Әлеумет

Үнем мен үрей

Қуат көздерін үнемді пайдалану еліміз ұстанған басым бағыттардың бірі. Өткен жылдың қаңтар айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының «Энергия үнемдеу туралы» Заңына қол қойды. Былтыр елімізде қуаттылығы 100 ватты, биыл 75 ватты, ал келер жылға қарай 25 ватты құрайтын қыздыру шамдарын әкелуге және сатуға тыйым салынбақ. Олардың орнына жарықтандырудың жарықдиодты шамдар секілді тиімді әрі үнемді көздері келуі тиіс. Сондықтан да энергия үнемдеудің бір тетігі — үнемдегіш шамдар. Қазір мұндай шамдар базарлар мен дүкен сөрелерінде самсап тұр. Қуат көзін үнемдейтін шамдарды халықтың көп бөлігі пайдаланып та жүр. Алайда мамандар бұл шамдардың пайдасымен қатар, зияны барын да анықтауда.

                        

Жарық өлшеміне мән берілмейді…

 

Облыс аймағына қуат көзін жеткізіп, тарату ісімен айналысатын «Энергосистема» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметін бүгінде 191 мыңнан астам жеке, сегіз мыңға жуық заңды тұлға тұтынады. Мемлекеттің қуат көзін барынша үнемдеуді қолға алуы , әрине, бұл мекеме үшін тиімсіз. Алайда, Заң — ортақ, талап — бірдей.

Марат Аманғалиев, «Энергосистема» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары-бас инженер:

— Қазіргі талап бойынша электр энергиясына есептеу қондырғысы болмаса, тұтынушыларға жарықты жеткізуге тиіс емеспіз. Облыстағы жеке және заңды тұлғалардың барлығы бұл қондырғыны пайдаланып отыр. Есептеу қондырғысы да әртүрлі болады. Оның күндізгі және түнгі тарифті есептейтін түрлері бар. Дегенмен, тұрғындардың электр қуатын үнемдеуі біз үшін тиімсіз. Себебі, мекеме үшін тасымал жүгі азайса, түсетін табыс мөлшері де азаяды. Өткен жылдың қаңтар айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының «Энергия үнемдеу туралы» Заңына қол қойды. Былтыр елімізде қуаттылығы 100 ватты, биыл 75 ватты және 2014 жылға қарай 25 ватты құрайтын қыздыру шамдарын әкелуге және сатуға тыйым салынды. Енді олардың орнын энергия үнемдейтін және жарықдиодты шамдар алмастыратын болды.

Үнемдегіш шамдардың жұртшылықты қызықтыратыны — электр қуатын аз пайдаланып, жарықты көп тарататындығында болып отыр. Бұрынғы шамдарға қарағанда қуат көзін 5-6 есеге үнемдейді. Бұрынғы спираль арқылы қыздыратын шамдар электр қуатын көп тартып, беретін жарығы да аз болды. Бөлмені жарық қылу үшін олардың  500 ваттық түрін алып жүрдік. Жалпы адамның жұмыс істеу қабілеті бірқалыпты болу үшін жарық беру мөлшерінде арнайы стандарттық талап бар. Ол үшін шағын бөлме, болмаса кәсіпорындардың өзінде жарық өлшемі болады. Өйткені бөлмеге түсетін табиғи жарық та жоба жасаған кезде  назарда болу керек. Бұл —  қуат көзін үнемдеудің бір жолы. Көп жағдайда бұл талаптар бізде сақтала бермейді. Көрінген жерге электр шамдарын орнату әдетке айналып барады. Тез қызатын Ильич шамдарына қарағанда қуатты үнемдейтін шамдардың бағасы 5-6 есе қымбат. Соңғы кезде көп жерде үнемдегіш шамдарға қатысты мәселе туындап жатыр. Олардың ішінде сынап бар. Бұл элемент шам сынған кезде ауаға таралып, адам денсаулығына, қоршаған ортаға үлкен зиян әкеледі.

 

Залалсыздандыратын орын жоқ…

 

Марат Ерсайынұлының айтуынша, Кеңес үкіметі кезінде бұл шамдар тек өндірісте ғана қолданылатын, қазір де пайдаланылып жүр.

