Мәдениет

Ізгіліктің ізі

Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың, білемісің,

Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ. 

Ұлы Абайдың адамзатқа қаратып айтқан осы бір шумақ өлеңінде қанша мән-мағына жатыр. Өмірдің ұзын көшінде дәмі таусылып, 58 жасында туған топырағына оралған Нұрымжан Жұмағалиевті  отбасы, бала-шағасы, тума-туысы, дәмдес-тұздас болған достары, аралас-құралас жүріп, бірге қызмет атқарған әріптестері, Ойыл өресінің үлкен-кішісі ұмытқан жоқ. Ақын айтқандай, бүгінгі өмір қанша жарқылдаса да, алдарқата алған жоқ. Жиырма жыл бойы көзден кетсе де, көңілдерден өшкен жоқ. Мұның сыры жақсы адамның ғұмырының мағыналығында, жер бетіне қалдырған соқпағының айқындығында еді.

Ол қалай туды, солай өмір сүрді. Өзі өскен ортадан, қауымнан дараланып көрінуге тырысқан жоқ. Жаратылысынан, өз табиғатынан оқшауланып көрінуді мақсат тұтпады.  Нұрекең кеңестік заманның қиын кезінде, артына отыз екінің аштығын қалдырып, алды отыз жетінің қуғын-сүргіні болып, 1935 жылы дүниеге келді.  Балалық шағын соғыс жалмады. Бала болып шүлдік ойнамады, асық атпады. Қабырғасы қатпай арқасын ұжымшардың қара жұмысына тосты.

Жасөспірім, бозбала шақтан да аттап өтті. Өйткені майданға аттанған әке соғыстан оралмады. Әулеттің ауыртпалығы анасы  мен үш баланың үлкені болған, буыны  әлі қатып үлгермеген бозбаланың иығына түсті.  Сондай қиын шақтың өзінде балаларына ренжігенде, жайсаң мінезді анасы Биғаның айтатыны «Көбейгірлер!» еді.  Мұны ендігі жерде үйдің бас көтерері болып қалған жас жақсы түсінді. Әкенің шаңырағын тіктеп, адам болу керек екенін, інілерін қатарға қосудың өз мойнына түскенін ұқты.

Аш-жалаңаш, орта құрсақ күндер ерте есейтті. Әрине, мұны көзі қарақты ұстаздар қауымы аңғарды. Он төрт жасында комсомолға өткен Ойыл қазақ орта мектебінің оқушысының  комсомол ұйымының жетекшісіне айналуының  осындай  сыры бар еді. Содан бастап қолына папка ұстап, топ бастады. Мектеп ішінде қаршадай оқушы бірден үлкен кісіге айналып, кісілігімен көрінуге, үлгісімен танылуға ұмтылды. Мінездің кеңдігі, қарапайымдылық, үлкен-кішіге бірдей ізеттілік, кішіпейілділік, ауызын ашса, көмейі көрінетін ақкөңілі оны ерте бастан жалпақ жұртқа сүйкімді етті.

«Болар бала он бесінде баспын дер» дегендей, ерте ат жалын тартып мінді. Орта мектепті бітіре сала, аудандық газетті сағалады. Жай есепшісінен бастап, шығармашылық қызметке ауысып, сатылап өрлей берді. Жазуға талабы барын дәлелдеді. Аудандық «Сталин туы», кейін «Еңбек туы» газеттерінде қызмет істей жүріп, жастай отбасын құрды.

Қай кезде де уақыт, заман өзінің өктемдігін жүргізеді.  Нұрекеңді де уақыт шыңдады. Ақтөбе өлкенің орталығына айналғанда жас журналист облыстық телевизияға қызметке келді. Ойыл мен Қобда қосылып бір ауданға айналғанда, Қобдада аудандық газетінің редакциясынан табылды. Қайда жүрсе де қаламының қарымын байқатты.

1965 жылы Ойыл ауданы қайтадан қалпына келтірілгенде, бірінші болып туған жерге жетіп, аудандық газеттің тізгінін қолға алды. Бір таңғаларлығы, бұл кезде жаңа ашылған аудандық газеттің редакциясына білімі де, білігі де жеткілікті айтулы қаламгерлер топтасып еді.  КазГУ-дың  журналистика факультетін бітіріп жас журналистер Жандай Тәукебаев,  Идош Асқаров, Сырым Бақтыгереев келген еді. Редакцияда Алматының әдеби ортасына есімі мәлім болған Сәрсен Жұмағалиев, қаламы ерте төселген жас ақын Құрал Тоқмырзин, жазушылыққа қадам басқан Қарылға Кереева жұмыс істейтін. Әрқайсысы бір-бір газетке редакторлық ететіндей, сонша кадрдың ішінен Нұрымжан Жұмағалиевке сенім көрсетілуін де  тегін деуге болмас.

