Мәдениет

Зәру тақырып. Зерделі зерттеу

Жаңа кітапты қолға алып, сол бойда әр бетін парақтай қарап шықсам да, бірден оқи қоймай, тоқтап, іштей ойланып қалдым. Өз заманының көкірегі ояу, парасатты азаматы болған, жаратылысты, дін-шариғат, мұсылмандық жолды  таза қазақы түрде танып білуге өмірін арнаған ағартушы, шариғат шарттарын әдеби тілде сөйлете білген ақын Кердері Әбубәкірдің:

«Келмейді деп өлімді,

Ойланбай, жүрме сақтанбай.

Аяғыңа бір күні

Қаза түсер қақпандай.

Тар лахатқа кірерсің,

Есік ашып-жапқандай.

Дүнияның өтуі,

Кірпігіңді қаққандай.

Сыртыңнан бағып өлім жүр,

Қойшы қойын баққандай.

Шама қылып қарасаң,

Дүнияның айласы,

Алдап жүріп соққандай», — деген сөздері ойға оралды. Себебі осы жыр жолдары ақын Кердері  Әбубәкір шығармашылығын зерттеген ғалым, бір кафедрада бірге жұмыс жасаған жолдасымыз, ердің жасы елуге аяқ басқанда маңдай терін төгіп еткен еңбегінің жемісін көре алмай, бұл дүниеден өте шыққан Серік Бермағанбетті еріксіз еске алғызды.

Егемендігіміздің алғашқы кезеңінде, ел дінді  енді ғана  ауызға ала бастаған  шақта, Серік Жұбандықұлы әдебиетіміздегі діни-ағартушылық  мәселелерді қозғап, 1995 жылы «Діни-ағартушылық және Әбубәкір (Кердері) Боранқұлұлының әдеби мұрасы» тақырыбында диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды. Кешегі кеңес заманы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы ақын-жырауларды «буржуазияшыл ұлтшыл-реакцияшыл бағытты ұстанған, кітаби-діншіл көзқарастағы ақын-жазушылар» деп түрлі жағымсыз атаулармен атап, еңбектерін оқуға тыйым салды. Соның ықпалынан өзгелер әлі де бұл тақырыптан бойын аулақ ұстап, «діни-ағартушылық ағым» деген әдеби атаудың да байыбына жете бермеген кезде Серік осы мәселені зерттеу нысаны етіп батыл қолға алған еді.

Серік Жұбандықұлының  аталған монографиялық еңбегінде қазақ  әдебиетінде «діни-ағартушылық ағым» деген әдеби  атаудың  қалыптасуына дейінгі әдеби процестерге, осы мәселеге қатысты әдебиетші ғалымдар еңбектеріндегі  түрлі тұжырым-пайымдауларға нақты талдау жасалған.

Қазақ халқының өмірінде XIX  ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басы дүрбелеңі  мол, елеулі кезең болды. Бұл кездегі ақындар елінің бұрынғы салт-дәстүрін бұзған, қулық-сұмдық, озбырлық, арсыздық жайлаған заманды сынап, барлық кемшілік ата-баба дәстүрі мен дін жолының берік сақталмауынан деп дін, имандылық жолын уағыздады. Бұл ақын-жыраулардың  отаршылдық, орыстандыру саясатын  жеріне жеткізе сынағанына байланысты кешегі кеңестік саясат оларды ескішіл бағыттағы, қайшылығы мол, күйкі дүниетанымдағы, керітартпа, діншіл-молда, зар заман ақындары  деп айыптап, әдебиеттен шеттетіп, шығарып тастады. Күні кешеге дейін қоғамтанушыларымыз да XIX   ғасырдың  аяғы  мен XX ғасырдың басындағы ақын-жыраулардың шығармашылығын түрікшілдік, керітартпа  діншілдік, ұлтшыл- буржуазияшылдық ағым деп түсіндіріп келді. Зерттеуші С.Бермағанбет «Дін, ғылым, өнер — өмірді тану деп аталатын бір бүтіннің құрамдас бөліктері болса, жеке өркениетті ұлт болу үшін дін, ғылым, өнер — үш таған бірін-бірі жоққа шығармайды, қайта толықтырады» дей келіп, «дін — адамның жан-дүниесінен бастап, қоғамдағы бүкіл процестерді бір қалыпқа түсіруге тырысса, әдебиеттің де түпкі мақсаты адамды қоршаған шарттылықтарды жеңіп, жан бостандығына жол ашады, екеуі де рухани дүниеге қатысты және сол кезеңде қазақ қоғамында жетекші бағыт — ислам діні болды» деп көрсетеді.

