Әлеумет

Қысқы баға қалыпты ма?

Бұл — шартты атау.  Әйтпесе, саудада маусымдық баға болмауға тиіс. Бағаға, әсіресе, азық-түлік бағасына қойылатын талап — жыл он екі ай тұрақтылық. Әрине, қыс айының өзіндік қиыншылықтары бар. Боранды-шашынды күндер жиілеп, бірен-саран алыс ауылдарға, түкпірдегі елді мекендерге қатынас болмай қалуы мүмкін. Басқа да сондай жол қиыншылықтары туса, бағаның уақытша көтерілуіне ықпал етеді.  Одан өзге біздің аймақта бағаның ауытқуына еш себеп жоқ. Өйткені бағаның тұрақтылығына, қалыпты ұсталуына Елбасының сара саясатының арқасында берік негіз қаланған. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша өңірде азық-түлік белдеуі жасалды, кластерлік жүйелер қалыптасты. Соның нәтижесінде тұрғындар үшін бірінші қажеттілік болып табылатын ет, сүт өнімдері өзімізде жеткілікті мөлшерде өндірілетін болды.  Көкөніс өсіру жолға қойылып, жыл сайын оның түрлері молайып  келеді. Ал ол бұрынғы сырттан тасымалданатын көкөніс түрлерін азайтуға жол ашады.

Бағаның тұрақты ұсталуы үшін өнімнің мол, жеткілікті мөлшерде болуы көп рөл атқаратыны белгілі. Дегенмен, солай бола тұра бағаның ойнамалы болатын жағдайларын да бастан талай өткеріп келдік. Мәселен, жаз айларында ағыл-тегіл болатын көкөніс бағасы күз өтіп, қыс түсе қымбаттап шыға келетін. Яғни маусымдық кезеңдерге байланысты азық-түліктің көптеген түрлері шарықтап жүре беруші еді. Халықтың әл-ауқатын жақсартуды, тұрмыс-тіршілігін нығайтуды көздейтін мемлекетіміз  мұның да жолын тапты. Біріншіден, әр аймақта азық-түлік, оның ішінде көкөніс, жеміс-жидек сақтайтын коммуналдық қоймалар салуға қаржы бөліп, жағдай жасады. Қазір мұндай қоймалар және ондағы өнімдерді жыл он екі ай тұрақты бағамен сататын орындар біздің облыс орталығында да бар.  Бұл ретте аймақтарда құрылған азық-түлік тұрақтандыру қоры көп жұмыс атқаруда. Біздің облыстағы азық-түлік тауарларының аймақтық тұрақтандыру қорының да үлгі етерлік қызметтері баршылық. Солардың жұмысының нәтижесінде азық-түліктің үкімет белгілеген көптеген түрінің бағасы қалыпты ұсталып тұр деуге болады. Мұны тұтынушылық нарықтағы бағаны тұрақтандыру жөніндегі облыстық штаб та  қатаң қадағалауда.

