Әлеумет

Бұқара

Жаңғырық

 «Жастар» жалындасын!.. 

 Уақыт талабына сай, жастарға өз заманына лайық ақпарат көзі қашанда қажеттілік тудырады. Жеке басылым болмаса да, жас буынның осы қажеттілігін қанағаттандыруға үлес қосар қосымша жақында жарыққа шықты. Облыстық «Ақтөбе» газетінің 2013 жылғы 7 ақпандағы басылымында (№17-18) жарияланған қосымша «Жастар» деп аталыпты. Көріп қуанып қалдық және үн-түнсіз қалуды жөн санамай, қолға қалам алдық….

Баршаға мәлім, күнделікті облыс тіршілігінен хабардар ететін ақпарат айдынындағы аймағымыздың басты айнасының 90 жылға жуық тарихы бар.  Уақыт өткен сайын басылым жаңарып, үнемі оқырман назарына тың тақырыптар арқылы мән-маңызы жоғары, өзекті мақалалар ұсынып, түрлі айдарлар және жаңа қосымшаларымен қуантып келе жатқанын айта кету керек.

Жастар саясаты мен жастар арасындағы жаңалықтарға қоса, «Жастар» қосымшасының екі бетін ала бүгінгі қазақ поэзиясының беталысын ой елегінен өткізген журналист М.Сатаеваның «Біз жанбасақ, лапылдап…» атты мақаласы жарық көрген. 

Мұнда қазіргі қазақ поэзиясының жайы, артықшылықтары мен кемшіліктері, аға буынмен байланысы, жалпы жастар шығармашылығына қатысты өзге де ойландырар мәселелер жас ақындар көзқарасы тұрғысынан талданған. Қазақ поэзиясының бүгінгі деңгейі, поэзиядағы еліктеушілік, «түсініксіз» поэзия ұғымдары бойынша  жас ақындар Ж.Кемал, Ж.Қожабекова мен И.Кереевалар жақсы пікір білдірген. Ал, поэзияға деген қамқорлық, қазіргі жас ақындардың, нағыз ақындардың танылуына қатысты Б.Нұрғалиев пен М.Ахметовтердің «Мүшәйраларға қатысу керек. Ұмтылу керек, бару керек! Бұл деген — күрес, бұл деген — кезек!» немесе «Мықтысың ба, түбі бір жерден тесіп шығасың» деген оптимистік пікірлері көңілге қонымды.

Расымен де, тамырын сонау заманғы жыраулар дәуірінен алып жатқан қазіргі қазақ поэзиясын тоқырауға ұшырады дегеннен гөрі, даму, қалыптасу сатысында, белгілі бір көркемдік, шеберлік жаңару үстiнде деп ой түйген жөн болар.

Қазіргі қазақ поэзиясы астарлы, әлі де өз биігінде тұрған, әлемдегі шоқтығы жоғары поэзияның бірі. Оны шетелдiк поэзияның кез келгенiмен иық тiрестiре алатындай дәрежеде деп айтуға болады. Тарихқа үңілсек, біздің халқымыз сөз өнеріне аса бай және осы байлығын  ауыздан ауызға таратып, бүгінгі күнге жеткізе білген бірден-бір ұлт. Сөз өнерінің осы қасиетін бағалай білген кешегі өткен ақындарымыз бен олардың бүгінгі жалғасы,  қайратын қалам қарымымен байқатып жүрген кейбір жас толқын шығармашылығы әдебиет әлемінде лайықты орнын ала білді.

Бүгінгі жас  ақындар әлемдік поэзияға еліктеп, жаңаша жазуға, жаңа стиль қалыптастыруға ұмтылуда. Жөн делік. Өзгеру, даму  сөзсіз болып тұратын эволюция заңы. Тек сол әлемдік поэзияның жаңалықтарын қазақтың ұғымына, ойлау жүйесіне сай етіп қолданса екен деген ой бар. Ұлттық болмыс дегенді ешқашан ұмытпауымыз керек. Қай ұлттың болмасын өзіндік дүниетанымы, болмысы, көзқарасы мен менталитеті сөз өнерімен қоса өріледі. Ұлттың таным-түсінігіне сай поэзияда да өз даму сатысы, қозғар тақырыбы болады. Өзге ұлт поэзиясына еліктеуде осы жайттар ескеріле бермейді.

