Мәдениет

Сабақтастық

Әкелер мен балалар тақырыбы әдебиетте қашаннан бар. Күнделікті тіршілікте де бұл байланыстың берік бір тіні орныққанын сезініп жүреміз. «Әкеге қарап — ұл өсер» дейді қазақ.

Бүгінгі әңгіме тақырыбы да әке мен бала туралы. Әке — жарты ғасыр ұстаздық еңбек еткен ұлағатты ұстаз Смет Ахметұлы да, бала — белгілі қаржыгер Серік Сметұлы. Бірақ екеуіне ортақ бір сабақтастық бар, ол — екеуінің де өз мамандықтарына сай елеулі еңбек еткендігі, қоғамның дамуына мүмкіндіктерінше үлес қосқандығы, сол қызметтерімен қалың көпшіліктің құрметіне бөленгендігі.

 

Әке


Оның жастық шағы заманның қиын-қыстау кезіне тап болды. Жаңа үкіметтің байлармен, дін өкілдерімен күресін көрді, қуғыншылық, ашаршылық, соғыс зардаптарын сезінді.

Ырғызда өмірге келіп, балалық шағы Қарақалпақ жерінде өтті. Сметтің әкесі Ахмет, ағалары Мәткәрім, Мәтназар, Алданазар діни адамдар еді, оларға Кеңес өкіметінің назары салқын болды. Сырттағы тіршілік те оңай болмады, аз мерзім шамасында дүниеден өткен әке-шешені шалғай мекенде қалдырып, сегіз жасар бала елге оралды. Шалқар ауданындағы Қарашоқат балалар үйінде тәрбиеленді, Шалқардағы мектепті бітіруге қарағанда соғыс басталады. Ұстаздары майданға аттанған соң жақсы оқыған бірсыпыра оқушылар олардың орнын басты. Сөйтіп Смет Ахметұлы мұғалімдікке осылай келді. Ол ұстаздықты Дамбар мектебінен бастап, елу жылдай осы жолды ұстанды.

Балаң жігіттің бірден азамат атын ұстануына тура келді. Елдегі жағдай ауыр, тамақ, нан тапшы, жұмыс жасайтындар қарттар, әйелдер, мүгедектер, жас балалар. Халықтың бірлігі, ауызбіршілік, дәстүрді сақтау, бірін-бірі қолдап, бар затты бөліп жеу ғана қиындықтарды жеңілдеткендей болады.

Соғыс Смет ұстаз үшін өте ауыр тиді, өйткені үш ағасы қатарынан соғысқа кетті. Оның екеуі майдан даласынан оралмады, Әбу ағасы ғана Шалқарға келіп темір жолда жұмыс істеді, бала-шағалы болып, немере көрді.

Соғыс кезінде, одан кейінгі тұстарда аудан басшылығында болған Әбу Байсалбаев, Іскендір Нұркин, Хайролла Иманалин,  Пана Оралбаев, Зейнолла Садықов, Рамазан Нұржановтар ел игілігі үшін аянбай еңбек етті.

Смет мұғалім ел ішінде сыйлы болады. Ол Зинегүл Орынбасарқызымен

отбасын құрып, елу бес жыл бірге өмір сүріп, бес бала өсіреді. Бүгін әулет жалғастығы немереден шөбереге жалғасты.

Бір сүйсінерлігі, Сәкеңнің төрт баласы әке жолын жалғастырыпты. Үлкені Серік қана экономист. Оның есесіне осы шаңырақтағы келіні Дина жоғары дәрежелі ұстаздық мәртебеге ие болып, Ақтөбе қаласындағы педучилищеде, №32 мектеп-гимназияда қызмет етіп, кейінгі он жылда №39, 50 мектептерде директор болып еңбек етті. Еңбегі еленіп Қазақстан Республикасының білім саласының құрметті қызметкері атағына ие болды және Ыбырай Алтынсарин төс белгісімен марапатталды. Ақсақалдың құдасы Мақу Нұршин соғысқа қатысқан, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген Ойылдың белгілі, сыйлы ақсақалы еді. Сондай әулеттен шыққан Дина келіні бұл үйге береке алып келді.

Смет ақсақалдың үлкені Серік балам ұзақ жыл қаржы, банк саласында қызметте болды. Екінші ұлы Өмірұзақ заңдылықтарды сақтау саласында — Ақтөбе қаласында полиция бастығының орынбасары болып, подполковник шенінде зейнет демалысына шықты. Кенже ұлы Рахметұлла Қарабұтақта комсомол, партия, кәсіподақ саласында басшы қызметте болып, қазір Ақтөбеде темір жол мекемесінде жұмыста.

Күйеу бала Мұханбетәнапия –инженер, қыздары Гүлбағила, Сәулемай — мұғалім. Келіндері Роза, Мариямгүл — мәдениет саласының мамандары.

