Әлеумет

Әйелдің азғаны — ұлттың тозғаны…

… Үндістандағы  Думуркота елді мекенінде алкогольді сусынға сылқия тойып, мас болып қалған 50 піл деревняның тас-талқанын шығарған: үйлерді  ойрандап, егістік алқаптарын жайпаған, оларды тоқтатуға тіпті полиция күштері шақырылды. Полицейлер оларды саумалап, әрең дегенде табынға қосыпты.

Пілдерді қоя тұрып мына оқиғаға қараңыз: 14 ақпан күні Алматы облысының Үштөбе қаласында туған анасы өзінің екі айлық баласын қылғындырып өлтірді. Ол өзінің азаматтық күйеуімен спирттік ішімдік ішкен, мазасызданып жылаған баланың дауысы араққа сылқия тойған әйелдің жүйкесіне тиген соң, ол сәбиді тұншықтырып өлтіріп тастап, «көңілді» отырысын әрі қарай жалғастыра беріпті…  

Бұл нағыз сұмдық оқиға. Бүгінгі біздің қыз-келіншектеріміздің жеткен жері осы болса қайтеміз?

 

Иә, қазір қазақтың қызы да, әйелі де арақ-шарап ішетін болды. Ол жаңалық болудан қалды. Ал бұл тақырыптың тым жиі айтылатыны соншалықты, ол туралы әңгіме ішімдік ішетін әйелдерден де жиіркенішті болатын деңгейге жетті. Алайда әйел маскүнемдігі ұлттық деңгейдегі қасірет екендігін ұмытпауымыз керек.

Қазір Қазақстан әлем бойынша ішімдікті көп ішетін  188 елдің қатарында 34-ші орында тұрған көрінеді. Статистикалық деректерге қарағанда, Орталық Азиядағы ең «маскүнем» ел — Қазақстан. Елімізде жан басына шаққанда әр адам жылына 12 литр алкоголь өнімін пайдаланады. Ал әлемдік көрсеткіштер бойынша азаматтар жылына 6 литрден астам спирт пайдалан­ған ел деградацияға ұшырайды екен. Елімізде жарты миллионға жуық адам алкогольді ішімдіктің уысына түсіп, уын ішіп жүр. Бұлардың ортасында әйелдер ойып тұрып орын алады.

Иә, бір қолымен баласының арбасын сүйреп бара жатып, екінші қолымен сыра іше беретіндерді көретін болдық. Біз мұндай күйге қалай жеттік?

Бұрын спиртті ішімдікті аузына да тамызып көрмеген қазақ кеңес үкіметі құрылғаннан бастап Орта Азияға қарай қоныс аударған славян халықтарының өздерімен алып келген спирттік ішімдіктерді бірге отырып ішті. Одан кейін күйеуі әйелімен бірге отырып ішетін болды. Ал қазір баланы ойнатып жүріп іше береміз. Мамандардың айтуынша, қазір маскүнем күйеуімен алысып, соны емдетемін деп жүрген әйелдердің саны азайған. Бұл ерлер аз ішетін болды деген сөз емес, әйелдер күресуді қойған, күйеулерімен бірге ішеді деген сөз дейді.

Әлеуметтанушылардың пікірінше, әйелдердің спиртті ішімдікке тым үйір болуы тоқсаныншы жылдардың басында байқалды. Еркек қара бақыр таппай үйде отырып қалғанда әйел базарға шығып, ақша тауып, өзі би, өзі қожа болып, ақыры алдымен «бойын жылыту үшін», кейін «көңіл көтеру үшін», «стресс снимать ету үшін» ішті. Қазір енді әйел еркегін емес, ер әйелін наркологиялық диспансерге сүйреп апаратындай жағдайлар пайда болды. Ер адамдардың дәрігерге «әйелімді маскүнемдіктен емдеп беріңізші» деп жалынатын, жер болатын оқиғалары жиіледі.

Көше-көшеде, қуыс-қуыста бет-ауыздары домбығып ісіп, үсті-басы сасып, көзінің асты көгеріп жүретін әйелдерді көргенде аяйсың әрі жиіркенесің. Кафе-мейрамханаларда темекісін бұрқыратып, сыраға тойып, ықылық атып отыратын уыздай жап-жас қыздардың саны да көбейіп барады. Сыраны алкогольді ішімдік емес деп өз-өзімізді алдап қойдық. Қызымыз үйге ауызынан иіс шығып келсе, «е — е — е, сыра ішкен екен ғой» деп, «әйтеуір арақ емес екеніне» тәубе дейміз. Ол аз болса, алпыстан асып, жетпіске қарай кетіп бара жатқан әжелеріміз бен аталарымыз бір-бірін сүйеп, арақ ішіп жүретін ауылдар бар. Мұндай үйлердің берекесі де, мерекесі де жоқ. Баласы мен келіні әке-шешесінің маскүнемдігі кесірінен бір-бірінен ұялып, ұрсысып, жан-жаққа тарап кеткен балалары әке үйі дегенде кежегесі кейін тартып тұратын жағдайлар да кездеседі.

