Мәдениет

Адамзаттың ең ардақтысы…

Үстіміздегі жылғы 13 қаңтарда хижра күнтізбесі бойынша рабиуләууәл айы басталды. Бұл айдың ерекшілігі — оның 11-інен 12-сіне қараған түні Алла Тағаланың адамзатқа жіберген ең соңғы елшісі — Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) дүниеге келген. Бұл түн Мәуліт түні деп аталады.

Биыл Мәуліт қаңтардың 23-інен 24-іне қараған түніне сәйкес келді. Діндарлар рабиуләууәл айында барша мұсылмандарды салауаттар айтып, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өмір жолына, мінез-құлқына қатысты әңгімелер жүргізуге, оның өсиеттеріне көбірек үңілуге шақырады. Әрине, пайғамбарымызға деген құрмет бір аймен ғана шектелмеуі тиіс. Сөйтсе де, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) дүниеге келуі сынды ұлы оқиғаның құрметіне осы айды ерекше атап өтуде үлкен ғибрат бар.

Аңыз бойынша, Жаратушы иеміз о баста Адам Атадан, тіпті он сегіз мың ғаламнан да бұрын Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) нұрын жаратыпты.

Қазақ ақыны Шәді Жәңгірұлы (1855-1933 жж.) өзінің «Ибраһим пайғамбардың хикаяты» дастанын:

«Ғаламнан он сегіз мың әуел бұрын,

Жаратты пайғамбардың Алла нұрын.

Әуәлан Махамұқ Алла нұрым деген,

Хақында дәлел болды хадисі мұның», — деп бастайды.

Әрі қарай ақын топырақтан жаратылған Адам Ата ағзасына рухтың енгізілуі жөнінде сөз етеді:

«Адамды топырақтан қылды бінә,

Кіргіл деп жарлық қылды жанға Құда.

Қараңғы, қорқынышты жай екен деп,

Жан қорқып, қарап тұрды кірмей мұңа.

Расулдың нұршәріпін келді алып,

Адамның маңдайына қойды апарып,

Әнден соң Хазірет Адам ағзаларын

Жөн көрді бір мәртебе назар салып.

Тұрар-ды Расул нұры жылу беріп,

Артады мұхаббаты көңілге еніп.

Ағзаға бармақлаққа көңілі кетіп,

Аузынан рух шәріп кірді келіп»…

Адамзат баласының ең ардақтысы, пайғамбар атаулының ең соңғысы және ең үстемі — Мұхаммед пайғамбар, біз қолданатын григориан күнтізбесі бойынша, 571 жылғы сәуірдің 20 күні дүниеге келген. Бұл аптаның дүйсенбі күні екен.

Әкесі Абдолла пайғамбарымыз дүниеге келместен бұрын қайтыс болған. Анасының аты — Әмина. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туған жері — Мекке шаһары. Атасы Әбдімүтәліп немересінің атын көкте де, жерде де мақтаулы болсын деп Мұхаммед қойған және арабтарда оған дейін мұндай есім болмаған деседі.

Мекке тарихында пайғамбарымыз дүниеге келген жыл «Піл жылы» деген атпен қалған. Йемен елінің Абраха есімді қолбасшысы сол жылы піл мінген, ат мінген мықты әскермен Меккені жаулап алмаққа жорыққа шығыпты. Бірақ Меккеге жақындап қалған кезде аспанда құстар пайда болып, әскердің үстінен тас жаудырады. Абраха әскері әбден әбігерге түседі, ал аттары мен пілдері алға қарай баспай қояды. Сөйтіп, жаулап алмақ ниеттегі әскер кері шегінеді. «Піл жылы» деген аттың шығуы жөнінде, міне, осындай аңыз бар.

Мұхаммедтің анасы Әмина — текті әулеттен шыққан жан. Әмина анамыз жастайынан аурушаң болған. Ол Мұхаммедтің төрт жасында қайтыс болыпты.

