Әлеумет

Бұқара

Қызық, ә?!.

2 метр 50 сантиметр бойы бар адам

Жұмысқа да, оқуға да №21 бағыттағы автобуспен қатынайтын едім. Бүгін де сол әдетімнен жаңылмай автобусыма мінгенім сол еді, іле-шала менен кейін ұзын бойлы аға мініп келеді. Бұл кісінің Қазақстандағы ең ұзын адам екеніне бек сенімдемін. Ол отырғыштардың біріне кеп жайғасты. Мен сәлемдесіп, өзімді таныстырған соң, өзі жайлы сұрадым…

Қалдыбай Атажанов Өзбекстан Республикасы, Хорезм облысы, Қоскөпір ауданына қарасты Жұмыртау елді мекенінде 1953 жылы орта шаруа отбасында дүниеге келген екен. 7-8-сынып оқып жүрген кезінде бойы күрт өсе бастап, 1970 жылы мектепті бітіргенде қатарластарынан тым ұзын екендігі жұртты таңғалдырған. 1972 жылы Тынық Мұхиты жағалауындағы теңіз флотында әскери борышын өтеп, 1975 жылы елге оралғанда оның бойы тіпті ұзарып, 2 метр 50 сантиметрге жеткен. Өзінің батырлар жырларындағы батырлардай фантастикалық өсу құпиясын «мұхиттың таза ауасы мен судың әсерінен болуы керек» деп түсіндіреді Қалдыбай аға. Алайда оның бұл ерекшелігі қанында бар болып шықты.  Атасы Нұржанның бойы 2 метрге жуық болған екен. Қалдыбай ағаның айтуынша, атасы өз заманында беделді кісі болған. Ал нағашылары Қожахмет, Жатқанбай, Марқабай деген кісілер белді палуандар, қара күш иелері болыпты.

Ұзын аға 1976 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтына жаттықтырушы және оқытушы мамандығы бойынша түсіп, оны 1980 жылы қызыл дипломмен тәмамдаған соң, Шымкент қаласындағы Қазақ химия-техникалық институтына арнайы жолдамамен келеді. 1990 жылдан бастап оқытушы болып жасайды, еңбегі еленіп Қазақстан Республикасының волейболдан жоғарғы ұлттық төрешісі атағын алады.

Өзінің бойына қатысты қызықты жайларды Қалдыбай аға былай баяндайды:

— Бір күні Алматы қаласының жас ағашты көшесін бойлап келе жатқанмын. Розыбақиев пен Сәтбаев көшелерінің қиылысына таяғанда алдымнан егде тартқан орыс әйелі шыға келіп: «Боже мой!» деп шыңғыра бермесі бар ма?! Солай дегенге, мен расында бірдеңе боп қалды ма деп, қасына жүгіріп барып «не болды сізге?» деп халін сұрап жатырмын. Сөйтсем, алдынан ұзын адам шыға келгенде, зәре-құты қалмай, шошып кетіпті. Сөйтіп, Құдай берген ұзын бойыммен жұртты таңғалдыру былай тұрсын, шошытып та алған кездерім бар,  —  деп сөзін күлімдей түйіндеді.

Ұзын кісі киімдерді Ташкент қаласындағы ең жақсы тігін шеберханаларында тіктіретінін айтады.

 

Перизат САТЫБАЙ, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті филология факультетінің 2-курс студенті.

 

 

Пікір

 

Хабар болмай кетті…

 

Аса қадірлі «Ақтөбе» газетінің редакциясы!

Біз сүйіп оқитын «Ақтөбе» газеті қашанда жақсылықтың ұйытқысы болып келеді.

Осы тұрғыда газет ақын Төлеген Айбергеновтің атын бір мектепке беруге ықпал етсе екен дейміз.

Байғанин ауданының Миялы, Оймауыт, Дияр елді мекендерінің тұрғындары атынан Дияр орта мектебіне Төлеген Айбергеновтің аты берілсе деген өтінішін жеткізіп отырмын. Бұл мәселеге қатысты «Ақтөбе» газеті арқылы ауылымыздың танымал азаматы Орал Байсеңгіров те ұсыныс жасаған болатын. Бірақ ол Матайқұм орта мектебін айтқан болатын. Матайқұм орта мектебі — селолық округ бөлімшесінің мектебі. Ал мен ұсынып отырған мектеп селолық округ орталығындағы оқу ордасы. Меніңше, ақынның атына округ орталығындағы мектеп лайық.

