Әлеумет

«Арай»: әлеуметтік қолдау ақталды ма?

«Лукойл Оверсиз Сервис Б.В» компаниясы «Арай» әлеуметтік серіктестік бағдарламасы бойынша біздің облысымызда үш жыл қатарынан қайтарымсыз қаржы беру арқылы мұнайлы өңірлердің тұрғындарына өз кәсіпкерліктерін дамытуға қолдау көрсетті. Басты атап өтерлік жәйт, бұл жобаны жүзеге асыруды

қолға алған «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС ерікті әлеуметтік бастама негізінде, келісімшарттық міндеттемелерден тыс түрде жүзеге асырылды.

 

Алғашқы қадамдар

 

Алғашқы, яғни 2010 жылы ғана Мұғалжар ауданында 11 тігін шеберханасы, 11 шаштараз, 8 шағын наубайхана, 6 аяқ киім жөндейтін шеберхана, 7 асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын және 4 тауық өсіретін шаруашылық,  3 спорт,  би үйірмелері, 3 жылыжай, 4 дөңгелек жөндеу орталығы, 2 техникалық қызмет көрсету орталығы, 2 дәнекерлеу бригадасы, 2 ағаш шеберханасы, 6 фотосалон орталығы, шөп дайындау бригадасы, жиһаз жасау шеберханасы, ағылшын тілін үйрететін және компьютер  орталығы мен 2 театр ашылды.

Ауыл тұрғындары аталған бағдарламаның өздері үшін тиімділігін көрген соң, оны пайдаланып қалуға ұмтылды. Мәселен, Байғанин ауданында 2011 жылы 395 тұрғын бизнес-жоспарларын тапсырды. Солардың 34-і ғана іріктеуден өтті. Демек, компанияның да өз талабы бар. Ол, ең алдымен, үміткердің шаруа атқара алатынына, берілген қаржыны тиімді пайдаланатындығына сенуі керек.

Ал Темір ауданында бағдарлама бойынша 320 адам бизнес-жоспар тапсырып, оның 25-і грантқа қол жеткізді.

 

Қолдау және кәсіпкерлік

 

Бастапқыда шағын кәсібін дамыту мақсатында миллион теңге алған мұғалжарлық жас кәсіпкер Ғалым Айтымбетов жиһаз цехының жұмысына тәуекелмен кіріскен еді. Ол шаруаны Ақкемер ауылындағы үйінің бір бөлмесін босатып, жиһаз құрастырудан бастаған. Одан кейін істің ілгері басуы талапкерді қанаттандыра түседі. Сосын үйінің есігінің алдынан арнайы құрылыс салуға кіріскен. Ғалым ламинат кесетін станогын өзінің сенімді көмекшісі ретінде сезінеді.

Ол негізгі шикізат — ламинатты қаладан әкелетінін айтады. Оны өлшейтін де, кесетін де, құрастыратын да өзі. Ас үй жиһазының бағасы 35-45 мың теңге, ал кереуеттің бағасы 12-15 мың теңге құрады бастапқыда. Қазір сұраныс ретіне, тұтынушы талабына байланысты бағада өзгерістер болып тұрады.

— Ғалымның жиһаздарына тапсырыс берушілер көбейіп тұр,— дейді аудандық экономика, бюджеттік жоспарлау және кәсіпкерлік бөлімінің сектор меңгерушісі Мұхтар Жарылқағанов,—тіпті оның жұмыс кестесі қазірдің өзінде алдағы бір-екі айға бос емес. Кәсіпкер мемлекеттік тапсырыстармен де жұмыс жасауда.

Қандыағаш қаласының тұрғыны Әсел Хайрулланың кәсібі өзгелерге ұқсамайды. Ол жүннен киіз басып, сондай-ақ әртүрлі киімдер дайындайды. Қысы қатты, аязы ақырып тұратын өңірде мұндай бұйымдарға сұраныс та жоғары. Ал Бақыт Жұмабаева бүгінгі күннің сұранысы мол тауары — жалюзий жасаумен шұғылданады. Оған тапсырыстар мекемелерден де, жеке тұрғындардан да түсіп жатады.

Мұғалжарлықтардан кейін «Арайдың» шапағатын көргендер қатарында Темір ауданының тұрғындары да бар.

— Біздің аудан бойынша 2011 жылы 8 миллион 827 мың, ал 2012 жылы 9 миллион 591 мың теңге қайтарымсыз грант берілді,— дейді аудан әкімінің орынбасары Марат Мұңайтпасов,— соның нәтижесінде барлығы қырық төрт адам өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік алды. Осы шара арқылы ауданымызда жаңадан тігін шеберханалары, наубайханалар, шаштараздар, мал фермалары, дәріханалар, шағын спорттық орталықтар ашылды.

Шұбарқұдық кентінің тұрғыны Зәмзәгүл Қарагөзина 2011 жылы шағын дәмхана ашуды жоспарлап, өз жобасына сәйкес 500 мың теңгеге ие болды. Қазір ол ауыл тұрғындарын ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, көпшілік алғысын алуда. Ал Баян Ембергенова 750 мың теңге алып, дәріхана ашу талабына қол жеткізді. Бұлардың екеуі де бүгінде кәсіптерін жолға қойып, табыстарына сәйкес жергілікті бюджетке төлемдерін аударып, тұрақты қызмет істеуде.

Бір ерекшелігі, кәсіпкерлік арнасы мейлінше кең ауқымды қамтиды. Мәселен, Эльмира Бисалиева фотосалон ашса, Ләззат Байманова компьютер орталығын жұмыс істетуді жөн көріпті. Ал Кәдірбек Дармағамбетов пластик терезелер жасаумен шұғылданады. Тасқопа селосында тұратын Мейіржан Сәкебаев күрес секциясын ашуды қалаған.