Бұрын мұндай жарақсыз шамдар арнайы бір жерде жинақталып, залалсыздандырылатын орындарға тапсырылатын әрі  мемлекет тарапынан жарақсыз болып қалған шамдарға қатты қадағалау болды. Қазір де қадағалау бар, бірақ бұл іс толықтай ұйымдастырылмай отыр. Өйткені қазір мекемелер үшін  үнемдегіш шамдарды залалсыздандыруға ғана мүмкіндік бар. Ал қарапайым тұрғындарға мұндай шамдарды пайдаланғанмен, кейін оны тапсыратын арнайы орын  жоқ.  Мәселен, мекемедегі жарақсыз шамдарды біз тоқсан сайын Қостанай облысына залалсыздандыруға жөнелтеміз. Шамдар Қостанайдан келетін арнайы «КамАЗ» жүк көлігіне тиеледі. Өткен жылдың қазан айына дейін мекеме пайдаланған  533 шам осындай жолмен залалсыздандырылды.

Қазір елімізде үнемдегіш шамдарды сатуға арналған арнайы стандарт бар. Стандарт болғасын жерде, жарақсыз шамдарды залалсыздандыратын арнайы орындар да болу керек. Бұл —  Қазақстан емес, ТМД елдері бойынша шешімін таппай тұрған өзекті мәселелердің бірі, — дейді энергетик маман.  

Қазір үнемдегіш шамдар елімізде өндірілмейді, көбінесе алыс-жақын шетелден тасымалданады. Біз пайдаланып жүрген шамдардың көпшілігі — Ресей, Финляндия, Қытай елдерінің тауарлары.  Бұл шамдарды облысқа «Каспий свет» жабдықтаушы мекемесі және «Энергия», «Энергия сила» секілді дүкендер сырттан тасымалдайды.

 

Талапты бұзғандардың төртеуі тіркелді

 

Жайдар Құрманов, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры:

— Қазір облыстағы ірі-ірі мекемелер мен кәсіпорындар құрамында сынап бар люминисцидті шамдарға көшіп жатыр. Рас, шамдардың артықшылығы көп, пайдалану мерзімі де ұзақ, өте үнемді. Соған қарамастан, адам ағзасына да зияны бары белгілі. Сынап — қауіпті класс тізіміне жатады. Сынған шамдардың сынап буымен тыныс алған кезде адамдар уланады. Булары түссіз, иіссіз, дәмсіз болады. Ағзаға түскен сынаптың мөлшеріне байланысты улану жедел және созылмалы болып бөлінеді. 

Облыс аймағында өнеркәсіптік және басқа да мекемелерден істен шыққан сынапты жарықтандырғыш шамдарды жинау, жоюмен Ақтөбе қаласындағы 101-атқыштар бригадасы даңғылы бойындағы «БКК и К» және Заречный поселкесіндегі Центральная көшесі 28-үйде орналасқан  «ЭКОСФЕРА+К» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері айналысады. Ал қарапайым тұрғындардан істен шыққан үнемдегіш шамдарды жинау, сақтау, оларды залалсыздандыру мен тасымалдауды ұйымдастыру жұмыстары әлі де шешімін таппай тұр.  

Өткен жылы жеке және заңды тұлғалар тарапынан мұндай шамдарды пайдалану кезінде талапты бұзғандарға  33 620 теңге көлемінде 4 айыппұл салынды.

Қазір мамандар энергия үнемдегіш шамдарды дұрыс пайдалану тұрғысында тұрғындарға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

 

Шетелдіктер шашау шығармайды

 

Әлемнің көптеген елдерімен салыстырғанда, люминесцентті шамдарды қолдану елімізде тиімсіздеу болып тұр. Себебі, бұл шамнан келетін басты қауіп — сынапты залалсыздандыру жұмыстары елімізде әзірге қолға алынбай отыр. Жарамай қалған мұндай шамдарды бізде ашық қоқыс жәшіктеріне лақтыра салады. Сырты жұқа шынымен қапталған бұл шамдар қоқыс жәшігінде тез сынады. Сөйтіп, сынған шамнан аққан сынап ауаға тарайды. Енді мұндай шамдарды пайдаланып болған соң қайда, қалай өткіземіз?