Дияр — ертеден келе жатқан атау. Бірақ неліктен олай аталғаны туралы дерек жоқ. Қазіргі селолық округ орталығында, яғни Миялы ауылында орналасқан Дияр орта мектебінің атауы бұрын тарап кеткен «Дияр» кеңшары кезінен қалған.

2005 жылы осы кеңшар ізімен Миялы селолық округі құрылды. Миялы ауылы Жем өзенінің бойында. Ішер ауыз суымыз 5-6 метр жерден шығады. Ауыл тұрғындарының болашақта малын өсіріп, шаруашылықтарын кеңейтуіне мүмкіндіктері мол. Қазіргі таңда селолық округте ірілі-ұсақты 29 шаруа қожалықтары бар. Аудан бойынша мал басы көп округтің біріміз.

Құрметті оқырман, мені дұрыс түсінуіңізді өтінемін. Мен жершілдікке, рушылдыққа салынудан аулақпын. Менің ойым — бір кезде күндей күркіреп өткен, дауылпаз ақын Төлеген Айбергеновтің есімі келешек ұрпақтың жадында қалсын деген ниет.

Төлеген Айбергеновтің арғы аталары Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Доңызтау, Оймауыт жерлерін жайлаған. Ел басына күн туған 1928-1932 жылдардағы зобалаң кезеңде Өзбекстандағы Қарақалпақ жеріне ауып, көшіп кеткен.

Байғанин ауданынан жер ауып көшкен адамдар кейін қайтадан елге келіп, Алматы облысы, Қаскелең ауданына қоныс тепкен. Сол жерлестері қоныстанған ауданға Төлеген Айбергенов пен Ғарифолла Құрманғалиев те жиі келіп тұрыпты. Сонда Төлеген бабаларының қаны тамған жерге барғым келеді деп сағынышпен айтып отыратын болған…

… Төлегеннің атын бір мектепке берсек, артық болмаған болар еді. Мен өз ойымды айтып, аудан әкімі Бердіхан Кемешовке, аудандық мәслихат хатшысы Бақтыгерей Тұрлыбаевқа Дияр орта мектебінің атын өзгерту жөнінде өтініш жасаған болатынмын. Ол кісілер қолдады. Құп көрді. Сөйтіп 2007 жылы 2 мамыр күні  Дияр орта мектебінің атын «Төлеген Айбергенов атындағы орта мектебі» деп өзгерту туралы Миялы селолық округінің әкімінің №03 шешімі тіркелді. Осы мәселе аудан әкімі аппараты жанындағы ономастикалық комиссияның қарауына ұсынылып, қолдау тапты. Кейін облыстық ономастикалық комиссияның қарауына ұсынылған болатын. Одан хабар болмай кетті. Мүмкін Астанаға жіберілмеген шығар деп ойлаймын. Хатқа жазып отырған мәселеге байланысты құзырлы тұлғалар көмек берсе екен дейміз…

 

Әлжан ҚҰРМАНҒАЛИ,

Миялы селолық округі әкімі.

Байғанин ауданы.

 

Кәсібің — нәсібің

 

Еңбегі ерен Ерболат (суреті бар)

Шалқар қаласының тұрғындары, ерлі-зайыпты Ерболат пен Гүлшат кәсіпкерлікке сонау тоқсаныншы жылдары бет бұрған. Егемендік алған тұстағы елең-алаң шақта шаңырақ көтерген олар ата-ананың азын-аулақ зейнетақысына қарап отыруды дұрыс деп есептеген жоқ.

Әметқұловтар әулетіндегі төрт баланың үлкені Ерболат пен келіншегі Гүлшат та ол кезде жұмыссыз еді. Жұмыссыздығы үшін үкіметтен атаулы әлеуметтік көмек алатын Гүлшаттың ай сайынғы тиын-тебенін жинақтап, Ерекең ала сөмке арқалап ұсақ-түйек сатуға бел буады. Сол кезде жиырманың үстіне жаңа ғана шыққан жігіттің бұл қадамына жұртшылық таңдана қарады, біреулер нағыз батырлыққа санады. Бұлай деуге себеп те бар.