Ақсақал балаларды өсіру, тәрбиелеуде шешелері Зинегүлдің еңбегі көп болғанын айтады, ол кісі дүкендегі жұмысымен бірге үйдің барлық шаруасын тындыратын, өте қайратты еңбекқор, бауырмал жан болыпты.

Смет Ахметұлы артқы жылдарға көз салғанда өткеннің өнегесі аз болмағанын байқайды. Өзі де жастайынан жақсылардың жанында көп жүрді, олардың әрбір сөзінен, іс-қимылынан көп үйренгенін қазір де еске алып жастарға айтып отырады. Өмір бойы ұстаздықты ту етіп көтерген ол бүгінде де балалар тәрбиесіне, жастардың жан-жақты жетілуіне көп назар аударып отырады.

— Елдің болашағы — жастар, келешекті ойласаң, бесігіңді түзе деген, бала тәрбиесі ата-ана мен ұстаздарға байланысты, сол үйлесімді бұзып алмайық,— дейді ол.

Қария тіл мәселесіне де ерекше қарайды. Президент айтқандай, қазақпен қазақтың өз тілінде сөйлескенін қалайды. Өсіп келе жатқан жастардың үш тілді, тіпті одан да көп тілді білгеніне қарсы емес, бірақ балалар қазақ тілінің қадірін түсірмесе, қайта жоғары көтеріп ұстаса екен дейді.

Ақсақалдың туған халқына, атамекенге қатысты арманы көп. Осы күнгі өрлеу, ілгерілеу қанатын кең жая бергенін жақсы көреді. Ел басқарып жүрген азаматтар, мемлекет қызметіндегі әкімдер көкірек тазалығы, халықтық қалпы тұрғысынан кіршіксіз, таза болғанын қалайды.

Өзінің ұзақ жылғы ұстаздық ғадетімен мектептерге де жиі алаңдайды. Қазақ мектептеріндегі білім үлкен дәрежеде, ауқымды жағдайда көрініс тауып келе жатқанына қуанғанымен, мұғалімдер арасында бір кездердегідей ер адамдардың көбірек болғанын дұрыс көретіні бар. Білім саласының басшыларын тағайындағанда ар-ожданын, тәжірибесін ерекше ескеру қажет және оның білімі негізгі пән мамандары қатарынан болғаны тиіс деп санайды.

Бір кездері өзі білім алған, содан кейін өзі білім таратқан уақыттарды еске алғанда, сол бір шақтың мұғалімдерінің биік мерейін аңсайды, көз алдына әкеледі.

… Бұл күнде Смет ақсақал бабалық кезеңге қарай беттеді. Ал баласы Серіктің өзі аталыққа қадам басты. Уақыт дегеніңіз сол…

 

Бала

 

Ол, яғни Серік Сметұлы қырық жылдан астам уақыт бойы облыста экономика-қаржы саласында еңбек етті.

Шалқар қаласындағы №496 Ідіріс Үргенішбаев атындағы орта мектепті бітіріп, заңгер немесе журналист боламын деген талаппен Алматыға аттанған ол түптің түбінде экономистік мамандықты қалады. Сөйтіп халық шаруашылығы институтының қаржы-несие факультетіне оқуға түсіп, 1972 жылы бітіріп шықты.

Алғашқы еңбек жолы облыстық қаржы басқармасындағы бюджет бөлімінде басталды.

Мәскеуде, Ленинградта жоғары білім алған Мұхамбетжан Нұрпейісов, Төлеу Алдияров, Сердіғали Бердешов секілді беделді басшылар, тәжірибелі қаржыгерлер жас маманды жандарына жақын ұстап, бағыт берді, тәжірибелерін үйретті. Аға буын соңында жас буын — болашақ бар екенін есте сақтап, жастар тәрбиесіне көп көңіл бөлді, адамгершілік, әділеттілік, тәртіп мәселесіне жауапкершілікке тәрбиеледі, жағдай жасады, өсірді. Ол кезде қалада жас мамандарға үй алу өте қиын. Соған қарамастан ағалар көмек қолдарын созды, демеді. Ұйымшылдық орныққан ұжымда шаруа да оңды болады. Облыс бюджеті өсіп, кіріс-шығыс жағы орындалып, қала, аудандардың дамуына, білім, денсаулық, мәдениет, спорт салаларын қамтамасыз етуге мүмкіндік туды.

Сол уақытта Ақтөбеде Батыс Қазақстан аймағы үшін Целиноград қаржы-экономика техникумының орталығы ашылғаны бар. Соның нәтижесінде көптеген жастар алысқа ұзамай-ақ оқуға түсіп, мамандық алып, қаржы саласына қызметке орналасты. Серік бюджет бөліміндегі қызметіне қосымша түрде сол орталықты басқарды. Төлеу Алдияров ағасы жас маманды осылай баулыды, осылай қанаттандырды.