Басқа екі ауданға қарағанда Байғанин «Арай» бағдарламасына кештеу қосылды. Бәлкім, негізінен ауыл шаруашылығымен шұғылданатын және облыс орталығынан шалғайлау орналасқан өңірдің берген қаржыны ақтайтындай шаруа істеу мүмкіндіктеріне күмән де болған шығар. Дегенмен, бүгінгі байыптамалар бұл аймақта да біраз тірліктер тындырылғанын байқатады.

Мәселен, Қарауылкелді селосының тұрғыны Маржан Спанова бастапқы кезде, яғни 1997 жылдан жұмыссыздықтың күйін кешкен. Жолдасы 2001 жылы дүние салған соң төрт баласын жеткізудің қамымен үйден нан, тәтті торттар мен бөлкелер пісіріп сатқан. Кейін нан пісіретін цехы бар ауыл кәсіпкерінің қарамағында алты жыл еңбек етеді. Жеке кәсіпкерлік ашуға ниеті болғанымен, қаражаты жетпей тұсалып жүргенде «Қазақойл Ақтөбе» компаниясының әлеуметтік жобасы туралы хабардар болып, өз ұсынысын түсіреді. Онда нан, тоқаш өнімдерін пісіріп, сату мақсатында жеке кәсіпкерлікпен шұғылданғысы келетіндігін тұжырымдайды. Бұл ұмтылыс қолдау тауып, оған 500 мың теңге мөлшерінде қайтарымсыз қаржы беріледі.

Маржан бұл қаржы қолына тиісімен жеке кәсіпкер ретінде салық органына тіркеліп, содан соң Ақтөбе қаласынан 72 қалыптық нан пісіретін пеш, сондай-ақ басқа да қажетті құрал-жабдықтарды сатып алады. Сөйтіп өзінің үйіне жапсарлас салынған үлкен бөлмені цех ретінде жарақтандырып, 2011 жылдың қараша айынан жұмыс істей бастайды. Қазір мұнда күніне 120-150 бөлке нан, басқа да нан өнімдері шығарылады. Олар келісімшарт негізінде ауданның сауда орындарына өткізіледі. Тұрғындардың сұранысына қарай тәтті торттар, тоқаштар дайындалады.

Кәсіпкер алдағы жылы бөлек ғимарат салып, жұмыс арнасын кеңейткісі келеді. Ол қазірдің өзінде үш адамды жұмыспен қамтып отыр.

Ал тағы бір қарауылкелділік Нұрлан Нұрымның ұстанған бағыты тұрғындардың денсаулығын нығайтуға бағытталған. Ол былтыр аталған бағдарламаға сәйкес 700 мың теңгеге ие болып, оған құрылыс материалдарын және спорттық тренажерлер сатып алды. Қазір өзінің үйінің ауласынан шағын спорт залы құрылысын жүргізуде. Ал оның аяқталуына қарамастан, өз үйінен тренажерлерді іске қосып қойған.

Нұрланның өзі 2011 жылы науқастанып 2-топтағы мүгедектікке жатқызылған екен. Сондықтан да болар, мүгедек жандардың оңалуына, дене шынықтыру жаттығуларымен шұғылдануына көбірек мүмкіндік бергісі келетіндігін айтады. Қазірдің өзінде жаттығу залына келушілер саны аз емес. Негізгі мақсаты сауықтыру болып табылатын шағын спорт клубы Нұрланның кәсібі ғана емес, сонымен бірге ауыл жұртшылығының көп келетін мекеніне айналмақшы.

 

«Арай» аяқтала ма?

 

Сонымен «Арай» әлеуметтік бағдарламасы Ақтөбе өңірінде, оның ішінде үш ауданда — Мұғалжар, Темір және Байғанин өңірлерінде жүзеге асырылды. Осы үш жыл ішінде көптеген тұрғындар жеке кәсіптерін ашып, аяқтарынан тік тұрып кетті деуге болады. Әрине, барды толықтай базарлай алмай, ісі ілгерілемей, аз-кем қиналып қалғандары да кездеседі. Мұның барлығына да «Қазақойл Ақтөбе» компаниясы тарапынан талдаулар жасалып, нақты ахуал таразыға салынып отырылады.

Соңғы кездері «Арай» арқылы ажары ашылып, шаруасы дөңгелене бастағандарды көріп, басқа да тұрғындар осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, кәсіп қылуға бейімделе бастап еді. Бірақ «Арай» биыл өз жұмысын жалғастырмайды екен деген хабар және шықты. Біз осыған байланысты  «Қазақойл Ақтөбе» компаниясына телефон шалған едік. «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-нің жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджері Гаухар Борашева бұл деректі растады.

— «Арай» бағдарламасы биыл өз жұмысын тоқтатады. Біз атқарылған жұмыстарға талдау жасадық, негізгі мақсаттар орындалды. Халыққа әлеуметтік қолдау жасауда біраз шаруа тындырылды. Соның нәтижесінде кәсіпкерлер қатары біраз толықты, біз олардың ұмтылысына, жұмыстарына негізінен қанағаттанамыз. «Арай» тоқтағанымен, компания басқа формадағы осындай шараларды ойластыруда. Амандық болса, ол келесі жылдан бастап жүзеге асырылмақшы,— деді ол.

… Сонымен, кәсібіне қолдау іздегендердің алпауыт мұнай компаниясы көмегінен үмітін үзбеуіне болады. Келер жыл да қыр астында ғой.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button