1974 жылы дүниеге келген Ерболаттың отбасын құрардан бірер жыл бұрын белгілі бір себептерден соң қос жанарының көруі нашарлай бастайды. Ем-дом іздеп еліміздің, көршілес мемлекеттердің мүйізі қарағайдай медициналық орталықтарына барады. Өкінішке қарай, осы жанарының дұрыс көрмеуінен

І топтағы мүгедек атанады. Мектепті ойдағыдай бітіріп, Отан алдындағы әскери борышын өтеген Ерекең тағдырдың бұл сынына ешқашан мойыған емес. Асыл жары Гүлшат та оған өмірдегі сенімді серігі бола білді. Бір-бірін ымнан түсінетін екеу қолға алған кәсіптерінің берекесін көру үшін аянбай еңбек етуден жалыққан жоқ.

— Біз 1997 жылы отбасын құрдық. Заманның қиын уақыты ғой. Әркім көшенің әр қиылысында тұрып ұсақ-түйек сатып, тиыннан теңге құрап жүрген кез. «Көзім көріңкіремейді»,— деп үйде қол қусырып отыра алмадым. Келіншегім екеуміз мың ойланып, жүз толғанып, ақыры саудаға шығуға бел будық. Сол тоқсаныншы жылдары дүңгіршектерде сауда қызып тұрды. Ол кезде дүңгіршегің болса, құдды бай адамдай көрінетінсің. Қаладағы Ідіріс Үргенішбаев атындағы орта мектеп жанынан біз де бір дүңгіршек алып, балмұздақ, сағыз, түрлі сусындар сатуды қолға алдық. Жақсылықты айту парыз, осы кішігірім сауда нүктесін салып алуымызға Марат Ержанов сынды ағалар көмектерін берді. Бұл дүңгіршек біздің кәсібіміздің алға жүруіне көп септігін тигізді. Сөйтіп жүріп 2000 жылдан бастап Ақтөбеден Шалқарға бірыңғай балмұздақ тасуға көштік. Әу баста бұл өнімдерді жылы ауа өткізбейтін қорапшалармен тасып, Шалқарға келген соң шағын тоңазытқыштарда сақтап, дүкендерге таратып отырдық. Бертін келе Орынбордан 380 вольттық электр қуатымен жұмыс жасайтын сыйымдылығы 5 тонналық тоңазытқыш-контейнер сатып әкеліп, ауламызға орнаттық. Соған көктем шығысымен қара күзге дейін  Ақтөбеден арнайы тоңазытқышпен жабдықталған ірі жүк көліктерімен балмұздақ тасып, толтырамыз. Бізден қала, ауыл дүкендерінің дені келіп, көтерме бағамен балмұздақ алады. Ал қысқа қарай бұл тоңазытқышқа тұшпараларды сақтап сатамыз. Балмұздақ ауызға түскенде тәтті болғанымен, оны тұтынушының қолына сол қалпында жеткізудің өзі оңай емес.  400 шақырымдай болатын Ақтөбеден шілденің аптап ыстығында тонналап балмұздақ тасу үшін адамға алдымен тәуекел керек, — дейді Ерболат Қалилулаұлы.

Осылай тынымсыз кәсіппен шұғылданып келе жатқан олар күні бүгінге дейін үкіметтен ешқандай жеңілдік несие алмаған. Бірер жыл бұрын кәсіптерін бұдан да ұлғайтпақ болып несие алмақ оймен отағасы бірнеше жерге бас сұққан. Алайда алдынан «бірінші топтағы мүгедек адамға несие берілмейді» деген жауап шыға беріпті. Несібесін адал еңбектен көріп жүрген екеу несиесіз де кәсібіңді өрлетуге болады деген пікірде. Олардың  аулаларында жеке екі монша халыққа қызмет етеді. Осы моншаларының біреуінің өзін салуға 2 млн. теңге жұмсалыпты. Соңғы үлгімен салынған жайлы моншаларға бүгінде қаланың әр түкпірінен адамдар арнайы іздеп келіп түседі екен.

Ерболат тағдырына тәубе айтып, осыдан екі жыл бұрын Меккеге қажылыққа барып, мұсылмандықтың бес парызының бірін өтеп қайтқан. Зайыбы екеуінің алтын асықтай Әмина есімді қызы бар.

