Мәдениет

Адамның бәрі — Құдай, Құдайдың бәрі — жалғыз…

Әділ Ботпанов — қазақ әдебиетіне сексенінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басында келген толқынның өкілі. Ауыз әдебиетінің уызына жарып өсіп, әлем әдебиетінің қайнарына тұмсық малып ішкен оның  өлеңдері бірден-ақ әдеби қауымның назарына іліккен-ді. Өз буынының басы, Алматыдағы  бейресми «Жұматай қағанатының» ең жас нояны болған Әділ 1990 жылы  ҚазМУ-дың филология факультетіне түсіп, бірер жылдан соң оны аяқтамай-ақ өзінің кіндік қаны тамған Қызылордасына оралды. Сондағы қалалық «Ақмешіт апталығы», «Қоғам ТВ» телеарнасында еңбек етті. Сөйтіп жүргенде 28  жасқа толар шағында ұшты-күйлі жоғалып кетті.  Содан бері де 15 жыл уақыт өтіпті…

Жақында Алматыдағы «Қазығұрт» баспасынан Әділдің өлеңдері мен прозалық дүниелері топтастырылған «Өмірзая» атты жинағы жарыққа шықты. Жинақтап баспаға ұсынған — ақынның курстас досы  Бауыржан Бабажанұлы. Біз төменде сол кітаптан алынған топтаманы  ұсынып отырмыз.

 

 

Әумин деңіз

 

Мынау өлең —

Бұйырып Хақ жазаға,

Қойыны толып азаға,

Шәһит болған шаһарларға — жаназа…

 

Мынау өлең —

Ада болып арманы,

Арам өліп ардағы,

Ақшелденген аларып

Жанарлардың маржаны.

 

Мынау өлең —

Алмас тіліп гүл-өңін,

Арқан қиып білегін,

Дұшпан елге күң болған

Арулардың айтсам дейді тілегін.

 

Мынау өлең —

Болмай сол тұс тоқтауы,

Жалмап кеткен от-жауы,

Мешіттердің,

Мешіттердің жоқтауы.

 

Мынау өлең —

Емдеп елдің жүрегін,

Серпіп тастап түнегін,

Шәһит болған шаһарларды түлетер

Ұл туса дер тілегім…

 

Көңіліңізге орнар болса жырым нық,

Санаңызға артар болса сырым жүк,

Осы өлеңді оқып болып, ағайын,

Әумин деңіз ырым қып.

 

 

Диуана шығармын…

 

Тектіден тексіз тумас деп,

Сыйласаң мені, сұм тағдыр, қайғымды емес,

Қуанышымды жумас па ек?

Менің атамды орысқа сатқан опасыз

Өмірден өткен қу бас боп.

 

Қайтесің, тағдыр, ұлы болсаңшы тоқтамның

Менде бір күш бар, бар жасап берем жоқтан мың.

Шалдар айтады: «Анау Ақсақал-Тәуіптің маңында

Мешіті тұр, — деп, Ботпанның».

 

Қарақұм іші, мешітке барар жол кесіп,

Сәуегейлерім отыратын-ды гөйлесіп.

Қайда жүрсем де қанаты болып атамның

Қорғайды мені сол мешіт.

 

Кешегі өткен алтын шалдардың құймасы,

Мен бір ботаңмын үзіліп кеткен бұйдасы.

Жауласар болсаң, тағдыр-ау,

Мені сыйлама, шалдың мешітін сыйлашы.

 

Шашымды сипап, жұбатады күз кейуана,

Ботасын жалғыз тастауға ол да қимады, ә?..

Мінәжат қылар бір кезде

Өлеңнен мешіт тұрғызып жүрген диуана…

Диуана шығармын…

 

 

Жолданбайтын хат

 

Тағы да ұйқысыз түн,

Сағынышты,

Тәтті қайғы,

Жүректі тағы құшты,

Елесіңе

Тәу еттім, аймалаған,

Құлақ кесті құлыңмын бағынышты.

 

Тағы да мұңаямын,

Мына түннің

Салған әнін лебінен ұғатынмын.

Енді, міне, сүлде боп қалдым сенсіз,

Бәрін, бәрін жоғалтып мұратымның.

 

Тағы да жұлдыз ақты,

Алақаның…

Жұлдызды қондырғанын жаратамын.

Себебі: мына жұлдыз — менің жаным,

Сені іздеген қорғансыз балапаным.

 

Тағы да түн сөйлейді,

Менен көне…

Сыр тартып жол шегеді өлең-кеме.

Бір ұқса сол ұғады тағдырымның

Мені зар ғып қойғанын көлеңкеңе.

 

Тағы да жел ұлиды,

Қараңғылық,

Ойымда — ерке мінез, балаң қылық.