Жақында облыс әкімінің орынбасары Марат Тағымовтың төрағалығымен осы штабтың отырысы өтіп, екі аудандағы қысқы бағаның жағдайы қаралды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағасын тұрақтандыруға байланысты отырыста хабарлама жасаған Байғанин ауданы әкімінің орынбасары А.Ерғалиев бағаның өсуін болдырмау бағытында ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды ортаға салды. Оның айтуынша, тек осы ауданда тұтыну рыногындағы күнделікті тұтынатын тауарлардың түрлерін сататын 227 сауда нүктесі бар. Олар ауданның тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар тауарлармен үздіксіз қамтып отырады. Бұл жердегі өлшем — ҚР Үкіметінің «2012 жылға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін белгілеу туралы» 2012 жылғы 13 қаңтардағы қаулысының талаптары. Міне, осы бойынша ай сайын белгіленген бағаның шектеу көлемдері бақыланып отыруға тиіс. Осы үкіметтік қаулының талабына байланысты Байғанин ауданының орталығындағы 8 дүкенде күнделікті тұтынатын 31 тауардың бағасы тұрақты бақылауға алынған. Шектеуден жоғары болған бағалар талқыға түсіп, жедел шара алынады. Баға өзге елді мекендерде де белгіленген шектеулі  шектен шықпауға тиіс. Себебі, ауданның басқа елді мекендеріне де аудан орталығындағы әлгі сегіз дүкен арқылы күнделікті тұтынатын тауарлар жіберіліп тұрады. Жалпы халыққа берілетін бірінші сортты нан 47 теңгеден сатылуға тиіс. Сол үшін аудан орталығында тұрақты нан пісіретін 4 наубайхана жұмыс жасап тұр. Бұл аз, әрине.  Алдағы уақытта наубайханаларды көбейте түсуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Халық көп тұтынатын бірінші сортты нанның бағасын қалыпты ұстау үшін мемлекет қомақты қаржы, астық бөліп отыр. Мәселен, тек осы аудан әрбір селолық округтен оператор белгілеп, облыс орталығындағы «Жаңа Әлжан» ұн диірменінен 450 тонна бірінші сортты ұн тасып алуы керек еді. Бұл тапсырма 270 тоннаға орындалды. Соның арқасында халық қазір арзан нанның игілігін көруде. Әйтседе, облыстық штабтың отырысында аудан өкілінің мәлімдегеніндей, азық-түлік тауарларының бағасы желтоқсан айымен салыстырғанда қаңтарда вермишель — 3 теңгеге, кеспе лапша — 3 теңгеге, сұйық май — 5 теңгеге, жұмыртқа — 12 теңгеге, қызылша — 5 теңгеге қымбаттаған. Мұның сыртында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының бекіткен шекті мәндері 6 түрінен өскен. Қалған азық-түліктің 26 түрі ғана ҚР Үкіметінің бекіткен шекті мәндеріне сай келеді. Бағаның өсуін аудандық әкімдіктің өкілі Ақтөбе қаласындағы ірі дүкендерде бағаның көтерілуімен және қысқы жолдың қашықтығымен байланыстырады.

Облыстық штаб мүшелері отырыста ауданда бағаның негізсіз өсіп отырғанын сынады. Шынында да, бұл жерде аудандық әкімдіктің өкілін ақтау қиын. Себебі, аудан азық-түлік тұрақтандыру қоры бөлген, арзан бағамен сатылатын тауарлардың көптеген түрлерін алмай отыр. Ол тауарларды ауданға, ауданның елді мекендеріне жеткізбегендіктен де, халық әлеуметтік жағынан қорғалмаған жеке дүкендерден қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр болуда. Ал бұл кезде «Ақтөбе әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Б.Ордабаевтың мәжілісте атап көрсеткеніндей, аудандағы сатылып отырған өнімнен әлдеқайда төмен бағадағы көкөніс өнімдері коммуналдық қоймада аудан кәсіпкерлерінің тасып әкетуін күтіп жатыр. Аудан басшылары осындағы арзан картоптың өзін тұтынушыға жеткізуді кешеуілдетті.

Осында айтылған мәліметтерге қарағанда, аудан орталығындағы «Ай-Жібек» базарында картоп — 65, пияз — 50, қырыққабат — 90, сәбіз — 90, қызылша — 90 теңгеден сатылуда. Ал облыс орталығындағы коммуналдық қойманың өнімі жетер болса, бұл бағалар едәуір төмендеген болар еді.

Байғанин өңірі Атырау аймағымен шектесіп жатыр. Көрші облыстың халқы мал өнімін, басқа да азық-түлік тауарларын  негізінен осы байғаниндіктерден алады. Және ол жақта баға әжептәуір қымбат екені белгілі. Кейде сол баға байғаниндіктерге де меже болып қалатынға ұқсайды. Дегенмен, ауданда халықтың әл-ауқаты барлық жерде бірдей емес.  Әлеуметтік жағынан қорғалмаған, аз қамтылған отбасылар да бар. Әне, соларға қазіргідей қыстың көзі қырауда арзан азық-түлік, соның ішінде көкөніс керек-ақ. Байғанин ауданының халқы көкөністі тұтынбайды немесе аз тұтынады деген пікірмен де келісу қиын.