Бір партия үстемдік еткен кешегі қызыл саясат заманы  адамдарын сөз еткенде, әдетте, олардың  бәрі  де өзінің, елінің мүддесінен партияны жоғары қойды деп жатады. Ал, шындығында олай емес, сол кезеңнің өзінде де, сырт көзге білдірмей,  елінің  арын арлап, жоғын түгендеуге үлесін қосып кеткен  зиялы жандар  да  көп болған. Соның бір дәлелі, С.Бермағанбеттің  еңбегі арқылы кешегі  қырағы «қызыл цензура» елегінен де өз сөздерін  байқатпай өткізіп, өз ойларын  бүркемелей көрсетіп, меңзеп сездірген  зерттеушілер  де  болғанына көз жеткіземіз. Мысалы, заңғар жазушы М.Әуезов 1927 жылы шыққан «Әдебиет  тарихы» атты  кезінде көп шу көтерген еңбегінде зар заман ақындары деп олардың аттарын атап, еңбектерінің маңызды тұстарын елеусіз көрсете келіп, «дін сарынымен айтылған үгіт-өсиет өлеңдері», «дін ағымымен туып, жат жұрттың үлгісі сияқты болып көшіп келген әдебиет» деп сөзінің соңын, заман ағымына сай партияның ығына жығыла  тайғақтатады. Ал С.Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ  әдебиеті» зерттеуі  туралы ғалым С.Бермағанбет  өз зерттеуінде «сол уақыттың рухымен жазылса да, кейінгі ұрпаққа ғасыр басындағы әдебиеттің  дамуы мен  оның  ірі өкілдері  туралы бірден-бір дұрыс мәлімет берген кітап» болғанын айта келіп: «Даттай, жамандай отырып әдебиетіміздің  дарындары  жөнінде  шығармашылық өмірбаянын жасау, олардың болғандығын  жазып көрсету — көзсіз ерлік», — деп бағалайды. Белгілі  әдебиет зерттеушілері Е.Ысмайлов, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев  еңбектерінде де «келешекке  сәулелі үмітпен қараған, елді өнер-білімге  шақырған әдебиет», «ағартушы  ақын-жазушылар» деп өтімді  тұстарын атап көрсету басым болған.

Монографиялық еңбектің тағы бір құндылығы, автор қазақ  әдебиетінде діни-ағартушылық ағым мен оның өкілдеріне қатысты ғылыми деректерге жүйелі  түрде  талдау жасап, барлық зерттеуші ғалымдарды атап, саясат қыспағы олардың қаламына «тұсау» болып, ойындағысын айта алмаған, көсіліп шаба алмаған тұстарын назардан тыс қалдырмаған. Бұл тұрғыда Серік Жұбандықұлы: «Әдебиетіміздің тарихында діни-ағартушылық ағым мен оның өкілдері туралы тиіп-қашты айтқан зерттеушілер болғанмен, толық мәнін ашып берер арнаулы еңбектер болған жоқ», — деп тұжырым жасаған.

Қазақ әдебиеті тарихының үлкен жоқшысы профессор Бейсенбай Кенжебаев «діни-ағартушылық» деп атаған ағым өкілдері  шығармашылығында  қисса-дастандардың  кең орын алғаны туралы  С.Бермағанбеттің  жан-жақты талдау жасауы оның  монографиялық  зерттеуінің  ғылыми  құндылығын танытады. Ғалым өз зерттеуінде «ХІХ ғасыр әдебиетінің елеулі, қомақты саласы, діни- ағартушылық бағыттың ағысты арнасының бірі — ежелгі нәзира дәстүріндегі қайта жаңғырған қисса-дастандар болды» деп көрсетеді. Талантты  ғалым  А.Қыраубайқызы да «қисса хикаят», «қисса дастан» дегендер кезінде  қазақ әдебиетіндегі  нәзира дәстүрі  тудырған жанр болғанын айтқан еді. Өз зерттеуінде С.Бермағанбет те діни-ағартушылық ағым  ақын-жазушыларының  шығармашылығындағы қисса-дастандардың орны, нәзира дәстүрі туралы айта  келіп, қазақ әдебиетіндегі қисса-дастандардың өзіндік бір ерекшелігі — шығыс әдебиетіндегі бір шығарманы, бір желіні қайталай салмай, тек тақырыбын ғана алып, әр ақынның өзінше жырлауы дәстүрге айналғанын айтады. Ал сол ортағасырлық туындылардың ықпалымен, үлгісімен жаңадан туған, қазақ өмірінен алынған шығармалар әлі де зерттей түсетін, өз  алдына бөлек бір әдеби әлем деп есептейді. Сонымен бірге ғалым діни-ағартушылық ағым өкілдері мұсылманшылдық білім саласында пайда болған жаңа бағыт — усли жадидті жақтағанын көрсетеді. Оқудың бұл жаңа әдісі бойынша ел арасында білімге деген ынта-жігер өсіп, балалар аз уақытта сауаттанған, себебі медреселерде діни сабақтармен қатар, өзге де пәндер оқытыла бастаған еді.