 

1111 әйел ішімдікке салынған…

 

Маскүнемдік — ауыр дерт. Әлем елдері бұл дертті тоқтатудың түрлі амалдарын ойлап тапқанымен, маскүнемдік ауыздыққа ырық берер емес. Әсіресе, соңғы жылдары әйелдер маскүнемдігі белең алып бара жатқан көрінеді. Елімізде 30 мыңға жуық ішімдікке салынған әйелдер бар екен. Мүмкін бұл аса көп те емес шығар. Алайда статистиканың нақты көрсеткіш емес екенін, ішкен адамның барлығы «мені емдеңіз» деп дәрігерлердің алдына бара бермейтінін ескеру керек.

Қазақ әйелі «мен ішіп кеттім» деп дәрігердің алдына бармайды. Себебі ұялады. Ішкеніне ұялмауы мүмкін, бірақ емделуге ұялады. Себебі, ел-жұртқа қарабет, «позор» боламын деп ойлайды. Әрі жұмысқа тұрғанда оның құжаттары «мінсіз» болуы үшін «сырын» жұртқа жаймауға тырысады. Ал әбден ағзаға дендеп еніп, ішімдікпен өзі күресе алмайтын жағдайға жеткенде дәрігердің алдына баруға тура келеді.

Ақтөбе облыстық наркологиялық диспансерінің меңгерушісі Балзада Мұрзатілеуованың айтуынша, қазіргі уақытта диспансерде 10159 адам диспансерлік тіркеуде тұр.  Соның 7859-ы —  ішімдікпен достасқандар.

— Осының ішінде 1111-і — ішімдікке салынған әйелдер. Әрине, салыстырмалы түрде алғанда маскүнем әйелдердің саны ерлерден анағұрлым аз. Бірақ аз екен, ештеңе етпес деуге болмайды. Бір әйел маскүнемдікке салынса, дабыл қағуымыз керек. Себебі әйел — отбасының ұйытқысы. Әйел азса, отбасы азады. Отбасы азса, қоғам, мемлекет азады. Бұлардың арасында қазақтың әйелдері де бар. Кезінде тым жақсы отбасы болған, ішкіліктің салдарынан балаларынан, жарынан айырылып, достары, жора-жолдастары теріс айналған, қазіргі күні қаңғыбастың күйін кешіп отырған әйелдер де баршылық, — дейді дәрігер.

Диспансер осыдан отыз жыл бұрын ашылған. Яғни осыдан отыз жыл бұрын адамдарды маскүнемдіктен емдейтін бір орынның қажет болғаны ғой. Осы жылдардың ішінде дәрігерлер талай оқиғаның, талай тағдырдың куәсі болғанын айтады.

—    Жақында аудандардың бірінен жасы елуден асқан үлкен ананы алып келді. Апасы жетектеп әкелді. Әлгі әйел ішіп кетіпті. Ауызы құрғамайды екен. Емдеңіздерші деп жалынды. Тағы бірде бір әйел бет-ауызы әбден домбығып ісіп, қаңғыбас болып кеткен бір әйелді ертіп келді: «Кезінде ініміз қайтыс болғанда оның келіншегі жас болған соң өмірін әрі қарай жалғастырсын, тағы да отбасын құрып жақсы болып кетсін деп рұқсатымызды берген болатынбыз. Келініміз басқа адамға тұрмысқа шықты. Баласы өсті, ержетті. Біраз уақыттан кейін оның күйеуінен ажырасып, ішкілікке салынып кеткенін естідік. Мынау менің келінім. Қаңғып, арақ ішіп жүрген жерінен тауып әкеліп тұрмын. Қандай адам болса да, менің бауырымның жалғыз сүйген әйелі ғой. Осыны емдеңіздерші, адам болып, қатарға қосылып кетсе, інім де ана дүниеде тыныш жатар еді»… деп кетті. Әйел неге қамықты? Неге сондай жағдайға жетті? Оны бір Алланың өзі біледі. Барлық мұңы-шері ішінде. Кейде әйелдер алдыма келіп, мен емделгім келеді деп еңірегенде етегі толып отырады. Қырық күнде осындай қырық түрлі тағдырмен бетпе-бет келіп жатамыз. Әрине, барлығына қолдан келгенше көмектесуге, мүмкіндігінше арақты қоюына жағдай жасауға тырысамыз. Алайда емге көнбейтін, ішімдіктен басқа дүниені ойламайтын адамдардың емге көне қоймайтын жағдайлары жиі кездеседі, — дейді Балзада Қуатжанқызы.