Қара қайғы кеудемді тырналайды,

Басыламын қасқыр боп алам да ұлып.

 

Тағы да қайғы оралды,

Қара қайғы,

Жүрегімді кескілеп жаралайды.

Құл болсам да өзіңе… тірі жанмын,

Тірі жанды азаптау жарамайды.

 

Тағы да бұлт көшеді,

Парақтағы

Жазылған жыр-жанардан қан аққалы,

Сен кеткелі бақытым өлді менің,

Мен үшін таң атпады, таң атпады,

Сен кеткелі мен үшін таң атпады.

 

Тағы да ұйқысыз түн,

Хаты мына,

Құлыңның әр түнінің аты — шүбә.

Өзіңе жетер болса бір қайырылып,

Құран оқып кетсеңші бақытыңа.

 

Жырмен жуып жұлдыздардың жамалын

 

Раушан гүлге гауһар шық боп таматын,

Жыр жазам деп айырылған тағынан.

Тасжетіммін, мұң көрсем де, қаламым,

Енді кімге шағынам?

 

Жырмен жуып жұлдыздардың жамалын,

Жалғыздықты үйреткен ем Айға да.

Тек тірлікте таусылды да амалым,

Ақындығым аспай қойды пайдаға.

 

Жалғыз жанға жарасады жақсылық,

Жылай берсең тәңірде де бар құлақ.

Дегенменен дем тауысты тіршілік,

Менің жалғыз гауһарымды тартып ап.

 

Жапырағың жасыл от боп жанатын,

Сен де өмір ме ең бір кездері, сары бау?

Раушан гүлге гауһар шық боп таматын,

Мен де жыр ем, жыр едім ғой, Тәңір-ау!

 

Соңғы ән

 

Менің соңғы сағынышты әнім бұл,

Рухың жетсе тыңдап қал.

Менде жан жоқ,

Жеті жетім — тәнім құр,

Шеше алмаған қалды жымсыз жұмбақтар.

 

Мен солардың таппақ болып себебін,

Көріп талай көңілсіздеу түс түнде.

Түссіз мұңға аяқ бассам деп едім,

Із қалдырмай аппақ қардың үстінде.

 

Сол арманмен тірлік кешіп тулақтай,

Қара жерге қар боп жауып,

Еңселім.

Бұл күндері жанарымды сулатпай,

Көз алдыңда күзге айналсам мен сенің.

 

Сары белден ән созатын жаңғырып,

Күзді көр де, күз артынан мені көр.

Мен ессізбін,

Жұмбақтарым мәңгілік,

Шеше алмайтын ессіздіктің емі — көр.

 

Көрге қарай өсіп көңіл терегі,

Көзсіз түнде көкке қарай ұлыған.

Кім жұлдыздың жүрегін ап береді,

Шешуі жоқ жұмбақтардың құлына?

 

Мойындамай пенделіктің кесімін,

Көр түбінде жарық тұр деп бір елі.

Жан еді дер жұмбағының шешімін

Іздеп өткен өртенгенше жүрегі.

 

Дертті жандай зәру болған дәріге,

Ми құрғатып мәңгіліктің жолында.

Жанның кірін қанмен жуып сәріде,

Мен көшермін құрсағымнан қорымға.

 

Міне, солай, сағынышты ән мынау,

Мұны айтуға болар еді сөзсіз-ақ.

Ертеректе көргеніндей сан жырау

Көк жүзінде күймелерді көзсіз-ақ.

 

Бірақ маған мөп-мөлдір мұң сыйлар кім,

Арманыма алқа қылып тағуға?

Жансыз қолым жетпей неге қиналдым,

Тәңірімнің терезесін қағуға?!

 

Сағыныш

 

Осылай, жаным, ұдай,

Кетісіп… сағынармыз.

Адамның бәрі — Құдай,

Құдайдың бәрі —  жалғыз…

 

Тағдыр сол желөкпе тек,

Нетеміз… көнеміз де.

Кетеміз бөлек-бөлек

Бейшара кемемізде.

 

Кетеміз жағамызға,

Алысқа үңіле кіл.

Қайталап санамызда:

«Жалғыздың жүгі жеңіл,

Жалғыздың жүгі жеңіл».

 

Соңғы сөз, соңғы нүкте,

Бірлікке тыйым салар.

Жалғыз жан торға іліксе,

Тірлік те қиын соғар…

 

Осыны ойламадық,

Жаным-ау, қате еді бұл.

Асқақтық бойлап алып,

Біздерді кетеді кіл.

 

Сезімге жарымаған,

Жылайды әлі кеуде.

Құдайдың бәрі де — адам,

Адамның бәрі — пенде.