Ғалым С.Бермағанбеттің зерттеуі бойынша айтсақ, діни-ағартушылық ағым өкілдері  арасында  дақпырты қазақ жерінен әрі асып, Орта Азия елдеріне де танылған, өз тұстастары мен кейінгі көптеген ақын үлгі тұтып, ұстазы санаған, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ ақындарының ең көрнектілерінің бірі, күні кешеге дейін  қызыл империяның тыйым салуы себепті есімін атауға, шығармаларын жарыққа шығаруға мүмкіндік болмаған, абырой-атаққа лайықты даңқты ақын Әбубәкір (Кердері) Боранқұлұлы еді.

Әбубәкірдің терең мазмұн мен нақылға толы өлең-жырлары оқырманды ойға жетелейді. Ақынның ой-толғауларында отаршылдық зардабы, заман ауыртпалығы, адамгершілік, дін, имандылық тақырыбына ерекше   мән  берілген. Әбубәкір мұрасының жанрына келсек, онда толғау, арнау, жоқтау, төкпе айтыс, жазба айтыс, жұмбақ айтыс, сықақ-эпиграмма, мадақ, саяси-әлеуметтік, философиялық жырлар, көңіл күй лирикалары, шежіре-жыр, діни өлеңдер бар.

Қашанда ел қамын жеген ақын-жыраулар  елінің бірлігі кетіп, бұрынғы ата-баба дәстүрінің бұзылуына, түрлі жағымсыз жағдайларға, заман өзгерістеріне қинала қараған. Сөйтіп өздері өмір сүрген кезеңдегі кемшіліктерді өткір сынға алып, қолдарынан келгенше түземек болған. Ақын бұрынғы ел бірлігін, қазақтың ешқандай алауыздыққа бой алдырмаған кезін аңсайды.

Күнделікті өмірде адам пенделікпен батырлық, байлық, абырой-бедел, бәрі-бәрі  тек өзінде болғанын қалап, бұл өмірге уақытша келген қонақ екенін ұмытып, жер бетінде мәңгі жасайтындай іс-әрекет қылып жатады. Әбубәкірдің өлең-жырларын оқыған әр адам  осындай астамшылықтан арылып, әдептілік пен имандылыққа, тәрбиелі  іске қадам  жасайды.

Ғалым С.Бермағанбет зерттеуінде Әбубәкір өлеңдерінде қазақ  өмірі  шынайы  реалистік бағытта бүкпесіз жырланғаны, отаршылдық, орыстандыру саясатының құрбаны боп кетпеудің  жалғыз жолы — «барша мұсылман  халқымен  ынтымақтастықта болып, халқымыздың  оқу-өнер үйренуі арқылы басқа елдермен терезесі тең  ұлт  боламыз деген ойды  бұқараға  жеткізе білгені»  ғылыми тұрғыда талданып берілген. Сонымен бірге  Әбубәкір шығармаларының  көркемдік әлемі, ағын судай тасқындаған екпіні, тың теңеулері мен шебер қиысқан ұйқастары, терең мәнді ойлары мен тәлімді тәрбиесі де зерттеуші ғалымның   ізденістен туған толымды  ойларымен тұжырымдалған.

…Кейінгі ұрпаққа мазмұнды, өткір де ойлы көркем шығармалар қалдырған ақын шығармашылығы туралы  жазылған монографиялық  зерттеу еңбекті қолға алып, қарай отырып, оны соңына дейін оқып болғанымды да байқамай қалыппын. Бұл,  алдымен, заман шерін шерлеген ақын Әбубәкір (Кердері) Боранқұлұлының  «отаршылдық, орыстандыру саясатына  қарсы  ұлт санасы мен ұрпақ тәрбиесі үшін зиянды әрекеттерден аулақ болуын  үндей, барша  халыққа  діни   жоралғымен «ем» айтқан» өлең-жырларының құдіреті болса, екіншіден, қазақ  әдебиетінде діни-ағартушылық ағым мен оның ірі өкілі Әбубәкір (Кердері) Боранқұлұлының әдеби мұрасы туралы  монографиялық зерттеудің терең талдануынан деп білемін.

 

                                                      Нұрбол СӘДУАҚАС,

                                филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

 

 

Бүгін, 21 ақпан күні сағат 15.00-де Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының Бас оқу ғимаратында (4-қабат, мәжіліс залы) ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Серік Бермағанбеттің «Діни ағартушылық және Әбубәкір (Кердері) Боранқұлұлының әдеби мұрасы» атты еңбегінің тұсаукесері өтеді. Келіңіз, қатысыңыз!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button