Мәдениет

Құран, хадис және ақыл мен пайым

Әлемдегі барша мұсылмандардың 90 пайызы — сунниттер. Сунниттер фикһта төрт мәзһабқа — Ханафи, Шафиғи, Ханбали және Малики — жіктелсе, ал ақида саласында екі бағыт ұстанады: Матуриди және Әшғари мектептері. 

Ежелден суннит болып табылатын қазақтар фикһта — Ханафи мәзһабын ұстанса, ақидада Матуриди мектебіне сүйенеді.

Имам Матуриди кім? Ұстаздары мен шәкірттері кімдер? Соңына қалдырған мұрасы қандай? Матуриди ақидасы қалай пайда болды?  

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысындағы өкіл-имамы, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Әбдімүтәлі Дәуренбековке біз осы сауалдармен барған едік.

— Исламда сенім жүйесін «ақида» деп атайды. Алла Тағалаға, оның періштелеріне, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға, өлгеннен кейін қайта тірілудің хақ екендігіне сену, осы секілді басқа да мәселелер ақида саласы арқылы зерттеледі, — дейді бас имам.

 

Имам Матуриди кім?

Имам Матуридидің толық аты — Әбу Мансұр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Махмуд әл-Матуриди.

Матурид — Самарқан қаласы маңындағы қыстақтардың бірінің аты.  «Ма турид» — араб сөзі. «Не демекшісіз?» — деген мағынаны білдіреді. Бұл қыстақ тұрғындары өз орталарында пікір айтыстар өткізіп, осы сөзді жиі қолданатын болған. Ал басқа жұрт ол қыстақты «Матурид» атап кеткен.

Имам шейх Әбу Мансұрдың арғы тегі туралы әртүрлі айтылады. Бір деректер оны жергілікті жұрттан шыққан десе, екінші деректер араб санайды. Расында, «Мәдинадан Самарқанға отбасылар келіп қоныстанған» — деген дерек айтылады, ал Әбу Мансұр Әбу Әйюб Халид ибн Зәйд ибн Кулайб әл-Ансари әулетінен шыққан деседі. Әл-Ансари — Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) Меккеден Мәдинеге хижрат еткенде, өз үйінен жай берген, мұсылмандар арасында аса сыйлы адам. Дегенмен, кейбір тарихшылар Матуридидің әл-Ансари әулетінен шыққанын жоққа шығарады.

Сондай-ақ имам Матуридидің туған жылы да белгісіз. «870 жылы туған» деген дерекке сүйеніп, 2000 жылы оның 1130 жылдық мерейтойын атап өткендер болды. Бірқатар зерттеушілер Матуридиді 853 жылы (хижри 238 жыл) туып, 944 жылы (хижри 333 жыл) дүниеден өткен деген болжам айтады.

Матуриди ақидасын ілгері дамытқан атақты ғұламалардың бірі Әбу Муин ән-Насафи өзінің «Табсуратул-адилла» кітабында былай деп жазыпты: «Әбу Мансұр Матуриди дүниеден  өткеннен кейін, жақын қалалардың бірінен болған Әбіл-Қасым әл-Хаким деген кісі ғұламаның қабіріне қойылған құлпытасқа төмендегі сөздерді жаздырыпты: «Бұл қабір — бүкіл ғұмырын ілімдерді өзіне жинап өткізген, бар күшін сол ілімдерді таратуға, үйретуге жұмсаған, сондықтан діни еңбектері мақтауға лайық болған және өз ғұмырында мол жетістіктерге қол жеткізген кісінің қабірі». Матуридидің қабірі Самарқандағы Чокардиза қорымында екені зерттеулер арқылы анықталған. Бұған 2000 жылдың мамыр айында Өзбекстан мұсылмандарының діни басқармасынан пәтуа шығарылды.

 

Ұстаздар мен шәкірттер

Әбу Мансұр Матуридидің ұстаздары Имам Ағзам Әбу Ханифа шәкірттерінің шәкірттері болған. Солардың кейбірін атай кетсек: мысалы, Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Муқатил әр-Рази. Бұл кісі Мұхаммед ибн Хасан әш-Шайбаниден тәлім алған. Ал әш-Шайбани — Әбу Ханифаның шәкірті. Мұхаммед ибн Муқатил әр-Рази — қазы болған адам. Ол Рей қаласында қазылық қызмет атқарған. Әбу Ханифа пікірлерін кеңінен насихаттаушылардың бірі ретінде әйгілі.

