Мәдениет

«Өмірдегі ең үлкен жетістіктерім — ғылымдағы жетістіктерім»

Өз еңбектерінде математиканы үлкен-үлкен жеті тарауға бөлген әл-Фараби, классикалық алгебраның негізін қалаушы саналатын әл-Хорезми сынды түркі топырағынан шыққан әрідегі бабаларды, қазақтан шыққан тұңғыш математика ғылымдарының профессоры, Алаш қозғалысына белсене қатысқаны үшін қуғын-сүргінге ұшырап, көп ізденісі аяқсыз қалған берідегі Әлімхан Ермековті айтпағанда, біз академик Орынбек Жәутіковтен бастайтын қазақ математика ғылымының әлем мойындаған жетістіктері бүгінде ұлт мақтанышына айналып отыр. Есімі үлкен құрметпен аталатын қазақ математиктерінің бірі — физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым Академиясының Құрметті академигі, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының және ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі, өңіріміздегі басты білім ордасы саналатын Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің ректоры Кенжеғали Кенжебаев.

Біз белгілі ғалыммен әңгімені оның балалық шағынан бастадық.

 

Анадан дарыған қасиет

Кейіпкеріміздің туған жері — Доңызтау өңірі. Кенже ұлы туғанда ерекше қуанған әке сол бөбегінің маңдайынан бес-ақ ай иіскеді де, фәниден бақиға озды. Бесікте қалған ұл ана тәрбиесін көріп өсті.

Анасы Ақбияз текті жерден шыққан жан еді.

Балаларын әрдайым адамгершілікке баулыған абзал ананың бір қасиеті — есепке жүйріктігі болатын.

— Анам Ақбияздың есепке жүйріктігіне ауыл адамдары таңғалушы еді. Бала кезімде анама еріп, дүкенге барамын. Ел тірлігі жүдеу шақ. Дүкендегі дүние түйірлеп, аз-аздап, өлшеп сатылады. Сол аз нәрсенің грамын не сантиметрін есептеу керек болса, анам тез арада айта қоятын, — деп естелік айтты ғалым бізбен әңгімесінде.

Мектеп табалдырығынан аттағанда-ақ, анасының есепке жүйріктігі оның өзінен де байқалды. Әли Құрақбаев, Аманғос Нұрғалиев сынды білікті ұстаздар оқытқан арифметикаға айрықша қызықты. Математикамен қатар шахматқа да ерекше ынта қойып, көп уақытын арнайтын.

9 класта оларға алгебра мен геометриядан Төлепберген Нұрғалиев сабақ берді. Ол — ҚазПИ-дың түлегі, оқушылар арасында өте беделді жан. Кластағы математикаға қабілетті балаларға бірден мынадай талап қойды: «Оқулықтан бөлек, өзім берген қосымша есептерді шығарасыңдар. Сонда ғана сендерге «5» деген баға қойылады». Ұстазы ол есептерді Антонов, Кущенко сынды белгілі математиктер жинақтарынан алатын. Әр оқушыға бір айға 20-30 есеп беріледі. Қиын, бірақ өте қызық есептер. Сол есептердің қызығына түсіп жүріп, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы сырттай физика-математика мектебіне байланысқа шықты. Ол жақтан да есептер жинақтары жіберіледі. Математика әлемі оны осылайша өзіне тарта берді…

«Бірақ Мәскеу университеті жанындағы сырттай мектепте оқу үшін орыс тілін жетік білу керек қой? Қазақ ауылында өскен, қазақ мектебінде оқыған балаға тек мектеп бағдарламасымен ғана орыс тілін терең меңгеру оңайға соқпасы анық. Математикамен қатар, орыс тілін үйреніп алу үшін де күш салған боларсыз?» — деген сауалымызға Кенжеғали Кенжебайұлы:

— Жоқ, орыс тілін үйренемін деп уақыт бөліп, күш жұмсамадым. Керісінше, бала кезімде қазақ тіліндегі әдеби кітаптарды көп оқыдым. Ал орыс тілінде тек математика мен шахматқа қатысты дүниелерді ғана оқитынмын. Оларды қиналмай, тез түсінетінмін, — дейді.