Ішкілікті емдеудің түрі бар — алдымен науқас өз еркімен емделуге тырысады, егер оны қаламайды екен, оны мәжбүрлеп емдейді. Наркологиялық диспансердің уақытша бейімдеу және уытсыздандыру бөліміне түскендерге дәрігерлер көмек көрсетіп, айықтырып жібереді. Оған бірнеше рет түскен адам маскүнем деген сөз.

Алдымен маскүнемдер наркологиялық диспансерге келіп, дәрігерлерден кеңес алып, күндізгі стационарда емделеді. Егер оған көнбесе, Жаңақоныс ауылында орналасқан мәжбүрлеп емдеу ауруханасына жөнелтіледі. Бұл ауруханадағы 40 кереуеттік бөлім маскүнемдікті емдеуге арнайы белгіленіп, бөлініп қойылған. Ал күндізгі стационарда ішкілікке салынғандарға ем жүргізетін 20 кереует бар.

— Бұл, меніңше, жеткілікті, себебі, барлық аудандардың өздерінде маскүнемдікке салынғандарды емдейтін күндізгі бөлімдер бар. Барлық ауданда нарколог мамандар жұмыс жасайды. Егер олардың күші келмесе, науқастар бізге жіберіледі, — дейді сұхбаттасымыз.

 

Жүрегіңіз «капрон шұлыққа» айналмасын десеңіз…

 

Б.Мұрзатілеуованың айтуынша, қазір статистика көрсетіп отырғандай, 35-тен асқан азаматтар арасында ішімдікке әуестік деңгейі жоғары болып отыр. Жастар арасында марихуананы пайдалану көбірек. Жасы үлкен азаматтар арасында да ішкілікке құмарлар баршылық. Алкогольді қабылдаған 126 жасөспірім тіркеуде тұрған көрінеді. Бұлардың дені — әке-шешесі маскүнемдікке салынған балалар.

— Маскүнем баладан дені сау бала тумайды. Қазір дені сау, күтініп жүрген әйелдің өзі сап-сау баланы дүниеге әкеле алмауы мүмкін. Оның қасында маскүнем әйелге не айтасыз? Маскүнем әйел баласын, өзін күтпейді. Оның таңертең ұйқыдан тұрғандағы ең бірінші мақсаты — бас жазу. Ол мына аязда мас болып, кез келген жерге ұйықтап қалуы мүмкін, содан оған салқын тиеді. Ана ауырса, бала да ауырады. Анасы арақ ішкен баланың қаны, миы, барлық ағзасы уланады, — дейді дәрігер. 

Мамандардың айтуынша, маскүнемнің балалары көбіне ауру, кеміс, ақыл-есі кем болып туады екен. Мына статистикаға қараңыз: ішкілікті аз да болса ішетін әйелдердің өмірге әкелетін сәбилерінің 80-90 пайызы — әлсіз болады, олар болашақта психикалық қиындықтарға ұшырайды, сөйлеу мүшелерінде кемістік байқалып, терісінде түрлі аурулар болады екен. 40-50 пайызының жыныстық мүшелерінде кемістік байқалып, аяқ-қолының саусақтары қисық болып жаратылады. Ал 20-30 пайызында балалар жүрек ауруына шалдығып, көру қабілеті төмен, 10 пайызының бүйрегі толық жасамайтын күйінде өмірге келеді. Ал сыра ішетін әйелдің ішіндегі баланың миына зақым келеді екен. Сыра демекші, қазір қыз-келіншектердің көбі сыра ішеді. «Өмірімде арақ ішіп көрген жоқпын» деп мақтанып, күніге, кем дегенде, 1-2 саптыаяқ сыра ішуді әдетке айналдырған әйелдер бар. Алайда жарты литр сыраның 50 грамм арақпен тең екенін біле бермейміз. ХІХ ғасырда ағылшындар қуаты жоғары ішімдіктермен күресу үшін оларды жеңілдеу деп саналатын сырамен ауыстыруды мақсат еткен. Алайда халықтың сырамен тез дос болып, жағдайдың бұрынғыдан да ушығып кеткендігі соншалық, қазір оны шығарған елдің өзі сырамен күресіп әуре болып отыр.