Шет елдерде люминесцентті шамдарды тастауға арналған арнайы жәшіктерді кез келген жерден табуға болады әрі мұндай қоқыс жәшіктерін тазартуға арналған арнайы машиналар жұмыс жасайтын көрінеді. Еуропа елдерінде қуат көзін үнемдейтін шамдар орнату қалыптасқан қағидаға айналыпты әрі оны залалсыздандыру ісі әлдеқашан жолға қойылған. Қолданыстан шыққан шамдарды тұрғындар мен мекемелер арнайы кәсіпорындарға тапсырады да, орнына өз бағасынан әлдеқайда арзан осындай шам сатып ала алады. Яғни біздегідей ашық қоқысқа тастай салмайды. Мәселен, Польшада қажетсіз электр шамдарын, соның ішінде сынабы бар шамдарды жинап әкететін арнайы көліктер ай сайын көшелерді аралап жүреді. Германия мен Францияда жанып кеткен шамды дүкенге өткізесіз. Қажетсіз шамды өткізгеніңіз үшін аз да болса тиын-тебен аласыз. Ал Тәжікстанда сатылатын қуат үнемдегіш шамдардың қорабында «Қоқысқа тастамаңыз, арнайы қосынға өткізіңіз!» деген ескерту жазылады екен.

Біз сатып алып жүрген шамдардың қорабында ондай бір ауыз сөз жоқ. Шам қорабын он айналдырып қарасақ та, жарнамасынан басқа жазу таба алмадық…

 

Шамның артықшылығы:

Люминесцентті энергия үнемдейтін шамдар тоқ көзін 5 есе үнемді жұмсайды, 8 есе жарық береді. Шамды пайдалану ұзақтығы 8 мың сағатқа жетеді. Егер бір жылда 8 жарым мыңнан астам сағат барын ескерсек, электр қуатын үнемдеуден бөлек, бұл шамның тұтынушыларға қаншалықты тиімді болатындығын есептей беріңіз. Жарық шамдардың жылу бөлетін түрлері бар, қыс мезгілінде пайдалануға қолайлы. Үнемдегіш  шамының 60-қа тарта түрі бар. Тіпті қуаты 85 ватқа тең шамдарды көше мен ірі өнеркәсіп мекемелерінде пайдаға жаратуға болады.

 

Шамның зияны:

Құрамы химиялық сынаптан тұратын шамның бұл түрі сынатын болса, өмірге қауіп төндіреді. Бір шамның құрамындағы сынап ауаға тараса, зиянды заттардың үлесін қалыпты мөлшерден 10 есеге арттыратыны дәлелденген. Үнемдегіш шамдар қыздыру шамдарына қарағанда қысқа толқынды әрі көк компоненттерге толы. Бұл қысқа толқындар көздің торлы қабығының рецепторын зақымдайды, көздің көру қабілетін төмендетеді. Шамның жоғары қуатпен жарқырауы көру мүшесі арқылы орталық жүйке жүйесіне артық салмақ түсіреді, бас ауруын жиілетеді.

Мамандар шамнан түсетін көк жарықтың құрамындағы гипофиз мелатониниммундық және эндокриндік жүйенің жұмысын бұзатынын айтады. Олардың пікірінше, люминесцентті шамдар жарықты бірқалыпты таратпайды.

Америкалық ғалымдар энергия үнемдейтін шамдар тері жасушаларын зақымдайтынын және ұзақ уақыт бойы сәулеленуге ұшырағанда, тіпті қатерлі ісікті тудыруы мүмкін  ультракүлгін сәулелерді анағұрлым көп шығаратынын анықтапты.

 

P.S. Энергия үнемдеуге қарапайым халықтың ниеті түзу. Жаңа жылдан бастап қыздыру қуаты 75 ватт және одан жоғары электр шамдарын жасауға және оларды сатуға елімізде тыйым салынды. Сондықтан күнделікті қолданатын шамдарды үнемді құралға алмастыру бүкіл халыққа телінген шаруа. Десек те, үнемді шамдарды пайдаланамыз деп, үрейіміз ұшып жүрмесе болғаны…   

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button