ала қашу да оңай емес. «Көрмегенге көсеу таң» болатыны және рас. Шетелдерден келетін өнімдердің көбеймесе азаймайтыны һәм белгілі. Дегенмен, сақтансақ сақталатынымызды да ұмытпайық.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button