 

Орындалған мақсат

Студенттік жылдар да зымырап өте шығыпты. Ақтөбе педагогикалық институтын бітіргеннен кейін, Жезқазған педагогикалық институтына оқытушылық қызметке жіберілді. 1978 жылы осы жерден жолдама алып, Киев университетіне стажер-зерттеуші болып келді. 1981 жылы Т. Шевченко атындағы Киев университетінің аспирантурасына емтихан тапсырды. Үш орын үшін бес адамнан емтихан алынды. Кенжеғали Кенжебаев бірінші болып өтті.

Ғылымдағы жолым осылай басталды, — деп еске алады ол. — Күндіз-түні еңбектендім. «Оқу инемен құдық қазғандай» деп, халқымыз тегін айтпаған ғой, бастапқыда қанша тер төксем де, өзім ойлағандай нәтижеге жете алмай, қиналдым. Тіпті «бұл істі тастасам ба екен?» — деп те ойлаған кездерім болды. Бірақ намысқа тырыстым. Мен — Киевте, өзге жұрттың ортасындамын. Мен кетсем, олар: «қазақ кетті» — дейді. Осыны бір сәт те есімнен шығармадым. Төртінші жылы ғана ойлаған мақсатыма қол жеткіздім.

Кандидаттық диссертациясын 1984 жылы мерзімінен бұрын қорғап шықты. Ол кезде жас ғалымдарды қай жаққа жіберу — министрлік шешетін шаруа. Кенжеғали Кенжебайұлы туған өңіріне — Ақтөбеге сұранды. Өйткені шаңырақтың кенжесі ретінде анасын өз қолына алып, бағуы керек. Ал үлкен кісілер туған жерден жыраққа кетуді үлкен қасірет деп қабылдайды емес пе?

Бала кезінде-ақ ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен. Сондықтан оған студент шағынан бастап: «партия қатарына өту керек» — деген сөз ұсыныс түрінде де, кеңес түрінде де аз айтылған жоқ. Бірақ бұл сөздерге құлақ аспады. Облыстық комсомол комитетіне қызметке шақырылды. Оған да бармады. Өйткені басты мақсаты — өзінің ғылыми ізденістерін одан әрі жалғастыру, қазақ математика ғылымында өз қолтаңбасын қалдыру болды.

Нағашы ағам Нұрдәулет Күзенбаевты мен ерекше сыйлайтынмын. Ол кісі жастайынан басшылық қызметтер тізгінін ұстаған, Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы болған, басқа да үлкен қызметтер атқарған. Бірақ кейін ғылым жолына бет бұрған. Маған: «Еліңе нақты қызмет етемін десең, ғылыммен айналыс» — деген еді. Сол сөз жүрегіме ұялап қалды, — дейді Кенжеғали Кенжебайұлы.

Ғылым докторы дәрежесіне жету — алға қойылған нақты мақсат болды. Әрине, құр атақты мақсат тұтпады, ғылымға қосқан үлесімен, жұртқа ұсынған еңбегімен сол дәрежеге жетуді ойлады. Ақтөбе педагогикалық институтының оқытушысы бола жүріп, ғылыми ізденістерін үзген жоқ. Сол ізденістер нәтижесінде докторлық диссертациясын 1995 жылы Киевте қорғап шықты.

Кенжеғали Кенжебаев — 60-тан астам ғылыми жарияланымның, 5 монографияның авторы. Оның еңбектері Қазақстан ғана емес, ТМД елдерінде, алыс шетелдерде шығатын басылымдарда жарық көрді. Ал ашқан жаңалықтары өндіріске енгізілумен қатар, көптеген ғылыми ізденістер негізіне де айналып отыр.

«Ғылымдағы жетістіктерімді мен өмірдегі ең үлкен жетістіктерім деп санаймын» — дейді Кенжеғали Кенжебаев.