Сондықтан да болар, бүгінгі поэзияда «бөтен сөзбен былғанған сөз» ұғымының қалыптасып, түсінуі қиын өлеңдердің жарыққа шығып жатқаны. Белгілі бір кезеңнің ықпалы ма, тұтастай болмағанмен, өмірден түңіліп, сары уайымға салыну сарынындағы поэзияны жырлаушылар тобының да бары рас. Қазақ халқы қашанда ер, қайсар мінезді, намысқой, жеңіске жету жолында күресе білген, жігері мұқалмаған өр мінезді халық болған. Қазіргі жастардың бойында немқұрайлылық, тағдырға тез мойынұсыну басым. Сол себепті де, олар пессимист. Бұдан гөрі жас ақындар болмысымызға тән тегеурінді, рухты, асқақ үнді, өз өздерін қайрайтындай жігерлі өлеңдер қатарын мейлінше көбейткені жөн.

Осы жолда «Жастар» алғашқы санынан жас буынға демеу беріп, қозғау салды деген ойдамыз.  Қосымша бұдан әрі де тоқтап қалмай, жастар арасындағы өзекті мәселелерді, қоғамдағы келеңсіздіктерді бүкпесіз жазса, ойды сан-саққа жүгіртетін теріс ағымдардан сақтанудың жолдарын замандастырымызға көрсетіп, пайдалы ақыл-кеңес беруден аянбасын деп тілек етеміз. Жастардың «жан айқайы» мен «алақайын» басуды мақсат етсін. Қосымшаға сәттілік, тілшілерге тұшымды пікір, тұжырымды ой, шалқар шабыт тілейміз. «Асыл — тастан, ақыл — жастан» деген, жастардың жалауын көтеріп, алауын маздатуға еңбек етсін.

Айша МҰҚАНБЕТҚАЗЫ.

Ақтөбе қаласы.

 

Ұсыныс пен шешім

 

«Ақтөбе» газетінің 2013 жылдың 21 ақпанындағы санында Байғанин ауданы Миялы ауылдық округінің әкімі Құрманғали Әлжанның «Хабар болмай кетті» атты пікірі жарық көрді. Авторды Миялы ауылындағы Дияр орта мектебіне Төлеген Айбергеновтың есімін беру туралы қабылданған құжаттардың тағдыры алаңдатады екен.

Бұл мәселе 2007 жылдың 12 желтоқсаны күні облыстық ономастика комиссиясының отырысында қаралып, мақұлданды. Ұсыныстар бойынша қаралып, шешім алынған барлық құжаттар бір аптаның ішінде мемлекеттік ономастика комиссиясының қарауына жолданды. Бұл жөнінде кезінде аудандық әкімдік хабарландырылған болатын.

