Әлеумет

Ғалымжанның автобусы

Егіндібұлақ селолық округінің орталығы Родник ауылынан Ембі қаласына дейінгі 45 шақырымдық жолды жүріп өту үшін кемі екі сағат уақыт кетеді. Қыстың күндері бұл аралыққа қар қалың түседі. Сол себепті жергілікті тұрғындар үшін қыста қатынас — қиын мәселе. Ал осы екі аралыққа тұрғындарды күн сайын тасымалдап жүрген Ғалымжан Қонақбаевтың қызметіне жерлестері дән риза.

Бұрын меншігімде қыста, әсіресе, қалың қарда жүруге ыңғайлы «ГАЗ-66» көлігім болды. Қазір бұл көлікті автобуспен алмастырдым. Күніне бір рет ауыл мен Ембінің арасына қатынаймын. «Жол азабын жүрген ғана біледі». Бұл екі аралықты жүріп өту үшін жолда бірнеше көпірден өтемін. Кейбір көпірлер көп жылдан бері жөндеу көрмеген.  Әсіресе, қыстың боранды күндері, лайсаңды  көктемде қиналып қалатын кездерім бар, — дейді Ғ.Қонақбаев.

Родник-Ембі бағытындағы жол бірнеше жылдан бері күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Ембіге жақын орналасқан көпірге күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілетінін өткен жылғы есебінде аудан әкімі Серік Шаңғұтов айтқан болатын.  Қазір жүргізушілер екі аралықтағы Әулие, Құндызды аталатын жерлерден кідіріссіз өтсе,  әрмен қарай ауылға зырғып жетіп барады. Ал Құндызды көпірі мен ауыл маңындағы Жігер көпірін көктемде қар суы шайып кетуі әбден мүмкін. Жергілікті тұрғындарды толғандыратын басты мәселе де — осы. Дегенмен, әлеуметтік мәселелерді кейінге қалдыруға болмайтыны туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында айтылған тапсырмасы бұл аймақта біртіндеп жүзеге аса бастаған тәрізді.

Екі аралыққа күн сайын қатынап жүргесін, жолдың кедір-бұдырын жаттап алдық. Жолда көлік қозғалысына қауіп төнетіндей ешқандай кедергілер жоқ. Дегенмен, көпірлер жөнге келтірілсе, қатынас мәселесі оңғарылар еді. Шүкір, қазір ауылдың жағдайы түзелді, ұялы байланыс орнады. Көліктің қай тұста келе жатқанын ауылға алдын ала хабарлап отырамыз,— дейді Ғалымжан.

Техниканың тілін он саусағындай жетік білетін Ғалымжан көлігін қай уақытта да сайлап қояды. Қосалқы бөлшектерді артығымен жинап, жанар-жағармайдан тапшылық көрмейтін ол отбасында ардақты әке әрі қамқор ата.

 

Арайлым НҰРБАЕВА,

Мұғалжар ауданы.

 

 

 

«Берекенің» берері мол

 

Қайыңдыда Жұмасейіт Уәйісов басқаратын «Береке» шаруа қожалығы мал басын асылдандыру ісімен айналысады. 

Иелігінде екі мыңнан астам еділбай қойы мен 130-ға жуық ірі қарасы, 300-дей жылқысы, оннан астам түйесі бар Жұмасейіттің қазір тасы өрге домалап тұр.

Ауылдан әрірек, нақтырақ айтсақ, Шөлқияқ деген жерде шаруашылығын жүргізіп отырған кәсіпкердің жерлестеріне тигізіп отырған шарапаты да мол.

Мамандығым — зоотехник. Бұл шаруашылықты құрғаныма он жылдан асты. Қазір қарамағымда 13 адам бар. Олардың барлығы — ауыл азаматтары. Шаруашылық басында жұмысшыларға барынша жағдай жасауға тырысамын. Үш үй салып бердім, жұмысшылардың арнайы жуынатын бөлмесі де бар, — деп әңгімесін бастаған Жұмасейітті одан әрі сөзге тарттық.

Шаруашылық мал өсірумен айналысады. Бастапқыда бұл қожалықты құрғанда иелігімде елу шақты ғана қой болды. Кезінде егін егіп көрдім. Қуаңшылыққа байланысты егін дұрыс шықпады, шығын әкелді. Осылайша, біржола мал өсіруге бет бұрдым. Өткен жылы «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы ауыл шаруашылығын дамыту, оның ішінде қазақтың етті ақбас сиырын өсіру бағытында мемлекеттен 10 миллион теңге үстеме ақымен несие алдым. Бұл қаражаттың бір бөлігіне Мәртөк ауданынан 3 асыл тұқымды бұқа мен 20 қошқар, 100 саулық әкелдім. Мақсат — ауыл шаруашылығының дамуына барынша өз үлесімді қосып, мал тұқымын асылдандыру. Шаруашылық құрып, іс жүргіземін деген адамға бұл аймақта тірлік етуге  мүмкіндік бар. Оның үстіне, «Сыбаға» бағдарламасы ауылдағы мал өсіремін дегендерге көп көмегін  береді.