 

Ректор

Ол  Ақтөбе мемлекеттік университеті тізгінін қолға алған уақыт — 1995 жыл — қиын шақ еді. Одақ ыдырағаннан кейінгі жылдар. Экономикада, басқа да салаларда бұрын орныққан байланыстар үзілген. Қазақ жұртының замана көшіне ілесуі, ел экономикасының еңсе тіктеуі үшін, жастарды бұрын бара бермейтін, біле бермейтін жаңа мамандықтарға жетелеу керек. Осы жолда көп ізденуге тура келді. Бірінен соң бірі көп істер қолға алынып жатты. Мысалы, шалғай ауылдарда ағылшын тілі мамандары жетіспейді дегенді естіген соң, тез арада әр ауданнан кем дегенде бес баладан шақыртып, оқуға түсіріп, оларға ағылшын тілінен бағдарламадан бөлек қосымша сабақтар ұйымдастырылған, т.б.

Бүгінде университет даярлайтын мамандықтар саны отызға жетіп, сегіз жаңа факультет ашылған.

Ақтөбе қаласындағы жастарға арнап салынған қос Сарай да — ректор Кенжебаетың қолтаңбасы.

Кенжеғали Кенжебайұлы — ұстанымның адамы. Саясаттың, ағымның жетегінде кетпей, әр адам өз ұстанымымен өмір сүруі керек деп есептейді.

— Қандай да бір кемшілік, қателіктеріңді заман мен қоғамнан көруге болмайды. Айталық, кезінде өз тілімізден айрылып қала жаздағанымыздың себебін орыстандыру саясатынан іздедік. Бұл дұрыс емес. Шұрайлы, құнарлы тіліміздің кілті — әдебиетімізде. Әдебиетке жиі-жиі үңілген адам, тілден айырылмайды, — дейді ол.

Отбасына келсек, жары Баян — қазақтың ғылым жолына түскен қыздарының бірі , психология ғылымдарының кандидаты. Екеуі Ғалымжан, Дана, Әдина мен Жанел есімді ұл-қыздар тәрбиелеп өсіріп, қазір немере сүйіп отыр.

Әдетте біз ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары төңірегінде әңгіме еткенде, олардың жан-жақтылығына таңғалмай өтпейміз. Ал сол қасиетті бүгінгі зиялыларымыздан да көре аламыз. Кенжеғали Кенжебайұлы 13 жыл бойы Бөкенбай батыр туралы зерттеулермен айналысыпты.

Өз тарихына бейжай қараған ұлт тамырынан айырылады. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда біз Абылай ханды үлкен мақтанышқа айналдырдық. Бұл — дұрыс. Абылай ханның ұшан-теңіз еңбегін, тарихтан алар орнын ешкім де жоққа шығара алмайды. Бірақ ол тарих сахнасына Әбілқайырдан кейін шықты, оның Әбілқайырға жоғары баға берген пікірі бар. Мені осы жағы қызықтырды. Іздене жүре, Әбілқайырдың төңірегіндегі тұлғалар туралы деректерге жолықтым. Әсіресе, Бөкенбай батыр туралы деректерге қызықтым. Сөйтсем, тарих оқулықтарында бұл тұлғаның басты ерлігін басқа батырға жазып жіберіпті. Осындай әділетсіздіктен кейін, Бөкенбай батыр туралы мағлұмат жинастыру ісіне ден қойдым, — дейді ол.

Сөйтіп, жылдар бойы Санкт-Петербургтің, Ресейдегі басқа да қалалардың мұрағаттарын ақтарыпты. Қыруар дерек жиналған. Олардың бір бөлігін жинақ етіп шығарып отыр.

 

Индира ӨТЕМІС.

 

Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым Академиясының Құрметті академигі, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының және ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің ректоры Кенжеғали Кенжебаев 60 жасқа толып отыр. «Ақтөбе» газетінің ұжымы Кенжеғали Кенжебайұлын осы мерейлі жасымен құттықтап, табыстар тілейді.

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button