Алайда, айта кету керек, облыстық ономастика комиссиясының, мемлекеттік ономастика комиссиясының шешімдері мен ұйғарымдарын ҚР Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы №281 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы ұйымдарды, темір жол станцияларын, әуежайларды, сондай-ақ физикалық-географиялық объектілерді атау мен қайта атаудың және олардың транскрипциясын өзгертудің тәртібі» туралы қаулысының 4-ші тармағына сәйкес Үкімет қабылдайды. 2005 жылдан бері қарай республика бойынша бірнеше дүркін жарияланған мораторийден соң ұсыныстарды Үкімет деңгейінде қарау кешеуілдеп келеді. Ақтөбе облысы бойынша да мемлекеттік ономастика комиссиясында бұдан тыс отыздың үстіндегі атау беру туралы ұсыныстар қараусыз жатыр. 2006 жылы Мәртөк ауданындағы Нагорный орта мектебі Саржансай орта мектебі болып өзгертілді. Мұғалжар ауданындағы музыка мектебіне Ахмет Жұбановтың, Ойыл  аудандық өнер және өлке тарихы музейіне Шығанақ Берсиевтің есімі берілді.  Қалған ұсыныстар осы күнге дейін шешімін таппай келеді. Оның ішінде Әйтеке би, Кердері Әбубәкір, Шернияз Жарылғасұлы, Бөкенбай батыр, Ишанбай Қарақұлов, Ұзақбай Құлымбетов, т.б қоғам қайраткерлері, өнер адамдарының есімдері де бар. Кезінде қабылданып, ҚР Үкіметіне ұсыну туралы барлық облыстардан түскен біздің өтініштеріміз алқалы жиындарда талай рет айтылды. Десек те халық санағы кезінде және Шығыс Қазақстан мен Қызылорда облыстарында адам есімдері қалай болса солай көп беріліп кетуі салдарынан атау беруге, өзгертуге сол кездегі мемлекет хатшысы Қ.Саудабаевтың тарапынан бірнеше мәрте тоқтам салынған болатын. 2010 жылдың қарашасынан бастап Елбасының мораторийі жарияланды. Ол алда заңнамалық құжаттар қабылданғанша әлі күнге дейін күшінде. ҚР Үкіметінде біздің жіберген ұсыныстарымыздың қаралмауын осы мәселеге байланысты деп түсіндіреді.

Жақында еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жарық көрді. Осы жерде өзге де оқырмандарға түсінікті әрі белгілі болуы үшін Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының  25-5-бабы жеке адамдардың есімін беру жөніндегі «Ономастика жұмысының критерийлерімен» толықтырылғанын келтіре кеткенді жөн санаймыз. Критерий бойынша тарихи, георгафиялық, табиғи және мәдени ерекшеліктерді ескеру, әдеби тіл нормаларына сәйкестік, бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, елді мекендердің құрамдасы бөліктеріне бір атауды бір ғана мәрте беру, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің және Қазақстан Республикасы мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген басқа да жеке адамдар қайтыс болған күннен бастап кемінде бес жыл өткен соң ғана есімдерін беруге болатыны айтылған. Жеке адамдарға есім беру енді республикалық, облыстық ономастика комиссиялармен келісіліп, олардың ұйғарымынан кейін ғана ұсынылмақ. Демек ұсыныстар әбден екшеліп, сүзгіден өтетін болады. Заң үш айдан кейін күшіне енеді. Әрине, ақиық ақын Төлеген Айбергеновтың орны қазақ үшін бөлек. Дегенмен, осы жылдың наурыз айында осы Заңды іске асыру бағытында ел Үкіметі қаулылар қабылдайды. Жоғарыдағы ұсыныстардың шешілуі немесе шешілмеуі осыдан кейін айқындалмақ.

 

Алмат ПАНГЕРЕЕВ,

облыстық ономастика комиссиясының хатшысы.

 

Адам

 

Беделдің бағасы

 

Адам баласының бойындағы асыл қасиеттердің бірі — кейінгі ұрпаққа тәрбие берудегі жауапкершілік.

Осы жауапкершілікпен барлық күш-жігерін, қуатын салып жүрген азаматтардың бірі —  Ойыл ауданының ағарту қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы Бақтығали Қозыбайұлы. Бақтығали Бектұрғановтың өмірдегі, еңбектегі жеңістері алуан. Бақтығалидың азамат, ұстаз және қоғамдық жұмыстағы жетістіктерін үлкен мақтанышпен айтуға болады.

… Оқу бітірген соң жас ұстаз Бақтығали Қаракемер негізгі мектебінде өзінің біліктілігімен, еңбекқорлығымен, кез келген жұмысқа жауапкершілігімен және ұқыптылығымен жоғары беделге ие болды.

Ойыл аудандық білім бөліміндегі қызметі Бақтығалидың өз қатарларынан ілгері шығып, алға жылжуының баспалдағы десек те болады. Ол одан кейін аудандық партия комитетіне 25 жасында жұмысқа шақырылды. Аудан өмірінің барлық саласына араласа бастады. №196 селолық кәсіптік-техникалық училище мен мектепаралық оқу өндірістік комбинаттарын басқарды, ауданның ауыл шаруашылық мамандарын даярлау мен мектеп оқушыларының кәсіби мамандықтар алып шығуына тікелей өз үлесін қосты. Училищені былай қойғанда, оқу өндірістік комбинатында бірнеше ауыл шаруашылық машиналарының түрлері, радиотехника, тігін, автомобиль, жолда жүру ережелері кабинеттері жасақталып, бірнеше жүздеген оқушылар мамандық иелері болып шықты.

