Мәдениет

Ақтөбенің дәстүрлі өнері «Алтын қорға» жазылды

Ғ.Жұбанова атындағы филармония жанындағы А.Жұбанов атындағы ұлт аспаптар оркестрі мен дәстүрлі әншілер мен термешілер республикалық «Мәдениет» телеарнасының  арнайы шақыруымен Алматыға барып, «Алтын қорда» сақталатын әрқайсысы  жарты сағаттық  үш телехабарға түсіп келді.

А.Жұбанов атындағы ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі  Қайырғали Қожанбаевтың айтуынша,  облыстық әкімшілік, облыстық мәдениет басқармасы және филармонияның қолдауымен  оркестр мүшелері мен жеке орындаушыларды қосқанда барлығы 50 адам Алматыға іссапарға барып қайтқан.

Оркестрдің бас дирижері Мәдина Қабижанова былай дейді: «Бұл хабарда оркестр репертуарындағы Ахмет Жұбановтың ән-күйлеріне ерекше көңіл бөлінді. Оркестр  Жұбановтың  «Тәжік биі», «Би» күйлерін орындады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші  Светлана Айтбаева көп орындала бермейтін Ахмет Жұбановтың  «Қайдасың» әнін жаздырды. Оның сөзін Есет Жұбанов жазған.  Сондай-ақ  Қазанғап Тілепбергенұлының «Жем суының тасқыны», «Боз жорға аттың бөгелек қағуы» күйлері де енді».

Екінші  хабар Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қайырғали Қожанбаевтың  шығармашылығына арналыпты. Онда оркестрдің орындауында Қ.Қожанбаевтың  «Қос жебе», «Арнау» күйлері жазылып алынған. Сондай-ақ әнші Марат Әйтімов Қ.Қожанбаевтың Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған «Ақтөбе вальсін», әнші Мәнзура Сапарова «Сағындым анам» (сөзін Өтежан Нұрғалиев жазған), «Ақжайық» (сөзі Ғафу Қайырбековтікі) әндерін айтқан.

Үшінші хабарға  Ақтөбе өңірінен шыққан Гүлмарс Аманбаева, Елдос Жұмағұлов, Қоянбай Тобағабылов сияқты дәстүрлі әнші-термешілер мен  күйші Жайлау Асылхановтардың жеке орындауындағы әндер мен күйлер түсірілген.

Алдағы уақытта республикалық  «Мәдениет» телеарнасынан Ақтөбе өңірінің дәстүрлі өнері жиі насихатталатын болады.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button