Нәсіптерін адал еңбектен көрген Ерболат пен Гүлшаттың осындай еңбекқорлықтары ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүретін кейбір адамдарға үлгі боларлықтай.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Сағыныш

 

Менің атам алтын!..

 

Менің атам Тұрсын Тілешұлы өте жақсы адам болатын. Тіпті өмірдегі ең керемет ата болды десем, артық айтқаным емес. Біздің, яғни немерелерінің айтқандарын екі етпейтін. Немерелерінің барлығына бөліп-жармай, бірдей қарайтын.

Атам мен әжем Шалқар қаласында, әкемнің інісі Қайрат ағамның отбасымен бірге тұрады. Олардың Ақтөбеге келуі біз үшін үлкен мереке болушы еді: бәріміз дастарқан басына жиналамыз, сосын сіңлім екеуміз өзімізге қандай ойыншық  керек екенін анамыздан жасырып, атамыздың құлағына сыбырлап айтамыз. Ал атамыз астан кейін далаға шығып кетіп, бізге сұраған нәрсемізді сатып алып беретін. Немерелерінің туған күндерін де ерекше қылып өткізетін.

Ата күндіз көңілін балаға бөлсе, кешкі уақытын  оқуға, жазуға бөлетін. Түнімен газет-журнал оқып отыратын. Ол кісі саналы ғұмырын бала біліміне арнаған тәжірибелі педагог болды, Шалқар аудандық білім бөлімін басқарған еді.

Атамның жазуы да ерекше, тасқа басқандай-тын. Кітап жинауға құмар еді. Жаңа кітап шықса, ерінбей жүріп тауып алып, өзі де оқитын, бізге де оқытатын.

Шалқар ауданының энциклопедиясының жарық көруіне үлкен үлесін қосты атам.  Шалқар ауданына еңбек сіңірген айтулы тұлғалар, тарихи оқиғалар жөніндегі мағлұматтарды ерінбей жүріп жинады. Мұрағатқа барды, газет-журнал тігінділеріне үңілді. Барлық жазғандарына дерек іздеді. Түнімен көз майын тауысып жазу жазды. Осы еңбекті жазып жүргенде атам кенеттен қатты ауырды. Оның ауырғанын көру мен үшін өте ауыр тиді. Оны емдетпеген жер қалмады, дәрігер де, емші де көмегін бере алмады. Сөйтіп, атам келмес сапарға атанып кетті. Міне, бір жыл өтті. Сағындық, ата…

 

Ботакөз ТІЛЕШОВА,

Ақтөбе қаласы.

 

 

Мәселе

 

Мұражайды кеңейту қажет  (Сурети дует-почтада/ Байганин музейи)

 

Кеңес дәуірі кезінде біз сияқты шалғай және өркениеті өрістей қоймаған аудандарда мәдениет пен өнердің тұралап қалғаны рас. Егемендік алғаннан соң, әсіресе, «Мәдени мұра» бағдарламасы бастау алғаннан кейін бұл бағытта еліміз бойынша қыруар шаруа тындырылды.

Ұлт жәдігерлерін жинақтауда, мәдени мұраларды зерттеуде біздің ауданда да біраз іс тындырылды. Сөзіміздің бір мысалы ретінде аудан орталығындағы мұражайды, ондағы экспонаттарды айтса болады. Мұражай іші жақсы безендірілген, әр саланы қамтитын көптеген жәдігерлер орналасқан.

Айтайын дегенім, мұражай іші қазіргі талапқа тарлық етеді. Бір киіз үйдің өзі біршама орынды алып тұр. Мұражай ішін аралау, тамашалау өте қиын. Жәдігерлер тығыз орналасқан және орынның тапшылығына байланысты көптеген заттар жарыққа шықпай, қор болып қоймада сақтаулы тұр. Мысалы, осы жолдар авторы, яғни менің де 12 жасымда (1966 жылы) бір топ бала боп ойнап жүріп Жарлы ауылының батысында, яғни Қызыләскер бағытындағы «Қарабұлақ» деген мекендегі құлаған үйдің орнынан тауып алған жәдігерлерді қоятын жер жоқ. Олар көлемі де, саны да азғантай ғана дүниелер — оюы бар үзеңгінің сынығы, мыс теңге, «Қызыл-орда» деген жазуы бар медаль, атылған оқтың ұшы т.б., аз болғанымен құнды жәдігер. Осыларды 36 жыл сақтап, 2002 жылы мұражайға тапсырған едім. Енді, міне, әлі күнге дейін орын жоқ дейді. Демек біз балаларымыз бен немерелерімізге, жалпы келер ұрпаққа өз құндылықтарымыздың барын керсете алмай жүрміз деген сөз.