Ол зейнет жасына дейінгі еңбек жолының соңғы он екі жылында Ойыл ауданының ағарту қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы қызметін атқарып келеді. Ағарту қызметкерлерінің тұрмыс жағдайлары, емдеу-сауықтыру шараларына, олардың еңбек мүдделерін қорғау мен басқа да да әлеуметтік мәселелерге ерекше мән  бере отырып, шебер ұйымдастырумен үлкен абыройға ие болғанын ауыз толтырып айтуға болады.

Бақтығали бірнеше жылғы алдыңғы қатарлы педагогикалық-әдістемелік және қоғамдық жұмыстары үшін  ҚР Президентінің Алғыс хатымен,  Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен, ҚР кәсіподақтар  федерациясының «Қазақстан кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Біз, бала күннен бірге өскен, бір жоғары оқу орнынан білім алып, білім саласында бірге қызметтес болған достарыңыз, Сіздің адами қасиеттеріңізді, іскерлігіңізді жоғары бағалаймыз, құрмет тұтамыз.

 

Т.Сапаров, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ғылыми қызметкері.

 

Құрмет

 

Мен сенің өміріңнің жалғасымын!..

 

Әр отбасында әкенің орны бір бөлек. Ол біздің қамқоршымыз, біздің биігіміз, қарап өсер өнегеміз.

Менің әкем дүниедегі ең жақсы әке. Қанша қиындық көрсе де, бізге мұңайғанын, шаршағанын көрсеткен емес. Әкем Рахат Қартжанұлының… өндірістік қателіктердің салдарынан көз жанарынан айырылғаныныңызға 32 жыл болыпты. Ол кезде қырыққа да жетпеген жап-жас жігіт болған екенсіз-ау, Әке… Кейін Сізге кезінде мықты механизатор болған еңбегіңіз еленіп, III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені берілді.

Сіздің дүниенің бәрін таяқпен түртіп көріп, танып, сүйеніп жүргеніңізді көргенімде ішіңізде қанша арманның өліп жатқанын ойлап, құлазимын. Он балаңыз болса, онын да дауысынан танисыз ылғи. Тіпті, көршілерді, туыстарды, ауылдастарды да көңіл көзіңізбен көріп, тани бересіз.

Біз сіздің көзіңізде, көңіліңізде баяғы ойын баласы болып қалғандығымыздан шығар, әлі күнге дейін қонаққа барғанда немерелеріңізбен қоса соңы отызға келген бізге де қалтаңызға кәмпит салып алып келетініңіз қандай жақсы… Сіздің қалтаңыздан шыққан кәмпиттер дастарқандағы кәмпиттерден әлдеқайда тәтті секілді. Әлі күнге дейін жапа-тармағай таласамыз…

Анам екеуіңіз бізге өмірде ешқашан мойымауды үйреттіңіздер. Қандай жағдайда да болаттай      берік, төзімді болуды, біреудің ала жібін аттамауды, барға тасымауды, жоққа жасымауды сіздерден үйрендік. Сіздер жүрген жер құбыла біз үшін.

Кішкентай кезде тентек болып он бала он жаққа тартқанда анамыздың таяғынан қорқып, сіздің арқаңызға тығылушы едік. Қазір де сіздердің арқаларыңызда, сіздердің берген тәлім-тәрбиелеріңіздің арқасында адам деген атқа лайық болуға тырысып жүрміз.

Әке деген асқар тау дейді қазақ. Міне, біздің бәйтерегіміз де жетпіс жылғы ғұмырында тамырын тереңге тартып, бұтақтары жайылып, алып шынарға, шыңға айналды. Сіздің орныңыз қай жерде де — төр, Әке.