Сондай шығармашылық ортаны редактор парасаттылықпен шебер басқарды. Сирек кездесетін кесек мінезді азамат әр қызметкердің бабын тауып жұмсады. Бәлкім, мойындағысы келмегендер де болған шығар. Алайда ешкімді жек көруді білмейтін, әркез мейірімі төгіліп тұратын жұмсақ, сөйте тұра, талапшыл басшы өз ырқынан шығармады. Ерекше қасиеттерімен шығармашылық топты соңына ерте білді.

«Ойыл» газетін шығаруға 20 жылға таяу ғұмырын арнаған Нұрымжанды, осы тұста Ойылдан шыққан барша журналистер өзіне ұстаз санайды. Тіпті оның қаламдас тұрғыластары, өкшесін басқан өнерлі інілері де, «біз бәріміз де Гогольдің шекпенінен шықтық» дейтін орыс жазушылары дәстүрімен,  «біз Нұрымжанның мектебінен шыққанбыз деп мойындайды.

Ол аңшылықты, саятшылықты жақсы көретін. Ондай жерлерге олжа түсіру үшін емес, қызыққа, табиғатқа жаны құмарлықпен байланысты ұмтылатын. Өнерге де солай қарайтын. Қолынан магнитофонын қалдырмай, ел адақтап, ескі көз, кәрі құлақ қариялардың ескілікті әңгімелерін, өлең-жырларын жазып алып жүретін. Жұрт кеңестік саясатпен байланысты үркіп қарап жүрген заманда, аштықтың құрбаны болған бабатайлық Қызыл әнші туралы зерттеу еңбек жазып, сексенінші жылдары «Жұлдыз» журналына жариялатып еді. Әншінің біраз өлеңін әркімдерден жазып алып, тірілткен де Нұрымжан еді.  Қазір сол әндер  әншілердің аузында жүр.

«Қандай адам екеніңді айтайын, жолдасыңды айт!» дейтін шығыс нақылымен алғанда да, ай маңдайлы азаматтың ерекшелігін көруге болатын еді. Жолдас-жоралары да дүр болатын. Солармен қалжыңдасқанда кейде жеңіп, кейде жеңіліп, енді бірде итжығыс түсіп жүретін. Жарасымды әзілі, уытты тілі бар еді.

Нұрымжан қызметте емес, күнделікті өмірде, отбасында да өмірі көпке өнеге болғандай жан еді. Құдай қосқан жары Рәш пен екеуі інілері Қадіржанды, Жауғаштыны оқытты, мамандық алуларына жағдай жасады. Үйлендіріп, үй қылып шығарды.

Отбасында жеті бала тәрбиелеп өсірді. Оларға жоғары білім, мамандық алып берді. Өзі өмірден өткенге дейін-ақ балаларын негізінен аяқтандырып үлгерді.

Қазір ағаның әулеті, анасы Биға әжеміз айтқандай, көбейіп, жапырақ жайды. Құда-жегжаттарымен бір қауым ел болып отыр. Үлкен ұлы Нұрлан – еліміздің тәуелсіздігінің бастауында жеке баспахана ашып, жемісін көруде. Бұл да әкенің көрегендігі, жетпісінші жылдардың орта тұсында осыны білгендей, Мәскеудің полиграфиялық жоғары оқуына өзі апарған еді. Ерланы — құрылыс маманы, Байжаны — энергетика саласының жауапты қызметкері, Бауманы – кәсіпкер. Қыздары Дәреже, Жадыра, Самал тұрмыста, бір-бір үйді ұстап отыр.

Бар баланың ұйтқысы, берекетіндей болып жеңгеміз балалардың қызығын көруде.

«Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген де Абай. Нұрымжанның да артында өлмейтін  талай сөз қалды. Баласы Нұрланның қолға алуымен шыққан екі кітапты айтпағанда, ел ішінде осы бірде бала, бірде дана болып өткен керемет адам туралы қаншама  жағымды әңгімелер жүр. Бұл жағынан ағамыз шын мәнінде аңыз адам. Адамзат бір басып өтетін жер бетінде нұрлы ғұмыр кешкен  тұлға. Өмірден өткеніне жиырма жыл өтсе де, әрқайсымыздың  есімізде кешегідей сақталып тұрғаны да содан.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button