Осы және басқа себептермен мұражай директоры Л.Жаулинадан ғимаратты кеңейту жағы қалай болатынын сұрап көргенбіз. Мұражай басшысы ол ұсыныстың басшылықтың құлағына жеткізілгенін, ғимаратты кеңейтуге келмейтінін, бірақ екінші қабат жасауға болатынын жеткізді. Тек қаржы мәселесінің қолбайлау болатыны түсінікті болды. Екінші қабатты салу құптарлық іс. Бүгінде қалалық жерлерде көптеген ғимараттар солай жаңарып, биіктеп жатыр емес пе?

Ғимарат кеңейтіліп, іші тақырыпқа сай, сауатты безендірілсе, аудан тарихын, тіпті ел тарихын «қолмен ұстап, көзбен көргендей» етуге болады. Сонда мектеп оқушыларына да тарих пәнін меңгеруде біраз жеңілдіктер болар еді. Басқа да іс-шаралар өткізуге мүмкіндік молаяр еді. Ауданның құзырлы мекемелері, ірі кәсіпкерлер «Көркейе бер, туған жер!» акциясы аясында болсын, жалпы игілікті іске үлес қосамын деген ниеті бар азаматтар осы мәселеге бей-жай қарай қоймас деген ойдамын. Ал бұл ой жүзеге асса, аудан тарихының тынысы тағы бір кеңейіп қалары сөзсіз.

 

Ордабай ЕСҚАЛИЕВ,

Байғанин ауданы.

 

Адам

 

Базарбайдың жолдары

 

«Елу жылда ел жаңа, қырық жылда қазан жаңа» дейді халық. Сол айтқандай, Бершүгі көмірін өндірумен шұғылданған кәсіпшілік мекені – Шахты селосының бұл күнде орны ғана бар. Тоғыз мыңға таяу тұрғыны, кәсіптік-техникалық училищесі, Шалқар ауданындағы санаулы орта мектептің бірі осында болды дегенге біреу сеніп, біреу сенбес.

Ұлы Отан соғысы алдындағы жылдардың бірінде дүние есігін ашқан Базарбай Елғондиннің балалық шағы Шахтыда өтті. Өз тұстастары тәрізді ол да мектепте көнетоз киімдермен жүдеу кейіпте оқып, білім тереңінен сусындауға көңіл қойды. Әсіресе, математикаға деген құштарлығы мұғалімдерін тәнті ететін. Ғылым патшасы атанған пәнге құштарлығы Қызылорда мемлекеттік педагогика институтына алып келді.

Жоғары білімді математик Қарабұтақ ауданындағы Қарашатау сегізжылдық мектебінде, Шалқар ауданындағы Ақтоғай орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, директоры жолдарынан өтті. Арасында аудандық комсомол комитетінде хатшы болғаны да бар.

Біздің Елғондинді тереңірек білген тұсымыз –«Бершүгір» кеңшарының партия комитетіне жетекшілік жасаған сегіз жылы. Ауданның солтүстігінде Мұғалжар тауларына дейінгі қысы қатал өңірде орналасқан шаруашылық қой мен сауын сиыр, жылқы өсіруде айтарлықтай жоғары көрсеткіштерге жетті. Механикаландырылған қой тоғыту пункті алғаш осында құрылды, сауын сиыр кешені жыл бойына жұмыс істеді, Бершүгір туберкулез санаторийін қымызбен қамтамасыз ету міндеті абыройлы атқарылды. Сүттікөл, Домалақкөл, Қобыкөл сияқты шөбі шүйгін шабындықтарда жем-шөптің жылжарымдық қорын жасау меңгерілді, орта мектеп түлектерінен құрылған қой өсіруші комсомол-жастар бригадаларының жетістіктері үлгі ретінде таратылды. Облыстық газеттің меншікті тілшісі қызметінде шаруашылықта әлденеше рет іссапармен болып жүріп, партком хатшысының беделділігін, жұртты сөзбен ұйыта алатынын аңғардық. Әсіресе, оның кеңшар директоры, жаңашыл инженер Елемес Жуминмен біріге жұмыс істеп, орталық мекен – Қайыр селосына табиғи газ құбырын тартудағы еңбегіне жұрт риза болды. Сөйтіп, ауданда Бозой, Бегімбет, Қауылжыр селоларынан кейін осы ауыл тұрғындары көгілдір отын игілігін көрді. Темір жол бойындағы Қайыр, қазіргі Мөңке би селосынан тұрғындардың көшпей қайта өзге мекендерден келіп, қоныстанушылардың көбеюі – кешегі Кеңес Одағы дәуірінде қиын түйіндерді шеше білген азаматтар еңбегінің жемісі.