Тағы бір ұстазы — Әбу Бәкір Ахмед ибн Ысқақ ибн Салих әл-Жузжони. Ол — фикһ негіздері, оның тармақтары бойынша жоғары дәрежелерге қол жеткізген ғалым. «Әл-Фуруқ уат-Тамизи», «Тауба» сынды құнды еңбектердің авторы. Әл-Жузжони Әбу Сүлейменнен сабақ алған, өз кезегінде Әбу Сүлеймен — Мұхаммед ибн Хасанның шәкірті, ал Мұхаммед ибн Хасан — Әбу Ханифаның шәкірті.

Сондай-ақ Әбу Насыр әл-Иези, Насыр ибн Яхия әл-Балхи сияқты атақты ұстаздары болған. Насыр ибн Яхия әл-Балхи де — Әбу Сүлейменнің шәкірті, Әбу Ханифа пікірлерін Балхқа кеңінен таратқан ғұлама.

Имам Матуридидің өз ортасында беделі жоғары болғанына оның ғылыми дәреже-атақтары дәлел бола алады. Оны — «Кудуату Аһлис-Сунна», яғни әһли-Сунна көшбасшысы, «Мусахиху ақидил-муслимун», яғни мұсылмандар ақидасын түзетуші деп атаған. Сонымен бірге оның Имамул Мутакаллимин (Калам ілімі ғұламаларының имамы), әш-Шейх әл-Имам, т.б. атақтары бар.  Бұл жерде ақида саласына қатысты мәселелерді зерттейтін ғылымды «калам» деп атайтынын еске салғым келеді.

Имам Матуриди көп шәкірттер тәрбиелеген. Солардың арасында, мысалы, Әбіл-Қасым Исхак ибн Мұхаммед ибн Исмайл ибн Зәйд әл-Қази — әл Хаким ас-Самарқанди ұзақ уақыт Самарқан қаласында қазылық қызмет атқарған. Белгілі еңбектері: «Сағадул ағзам», «Иман» рисалары.

Ал Әбіл-Хасан Әли ибн Саид ар-Рустуфуғани ас-Самарқанди есімді шәкірті ханафилік фикһ ілімі бойынша үлкен жетістіктерге жеткен. Көп еңбектер жазған.

Әбу Ахмад ибн Насыр Ахмад ибн әл-Аббас әл-Иези есімі де Матуридидің белгілі шәкірттері қатарында аталады. Ол — имам Матуридидің ұстазы Әбу Насыр әл-Иезидің ұлы, өз әкесінен де, имам Матуридиден де дәріс алыпты. Шәкірт әл-Иези фикһ ілімінде мықты болған, сондай-ақ тақуалығымен де атағы шыққан.

 

Матуриди ақидасы

Ерекше айтып өту керек: ақида Әбу Мансұр Матуридиге дейін пайда болып, оның негіздері, қағидалары белгілі бір дәрежеде қалыптасқан. Жалпы, ақида негізін де, іліми калам негізін де Имам Ағзам Әбу Ханифа қалаған. Бұған дәлел ретінде Әбу Ханифаның «Фикһ акбар», Усман әл-Баттиге жазған раддиясы, бес өсиетнамасы, т.б. еңбектері келтіріледі.

Имам Матуриди Әбу Ханифа ілімінен сусындаған. Оның ұстаздарының Әбу Ханифадан дәріс алған жандардың тікелей шәкірттері екенін жоғарыда айттық.

Имам Матуриди өз уақытында ақида негізіндегі теріс ағымдардың теріс ықпалына қарсы күресті. Оның заманында ақида мәселесінде шектен шығушылар, сонымен қатар нақли дәлелдер шеңберінде шектеліп қалушылар да болған. Имам Матуриди осылардың ортасынан жол іздеді. Ол нақли дәлелдермен қатар, ақли дәлелдерге де сүйену керектігіне мән берді. Оның іліміне сай, ақида, яғни сенім мәселесінде Құран және хадиспен қатар, ақыл мен пайымға да орын берілуі тиіс. Өйткені ақыл — Алла Тағаладан берілген теңдесіз нығмет.