Ж.Уәйісовтың айтуынша, ірі қара мал өсіру — ауылдық жерде өз бизнесіңді бастауға жақсы мүмкіндік. Ол үшін бұл бизнестің барлық қыр-сырын жақсылап меңгеріп алу қажет.

Төлді өсіру, өнімді дер кезінде пайдаға асыру секілді істердің барлығы уақыт күтпейді. Сондықтан бұл шаруаларды күн сайын үйлестіріп отыру қажет. Өрісті кеңейтіп отырмаса, мал басын өсіру екіталай. Өткен жылы шаруашылық 1000 қозы алды. Марқа болған кезде олардың 500-ін қала базарларында сатып, одан түскен пайданы шаруашылыққа қажетті техникалар мен жанар-жағармайға жұмсауға тырыстық. Ауылдағы зейнеткерлер мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға мейлінше көмек көрсетуге тырысамыз, — дейді Ж.Уәйісов.

Қазір «Береке» шаруа қожалығы жылқы жануарын да асылдандыруға ден қойып отыр. Өткен жылы Ресейден асыл тұқымды жылқылар әкелініпті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында: «Еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек», — деп баршамызды ел игілігі жолындағы еңбекке шақырғанын білеміз. «Берекенің» жасап отырған игілікті істері де осы сөздерге әбден негіз болатындай.

Арайлым НҰРБАЕВА,

Мұғалжар ауданы.

 

 

Орманшының кәсібі

 

Қобданың аудан орталығынан 130 шақырым қашықтағы Көкүй ауылының қалың орманы Ресейдің ну ормандарымен жалғасып жатыр. Елдің шетінде, шекарада орналасқан ауылдың тұрғындары табиғаттың берген сыйы — орманның жемісін, саңырауқұлағын пайдаға жаратады. Қалың ағаштың арасы қара суық күзде төрт түлігін ықтатып, қалың қар түскенше шөбі шүйгін жайылым болып жатады. Көкүй тұрғындары қазақтың ақбас сиырын өсіреді. Орман ағаштарын іске асыру мақсатында жақында ағаш кесетін цех ашты.

Елбасы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында «әлемнің әміршісі — еңбек» деп, еңбек қана барлық қиындықты жеңетінін, «оның шешуші ұлттық фактор» екенін атап көрсетті. «…Иә, мемлекет көмектеспеуге болмайтын жерлерге көмек қолын созатын болады. Бірақ азамат өзінің қолынан келетін шаруаны өзі атқаруы тиіс. Және бұл әділетті болмақ!» деген Елбасының осы сөзіне ауылынан ағаш цехын ашқан Әлібек Көлтілеуовтің дөңгелетіп отырған ісі үндес.

Көкүйлік шебер ағашты ысырап етпей пайдалануды көздейді. Бар ғұмырын орманмен байланыстыра өткізіп келе жатқан Әлібек аға үшін орманның әр ағашы ыстық, ол орманды қызғыштай қорып, тілсіз жаудан, қарақшылардан, аңшылардан күзетеді.

Әлібек аға 30 жылдан астам уақыт орманшы болып жұмыс істеп келеді. Ағаш өсірудің, оны күтіп-баптаудың қыр-сырын әбден меңгеріп алған. Соңғы жылдары ол орман ағаштарын пайдаға жарататын кәсіппен шұғылдануды көп ойлады. Цех ашуға керекті қаржыны ол малын сатып жинайды.

Соңғы үлгідегі ЛГП-80 ағаш кесу құрылғысын Ресейдің Орынбор қаласынан 800 мың теңгеге сатып алып, үйінің жанынан өзі салған ғимаратқа орнатады. Алғашқы өнімі — түп-түзу, аппақ тақтайларға көңілі толған кәсіпкер алдымен құрылғы орнатылған ғимаратын өз қолымен жасалған материалмен жауып алады.

Әлекең бастаған кәсіптің тасы өрге домалайтын сыңайы бар. Ол орманнан шикізатты тасып әкелуге шығындалмайды, өзінен басқа ауылда ешкім ағаш цехын ашып отырған жоқ, яғни бәсекелес болатын адам жоқ.

Орманшы кәсіпкердің айтуынша, көк теректен жасалатын тақтайларды орман шаруашылығы мекемесінен арнайы рұқсат қағаз алып дайындайды. Цехтың іргесінде үйілген бөренелердің Көкүй орманында мол өсетін көктерек екенін содан білдік. Көктерек мықты, жеңіл шикізат бола алады, әрі одан тақтай жасау өте қолайлы.