Ауыл шаруашылығы құрылымдары тараған шақта Елғондин ешқандай абыржымастан өз мамандығы бойынша халыққа білім беру саласына қайта оралды. Шалқар қаласында №21 кәсіптік-техникалық училищеде, №3 орта мектепте қызмет етіп, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісін омырауға қадады. Зайыбы Бибатша ағылшын тілі пәнінен дәріс берді. Өнегелі отбасында өскен төрт қыз, үш ұлдың бірнешеуі ғылым жолына түсті, кәсіпкерлікті шебер меңгергендері бар.

Базарбай аға зейнет демалысына шыққан соң өз қалауымен қасиетті Мекке, Мәдина қалаларына барып, қажылық парызын өтеді, сол сапардан әкелген Құран кітабын Шалқар қаласындағы мешітке тарту етті. Қазіргі күнде шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелерінде сабақ өткізіп, білгенін жеткіншектерге үйретуі – құптарлық жай.

 

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

журналист.

 

 

Естелік

70 жылдан кейін…

Бұл шағын мақала Сталинград шайқасының 70 жылдығына арналған. Жақында Сталинград түбінде әкесі қайтыс болған ұрпақтың бірімен кездесіп, сұхбаттасудың сәті түсті. Ол кісі кішкентай ғана естелігін аталған дата қарсаңында газетке жарияласам деген тілегін жеткізді:

«Менің әкем Құрманғазы Сәрсенов 1941 жылы соғыс басталғаннан кейін, Қобда аудандық комиссариатынан әскерге алынып, Челябі қаласында жасақталған 221-ші атқыштар дивизиясында дайындықтан өткеннен кейін, Сталинград майданына жіберілген. 1942 жылы 23 қыркүйекте ауыр шайқаста Котлубань стансасы түбінде қаза тапты. Көп ізденістен кейін, 2012 жылы Ресей Федерациясы Волгоград әскери комиссариатынан жерленген жері табылғаны туралы хабар алдым. Көп ойланбастан күйеу баламыз екеуміз туған өлкеміз Қобда жерінің топырағын алып жол жүріп кеттік. Бізді пойыздан Волгоград соғыс комиссариаты қызметкерлері қарсы алып, Котлубань стансасына алып барды. Осылайша қаза тапқаннан соң  70 жыл өткеннен кейін әке басына барып тағзым етіп, елге келіп ас бердім», — дейді Сағынтай Сәрсенов.

 

Жазып алған Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Сембай ӘБУОВ.

 

 

Айтарым бар!

Тілші тілді бұзса не шара?

Қазіргі таңда қазақ тілін оқытудың қарқынды жүріп жатқандығының бір көрінісі — бұқаралық ақпарат құралдарында да мемлекеттік тіл туралы арнайы жобалардың жүзеге асып жатқандығы. Оған дәлел ретінде жергілікті «Рика» телеарнасын алуға болады. Онда балаларға да, ересектерге де арналған қазақ тілін үйрететін бағдарламалар бар. Соның бірі «Сөз сарайы» деген хабардың соңынан экранда сөздік беріледі. Өкініштісі, бұл сөздік орысшадан қазақша үйренуге арналмаған, керісінше, қазақшадан орысша үйренуге арналған сияқты болып көрінеді. Әйтеуір соған қарап менің балаларым орысша үйреніп жүр. Бір түсіне алмайтыным, сол хабарға ақыл-кеңес беретін тіл маманы да қатысады. Сонда ол адам бұл жайында тіс жармай ма, әлде хабардың редакторы оған құлақ аспай ма, бұл жағы маған беймәлім.