Матуриди ілімі осынысымен қолдау тауып, бірте-бірте кең жайылып, Х ғасырда Мәуреннахрда Матуриди мектебі берік қалыптасты.

Қазір аталмыш сенім мектебін Орталық Азия, Үндістан, Пәкістан, Шығыс Түркістан, Малайзия, Индонезия, Кавказ, Ресей, Түркия, Таяу Шығыс және басқа да аймақтарда өмір сүріп жатқан мұсылмандар ұстанып отыр.

Имам Матуриди еңбектерінің бір бөлігі бүгінге дейін жеткен жоқ. Бұл — Мәуреннахр жеріндегі жаугершілік салдарынан болған өкініш.

Ал белгілі еңбектерінің арасында «Тауилатул Құран» — 8 томнан тұратын Құран Кәрім тәпсірі бар. Оның бірнеше нұсқасы сақталған. Көпшілігі қолжазба күйінде Түркия, Германия, Британия, Үндістан, Египет, Өзбекстан елдеріндегі музейлерде, кітапханаларда сақтаулы. Ташкентте сақтаулы нұсқаның көшірілгеніне 7 ғасыр уақыт болған.

Бұл — Матуридидің Құран тәпсіріне байланысты ең құнды еңбегі. Бұл еңбегінде имам, орайы келген тұстарда, ақида мәселесіне тоқталып, өз ойларын жеткізіп, жаңсақ пікір ұстанушыларға жауап қатып отырған. Ол ақидада ақылға асыра мән берген теріс ағым — мұғтазиланы сынға алған. Жалпы, имам Матуриди басқа да теріс ағымдармен күрескен, бірақ, әсіресе, мұғтазила көзқарастарын көбірек сынға алып, оларға қарсы көп еңбектер жазған.

Ал «Тауилатул Құранның» қолжазба нұсқаларының көптігі кезінде оның кең таралғандығын көрсетеді. Бұл еңбекті көптеген ғалымдар зерттеген.

Калам ғылымына қатысты еңбектері арасында «Китабут-Таухид» кітабы сақталған. Оның бүгінге жеткен нұсқасы Кэмбридж университеті кітапханасында сақталыпты.

Бұл — калам іліміне негізделген бастапқы еңбек, Матуриди ақидасына қатысты еңбектердің қайнар көзі.

Әбу Мансұр Матуридидің калам іліміне, фикһ әдістемесіне қатысты,  басқа да түрлі тақырыптарда жазған еңбектерінің бірқатары сақталған. Олар Матуриди мектебінің өкілдері, осы ақиданы ұстанатын жұрттардан шыққан үлкен ғалымдар ғана емес, араб, батыс жұрттары ғалымдары тарапынан да үлкен баға алып келеді. Мысалы, араб ғалымы, доктор Әли Абдулфаттах әл-Мағриби Матуриди және оның ілімі жөнінде кітап жазып шықса, ал мысырлық профессор Фатхулла Хулайф «Китабут-Таухид» кітабын өңдеп, басып шығарған (1970 жыл), т.б.

Сөйтсе де, бүгінгі күні араб елдерінде әзірленген әдебиеттерде Ашғари ақидасын — бірден-бір дұрыс, кемшіліксіз жол ретінде көрсетуге деген ұмтылыс бары жасырын емес. Осы жағына сақ болу керектігін естен шығармауға тиіспіз.

Біз — Ханафи мәзһабын, ал ақидада Матуриди мектебін ұстанған халықпыз. Төрт тараптан анталаған жаудың ортасында қазақтың ұлт ретінде сақталып, бүгінге жетуінің үлкен бір кілті — діни бірлікте еді. Ата-бабаларымыз бағалаған, қастерлеген сол бірлікті бүгінгі біз де қастерлей білгеніміз жөн.

Жазып алған Индира ӨТЕМІС.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button