Жетім қалған Мұхаммед әуелі атасы —  Әбдімүтәліптің, ал сегіз жасынан бастап көкесі Әбутәліптің (әкесінің бауыры) тәрбиесінде болған. Сол заманның талабына сай, ол еңбекке ерте араласқан. Сегіз жасынан бастап қой баққан, он екі жасынан бастап көкесімен бірге саудаға шыққан.

Мұхаммедті меккеліктер өтірік айтпайтын, аса сенімді адам санаған. Оны «Мухаммадун Амин» — «сенімді Мұхаммед» деп атаған.

Оның Мекке қаласының сыртындағы Нұр тауының Хира атты үңгірінде құлшылық етіп, оңаша отыратын әдеті болған. Қырық жасында, сол әдетімен үңгірде отырған шағында, оған Жәбірейіл періште келген. Құран аяттары осылайша жеткізіле бастапты…

Ислам дінін ең алдымен — Хадиша анамыз, одан соң пайғамбарымыздың досы Әбу Бәкір, 12 жасар інісі Әли қабылдады.

Пайғамбарымыз ең алғаш ислам дінін насихаттап, жария үгіт жүргізуін бастағанда, оған ерекше қарсылық білдірген өз туысы Әбу Лақап болды. Бізге жеткен әңгімелерге қарағанда, пайғамбарымыз Әбу Лақаптан көп жапа шеккен. Бірақ оған ешқашан қандай да бір жамандық жасамаған. Оған әрдайым кішірейіп барып, Ислам дініне кір деп, кішіпейілділікпен үгіт айтудан жаңылмаған.

Мәулітке қатысты бізге жеткен ең ғибратты әңгімелердің бірі осы Әбу Лақап есімімен байланысты: пайғамбарымыз дүниеге келген сәтте Әбу Лақаптан сүйінші сұрағандар болған. Сонда ол осы оқиғаның құрметіне өзінің күңі Суәйбаға азаттық беріпті. Ислам діні ең алғаш қанат жая бастаған шақта оның ең үлкен дұшпаны болған Әбу Лақап дүниеден өткеннен кейін, жақын адамдарының түсіне кіріп, өзінің қатты азап шегіп жатқанын, тек пайғамбарымыздың дүниеге келуіне орай Суәйбаға азаттық бергені үшін ғана, әр дүйсенбіде (пайғамбарымыздың дүйсенбіде дүниеге келгенін жоғарыда айтқанбыз) жеңілдік сезінетінін жеткізіпті. «Пайғамбарымыздың туған күніне орай сауап іс істегені үшін, Әбу Лақап сынды исламның ең үлкен дұшпаны болған адамның өзіне қандай да бір жеңілдік берілер болса, бұған қуанған мұсылман адамды нендей сый күтіп тұр екен?» — деп жазыпты ислам данышпандарының бірі әл-Хафиз ибн Насыр ад-Дин ад-Димашк.

Пайғамбарымыздың өзі де туған күнін басқа күндерден ерекшелеген, Аллаға ризашылығын білдіру үшін, әр дүйсенбіде ораза ұстаған. Әбу Катада әл-Ансаридың сөзі арқылы Мүслимнің жеткізуі бойынша, «Неге дүйсенбі күні ораза ұстайсың?» — деген сауалға пайғамбарымыз: «Осы күні мен дүниеге келдім және осы күні маған Пайғамбар екенім жөнінде хабар жіберілді» — деп жауап берген.

Адамзаттың ең соңғы пайғамбары Мұхаммедтің туған күніне орай мерекеленетін Мәулітті жоққа шығарғысы келетіндер де бар. Олар: «Мәуліт бидғат боп есептеледі. Мұсылмандардың алғашқы үш буыны оны тойламаған» — дегенді алға тартады.