Бағаны тұрақтандыру жөніндегі облыстық штабтың отырысында Темір ауданының экономика, бюджеттік жоспарлау және кәсіпкерлік бөлімінің бастығы А. Қожатілеу аудандағы көкөністің көтерме және бөлшек саудадағы бағалары туралы мынадай мәлімет берді. Оның мәлімдеуінше, ауданда картоптың бағасы — 65-75 теңге, пияз — 55-65 теңге, сәбіз — 85-90 теңге, қырыққабат — 80-85 теңге. Осы ауданның «Ардақ» көтерме сауда дүкені бойынша бірінші сортты ұн бағасының бір килограмы 48 теңгеден сатылуда. Ауданда бір бөлке бірінші сортты  нан 50 теңге  тұрады. Яғни ауданда ұн мен нан бағалары тұрақты. Жалпы ауданда нан бағалары былтырғы жылмен салыстырғанда бірдей, орта бағасы 55-60 теңге аралығында. Бірінші сортты арзан ұн сатумен «Жомарт», «Ермұрат» дүкендері де айналысады.

Әрине, көрші ауданға қарағанда темірліктердің қолы ұзын, арзан өнім тасып жеткізуге мүмкіндіктері де мол. Дегенмен, штаб мүшелері бұл аудан тарапынан да облыс орталығындағы қорда қарастырылған арзан өнімді халыққа жеткізуде кемшіліктердің орын алып отырған мысалын көп айтты.

«Қонақ аз отырып, көп сынайды» дейді халқымыз. Сол алыстан-жақыннан келіп жатқан қонақтардың өзі Ақтөбе аймағында тұтынушыларға қысқы кезеңде жақсы жағдай жасалып отырғанын мақтанышпен айтады. Біздегі тауарлардың, оның ішінде азық-түліктің арзандығына сүйсінеді. Әрине, бұл аймақтың экономикалық дамуымен де байланысты, сонымен бірге облыстағы, аудандардағы бағаны тұрақтандыру жөніндегі жүргізіліп отырған жұмыстардың нәтижесі.  Баға үнемі назарда ұсталады. Соның бір мысалы — облыста азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қорының құрылғандығы және олардың бағалары туралы ақпараттардың барлық аудандарға жеткізілгендігі. «Ақтөбе әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы Ұлттық компаниясы азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорынан шектеусіз мөлшерде арзан бағаға картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз және қызылша сатып алуға болады. Бұл ұлттық компания  қазіргі кезде тіпті келер жылдың бағасын ойлап жұмыс жүргізуде. Таяуда облыстың бірқатар ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен шекті бағаға үстіміздегі жылға келісімшартқа отырды.  Онда осы жылы арзан бағамен қалаға картоп, көкөніс жеткізушілер және олардың қандай мөлшерде, нендей бағамен сататыны көрсетілген. Картоптың көлемі 1000 тонна, қырыққабат, сәбіз, пияз, қызылша 100 тоннадан, барлығы 1320 тонна өнім жеткізу белгіленген.  Ол тауарларды жеткізуді «DZHAN», «Пригородный АШФ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «Алма» шаруа қожалығы мойындарына алған.  Бұл мекемелер картоптың бағасын бір килограмын 47 теңгеден, қырыққабатты — 42, сәбізді — 47, пиязды — 40, қызылшаны — 55 теңгеден тұрақтандыру қорына өткізеді.

Демек,  алдағы жылы аймақта азық-түліктің бұл түрі  қазіргі кездегіден де арзан болады деген сенімге жетелейді.

 

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button