Сіздер, анам екеуіңіз дүниенің байлығы да, барлығы да — балаларымыз деп ғұмыр кешіп келесіздер. Бізге де байлықтың, барлықтың өлшемі дүние-мүлік, тиын-тебен емес екенін күн сайын санамызға құйып отырасыздар.

Мен бала кезімде Сіздің «балам, ең бастысы, көңілдің, көкіректің көзі ашық болсын» деген сөзіңізді түсінбеуші едім. «Көкіректе қалай көз болады?» деп ойлайтын едім. Кейін түсіндім, адамды адам қылатын маңдайдағы көз емес, көкіректегі көз екен ғой…

Сіздер бізді еңбекті сүюге, жалқау болмауға үйреттіңіздер. Сіздердің үйреткендеріңізді біріміз болмаса біріміз өмірде дұрыс пайдалана алмай жүрсек, ол бізге сын…

Әке, жетпіс жылғы ғұмырыңыз құтты болсын! Сіздің, сіздің ізіңіздің жоғалмайтынына сенеміз. Біз — балаларыңыз, немерелеріңіз бармыз, себебі, шүкір…

Ардақ РАХАТҰЛЫ,

Әлия ауылы,

Қобда ауданы.

 

Тылсым

 

24 жастағы жігіт 10 жастағы баладай…

 

Алға қаласының тұрғыны Серім Амангелдінің жасы 24-те. Бірақ оның бойы да, келбеті де 10 жастағы баладай. «Алайда денсаулығымда бір мін жоқ», — дейді Серімнің өзі.

Қазір ол аудандық білім бөлімінде бухгалтер болып қызмет етеді.  Оған дәрігерлер «гипофизарлы нанизм» деген диагноз қойған, түсініктірек айтқанда, бойы өспей қалатын ауру.

Бойы кішкентай болса да Серімнің ойы биік, өмірге құштар, еңбекқор азамат, өзі әрбір ортаның гүлі деседі. Оны танитындардың айтуынша, Серімсіз өтетін той-томалақ ол бардағыдай көңілді емес. Достары да, құрдастары да онсыз бір де бір туған күнді, үйлену тойларын өткізбейді екен.    

— Біз отбасында үш баламыз. Жетпістен асқан ата-анамыз бар. Мен үйде кенже бала секілді өсіп келемін. Қазіргі уақытта салмағым — 40 келі, ал бойым — 140 сантиметр. Еш жерім ауырмайды, денсаулығым жақсы. Үй шаруашылығын өзім атқаруға тырысамын. Бірақ жоғарғы сөрелерден қандай да бір заттарды ала алмаған кездері басқа адамның көмегіне мұқтаж боламын, — дейді Серім.

Оның бала кезде өз құрдастарынан еш айырмашылығы болған жоқ. Мектепті де төртпен, үшпен оқып шықты. Ал математикадан алдына жан салмайтын болғанын айтады. Сүйікті пәні тарих пәні болған. Өзінің проблемаларын Серім өзі шешуге тырысады. «Ешкімге масыл болғым келмейді», — дейді.

— Мен туғаннан осындай кішкентаймын. Неден екенін ақыры түсіне алмадым. Тұқымымызда мұндай нәрсе болмаған, — дейді жігіт.

Аудандық білім бөлімінің бухгалтериясында алты айлық тәжірибеден өткен соң Серімді жұмысқа мектеп-балабақшаға жіберген. Ол жерде үш жыл қызмет еткен Серім бұрынғы жұмысына қайтып келді. Қазір ол аудандық білім бөліміндегі маңдайалды қызметкерлердің бірі.

Асқар АҚТЛЕУОВ,

Алға қаласы.

 

Әдебиет

 

Абайдың қасіретті түсі

 

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» оқыған әрбір қазақ ұлы ақынның өмір жолымен таныс болар. Ал Абайдың өмірінің соңғы жылдары мен айларындағы, тіпті соңғы күндеріндегі басынан өткен қайғылы да қасіретті күндері туралы терең білмейді екенбіз.