Осыған орай, теолог Асқар Сабдин бізге:

— Ислам ғұламалары бидғатты, яғни дінге енгізілген жаңалықтарды екіге бөлген. Имам Шафиғи: «Кейіннен шығарылған істер екі түрлі болады. Біріншісі, Құранға, сүннетке, әсаарға яки ислам ғұламаларының ортақ ижмағына (үкімдегі ортақ көзқарас) қайшы келетін бидғаттар, бұл —адастырушы бидғат. Ал екіншісі оларға еш  қарсылығы жоқ, жақсылық істер. Бұл — дұрыс бидғат» — деді. Сондықтан барлық бидғат адасушылық болып табылмайды. Көрнекті ислам ғалымдары Мәулітті — жақсы жаңалық, игі дәстүр санайды. Египетте, Біріккен Араб Әмірлігінде,  Ливияда, Сирияда, Иорданияда, Тунисте, Мароккода, Пәкістанда және басқа елдерде Мәуліт ресми мереке болып есептеледі, — дейді.

«Біз сені бүкіл әлемге тек мейірім ретінде ғана жібердік», — деп Құранда («Әнбия» сүресі, 107-аят) айтылған Мұхаммедке шынайы үмбет болуды баршымызға

нәсіп еткей!

 

Мұхаммед Пайғамбардың (С.Ғ.С) өмір тарихының тізбесі

(григориан күнтізбесі бойынша):

 

570 — Абраханың әскерінің жеңілісі

570 — Пайғамбарымыздың әкесі Абдолла қайтыс болуы

571 — 20 сәуір. Пайғамбарымыздың туған күні

571-576 — Пайғамбарымыздың сүтанасы Халиманың тәрбиесінде болуы

577 — анасы Әминаның қайтыс болуы

579 — атасы Әбдімүтәліптің қайтыс болуы

596 — Хазірет Хадишаға үйленуі

610 — Рамазан айында Хира үңгірінде алғашқы уахидың келуі

615-616 — мұсылмандардың Эфиопияға  уақытша қоныс аударуы

617-620 — мүшріктердің мұсылмандарға наразылық жариялауы

620 — Пайғамбарымыздың Зәйдпен бірге Таифқа баруы

620 — Исра және миғраж мұғжизалары

621 — Бірінші Ақаба келісімі

622 — Екінші Ақаба келісімі

622 — Пайғамбарымыздың Мәдинаға қоныс  аударуы

622-624 — мешіт пен мектептің құрылысы, алғаш рет азан шақырылуы,

мұсылмандық бауырластықты қалыптастыру, Мәдина келісімшартына қол қою

624 — Бәдір соғысы

625 — Ұхұд соғысы

626 — Бири Мауна және Ражи оқиғалары

626-627 — Хәндак соғысы

628 — Худайбия — бейбітшілік келісімі

630 — Меккені азат ету

630 — Хунайн соғысы

632 — Қоштасу құтпасы

632 — 8 маусым. Пайғамбарымыз қайтыс болды.

 

 

Пайғамбардың мейірімі

 

Меккеде бір әйел үнемі пайғамбарымыздың жүрер жолына күн сайын кірдің суын төгеді екен. Бұл қанша қайталанса да, пайғамбарымыз ешқандай ескерту айтпай, үндемей, шыдайды. Бірде әлгі әйел бірнеше күн қатарынан көрінбей қалыпты. Пайғамбарымыз оны үйіне іздеп барады. Үйден бір ер кісі шығыпты. Пайғамбарымыз: «Мен әрлі-берлі өткенде, бір әйел кірдің суын төгетін еді. Сол кісі қайда?» — деп сұрайды. Ол әйелдің ауырып жатқанын айтады. Пайғамбарымыз оны көргісі келетінін айтады. Ішке кіріп, әлгі әйелдің халін сұрайды. Оған жылы сөздер айтып, әңгімесінің соңында: «Дұға оқып, Алладан сізге денсаулық сұраймын. Тезірек сауығып кетіңіз!» — деп, жылы қоштасады. Ал әлгі әйел осы оқиғадан кейін ислам дінін қабылдайды.

 Әзірлеген Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.    

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button