Сыраны көп ішкен адамның бүйрегі, бауыры, жүйке жүйесі,  асқазаны, өт жолдары ауырады. Бауыры, бүйрегі ісініп, адамның іші қампиып кетеді. Одан соң жүрегі ауырады. Сыраның құрамындағы көмірқышқыл газы қан тамырларына күш түсіреді. Қан тамырларына күш түскесін, жүректің қызмет етуі нашарлап, еті босап, ісініп, сырты үлбіреп кетеді. Мұны дәрігерлер «жүректің сыра синдромы», кейде «жүректің капрон шұлыққа айналуы» деп атайды. Сыраны көп ішетін әйелдердің әйел сиқы қалмайды, дене тұрқы ерлердікіндей болып өзгеріп, кейбір әйелдерде тіпті мұрт шығатын болады. Арақ-шарап ішетін қыз-келіншектер арасында емшек безі қатерлі ісігімен ауыратын әйелдер жиі кездеседі, — дейді мамандар.       

Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Райхан Ыбыраеваның айтуынша, әйелдердің көбі маскүнемдіке күйзелісінің салдарынан түседі екен. Жұмыссыздық та оның бір себебі көрінеді. Отбасындағы жағдайдың нашарлығы, күйеуі тастап кетуі, не күйеуінің маскүнем болуы, жоқшылық, жалғыздық, жақындарынан айырылу — барлығы да бір бөткелке сыраның, 50 грамм арақтың тасасында ұмыт қалады, ұмыттырады деп ойлайтындар осы жолға түсіп кетуі әбден мүмкін.

Әйелдер ерлерге қарағанда арақтың ырқына тез көнеді. Ерлер бес-алты жыл ішкеннен кейін араққа салынып кететін болса, әйелдерге екі-үш жыл жеткілікті екен. Себебі ер адамның ағзасында спиртті ішімдіктің зардаптарынан сақтандыратын ферменттер асқазан мен бауырда болса, әйелдерде тек қана бауырда ғана болады екен. Әйелдердің тез маскүнем болатыны, бірақ өте қиын емделетіні содан болса керек. Б.Мұрзатілеуованың айтуынша, бұрын 3-4 жыл бойы алкогольді ішімдік ішкен адамдарға созылмалы маскүнемдік диагнозы қойылатын болса, қазір адамдар бір жылдың ішінде араққа тәуелді болып қалу жағдайлары жиі кездеседі екен.

Арақ — барлық кесапаттың, қайғы-қасіреттің бастауы. Барлық жамандықтың кілті екені айтылады діни кітаптарда. Бұл «кілтті» әйелдің қолына беріп қойғанымыз — ұлтқа жамандықтың есігін ашып бергеніміз болса керек…

Соңғы бес жылда елімізде адамдар алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйінде жасаған қылмыстар саны екі есеге артып кеткен — 13 мыңнан астам қылмыс жасалыпты!  Спиртті ішімдік ішкендердің қолынан үш мыңнан астам адам қаза болған. Ішіп алып, көлік руліне отырған жүргізушілердің кесірінен 500-ге жуық адамның өмірі қиылып, 2500 адам жарақат алған. Тағы жүздеген ана ішкіліктің салдарынан аналық құқынан айырылып, жүздеген баланы жетімдер үйіне тапсырды.

Ал облыста өткен жылы ішімдік салдарынан 960 қылмыс орын алыпты. Биыл жыл басынан бері 79 қылмыс жасалып үлгерген.

Елдегі маскүнемдік дертінің ушығып тұрғанын меңгезен Мәжіліс депутаты Ерген Дошаев онымен күресудің ең тиімді тәсілі — экономикалық шараларды күшейту екендігін айтады.

«Яғни, ең алдымен, спирттік ішімдіктерге акциздерді арттыру арқылы алкогольді қымбаттатып, халықтың, әсіресе, жастардың оған қолы жетпейтіндей жағдай жасау қажет. Алайда бүгінгі күні Қазақстандағы арақ Кеден одағы елдері арасында ең арзан арақ болып табылады. Оның себебі де қарапайым – акциз ставкалары төмен. Егер елімізде 2012 жылы бір литр этил спиртін дайындау кезінде акциз түрінде 60 теңге өндіріп алынатын болса, Ресейде бұл мөлшер – 163 теңгеге жуық, ал Беларусьте 380 – 432 теңге аралығында. Елімізде жарты литрлік араққа акциз — 100 теңге болып отыр. Ал Ресей мен Беларусьте бұл көрсеткіш одан 2,5 есе жоғары. Сыра өнімдері бойынша да осындай жағдай байқалады», — дейді депутат. Бірақ арақ өнімдеріне акциз ставкаларын көтерумен мәселе толық шешілсе, қане?!.

… Иә, сонымен жоғарыда айтқан пілдер тақырыбына оралайық. Араққа сылқия тойған 50 піл деревняның тас-талқанын шығарған дедік. Ал мас адам мен мас жануардың ешқандай айырмашылығы жоқ екендігін ескерсек, маскүнем әйелдің көбеюі жалғыз ғана «деревняның» емес, тұтас ұлттың тас-талқанын шығаруы мүмкін…

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button