Жақында республикалық газеттердің бірінен жазушы Думан Рамазанның әңгімесін оқып, ақынның басынан өткен терең қайғыны біліп, ерекше бір ойға қалдым. Неткен аянышты тағдыр деп тебіреніп қолыма қалам алдым.

Әңгіменің тақырыбы — «Құса». Алғашқы жолынан бастап оның жай-күйі оқырманын терең ойға жетелей жөнелді. Науқасы меңдеп, төсекке таңылған талантты ұлы — Мағауияның жайы Абайды үлкен қайғыға батырады. Ақынды күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан, ішер астан, тіпті тілден де айыра бастайды. Мағашының жайын ойлап қапаланады асыл әке.

Біз бұрын білетіндей мезгілсіз дүниеден өткен үміт күткен ұлы Әбіштің (Әбдірахманның) қазасын Абай әрең көтеріп, қимас ұлының қайғысы енді-енді ұмытыла бастағанда екінші дарынды ұлы, ақын Мағашының ауруы ауыр дертке айналып, бұл дүниеде үміт үзе бастауы, әке қайғысын ауырлатып, зіл-батпан жүкке айналған еді.

Тұңғиық ойдан арыла алмай қалжырап шаршаған ақын бір күні ұйықтап жатып түс көреді. Ой езгісінен ұйқы көрмей, таң алдында талмаусырап көзі ілініп кеткен екен. Түсінде әкесі Құнанбайдың атына Әбішті мінгестіріп алған атымен келіп, Мағашты, Абайды, соңынан Ақылбайды мінгестіріп алып кеткенін көреді. Абай шошып оянады, түсі екен. Осы күні кешқұрым Мағашы да дүниеден озады…  Түсіндегі атқа Әбіштен кейін мінгескен Мағауиядан да осылай айырылып әкенің жүрегі қан жылап қалады. Басу айтушылардың сөздеріне құлақ аспай, бұл дүниеден түңіледі ұлы ақын.

Ел жұртқа бас ие болар деген, үміт күткен ұлынан айрылу қабырғасын қайыстырып кетеді. Ұлы ақынның «Мен ішпеген у бар ма?» дейтіні осы екі асыл ұлдарынан айырылған күндер болса керек деп ойладым.

Осылай қайғыда күн кешіп жүріп, Абай өзінің ажалы жететін күнді де болжапты.

Мағауияның қырық күндік садақасын үш күн ерте бергеннен кейін ел жайлауға көш түзеген күні Абай ата-баба қорымына бет түзейді. Әлі топырағы қата қоймаған Мағашының қабірінің жанына келіп тізе бүгеді. Осы кезде еңкілдеп жылаған оның даусы қатты шығады… Одан кейін аяулы Әбішінің қабіріне тақап келіп, буын-буыны босап, сылқ етіп отыра кетеді. Сүйікті ұлының бейнесі көз алдына келеді. «Қайран Әбішім-ай! Қарашы маған, құлағыңды тосшы, жаным, әкең келіп тұр саған сай сүйегін сырқыратып, тірі жүргенім болмаса өмір сүріп жүргенім жоқ! Сыртым тірі болғанмен, ішім сенімен бірге өлген, енді кешікпей барамын қасыңа, жатамын жаныңа» деп зар илейді. Қандай аянышты жай. Кенет ойына әлдене түскендей жайменен орнынан тұрып, әкесі Құнанбайдың қабіріне қарай жүреді: «Әй, тәте, ардақты ер едің ғой, мені Мағашымның артында қалдырма. Өмірдің алды ыстық, арты суық екен, тыныштық әпер жаныма. Шырқырай бермей жай тапсын», —  дейді.  Көзінен тарамданып аққан жас бетін айғыздап, сақалын жуып кетеді.

Міне осы жерден ұлы тұлға құр сүлдерін сүйретіп әрең шығады. Қас-қағым сәтте ақынның сақал-шашы түгел ағарып кеткенін көрген атқосшы Баймағамбет өз көзіне өзі сенбейді.