Сондай-ақ «31» телеарнада да ауа райымен бірге берілетін «Менің тілім»  деген жоба болды. Онда да дәл солай, орысша соңында тұратын еді. Қай тілді оқытсаң, сол тілдегі баламасы сөздіктің соңында шегеленіп тұруы керек қой. Бұл тіл үйретудегі ең теріс әдістеме екеніне ешкім дау туғызбас.

Орыс тілді тілші жолдастардың есіне салатын екінші нәрсе — олардың адам аттарын айтудағы қателіктері. Мейлі, Қазанғапты — Казангап, Әлия Молдағұлованы — Алия Молдагулова десін, ал Шоқан Уәлихановты — Шокан Валиханов, Марат Оспановты — Марат Аспанов дейтініне таң қаламын. Орыс тілінде де «у», «о» дыбыстары бар емес пе? Соңғы кезде «Рика» телеарнасында бір ерекше кадр пайда болыпты. Онда халқымыздың ханы болған Әбілқайыр ханды желкесінен түсіріп, теріс қаратып қойыпты. Әдетте хан-патшалар халыққа қарап тұратын еді, бұл кісіні кімнің көргісі келмей жүргенін түсіне алмадым. Экранның да өз мәдениеті бар емес пе?! Мысалы, Бәйтеректі көрсетсе — Астана, Тәуелсіздік монументін көрсетсе — Алматы, Әлия немесе Әбілқайыр хан ескерткішін көрсетсе — Ақтөбе деп танымаймыз ба? Ал Әбілқайыр ханды желкесінен көрсетіп қойса, оны кім деп және бұл қандай қала деп тануға болады? Біреудің желкесінен қарап отыру қандай қазақшылыққа жатады?

А.ШАМШИЕВА,

 

 

Олар озат оқиды

 

Егеменді еліміздің дүние жүзі елдерімен терезесі тең болу үшін оның негізгі тұтқасын ұстайтын дүние әлемін шарлайтын біздің дарынды да, қабілетті ұландарымыз екені баршамызға мәлім.

Шалқар қаласы №2 мектеп-гимназиясында ұзақ жыл бойы математикадан дәріс беретін  Роза Қобландина жетекшілік ететін 7 «ә» сыныбында дарынды шәкірттер көп. Атап айтсақ, Жеткерген Нағашыбай мен Сержан Ниеталин облыстық «Достық» математикалық олимпиадасынан ІІ орын, облыстық білім додасы бәйгесінен де ІІІ орын алды. Жеткергеннің жетістігін жеке-дара айтар болсақ, 2010 жылы ІІІ республикалық «Спорт әлемі»  додасында шахматтан І орын алса, «Балдәурен» сауықтыру орталығында да өзінің зеректілігімен ІІ орын иеленген болатын. Әсем Сәбитова озат оқумен қатар, жасөспірімдердің «Зерде» ғылыми жоба жазудан облыстық кезеңнен ІІ орын алса, 2012 жылы  «Көркейе бер, туған жер!» акциясына қатысып, облыстық «Жас өлкетанушылар   ғылыми жоба қорғау» жарысында (ғылыми жетекшісі Р.Қобландина) ІІІ орынмен марапатталды.

— Биылғы оқу жылында да оқушыларымның оқу мен тәрбие саласында ынтасы жоғары. Нұрсұлтан Назарбаев зияткерлік мектебінің «Өркен» грантының иегері атанған оқушыларым Жеткерген Нағашыбай мен Нұрбек Қасқырбай зеректік қабілеті тым ширақтығымен дараланып, бүгінгі күні мектебіміздің абыройын асқақтатуда. Осындай талантты шәкірттерді біліммен қаруландырған гимназия ұстаздарының да еңбегінің жемісі деп білемін, — дейді өз шәкірттері туралы сынып жетекшісі Р.Нағымқызы.

 

Гүлнар АМАНЖОЛОВА, мектеп кітапханашысы.

Шалқар ауданы.

 

 

 

Оқырман хаттарын топтастырған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button