Әлібек ағаның цехына аудан орталығынан үй салып алуды жоспарлағандар жиі бас сұғады. Көбінесе ағаштан аула қоршағысы келгендер тапсырыс береді.

Епті жанның қолынан ебедейсіз ағаштар лезде нағыз құрылыс материалына айналып жатқанын байқаған біз, кәсіптің тиімділігіне бірден көз жеткіздік.

Мемлекет нұсқаған шикізат өңдеу технологиясын шалғай ауылда жүзеге асыра білген отағасы ауласында жиырмаға жуық ірі қара ұстап, шөбін өз тракторымен шауып алады екен.  Осы заманға лайықталған кәсіп ашып, елеулі іс тындырып отырған азаматтардың нық қадамы нағыз адал еңбек екені даусыз.

                                                                                             Талғат Қазиев,

Қобда ауданы.

 

 

Еріктің ертеңі

 

Ырғыз ауданының орталығына жақын орналасқан «Откорм» деп аталатын мекенге жол-жөнекей әрлі-берлі өткен жолаушылардың соқпайтыны жоқ шығар, сірә. «Құдайы қонақтарын» әрдайым жылы жүзбен қарсы алып, айран-көжесін алдына ұсынатын ерлі-зайыпты Ерік пен Айнагүл Ержановтар мұнда өздерінің жеке шаруашылығын жүргізіп отыр.

Ерік Ромадинұлы мал бағу кәсібіне ерте кіріссе де, жеке «Қолғанат» атты шаруа қожалығын өткен жылы ғана ашты.

Кезінде «Откорм» партияның XXIV съезі атындағы кеңшардың қарамағында болды. Мұнда ауылшаруашылығы өнімдерін өндіретін бірнеше өндіріс орындары жұмыс жасады. Әскери борышымды өтеп келгеннен кейін кеңшарда трактор жүргіздім, осындағы кірпіш зауытында бригадир болып жұмыс жасадым. 1994 жылы осы үйді жеке пайымыздың үлесінен алған едік. Жаппай жұмыссыздық белең алған кезде інілерім жеке тұрғындардың малын бақты. Сөйтіп, өзіміздің жеке қажетімізден ауысқан қаражатты мал басын көбейтуге жұмсадық. Өткен жылы Нұра селолық округіне қарасты «Күркіреуік» деген жайылымнан жер алдым. Қыстағымыз «Откормде», жазғытұрым жайлауға көшеміз. Бүгінде жеке иелігімізде 60 ірі қара, жүз қаралы қой-ешкі, он шақты жылқымыз бар. Ірі қараның санын көбейту мақсатында биыл «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасымен 1 миллион 500 мың теңге несие алдым. Бүгінде шаруа қожалығымызда бір адам тұрақты, екі адам уақытша жұмыс жасайды. Қазір бұл бағдарламаның  екінші бағытындағы «Жетіспейтін инженерлік-инфрақұрылымды жайластыру» жобасы бойынша құны 3 миллион 100 мың теңгеге электр қуаты тартылып жатыр. «Beeline» ұялы байланысын пайдаланып отырмыз. Болашақта өзіміз тұрып жатқан мекеннің төңірегінен ұлттық нақыштағы жақсы бір демалыс орнын ашсам деген ойым бар. Түйе мен жылқының басын көбейтіп, шұбат, қымыз өндірісімен айналысқым келеді. Әрине, мұның барлығы уақыт еншісінде, —  дейді шаруашылық жетекшісі Ерік Ержанов.

Ерінің еңбегін бағалаған Айнагүл болса сиыр сүтін ұқсатып, сары май, сүзбе, құрт-ірімшік, сары су, балқаймақ әзірлеп, отбасының берекесін кіргізіп отыр.

Ақпан айының аязы болмаса, биылғы қысқа өкпеміз жоқ. Малға жайлы өтіп жатыр деуге  болады. Шаруашылықта биылға мал азығы жеткілікті. Төл алу науқаны да басталып кетті, — дейді отағасы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында: «Бүгінде еңбек — ХХІ ғасыр жағ­дайын­дағы шешуші ұлттық фактор ре­тін­де, жаһандық бәсекелестік жағдай­ын­да алдыңғы кезекке ілгерілетілуі тиіс», — деген болатын.

Бұл орайда төрт түліктің санын арттыру арқылы тұрмыстың түзелетініне көз жеткізген Еріктің бүгінгі жасап жатқан тірлігіне көпшілік сүйсінетіндей.

 

Айнұр ҚЫСТАУБАЕВА,

Ырғыз селосы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button