Облыстық қаржы бөлімінде он бес жыл қызмет жасап, бөлім бастығы қызметінен облыстық партия комитетінің қаржы-сауда бөліміне нұсқаушылық қызметке тағайындалды. Осындағы бес жыл ішінде көптеген білімді, тәжірибелі, әр саланың білгір мамандарымен қызметтес болды, мол тәжірибе жинақтады, үлкен мектептен өтті, жақсыларға ұқсауға тырысты.

Сондай мектеп-дәстүрі бар партия бір кезде тарай бастады, партия қызметкерлері өз мамандықтарына оралды. Басшы қызметке кімді тағайындауды қалыптасқан қағида бойынша партия шешеді. Салық мекемелері қаржы басқармасынан бөлінді, Серікке сол салаға басшылыққа ұсыныс жасалды, бірақ Қаржы

министрінің орынбасары татар азаматы, Ақтөбеде бұл жұмысқа басқа ұлт өкілі болуы керек деп келісімін бермеді. Қазір, әрине, бұл нанымсыз оқиға.

Партия тараған уақытта Серік Сметұлы банк директоры болып қызметке кірісті. Кәсіпкерлік ұғымының енді ене бастаған, жекеменшіктің өзі күмәнді көрінетін уақыты ғой. Аталған банктің ақционерлері — тұтынушылар одағы, сауда орындары, мұнай, теміржол мекемелері. Қандыағашта мұнайшылар, Ембі, Шұбарқұдық, Шалқарда теміржолшылар, Хромтауда кәсіпкерлер бар. Акционерлердің, клиенттердің қолдауымен «Игілік банк» тез аяғына тұрып, несие, қаржы мәселелері шешілді, қолма-қол ақша, қаржыны шетелге аудару қиын, несие пайызы өте үлкен болатын. Көптеген кәсіпкерлер жемісті қызмет жасап, келісімшарттарды уақытында орындап, банкіге пайда әкелді. Секең басқаратын банк бес жыл ішінде облыс орталығындағы  Әйтеке би көшесінен жаңа офис, 15 пәтерлік тұрғын үй салды, 10 қызметкер пәтерлі болды, 5 ауданда филиалдар ашылды, 70 адам жұмыспен қамтамасыз етіліп, жастар мамандықтарын шыңдады, тәжірибе жинады.

Білім алуға да көңіл бөлініп, мамандар оқуларын жалғастырды, Серіктің өзін 1992 жылы АҚШ-қа оқуға жіберіп Вашингтон, Нью-Йорк, Даллас қалаларында тәжірибе жинақтауына мүмкіндік жасалды.

Серік Сметұлы 1997 жылы «Темірбанк» басқармасының шешіміне сәйкес Ақтөбе филиалына директор болып ауысты. Ол жалпы жинағы банкілерде он бес жыл басшы қызметін атқарды. Беріректе облыс әкімінің шешімімен мемлекеттік қызметке ауысып, әлеуметтік қамсыздандыру басқармасына басшылық қызметке тағайындалды.

Қалай айтсақ та, сол бір алмағайыптау заманда «Игілік банктің» игілігін біраз жұрт көрді. Осы жерден алған несиесіне біраз шаруасын ілгерілетіп, кейін үлкен кәсіп тізгінін ұстап, көтеріліп кеткендер де аз болған жоқ.

Банк саласында біраз жыл қызмет атқарғандықтан ба, қазірде де бұл саланың тыныс-тіршілігіне көп көңіл бөліп отырады. Жастарға арналған несие түрлерінің, жеңілдіктердің көбейгенін қалайды. Халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту, әсіресе,

жастарды еңбек орнымен қамтамасыз ету, ол үшін орта-шағын бизнесті дамыту, инвестиция тарту, азық-түлікпен қамтамасыз ету, үй мәселесі, денсаулық, білім саласына қаржы салу секілді Елбасы ұстанып отырған сяасатты берік қолдайды.

Серік Сметұлы Дина Мақуқызымен жарасты отбасында екі бала өсірді, оларға жоғары білім, жақсы мамандық берді. Қазір олардың жанұялары бар, немере сүюде. Секең келіндеріне дән риза, екеуі де ата-енесінің алдынан кесіп өтпейді, тәрбиелі.

… Бүгінде өзі де алпыстың асқарына көтерілген Серік Сметұлы өзінің биік белестерін бағдарлағанда ұстаздары есімін ескермей тұра алмайды. Алғашқы ұстазы Бүркіт Бұхарбаев бейнесі бүгінгідей көз алдында. Шалқардағы №496 орта мектептегі ұстаздары — Айша, Зағипа, Жамал, Даража апайлары, Тілеужан, Сәндібай, Нұрғазы, Шахмардан, Дәулетжан, Құлыбек ағайлары берген білім мен тәрбие қос қанатындай талай жерде күш берді, қияларға еркін самғатты.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button