 

Түн жамылып тәңіріммен тілдестім

 

Тәңірім-ау!

Сор басымды салдың-дағы жолға сан,

Таба қылдың жақынға һәм жатыма.

Бір ақынды бақытты ете алмасаң,

Ұяттау ғой Құдай деген атыңа.

 

Дедім, міне, көкіректі тырналап,

Көлгірсіген өгей мұң.

Жырта берсең жүрегімді жұлмалап,

Мұнан басқа не деймін?!

 

Зор күнімді сәт ішінде қор қылып,

Күн берердей кіл кещеге қаратқан,

Бақ құсыңа тор құрып,

Құзырыңа қол сұғып па ем, Жаратқан?!

 

Мен не жаздым?

Білетұғын аямды,

Аталардың тұяғы ем ғой, өр, текті.

Дұшпанкөз ғып бақыт бер де баянды,

Құдайлығың рас болса, көрсетші.

 

Ием болсаң көкірекке салған жан,

Жатырқамай жылытсаңшы боп пана.

…Өз-өзіңе тең таппаған жалғаннан

Сен емес қой тек қана…

Тәңірім-ау…

 

 

Сәлеметсіз бе?

 

Жаныңызды жүрдіңіз жара жеп күзде,

Ал күздің желі, меніңше, сәл әдепсіз бе…

Жапырақтарын шашты алдан.

Бұрылдыңыз да,

Дедіңіз:

—    Сәлеметсіз бе?

—    Сәлеметсіз бе…

 

Сонау күз бізге ерекше сый табыстырды,

Сый табыстырды, бөлекше күй таныстырды.

Қандай күш екен сол күні сәлемдестірген

Бейтаныс бізді?

 

Сол таныстырған біздерді жайлап өтті күз,

Жапырақтарын алысқа айдап өтті күз.

Жапырақ тектес пе едіңіз, бейтаныс ару,

Қайда кеттіңіз?..

 

Сол баққа келем жанымды жара жеп күзде,

Ал күздің желі әлі де сәл әдепсіз бе…

Жапырақтарын шашады алдыма әкеп,

Дейтіндей:

—    Сәлеметсіз бе?

—    Сәлеметсіз бе…

 

Махаббат диалогы

 

Кешкі аспан қызыл кілем тоқып беріп,

Отырмын жанарыңнан бақыт көріп.

Өзіңе Мұқағали ізіменен

Махаббат диалогын оқып беріп.

 

— Мен асқақ аспан болсам, не етер едің?

— Жер болып телмірумен өтер едім.

— Тулаған теңіз болсам, не етер едің?

— Түбіңе батып мәңгі кетер едім.

— Ызғарлы дауыл болсам, не етер едің?

— Кеудемді ызғарыңа төсер едім.

—    Өлсем ше… иә, өлсем, не етер едің?

—    Ақ бөз боп өзіңді орап кетер едім.

 

…Кешкілік. Тек екеуміз. Керенау бақ.

Отырдық табиғаттан өлең аулап.

— Жолында махаббаттың өлер болсаң,

Өле бер, — дейсің күліп, — менен аулақ.

 

— Дәмесін қара, — дейсің күліп маған,

Тыңдайды пәк күлкіңді ұйып далам.

Деміңнен оттай ыстық балқып денем,

Қалтырап енді бірде суып, тоңам.

 

Сыңғырлай тағы күлдің  іңірде осы, —

Шын ба, айтшы, жазғандарым шыным деші.

—    Шын, — деймін, — айып екен мұның несі,

Сүйемін кеткенше өтіп ғұмыр көші.

 

Аппақ ай төгіп бізге шұғыласын,

Қанатын жайды іңірге түн ұласып.

Мойылдай жанарларың мөлт-мөлт етіп:

—    Сендім, — деп құшағыма тығыласың.

 

 

Аралдағы кемелер

 

Көңілден мұң-жыр үзіп ем,

Қара жел жұлқып жағамды,

Аралдың ару қызымен,

Аралап үнсіз гаваньды.

 

Көктен бір қарап нұрлана,

Күлген-ді сол түн керім ай.

Жыр құшқан портта мұңдана,

Елім-ай, қайран жерім-ай!

 

Кеудесін бүре шаншылып,

Мұржалар — мерген жебелер.

Төстері құмда жаншылып,

Кемелер жатты, кемелер…

 

Тартылды көңіл теңіздей,

Дариға, неге теңедім?!

Қырылған жұт жыл өгіздей

Мысалы сансыз кеменің.

 

Жатыр-ау шағым ете алмай,

Бермепті тағдыр не тілді.

Теңізін қуып жете алмай,

Өкпелері өшкен секілді…

 

Кемелер, қайран кемелер.

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button