… Көш межелі жерге жетіп, үй тігіледі. Сол күні Абай өзін жайсыз сезінеді. Қайта-қайта тіл күрметіліп қала береді. Бір тілге келгенде Еркежанды өзіне шақырып:

— Енді мен бұл дүниенің адамы емеспін. Дайындала беріңдер, —  дейді даусы қырылдап. Бұл ақынның соңғы сөзі еді. Содан кейін тілге келе алмай, арыз- арманын айта алмай, жайлаудағы екінші күні кешке жақын, яғни Мағашының қайғылы қазасына тұп-тура 40 күн толғанда бақиға аттанады. Ұлы Абай осылай дүниеден өтеді.

Ұлы Абайдың ажалығына асыққаны тегін емес еді… «Абайдың қырқын берген күннің ертеңіне тұла бойы тұңғышы Ақылбай да мына жарық дүниемен қош айтысты», —  дейді автор. Ұлы Абайдың көрген түсіндегі ат артына төртінші болып «мен де қалмаймын» деп шыға жүгіріп мінгескен осы Ақылбай болатын. Қандай қасіретті түс еді көргені ұлы Абайдың.

Бұл «Құса» атты әңгімені тебіренбей оқу мүмкін емес. Халқымыздың ұлы тұлғасының өмірінің соңғы күндеріндегі қайғы мен қасіретке толы жағдайы әрбір оқырманның жүрегін тебірентіп жіберері сөзсіз. Әңгімені оқиық, құрметті оқырман.

 

Тельман САҒЫНБАЙҰЛЫ, зейнеткер.

Ырғыз ауданы.

 

Спорт

 

Бір жылғы 26 медаль

 

Ешкім туа сала мықты болмайды. Бойда күш, талант болған күннің өзінде адам жетістікке 99 пайыз еңбектің арқасында жетеді.

… Міне, осыдан бір жыл бұрын ғана Херсон негізгі мектебіне  дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып келген тығыршықтай денелі қазақы қара баланың бойында ерекше жаттықтырушылық өнер бар екенін енді-енді танығандаймыз. Бабын тапса, шаппайтын жүйрік болмайды, баули білсек, кез келген бала жетістікке жетеді. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сапарғали Қалмағанбетовтің оқушылары  күрестің әр түрінен бақ сынап, жүлделі орынға ие болып жүр. Біздің шағын ғана мектеп үшін аспаннан медаль жауғандай болды. Бұрын-соңды мектеп тарихында оқушылар олимпиада, жарыстарда алдыңғы қатардан көрінгенмен, спорттан медаль алды дегенді естімеген едік. Енді қараңыз: айналасы бір-ақ жылда — 26 медаль! Мақтаныш па? Әрине, мақтаныш! Нағыз маман деп осындайларды айту керек.

Сапарғали спортпен оқушы кезінен бастап шұғылданған. Қазақша күрестен облыста, ауданда үнемі жүлделі орыннан көрініп жүрген балуан жігіт. «Жас келсе іске» дегендей, шаруақор жігіт мектептің қоғамдық жұмыстарын да ұршықша үйіріп жүр.

Мектепте спорт зал дегеннің аты болғанымен заты жоқ. Талапқа сай емес тап-тар залсымақта үзбей жаттығады. Қазақша күрес секциясын ашты, бірақ күрестің басқа түріне де шәкірттерін баулиды.

Өткен жылы Наурыз мейрамында ауыл тұрғындары алдында бейне бір цирк артистеріндей акробатикалық жаттығулар көрсетіп таңқалдырғаны бар

Асылы ұстаз еңбегінің жемісін оқушыларының жеткен нәтиже жетістіктерімен бағалайтын болсақ, бұл әйбат көрсеткіш. Сапарғалидың айтуынша, белдескеннің бәрі, әрине, мықты балуан бола қоймас. Бірақ Жаслан Зайтов, Артем Лисок, Айнұр Мырзағалиева сияқты талантты балалалар болашағынан зор үміт күттіреді.

Егер арнайы спорт зал болса, Сапарғалидың сайыпқырандары бұдан да мықты жетістіктерге жетер еді…

Ысмағұл ЖҮНІСҚАНҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Қарғалы ауданы.

 

Оқырман хаттарын топтастырған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button